Туған өлке-тұнған тарих
Аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Сарысу ауданының бай тарихы мен рухани құндылығын дәріптеу, туған жерге сүйіспеншілік сезімін ұялату мақсатында Жаңатас қалалық көпсалалы колледжінде білімгерлермен «Туған өлке-тұнған тарих» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараның негізгі мақсаты-Сарысу өңірінің шежіресін, тарихын, қасиетті жерлерін, осы өлкенің атағын асырған айтулы тұлғалар мен өнер иелерін жас ұрпаққа таныстырып, туған жерді сүюге тәрбиелеу.
Кешті кітапхана қызметкерлері жүргізіп, қатысушыларды ыстық ықыласпен қарсы алды. Кіріспе сөзде жүргізуші туған жерге деген құрметтің әр адам өмірінде ерекше орын алатынын айта келе, «Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады»-деген халық даналығын мысалға келтіріп, ел тарихын қастерлеудің маңыздылығына тоқталды.
Дөңгелек үстелге аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Жақсыпейілова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова және осы бөлімнің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру жұмысы жөніндегі инспекторы Гүлбақира Боранбаева қатысты.
Олар өз сөздерінде Сарысу ауданының өткені мен бүгініне, өңірдің мәдени-рухани даму бағыттарына тоқталып, жастарды туған жердің тарихын терең тануға шақырды.
Шара барысында жүргізушілер Сарысу өңірінен шыққан белгілі тұлғаларды еске алды. Өңір тарихында өшпес із қалдырған Ораз Жандосов, Бәйсейіт Әділов, Шәбден Ералиев, Сәрсен Қоржықов, Бәкен Серікбаев, Жақсылық Аяпов, Жарқынбай Бекеев сынды елге еңбегі сінген азаматтардың өмір жолдары сөз болды.
Сондай-ақ, өнер мен мәдениет саласында ел мақтанышына айналған тұлғалар – қобызшы Ықылас Дүкенұлы, ақын Майкөт Сандыбайұлы, опера әншісі Амангелді Сембин, кино және театр актері Асанәлі Әшімов, сазгер Илья Жақанов, әнші Сәуле Жанпейісова есімдері аталды.
Дөңгелек үстел барысында «Ықылас», «Шоқай датқа», «Ысты Тілік баба» мемориалдары туралы кітапхана қызметкерлері жан-жақты мәлімет берді.
Сондай-ақ, аудан аумағындағы тарихи орындар мен көне ескерткіштердің маңызы, оларды сақтау және ұрпаққа жеткізу жолдары айтылды.
Іс-шарада «Тарихқа тұнған-туған өлкем» атты бейнешежіре көрсетіліп, қатысушыларға ауданның құрылу тарихынан бастап, бүгінгі дамуына дейінгі кезеңдерді қамтитын материалдар ұсынылды.
Кеш қызықты форматта өтті. Қатысушылар Сарысу ауданының құрылу тарихы, атақты тұлғалары, табиғи байлығы мен өндіріс ошақтары туралы сұрақтарға белсенді жауап берді.Осы мәліметтерді еске түсіріп, оқырмандар мен жастардың туған өлке тарихына деген қызығушылығы арта түсті.
Іс-шара соңында кітапханашы Л. Рахымбаева «Шежірелі Сарысу» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, оқырмандарды жергілікті тарихқа арналған еңбектермен таныстырды. Көрмеге ауданның тарихы, белгілі тұлғалары мен батырлары жайлы кітаптар, фотошежірелер және мерзімді баспасөз материалдары қойылды.
Дөңгелек үстел соңында жүргізушілер «Кейінгі ұрпақтар өздерінің тарихын, ата дәстүрлерін қастерлеп, әкелер салған сара жолмен жүріп, туған өлке гүлдене берсін!»-деген тілегін білдіріп, кешті қорытындылады.
«Туған өлке-тұнған тарих» атты бұл дөңгелек үстел-Сарысу халқының рухани мұрасына тағзым етіп, жас буынға отансүйгіштік пен елжандылықты дәріптеудің жарқын үлгісі болды.
Аяулым Досаева,
аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары