Төкен Мақашев-100 жаста
Ќажырлы журналист, ќарапайым, еѕбекќор кісі еді…
«Ескі көздер бара жатыр азайып,
Олар жайлы ойламаудың өзі айып.
Ей тірілер, соларды бір еске алып,
Тебіренейік, толғанайық, жазайық».
Мұқағали Мақатаев
Жақында Төкен ағаның қызы Гауһар телефон шалып: «Тәте, менің әкем туралы естелік кітап шығаруға ниеттеніп жатыр едік, әкемнің көзін көрген қатарластары, әріптестерінің басым көпшілігі о дүниелік болып кетіпті. Сіз ол кезде жас болғанмен, қызмет бабында партия жұмыстарында қатар жүрдіңіздер, есіңізде қалғандары болса, жазып жіберсеңіз болар еді» — деген өтінішін айтты. Менің екі көзіме де ота жасалса да жақсы көре алмай жатқан өкінішімді білдірдім. Әйтсе де Төкен аға туралы көп ойлана келе бір-екі бет болса да жазып көрейін, аруағы риза болсын деп, түс әлетінде жарық жерлерге таянып жазуға әрекет еткен түрім осы болды.
1967 жылдың қаңтар айының басында Сарысу ауданы қайта құрылды. Аудандық «Октябрь таңы» газетінің бас редакторы болып тәжірибелі, іскер, ой-өрісі кең, талапшыл, қызметке мығым Төкен аға Мақашев бекітілді. Төкең аса сергек, адал да қарапайым мінезімен көпшілікке сыйлы, құрметті адам еді. Кәрі-жас ол кісіге сәлемдеспей өтіп кетпейтін. Редакция жұмысына байырғы журналистерді, таланатты жас журналистерді, тілшілерді алды, жастардың әрі қарай шыңдалуына, газеттің түрлі жұмыстарын меңгерулеріне көп ықпал еткені белгілі.
Сарысу ауданы қайта құрылғанда аудандық партия комитетінің І-хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Қырықбай Асанов, ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Жақсылық Аманжолов сынды азаматтар болды. Мен аудандық комсомол комитетінің І-хатшысы болып сайландым. Ауданның мәдениетін, халықтың тұрмысын жақсарту үшін, аудан экономикасын нығайту жолында қыруар істер атқарылды. Құрылыс мекемелері ашылып, жастар жұмыспен қамтамасыз етіле бастады. Аурухана, мектеп, бала бақшалары, сауда мекемелері қайта жабдықталып, тиісті кадрлармен қамтамасыз етілді. Мал шаруашылығы ұлғайды, комсомол-жастардан құрылған бригадалар жұмыс істеді. Аудандық партия комитетінің бюросы, мәжілісі жиі өтеді. Оған аудандық газеттің редакторы, ішкі істер бөлімінің бастығы, комсомол комитетінен міндетті түрде қатысамыз. Сан-қилы қосымша тапсырмалар беріледі. Партия тапсырмасын мүлтіксіз орындаумен қатар, үлкен ағаларға қарап, ой түзеп сабақ алдық, тәрбие көрдік, өмір мектебінен өттік. Талас ауданында комсомолдың ІІ-хатшысы болып, 2 жыл қызмет еткен тәжірибемді одан әрі кеңейттім деп ойламын. Сол үлкен ағалардың бірі де бірегейі Төкен аға болды десем артық емес, өйткені қызмет бабы болған соң көп пікірлесеміз. Комсомол-жастар туралы газетке көптеп жазу, олардың жақсы істерін марапаттау, пленум, бюроның материалдарын газетке жариялап отыру сияқты жұмыстар бойынша Төкен ағадан кеңес алуға тура келеді. Мақсат, өскелең ұрпақтың жұмысқа деген құлшынысын арттыру, әрі қарай оқуларына жол ашу, оған жету үшін еңбек ету тұрғысында болатын.
Аудандық партия комитетінің жанында қоғамдық негізде жұмыс істейтін комиссия болатын, оның міндеті партия мүшелігіне кандидаттарды іріктеп, құжаттарын тексеріп, бюроның қарауына ұсыну. Сол комиссияның жетекшісі Төкен Мақашев аға, мен көп мүшелерінің бірімін. Сол кезде аудандық оқу бөлімінде маман болып жұмыс жасайтын жігерлі, жас, ұйымдастыру қабілеті жоғары, сауатты жігіт, партия мүшелігіне кандидаттыққа өту үшін дайындалып, өтініш білдіреді. Алайда, комиссияның кейбір кері тартпа мүшелері құжатын қабылдамайды, сылтаулары пәлен пайыз жұмысшы, пәлен пайыз еңбек адамы құрылысшы болу керек, қызмет атқаратындарға орын белгіленбеген деп қайтарады. Осыдан кейінгі комиссия отырысында өзім қатыса отырып, болған жағдайды Төкен ағаға түсіндіріп едім, жұмыс аяғына таман құжаттарын дайындап әкелсін, қарап көрейік деді. Мен оқу бөлімінің бастауыш партия ұйымының жетекшісі Ә.Тойланбаевқа айттым. Сонымен әлгі жас маманды партия мүшелігіне кандидат етіп ұсынып жібердік. Одан кейін аудандық партия комитетінің бюросы шешеді. Сол жігіт кейін партия мүшелігіне қабылданып, өзінің іскерлік қабілетінің, білімінің арқасында Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқып, саяси білімін жетілдіріп келіп, аудандық партия комитетінде қызмет етті. Қазір облыс көлемінде жауапты қызметтер атқарып жүр. Айтайын дегенім, Төкен ағаның ақ ниеті, өсер жастың алдын кес-кестемей демеп жіберу де кісіліктің белгісі деп түсінемін. Төкен Мақашев аға ұзақ жылдар аудандық газетте бас редактор болып, нағыз майталман, журналист дәрежесін зейнеткерлікке шықса да бос отырмады, аудандағы тарихи-өлкетану мұражайды көркейтуге, оны жабдықтауға аянбай еңбек етті. Қазіргі өз атындағы тарихи-өлкетану мұражайы аудан тарихының шежіресін айғақтайды.
Менің аудандық партия комитетінде қызмет етіп жүрген кезім болатын. Бірде Төкен аға амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Шәкен, сен біраз жылдар Талас, Сарысу аудандарында аудандық комсомол комитетінің екінші, одан кейін бірінші хатшысы болып қызметтер атқардың, аудан жастарын тәрбиеледің, Мәскеуде БЛКЖО-бүкіл Одақтық коммунистік жастар Одағы жанындағы білім жетілдіру мектебінің бір жылдық курсында оқып, саяси біліміңді шыңдап келдің. Комсомолдың ең жоғарғы наградасын алдың, бірнеше медаль, грамоталарың бар, бірнеше рет аудандық атқару комитеті кеңесінің депутаты болып сайландың, сол кездері өткен облыстық партия конференцияларының делегаты болдың, комсомолдың 50-жылдығына байланысты Мәскеуде өткен салтанатты жиынға қатыстың, Алматыда өткен комсомолдың салтанатты Пленумында ҚазЛКСМ жастар Одағының Қызыл туын алып жүріп, Президиумының төріне қойған үш адамның бірісің, республика комсомол басшыларымен қатар отырып, Президиумнан орын алдың. Сол құжаттарыңның барлығын реттеп, аудандық тарихи-өлкетану мұражайына өткіз, арнайы бұрыштар ашып, жабдықтап жатырмыз»-деді. «Мұның бәрін қайдан зерттеп білдіңіз?»-деген сұрағыма аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жазылған жоқ па деді де шығып кетті. Ондай істерді, өзімді-өзім насихаттауға, марапаттауға, мақтанышқа жоқ адаммын. Төкен ағаның тапсырмасын орындауға құлықсыз қабылдап, қала бердім. Бір аптадан кейін Төкең: «Дайын болды ма?»-деп телефон соқты. Мен: «Төкен аға, аудан үшін бүкіл өмірін қиып, тер төккен бұрынғы азаматтар көп қой, солардың еңбегін кейінгі ұрпақтарға үлгі еткеніміз жөн шығар. Менің құжаттарымды мұражайға қоюдың қажеті жоқ, ренжімеңіз», — дегенім сол еді, Төкен аға телефонды тарс еткізіп қойған сияқты болды. Мен қатты ыңғайсыздандым, Төкеңнің ашуланғанын сездім. 1-2 күн өткен соң, халық үшін еңбек етіп жүрген кісі ғой, кешірім сұрайын деп жүргенімде кенеттен айтып келмейтін ажал Төкен ағаны да қармапты. Қарымды да дарынды журналист, кейінгі ұрпақ үшін аудан тарихын терең зерттеп жазудан жалықпайтын, еңбек сүйгіш, елге сыйлы адам өмірден озып кетті. Соңында аудандағы тарихи мұражайын толықтыра түссем деген жоспарлары, жазып үлгермеген материалдары қалды әрине. Төкен аға қандай қызмет атқарса да, ұзақ жылдар газетте бас редактор болған уақыттарда да өзінің адал еңбегімен, байсалды мінез-ақылымен елге сыйлы болды, ағайынға ардақты, үлкенге ізетті, кішіге қамқор, балаларына асқар тау әке бола білді.
Кадр таѕдауда жалтаќтыќќа жол бермейтін
Мәскеудегі Бүкілодақтық жоғарғы партия мектебін бітірген журналист Төкен Мақашевтың шығармашылығы мен өмірі кімге болса да үлгі болғандай еді. Ол кісі ең алдымен ақкөңіл, адал, мейілінше еңбекқор жан болатын. Сұм ажалға тосқауыл бар ма, ол кісі алпыстан асқан шағында дүниеден озды. Қазіргі кезде мен жазушымын, мен журналиспін деп кеудесін қағып жүрген белгілі қаламгерлер Төкеңді сағына, құрметпен еске алып отырады.
Төкең (оны біз сыртынан көке дейтінбіз) кезінде жас журналистердің ұлағатты ұстазы, сонымен қатар, қатал басшысы болды. Аудандық «Октябрь таңы» газетінің редакторы болып тұрған жылдарда алыс ауылдардан жер қойнауынан кен іздеген Қаныш Сәтбаев сияқты қабілеті бар жас таланттарды талмай іздеді. Компартияның талабы қатал, ол кездерде редакция жұмысына кез-келген адамды қабылдай бермейтін. Теңізден маржан тергендей, талантты, жазуға қабілеті бар, білімді жастар ғана іріктеліп алынатын. Талапкерлердің барлығы туа біткен жазушы, журналист, ақын емес. Сондықтан Төкең ел ішін көп аралап, өз жүрегімен кеңесіп жүріп болашақта нағыз журналист болып шығады-ау деген жастарды іздеді. Ол кісінің алғашқы таңдауы ауылдарда тұратын жас өркен Жаңабай Миллионов, Сұлтан Рақымжанов, Марат Ділдабаев, Жамалбек Өзбеков, Темірлан Әбілдаев, Бергентай Нұрмахановтарға түсті. Ол кезде бұлар 20 жастың ол жақ, бұл жағындағы жастар еді. Төкең, әсіресе, жас журналистерге сенім артып, соларды қолдады. Оларды нағыз сарбаз журналист етіп шығару үшін аянбай тер төкті. Ол кезде редакцияда Сыздық Шөжеев, Ескермес Ескендіров, Дулат Шалқарбаев сияқты тіс қаққан журналист, ақын-жазушылар еңбек етті. Төкең тәуекел етіп солардың қатарына жаңа буын, «шикіөкпе» жастарды әкеліп қосты. Солардың ішінде осы жолдардың авторы да бар еді.
Төкең жас журналистерге қатал ұстаз болды. Бір жазған мақаланы үш рет қайта жаздырған кездері болды. Әрқайсысымен жеке жұмыс істеп, ерінбей, жалықпай жазу өнеріне баулыды. Ақыл айтумен қатар, оңашада ұрсып та алатын. Жылдар өте келе әлгі жастар есейіп, қаламы қарымды, нағыз журналист болып шықты. Біздің сәтті шыққан әр мақала, очеркімізге, сұхбат, фельетондарымызға риза болып, балаша қуанып отырушы еді, жарықтық! Өзі жазғандай мақтанатын. Жақсы шыққан мақалаға қаламақыны да жақсы қойып, ынталандырып отыруды да ұмытпайтын.
Журналистика ғылымын жанындай сүйді, оған жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарады. Сондықтан болар, біз еңбек еткен жылдар ішінде редакцияда кездейсоқ адамдар болған жоқ. Төкең басшылық еткен кезде аудандық газет күнделікті жеті мың данамен шығып тұрды. Бұл республикадағы аудандық газеттер арасындағы ең жоғары көрсеткіш болатын.
Сол кездерде «Октябрь таңының» беделі орасан зор еді, біржақты болып қалмай өнер, мәдениет, ақындық, жазушылыққа да айқара есік ашты. Редакцияда «Жас толқын» атты өнер мен әдебиет бірлестігі тұрақты жұмыс істеді. Апта сайын газет бетінде жас ақын-жазушылардың әңгіме, өлеңдері, сазгерлердің әндері (нотасымен) жарияланып тұрды. Осындай игі істердің нәтижесінде Артығали Ыбыраев, Бергентай Нұрмаханов, Ерәлі Әбілезов, Әлсейіт Әлменов, Жамалбек Өзбеков, Асылбек Саттаров, Маралтай Райымбекұлы сынды ақындар поэзия көгіне қанат қақты. Қазір олардың көбісі республикаға аты мәшһүр ақындар. Олар да Төкеңнің мектебінен өткендер.
Редакция ұжымы ауызбірлігі мол, тату-тәтті өмір сүрді. Әйнекен Әубәкірова апай корректор болып жұмыс істеген кезде әріп, тыныс белгі қателерінен арылып, сауатты шыға бастады. Онда ұзақ жылдар бойы талмай жұмыс істеген Күлзағира Жылқыбаеваның еңбегін атап өтпеске болмайды. Машинистка Күлзағира қаршадай қыз кезінде еңбек жолын осы газетте бастап, зейнетке шықты. Қазір ол ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған бақытты әже. Арнаулы орта білімі бар сауатты Күлзағира газеттің «отымен кіріп, күлімен шықты» десе де болады. Аптасына үш рет шығатын газеттің күн сайын әр беті 45-55 бет материалмен толтырылады. Редакцияға сегіз журналистің мақалаларын қатесіз басып шығару Күлзағираның міндеті. Бұл белді, білекті, мықты талдырып, жүйкені жұқартатын ауыр жұмыс. Жігерлі келіншек осы жұмыстардың барлығын қайыспай көтерді.
Күлзағираның еңбекқорлығымен қатар, бізге көп ұнай қоймайтын мінездері де бар еді. Ол кезде біздер жалын құшқан жастар едік. Аздап еркіндікке, желікке де жол беріп қоятын кездеріміз де бар. Кейде кафеге соғып әңгіме-дүкен құрып отыратынбыз. Конторға келген соң да талдың көлеңкесіне барып темекі шегу әдетіміз болатын. Сондайда ол қыр соңымыздан қалмай қуып жүріп, қолдан жетектеп әкеліп машинкаға отырғызатын.
Баспахана бастығы Амандостың төменде темір есікті қоймасы бар. Газетке шыққандар, «шақыру билетін» бастырғандар сол қоймаға кіріп «оны-мұны» салынған пакеттерін тас-тап кетеді. Жұмыс уақыты аяқталар шақта құпиясы көп сол бөлмеге кіруге аңсарымыз ауып тұратын. Темір есік «ши-и-қ» етіп ашылғанда біз жұмысты қоя салып «бес минут перекур» дейміз қипақтап. Қойма құпиясын жақсы білетін Күлзағира «бес секунд те перекур жоқ» деп жоспарлы материалды басып бітіргенше отырғызып қоятын.
Т.Мақашев редактор қызметін атқарған кезде редакцияда жеті бірдей СССР Журналистер одағының мүшесі еңбек еттік.
— Республикадағы бірде-бір аудандық газетте мұншалықты көп Журналис-тер одағының мүшесі жоқ. Бұл біздің де жетістігіміз. Жақсы жұмыстардың айқын айғағы, жемісі, — деп Төкең әредік мақтанып отырушы еді.
Төкең журналистерге білікті ұстаз, ақылшы болумен қатар, үлкен отбасының өнегелі әкесі болды. Балаларының барлығы жоғары білім алды. Мұрат, Марат, Самат, Гүлнар, Гау-хар, Жауһар, Ардақ сияқты ұл-қыздары шаруашылықтың әр саласында аянбай еңбек етті. Қазір олар Төкеңнің өмірін жалғастыратын немерелерін өсіріп отыр.
Қайсар да дара тұлға еді
Марқұм Төкен Мақашев 40 жыл бойы партия, баспасөз саласында үздіксіз еңбек етті. Соның ішінде 20 жыл аудандық газетте бас редактор болып қызмет атқарды. Парасатты да пайымды, сезімтал да сергек, қиялы ұшқыр, қаламы қарымды журналистердің
бірі болды.
Төкең Сарысу ауданының тарихын терең зерттеп, ғылыми жүйеге түсіруге көп еңбек сіңірді. Оның Одақ көлемінде бармаған жері, баспаған тауы, ақтармаған архиві қалған жоқ. Шашылғанымызды жинақтап, «Ақтаңдақтарымызды» анықтап берді. Төкеңнің жеке архивінде аудан туралы, оның ардагер азаматтары туралы жазылған материалдары көп. Соның бірі халық композиторы Ықылас Дүкенұлы туралы жазылған тарихи очерк. Төкең бұл материалын көзінің тірісінде өз қолымен редакцияға әкеліп тапсырған еді. Өкініштісі сол, Төкең сол материалдың газетке басылғанын көре алмай, оқи алмай кетті.
Мен 1967 жылы әскерден борышымды өтеп келгеннен кейін 1968 жылы 2 қаңтардан бастап баспаханаға печатник болып жұмысқа қабылдандым.
1967 жылы желтоқсан айында Сарысу ауданы Талас ауданынан бөлініп, өз алдына дербес аудан болып бекіді. Аудандық «Октябрь таңы» газетінің редакторы болып Төкен Мақашев бекітілді. Мен Төкеңді сол жылдан бастап білемін. Журналистика үнемі ізденіс пен тоқуды қажет ететін мамандық. Билік пен халық арасындағы алтын көпір. Сол алтын көпірді Төкен Мақашев зейнеткерлікке шыққанша үзген жоқ. Талай жастарды тәрбиелеп, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі етті. Мысалы айтар болсақ Жеңіс Шыныбекұлы, Марат Болысбекұлы, Берік Шәмшіұлы, Бергентай Нұрмаханұлы, Әлсейіт Әлмендер еді.
Төкең сан қырлы, дара сырлы азамат еді. Еріксіз зейнетке кетірген ауданның бірінші хатшысы Нүркеновке айтқан бір сөзі есімнен кетпейді. Еңбек демалысына шығар кезде редакцияға жаңа машина алған болатын. Нүркеновке соны ескертіп, «Ештеңе жиған жоқ едім. Балаларым әлі жетілген жоқ. Мына жаңа машинамен бір жыл жұмыс істей тұрайын», — деп өтініпті. Сонда Нүркенов:
— Әй шал, шық деген соң шығасың,-деп өктемдік көрсеткен екен.
Сонда Төкең:
— Адамыңды жібер, мен орнымды босатамын, бірақ, сен де көп ұзамай көшуге дайындал, -деп аяғын нық басып кабинеттен шығып кетіпті. Төкең орнын райкомнан келген Еркінбек Дүйсенбаевқа босатып берді. Өзі Москваға демалуға барып аз күн тыныққан соң кезінде партшколда бірге оқыған бір досына жолығып, «Известы» газетінің бірінші бетіне бір колонка мақала жазады. Материал шыққан күннен кейін ертесіне Нүркенов орнынан алынды. Нүркенов орнынан босаған күннен бастап оның үйінің есігін ашқан бір адам болған жоқ. Міне, Төкең қандай қайсар адам. Көкеміз мөлдір де дара тұлға еді. Мұражайды нөлден бастап қазіргі ХХІ ғасырдағы өркениетті жағдайға жеткізді. Әрбір көне жәдігерді тірнектеп жинағанын көз көрді.
«Жақсының ізі қалады артында», — деген қазақ халқының дана сөзі осыны дәлелдейді. Сол еңбегінің арқасында қазіргі аудандық мұражай Төкен Мақашевтың атымен аталады.
Мұражайдың әкесі болды
Ұзақ жылдар аудандық газетке редакторлық еткен Төкен Мақашев ағамыздың жөні бөлек кісі еді. Өткен ғасырдың дүрбелеңге толы аласапыранды жиырмасыншы жылдардың басында жарық дүние есігін ашқан Төкең бала жастан тағдыр тәлкегін тартыпты.
Асқар тау әке, асыл анасынан ерте айырылған. Ата-ананың мейірімін, аялы алақанын көрер балдәурен балалық шағы болмапты. Қос жанары жәудіреп балалар үйінде өсіпті. Тағдыр талқысы, өмір тауқыметі жанарында жалын, жүрегінде оты бар қазақтың қара баласын жібек жіптей ширатты. Зобалаңды жылдардың салмағын буыны бекімей, бұғанасы қатпай сезінген Төкең оң мен солына сын көзбен қарап ерте есейді. Жоқшылық пен қиыншылық көзі ашық, көкірегі ояу азамат болып ержетуіне көп әсерін тигізді. Еті тірі ширақтығының арқасында жоғары білім алып, үлен өмір көшіне ілесті, еңбек додасына араласады.
Төкең жаны жайсаң, бөтен ойы жоқ, батыл да жас баладай аңқаулығы басым қызық мінезді адам болды. Білімі терең, боямасыз өмір шындығын бүкпесіз айтатын, жуаннан аласа демекші қарапайым жан еді.
Төкең аудандық газетке ерекше қолтаңба қалдырған қаламгер. Ауданның тыныс-тіршілігін жырлаған төл басылымымызға жиырма жыл мінсіз редакторлық етті. Осы жылдар ішінде көптеген құрдас-шәкірттерін тәрбиелеген, ұядан қияға ұшырды. Атап айтқанда Жаңабай Миллионов, Жеңіс Шыныбеков, Берік Шәмшиев, Фатима Жолдасова, Бергентай Нұрмаханов, секілді журналистерді Төкең аудандық газетінің қазанында қайнатты, шалғының жүзіндей шыңдады. Тек әріптестер арасында ғана емес, бүкіл аудан жұртшылығына қадірі артқан Төкең ағамыз 60 жасында құрметті зейнет демалысына шықты. Газетте барлық жанрда қалам тербеген, аудан тарихын ұшқыр қаламмен зерделеген Төкеңді аудан басшылары зейнет демалысына иығына шапан жауып, астына ат мінгізіп шығарып салысты. Редакция және баспахана ұжымдары әкесіндей болған қариямен қимастық сезімімен қоштасты.
— Енді жақсылап демаласыз ғой,-дескен әріптестеріне.
— Шаршап, шалдыққаным жоқ, Алла қуат беріп жатса, қолға алар шаруа бастан асқалы тұр. Аудан орталығы Байқадамнан мұражай ашсам ба деген ниет бар. Мұражай аудан тарихынан сыр шертіп тұрса келер ұрпаққа көп пайдасы тиер еді, -дейді.
Он екіде бір нұсқасы жоқ мұражай ашу оңайлықпен шағылатын жаңғақтай шаруа емес еді. Ел құлағы елу. Естіген жұрт елең етті. Алып-қашпа әңгіме де болмай қалмады.
— Төкең еріккен екен. Болмайтын шаруаға қол қатқалы отыр.
— Жұмыс істеп қалған адам. Қол қусырып отыра алмайтын болғаны ғой.
— Дұрыс айтасың. Әліптің артын баққан жөн.
Төкең алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын қайсар мінезді адам болатын. Аудан, облыс орталықтары мен сол кездегі астанамыз-Алматыға дейін шарлап, шықпаған төрі қалмады. Қажетті қаражат көздерін қарастырды. Аң-жануарлардың қатырған мүсіндерін тасымалдады.
Төкеңе демалуға уақыт болған жоқ. Аудан тарихын жан-жақты зерделеді. Мұражайға қажетті сан алуан тақырыптағы тың деректер мен дәйектерді жиыстырды. Алтын бесік ауылдарға ат шалдырып, түстік ішіп, қона жатып, тарихи жәдігерлердің мұражай төрінен орын алуына көп еңбек сіңірді.
Бәрі де айтуға оңай. Мұражай ашу үшін Төкең ағамыз қаншама күш-жігер, білімін жұмсады десеңізші. Зейнет жолына жетсе де демалуды білмеген Төкең ерледі. Шындығында жоқтан бар жасады. Мақсатына жетті. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, ақ алғысын арқалады.
Мәңгілік ешкім, ешнәрсе де жоқ. Жаратқан иеден бұйрық келді. Төкең 1991 жылы 69 жасында тұрлаусыз жалған дүниеден озды. Соңында журналистік қол жазбалары, ел-жұртына мәңгілік ескерткіші тарихқа таңба салған мұражайы қалды. Абзал азаматтың есімі ел есінде. Аудан тарихының сыр сандығына айналған мұражай бүгінде Төкеңнің өз атында, ел игілігінде.
Туған жер-тұғырым
Сарысуым саялы, құт мекенім,
Баурайында жайлаған қазақ елім.
Сайын дала, тау-тасы, нулы өзені,
Пана болған халқына туған жерім.
Тоқсан бес жыл тарихы бар тағылымды,
Сарысуым саялы сайын далам тұғырлы.
Біздің мақсат жырлау сенің барыңды.
Өткеніңді, бүгініңді және атар таңыңды.
Сарысуым келіп тұрсын тоқсан беске,
Болмады өткенді ойға түсірмеске.
Анамның аймалаған лебіндей,
Тоқсан бес бұрынғыны түсірді еске.
Туған жер өткеніңді ұмытпадым,
Менде сенің жасыңа жуықтадым.
Еске алып жырламасам риза емес,
Жасымнан бірге өскен шыбық,талың.
Мені жырла дегендей қара суың,
Қалыспай үн қосуда қалың нуың.
Мені ойыңнан қалайша шығарасың,
Деп ишарат білдірген қызбен,ұлың.
Сарыарқаның даласында,
Өзені Сарысу жағасында.
Қазіргі Жеңіс жерінде,
Түгіскен аты бұрынғы.
Аталып аты «Сарысу»,
Көшпенді аудан құрылды.
Елдегі дана ағалар.
Ел бірлігін сақтаған,
Алтыннан да бағалың,
Ойласаң солар балалар.
Алауыз болсаң айтысып,
Олжалап оңай жау алар.
Сақтамасаң бірлікті,
Жаман ат саған жамалар.
Бабаның сөзін тәрк етсең,
Дұшпаның күліп табалар.
«Арық атқа қамшы ауыр»,
Деген сөз қалған бабадан.
Халқыма бірлік бер деп тілегім сол,
Жаңа өмір өркендеуге дәулеті мол.
Халықты ашықтырмас, адастырмас,
Білімді батыр жастар бастаған жол.
Тура жолды ұстаған Сарысудың,
Намысты жастарының мақсаты зор.
Еркіндік, білім, байлық бәрі бізде,
Аудан халқы өмірде болмайды қор.
Мың өліп, мың тірілген өмірде,
Сарысудың айрықша халқы батыр.
95-ті Жарқырап тойлап жатыр,
Әр ауылда ұлы той болып жатыр.
Бұл той болды дәлелі бірлік пен берекенің,
Көрсетіп Сарысу, бірліктің елі екенін.
Еңбекпен құт дарыған жер екенін,
Ақ тілегім осы еді жастарға айтпақ,
Бірігуді жүріңдер мәңгі сақтап,
Қазаның оттан түспесін буы атқылап,
Бірікеннің белгісі бірлік дәмі,
Бірлік дәмі бар дәмнен қуаттырақ.
Бүгінгі Сарысу аруындай даланың,
Ескерткішті жырдан жасап қаламым.
Өлеңнен өріп алқаны,
Сарысу батыр ананың,
Тойына арнап кеудесіне тағамын.
Алтын Досжанова, тыл және еңбек ардагері, Сарысу ауданының Құрметті
азаматы, зейнеткер
Илья мўрасы-ортаќ ќўндылыќ
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Сарысу ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың 1936-2023 жылдар аралығындағы 13 сақтау бірлігі және 1941-2023 жылдар аралығындағы 41 сақтау бірлігінен тұратын жеке тектік құжаттары (Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының сараптау-тексеру комиссиясының 12.12.2019 жылғы №13 хаттамасымен және 28.04.2023 жылғы №3 хаттамасымен бекітілген) сақтауға алынған.
Илья Жақанов қаламгер ретінде 1968 жылы «Қайта оралған ән», 1969 жылы «Қош бол, вальс» атты повестерін жазды. Осыдан кейін «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988) атты деректі әңгімелер, эсселер және новеллалар жинағы оқырманға жол тартты. Ал 1989 жылы қазақтың ұлы қобызшысы Ықыластың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен «Кертолғау» романы алғаш қырғыз тілінде шығып, кейін 1990 жылы қазақ тілінде «Ықылас» деген атпен жарық көрді. Сондай-ақ «Қарабура» (1977) тарихи-танымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981) атты еңбегі қырғыз тіліне аударылған. И.Жақановтың шығармашылық желісі бойынша «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ», Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтардың шығармашылық портреттерін сомдаған шығармалары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары жарық көрген. Бұл тізімдемеге келесі құжаттар енгізілді: Сарысу ауданының мемлекеттік архивіне жеке тектік құжаттарын мемлекеттік сақтауға өткізу туралы өтініші, дипломдары, құрмет грамоталары, алғыс хаттары, құттықтау хаттары, эссе, элегия мен мақалалары және ақын-жазушылардың ой пікірлері жарияланған газет, журналдар, Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің Республикалық көрмесінің каталогы, ҚР көркем академиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлімшесінің тұрақты көрме залының ашылу салтанатындағы фотосуреттер топтамасы, И.Жақановтың авторлық кітаптары: «Әнім саған, Астана!» әндер жинағы, «Доссор вальсі» әндер жинағы, «Бұлбұл әуезі» эссе-элегиялар кітабы, «Жас қазақ» патетикалы элегия кітапшасы, «Қазақ вальсі» эссе-элегия кітапшасы, «Бұлбұл» эссе әңгіме кітапшасы, «Таңғажайып махаббат» лирикалық эссе кітабы, «Аққу әні» кітабы, И.Жақанов шығармашылығы туралы Б.Мұсантегінің «Замана жыраулары. Замана бұлбұлы» кітабы, И.Жақановтың шығармашылығы туралы Қали Сәрсенбайдың «Дүлдүл» кітабы, Елім-ай! Эссе (қағаз көшірме І, ІІ, ІІІ-нұсқасы), «Біржан – Сара» операсы (қағаз көшірме), «Дүние шіркін …..» эссе-элегия (қолжазба), «Кеңесбек еді, бір досым …» эллегия (қағаз көшірме), «Баян-өлгий сапары» эллегия (қағаз көшірме), «Ақжайықтың ақтангері» лирикалық эссе (қағаз көшірме), «Қосбасар» эссе (қол жазба), «Түңгі сыр» серенада (қол жазба), Поэма «Ән жүрек» (қағаз көшірме), И.Жақановтың ағасы Жақыптың ҰОС кезінде отбасына жазған хаттары, И.Жақановқа жанкүйерлерінен келген хаттары, И.Жақанов әулетінің шежіресі (қол жазба). Мәдениет саласының майталманының құжаттары көздің қарашығындай сақталып, келер ұрпаққа мол мұра ретінде танылады.
А.ҮКІЖАНОВА,
«Сарысу ауданының мемлекеттік архиві» КММ директоры