Қобыз дәстүрінің негізін салушы
Өткен аптаның жұмасы күні Саудакент ауылында ұлы қобызшы, композитор, қыл қобызда ойнаудың асқан дүлдүл шебері Ықылас Дүкенұлының 180 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Салтанатты шара ең әуелі Саудакент-Жаңатас күре жолының бойында орналасқан Ықылас Дүкенұлының мемориалдық кешенінің алдында бастау алды. Айтулы шарада Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов бастаған өнер, мәдениет, қоғам қайраткерлері, елімізге танымал қазақтың ұлттық аспапты музыкасының көрнекті өкілдері қатысып, ұлы қобызшының рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
Қазақстанның Еңбек Ері И.Жақанов Ы.Дүкенұлының шығармаларына тоқталып, мемориалды кешеннің қандай еңбекпен салынғанын тілге тиек етті.
Одан кейін өнер сүйер қауым Саудакент ауылдық мәдениет үйінде өтіп жатқан шараны тамашалауға атбасын бұрды.
Жиналған көпшілік қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ пен қымыз, шұбаттан дәм татып, Ы.Дүкенұлы атындағы саз мектебі оркестрінің орындауындағы Ықыластың «Кертолғау» күйін тыңдады.
Мәдениет үйінде ұйымдастырылған қылқалам, қолөнер шеберлерінің туындыларынан дайындалған көрмемен танысты.
Іс-шара «Жезкиік» Республикалық қобызшылар байқауымен жалғасын тапты.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 11 қобызшы келіп қатысты.
Өнер додасына елімізге танымал қазақтың ұлттық аспапты музыкасының көрнекті өкілдері Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әртісі-солисі, өнертану кандидаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Күйшілер одағы» Атырау облысы филиалының жетекшісі Ықылас бабаның төте дәстүрлі мектебін жалғастырушы-ұстаз А.Тәттібайқызы, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚСРО мәдениет үздігі», «ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құрметті қызметкері» Ә.Жұмабеков, қобызшы, Ықылас Дүкенұлының ұрпағы Нұрлан Есмаханов, күйші-бақсы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт мемлекеттік концерттік ұйымның солисі, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің (ҚазҰӨУ) доценті Р.Оразбаева, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің әртісі-солисі, қобыз тобының концертмейстері, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «ҚҰРМЕТ» орденінің иегері, күйші, композитор Ж.Жүсіпова, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі А.Смағұлова және Саудакент ауылдық Ы.Дүкенұлы атындағы саз мектебінің директоры А.Мизенбаева әділқазылық етті.
Әлемдік музыкада өзіндік орны бар ұлы тұлға Ықылас Дүкенұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Жезкиік» республикалық қобызшылар байқауы өз мәресіне жетті. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Атыраудан келген жас қобызшы Аятолла Тұрғанов жеңіп алды. Сонымен қатар 2 үміткер ынталандыру орнына, 3 үміткер үшінші орынға, 3 үміткер екінші орынға және 2 үміткер 1 орынға ие болды.
Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты композитор Илья Жақанов пен аудан әкімі Сәкен Мамытов жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар тапсырды.
Сонымен қатар аудан әкімі ауданда өткен республикалық қобызшылар байқауының әділқазылар алқасының мүшелеріне, еліміздің ұлттық аспапты музыкасының көрнекті өкілдеріне ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар және сый-сияпаттармен марапаттады.
Сондай-ақ «ҚОБЫЗ АТАСЫ – ЫҚЫЛАС» атты республикалық форум өтті. Форумның ашылуында аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі мерейтойдың маңыздылығына тоқталды.
Форум жұмысында сахна төріне құрметті қонақтар Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы, композитор, көсемсөзші, суретші, этнограф Илья Жақанов, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, зоотехник-ғалым Әбдіманап Көпбергенов, Ықылас бабаның төте дәстүрлі мектебін жалғастырушы-ұстаз, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚСРО мәдениет үздігі», «ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құрметті қызметкері» Әбдіманап Жұмабеков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дарабоз» бәйгесінің иегері Пернебай Дүйсенбин сахнаға көтеріліп, Ықылас Дүкенұлының өнері мен шығармаларынан сыр шертті. Сарыарқа мен Қаратаудың құнарында туып өскен тел төлі Ықыластың асқан өнер иесі, бұрын-соңды өткен, дүниенің төрт бұрышына мәшһүр, ұлылардың ұлысымен пара-пар тұратын биік тұлға, бүкіл Түркі әлемінің, тіпті дүние жүзінің музыка мәдениетінің төріне лайық өнер иесі екендігін атап өтті.
Форум барысында өнертану кандидаты Ақнар Тәттібайқызы Ықылас бабаның Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған қобызын арнайы алдыртып, Ықылас күйлерін орындады.
Қазақ тарихынан және Ықылас Дүкенұлының бай мұрасынан сыр шерткен форумда жиналған көпшілік мол мағлұмат алды.
С.Есқараев, «Sarysý»