Шығыстың жарық жұлдызы
Балалық шағы мен білім алуы
Шоқан (Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылы қараша айында Қостанай облысы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Әкесі Шыңғыс – Омск әскери мектебін бітірген, орысша сауатты офицер. Шоқанның балалық шағы әжесі Айғаным ханымның тәрбиесінде Сырымбет жерінде өткен. Ол мұсылманша хат танып, 10 жасында Омск кадет корпусына оқуға жіберілген. Сол жерде ерекше қабілетімен көзге түсіп, орыс тілін тез меңгеріп, үздік оқушылардың қатарында болды.
Жас ғалымның алғашқы қадамдары
Кадет корпусында Шоқан орыс және әлем әдебиетінің үлгілерімен танысып, тарих, философия, этнография және әдебиет теориясына қызығушылық танытты. Оның алғашқы еңбектері қазақ ауыз әдебиетіне арналды. Шоқанның «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырын жинап, зерттеуі оның ғылымға деген құлшынысының белгісі болды.
Ғалымның саяхаттары мен зерттеулері
1856 жылы Шоқан Орталық Қазақстан, Жетісу, Тарбағатай аймақтарын зерттеп, жергілікті халықтың тарихы, әдет-ғұрпы мен наным-сенімдері туралы деректер жинады. Ол осы сапарында «Тәңір», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбектерін жазды. Кейін Қырғыз елін зерттеп, «Манас» эпосын орыс тіліне аударып, ғылыми тұрғыда талдады.
1857 жылы Шоқан Құлжа қаласына барып, Жоңғария тарихымен шұғылданды. Оның еңбектері қатарында «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері», «Ыстықкөл сапарының күнделіктері» бар. Бұл еңбектер тек қазақ емес, қырғыз мәдениетіне де үлес қосқан туындылар болды.
Еңбектерінің ғылыми бағалануы
Шоқанның зерттеулері Орыс география қоғамында жоғары бағаланып, 1857 жылы қоғамның толық мүшесі болып сайланды. Бұл оның ғылыми қауымдастықтағы беделін айқындады. Оның «Қашқария сапары» мен «Жарық жұлдыз» атты еңбектері оны шығыстану ғылымының алдыңғы қатарлы зерттеушісі ретінде танытты.
Шоқан Уәлихановтың мұрасы
Шоқан Уәлиханов 1865 жылы қайтыс болды. Бірақ оның зерттеулері мен еңбектері қазақ ғылымы мен мәдениетінің іргетасын қалады. Шоқанның өмірі қазақ халқының ғылымы мен өнеріне қызмет етудің үлгісі ретінде тарихта қалды.
Қазақтың ұлы ғалымы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы жайлы біз білмеген деректер:
1. Шоқан Уәлихановтың сүйікті авторлары-Диккенс пен Теккерей.
12 жасқа дейін Шоқан орыс тілін білмеген, тиісінше, әлемдік әдебиетті оқуға мүмкіндігі болмаған. Омбы кадет корпусына кіргеннен кейін ғана аталмыш авторларды зерттей бастайды. «Шоқан тез жетілді, орыс жолдастарын шаң қаптырып кетіп отырды. Олар Шоқанға қызыға қарайтын. Ол өте қабілетті еді, оқуға түспес бұрын да сурет салды»,-деп еске алады Г. Потанин.
2. Шоқан Уәлиханов әзілқой, сәнқой болған.
Тарих пен мәдениеттің ұлы білгірі ретінде Шоқан өзіне әдемі мүсіншелер сатып алудан, сирек кездесетін кітаптар сатып алудан бас тартқан жоқ және үлкен сәнқой болған.
«Шоқан әрқашан ұқыпты киініп жүрді; қыста ол құндыз жағалы әскери пальтода жүрді, тырнақтарына дейін ұқыптылықпен қарап, бір саусағындағы тырнақты «қытайша» өсірді. Шоқан әдемі заттарды өте жақсы көрді. Алайда ол заттарды бағасына қарап емес, суреті үшін, бейнеленген ой үшін таңдайтын»,-деп жазады ол туралы Жарылқап Бейсенбайұлы.
3. Айғаным әжесінің маноры Шоқан Уәлихановтың суреттері бойынша қалпына келтірілді.
Айғаным қонысы-Солтүстік Қазақстанның ең көрнекті туристік жерлерінің бірі. Бұл көркем шатқалда XIX ғасырдың басында император Александр I жарлығымен Уәли ханның жесіріне арналған манор салынды. Үлкен қоршалған аулада қонақ бөлмесі бар үй, қызметшілерге арналған үй, мектеп, мешіт, медресе, монша және тұрмыстық қосымшалар болды.
4. Шоқан жары Айсарамен алты ай ғана өмір сүрді.
Уәлихановтың өмірінің соңғы жылы оның өмірбаянында аз зерттелген. Верныйдан Омбыға барар жолда ол өзін нашар сезініп, Алтынемел пикетіне жақын сұлтан-полковник Тезек Нұралиннің ауылына түседі. Сол ауылда шамамен бір жыл қоныстанып қалады. Біраз уақыттан кейін денсаулығына байланысты оған осы ауылда қалып, Қытайдағы мұсылмандардың ұлт-азаттық қозғалысының дамуы туралы ақпарат жинау ұсынылды. Бірақ бұл ауылда Шоқан Уәлихановты ұстап тұрған жұмысы ғана емес, Тезек сұлтанның немере ағасы Көшен Ералиннің қызы, дала сұлуы Айсара болатын.
Күзде олардың некелері қиылды. Бірақ, өкінішке орай, олардың некесі ұзақ уақытқа созылмады. Жарты жылдан кейін Шоқан Уәлиханов қайтыс болды. Олардың балалары болмады. Ал Айсара, әменгерлік дәстүр бойынша, ағасы Жақыпқа әйел болды.
5. Шоқан өлімінің құпиясы
Шоқан Уәлиханов туберкулездің ашық түрінен қайтыс болды деп есептеледі. Алайда, қазіргі зерттеушілер бұл нұсқаны күмәнді деп санайды. Ол қымызды өте жақсы көретін, ал қымыз туберкулездің бетін қайтаратыны белгілі.
Шоқанның замандастары да «ауруға» сенімсіздікпен қарады. «Сібір әкімшілігі оның Санкт-Петербургте патшамен танысқанына, патшаның оң қабақ танытқанына ренжіді»,-деп жазады А. Гейнс.
«Барлық деректер құпия күйінде қалды. Бірақ бұл аздаған үзінділер Уәлихановтың империяның шет-шетіне қуғындалып, кейіннен уланып өлтірілгенін көрсетеді»,-деп есептейді Дастан Елдесов.
Әдеби-сазды кеш
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдығына арналған «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының біртуар перзенті Шоқан Уәлихановтың ғылыми және рухани мұрасын дәріптеу, жас ұрпақты ұлы тұлғаның өмірінен өнеге алуға баулу болды. Кешті жүргізуші мәдениет қызметкері М.Ералиева ұлы тұлғаның өмірі мен қалдырған мұрасы жайлы тың деректер келтіріп, ғалымның қазақ мәдениеті мен ғылымындағы орнына тоқталды. Сонымен қатар Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбектері жайында қызықты деректер айтылды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында найзағайдай жалт етіп, ғылымға, тарихқа зор үлес қосқан Шоқан жайлы кешке қатысушылар білгендерін, оқыған шығармаларын ортаға сап, қазақ ғалымына, қазақ ғылымына деген құрметтерін көрсетті. Т.Медетбектің «Шоқан», М.Айтқожинаның «Шоқан ескерткішіне қарап», Д.Стамбековтің «Шоқан Уәлиханов» атты өлеңдері оқылды. Мәдениет қызметкері С. Жұматаев әуезді әнмен кештің шырайын кіргізді.
Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының тұңғыш ғалымы, терең ойлы, асқан зейінді ағартушы. Ол – ғылымның әр тарапынан білімі бар ұлы ғалым, ағартушы, саяхатшы, зерттеуші, тарихшы, географ, этнограф әрі кәсіби суретші.
Шоқан – жұлдызы жарық, жұмбағы қалың тұлға.