ғалымның хаты өлмейді…
Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн (туған жылы-1020 – қайтыс болған жылы шамамен 1070)-аты әлемге әйгілі ақын, философ, қоғам қайраткері Шу мен Іле өзені аралығында ұлан байтақ өлкеден шыққан түркі дәуірінің ұлы ғұламасы.
Шу мен Іле өзені аралығында ұлан байтақ өлкеден XI ғасырда аты әлемге әйгілі ақын, философ, қоғам қайраткері Жүсіп Хас Хажиб Баласағұн орта ғасырлық Баласағұн қаласында музыканттар отбасында дүниеге келген.
Жүсіп осы талантты өнерпаз әкесінің тәлімін алып өскен. Жасынан зерделілігімен көзге түсіп, сарай қожаларының көңілін аударған. Шығыс Түркістан, Қашқар, Баласағұн, Жетісу өлкелерін билеп тұрған Боғрахан Жүсіптен үлкен үмітті боп, оны ғылым мен білімге баулыған. Жүсіп кезіндегі атақты білім ордаларында болып, көп тілдерді үйреніп, тез жетілген. Әділет жолын іздеп, алас ұрған жігерлі жас әдебиет пен ғылым салаларын жете меңгерген. Жүсіп өз кезінің білімді адамы саналған. Ол жасынан оқып, түркі тілдеріне қоса парсы, араб, қытай тілдерін жақсы білген. Сол кез әдебиетінен, тарихынан, астрономиясынан, геометриясынан, тағы басқа ғылымдарынан мағлұмат алған».
Жүсіп өз заманындағы ғылым саласымен толық танысып кемелденген шағында «Құтты білік» тәрізді классикалық шығармасын жазуға бет алды. Араб, парсы тілдерін жақсы білумен бірге өз ана тілін де терең меңгеріп, бар байлығын бойына дарытқан Жүсіп ана тілінің көркемдік қуатын әлемге таныту бағытын ұстады. Музыкант отбасында туылғандықтан күй тартып, өлең айтып, нақышты музыка сазын тұла бойына толық дарытқан.
Жүсіп Баласағұнның туған жері Батыс Түрік қағанатының басты астанасы, саяси, экономикалық және рухани мәдениеттің орталығы ретінде аты әлемге әйгілі болған ортағасырлық ірі қала Баласағұн екендігі тарихтан белгілі. Бұл қаланың орны Жамбыл облысының Шу ауданы, бұрынғы «Калинин» колхозының (қазіргі Баласағұн ауылының) жерінде, Алматы-Тараз тас жолының бойында. Ол Шарғау, Ақсу, Қарабалта және Тоқташ өзендерінің Шу өзеніне құятын төменгі ағыстарындағы тегістікке орналасқан». Баласағұнның адамның дамуы, жеке адам басының жетілуі, өсуі тікелей тәрбиенің жетістігі, ол адам табиғатына байланысты бола отырып, оның тарихи дамуының үстінде үнемі өзгеріске ұшырайтынын анықтады. Баласағұн-философ ретінде және тәрбиелік тағылымға толы-педагог ретінде артына өшпес мұра, тәрбиелік дәстүр, өнеге қалдырған адам. Оның үйретуінше, адамның жетіліп қалыптасуы, оның ішінде жастар тәрбиесі-қоғамдық жағдайлардың, айнала ортаның ықпалымен, оң әсері мен тәрбие арқылы және адам табиғатын туысынан-дүниеге келумен бірге болатын қасиеттер арқылы қалыптасады. Оның ішінде адамның өсіп-жетілуінде, оның дүниеге келуі мен іле келетін қажетті кейбір сапалар мен қасиеттердің болатындығын мойындайды.
ХІ ғасырда Орта Азиядағы Қараханидтер үстемдігінің кезінде өмір сүрген көрнекі ақын және ойшыл, сол кездің өзінде өсіп-өркендеу биігіне жеткен Баласағұн қаласының тумасы еді. Жүсіп Хас Хажіптің есімі бізге дейін толық күйінде жетіп отырған жалғыз поэмасы «Құтты білік» арқылы танымал болды. Ұлы ойшылдың басқа да шығармалары болғандығын, әрине, топшылауға болады. Бұл кітапты автор 1069 жылы Қашғар билеушісі Сүлеймен Арыслан Қара Қағанға арнап жазды, осы еңбегі үшін хан оған Хас Хажіп деген лақап есім берді, яғни ұлы ханның әлеуметтік кеңесшісі лауазымына ие болды.
Ғұламаның бізге қалдырған асыл мұрасы-түркі тілінде жазылған 13 мың жолдық «Құтты білік» дастаны. Бұл-сан ғасырлар сынынан өтіп, өзінің рухани баға жетпес құндылығымен иесінің есімін аспан көгіндегі жарық жұлдыздай етіп, әлемдік мәдениеттің тарихына мәңгілік етіп жазып қалдырған көне түркі ғылымының ұлы ескерткіші, саясат, өнеге, тәрбие, еңбек жөнінде толғанысқа құрылған, тәрбиелік мәні мен маңызы зор, тұлғаның қалыптасуы мен дамуын дәріптейтін философиялық және педагогикалық туынды. «Құтадғу біліг» дастаны ХІ ғасырдың жұлдызды шығармаларының бірі ретінде өз бойына классикалық түркі әдебиетінің, поэзиясының бірегей қасиеттерінің, эстетикалық тәжірибелерінің нәрін жиған туынды. Қоғамдық-әлеуметтік мақсаты айқын, танымдық талғамы биік поэтикалық құбылыс. Таза әдеби шығарма ретінде ол өзіне дейінгі түркі поэзиясының ішкі заңдылықтары мен барша көркемдік қасиеттерін шығармашылықпен сіңіріп, әдебиеттің кейінгі кезеңдеріне өзгеше даму арналарын ұсынған шоқтықты эстетикалық белес. Қазақ халық поэзиясына да, жыраулар поэзиясы деген атпен танылған бертінгі ХV-ХІХ ғғ. жыраулығына да табиғатынан жақын тұрған өзгеше арналы әдеби үрдістің, ерекше тарихи дәстүр желісінің асыл арқауы.
Қараханид билеушілерінің Жүсіп Хас Хажіп шығармашылығын мұншалықты жоғары бағалап, оның басты еңбегіне айрықша қызығушылық танытуларын, бір жағынан, «Құтты біліктің» түркілік қоғам өкілдеріне арналған этикалық ережелер мен нормалардың ерекше кодексі болуымен, екінші жағынан – Қараханидтер әулеті өздерінің билік ету беделін мемлекеттің егіншілікпен және қолөнермен айналысатын тұрғындарының алдында мейлінше нығайта түсуге, сондай-ақ көршілес мемлекеттер билеушілерінің сый-құрметіне бөленуге ұмтылуымен түсіндіруге болады. Жүсіптің пікірі бойынша, билеуші мен оның төңірегіндегілер, түркі этикасына жан-жақты сәйкес келетіндей етіп қалай жүріп-тұру, «мемлекеттік ғылым» ережесі бойынша, қалай басқаруды үйрену керектігі туралы барлық қажетті білімдерді осы жерден меңгеруі керек.
Жүсіп Баласағұн поэмасы басқа түркі тілдес ұлттармен бірге, қазіргі қазақ жұртшылығының да рухани алтын қазығы. Оның қазақ әдебиетімен, халық әдебиетімен де тамырластығы, бір топырақтың өркені екендігі дау тудырмайтын тарихи шындық. Ғұлама ақынның туып-өскен жері Баласағұн да, дастанның тілі, образдық-стилистикалық жүйесі де, түркі өлеңінің классикалық өлшем, үлгісі мен тарихи, философиялық-эстетикалық аспектілері де бұл ойымызға толық негіз бола алады.
Шынайы талантты энциклопедиялық бітімдегі шығарма-тарихи түйінді құбылыс. Халықтық сипат, ұлттық мінез-құлық қырлары, сана, дәстүр болмысы солардан бедерленіп көрінбек. Ұлттық ой-сана, менталитет ұзақ сүзіліп, баяу қалыптасатын әрі баянды сақталатын күрделі түзілім. «Құтты білік» дастанының беттерінен де қазақ елінің жаратылысына тән сипаттарының куәгері болғандаймыз. Халқымыздың қанына сіңген әдет-құлықтар, қасиеттер: үлкенге-құрмет, кішіге-ізет, барға қанағат етушілік, жомарттық пен қонақжайлылық, мейірімділік пен қайырымдылық сынды көптеген адамгершілік өнеге-сипаттар мемлекеттік іс, тұрмыс, өмір, мораль, әдеп-иман тақырыптарын жырлаған тарауларда ақындық ой-маржандарымен астасып жарқырай көрініп отырады да, бір-бірімен ұласып келісті бір тұтас ұлттық бітімді көзге елестетеді.
Бала тәрбиесі, әйел алу, жар таңдау, қонақ шақырып, қонақ күту, ойлар, тұжырымдар хал-қымыздың қазіргі бойында тумысынан біткен, тұрмысында бар, санамызға сүтімен сіңіп, бабалар ақылымен дарыған қасиет-сипаттармен жалғасып, жақын түсіп отырады. Баланы жасынан қолыңда тәрбиеле, жатқа жіберме, үйіңде өсір, өнер-білім үйрет, имандылыққа баулы, еңбекке баста дейді ақын. Ұзын жолдың бойына үй тікпе, тасыған арынды өзенге жақын қонба, қамал қасынан алыс жүргін дейді. Бұлар әдет-нанымнан да, әдеби шығармалардан да жақсы таныс түйіндер.
«Құтадғу біліг», бір жағынан, ақылнама өсиет сөз. Өмірдің өз табиғатынан, тұрмыс толғамдарынан туған даналық. Сол ақыл сөз, тағылымды толғаныстар уақыт өте келе түрленіп, құбылып, мақал-мәтелдерге, нақыл, қанатты тіркестерге айналған. Он ғасыр бойына мәйегін сақтап, сүйегін бұзбай, қазіргі қазақ тілінің шұрайына айналу үрдісі айтуға ғана жеңіл түрлену.
Жүсіп Баласағұнның шығармаларында отбасы тәрбиесі мен жеке адам тәрбиесі бірінші орында тұрады. Жүсіп Баласағұн еңбектерінде әділетті қоғам, ізгі өмір, парасат, қанағат, еңбек, білім қайырымдылық сияқты өмірлік қағидаларды арқау етеді. Біз Баласағұн еңбегінің моральдық жақтарына ден қоямыз. Ж. Баласағұн адамдарды «қоғамдық қатынастың жемісі» дей келе, адамзат бойындағы күллі жағымды мінез-құлықты, жақсы адами қасиеттерді, биік моральды, қоғамдағы ізгілік, мейірімділік, қанағат, адамгершілік, білім, қайырымдылық этиканы бәрі-бәрін отбасылық, қоғамдық тәрбиемен ұштастырады. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, адам үшін ең жақын әлеуметтік орта болып табылатын, туылған күннен бастап тәрбиенің алғашқы белгілері берілетін орта-ол отбасы. Отбасы тәрбиесі-қай уақытта да өзекті мәселелердің бірі.
«Отан-от басыннан басталады». Адамның жеке басына қажетті адамгершілік қасиеттер, ақыл-ой, имандылық, мәдениеттіліктің алғашқы дәні себілетін орта отбасы болып табылмақ. Отбасы тәрбиесі-адами биік қасиеттерді қалыптастырудағы негізгі алғашқы саты. Адам өмір мәніне жету үшін дұрыс тәрбиеленуі керек. Баланың дұрыс тәрбиеленуі мен білім алуы ең алдымен ата-ананың парызы. Ата-ана баланы өткенге парасатпен, құрметпен қарауға, салт-дәстүрлерді ардақтауға, киелі нәрселерді қастерлеуге, шаңырақ иесі, бабалар ісін жалғастырушы екенін ұғындыруы керек. Баланы ата-ана үнемі назарда ұстау керек. «Бала қағаздың таза парағы», сондықтан жаман әдет, жағымсыз қылықтан сақтандырып, әрі қарай ұласпауын қадағалау керек.
Дүниеге келгеннен бастап жаны тек әділетті істерді ғана білуі керек. Тәні мен жаны жақсы жетілуі тиіс. Ол үшін бала тәрбиені өз от басынан алуға тиіс. Баласағұнның тәрбие тағылымының бастауы боларлықтай мына бір пікірін келтіруге болады: «Тәрбиенің барлық ыждахаттылығы, саласы мен түрі, өзара ұйымдасқан, ұйымшыл тату да тәтті адамдар құрамының, тобының-жетелі адамдар, зерделі адамдар құрамын толықтыратындай биікке көтерілуі қажет. Тәрбие өз кезегінде, әсері мен ықпалында-мирасқорлы», пайдалы еңбектің көзі болуы шарт-деп ой түйеді Баласағұн. Бұл үлкен өсиет.
Бүгінгі педагогикалық тұрғыдан алғанда үлкен ұжым тәрбиелейтін, педагогиканың бала тәрбиесіндегі басты мақсаты мен міндетін айқындайтын әдіс, еңбек тәрбиесін ұйымдастырудың негізгі десе де болады. Сондай-ақ, бұл еңбек пен тәрбиенің педагогикалық негізгі-теориясы деуге толық болады. «Тәрбиенің барлық ыждахаттылығы, саласы мен түрі, өзара ұйымдасқан, ұйымшыл тату да тәтті адамдар құрамының, тобының-жетелі адамдар, зерделі адамдар құрамын толықтыратындай биікке көтерілуі қажет. Тәрбие өз кезегінде, әсері мен ықпалында-мирасқорлы», пайдалы еңбектің көзі болуы шарт-деп ой түйеді Баласағұн. Өзінің еңбегі мен тәжірибесіне сүйене Баласағұн тәрбиелік тағылымды негізінен үш сатыға бөлді. Бірінші-әрбір жеке адамның білімді болуы. Білімді болу үшін оқу қажет. Екінші-барлық байлық, молшылық-ол үшін еңбек, кәсіп, адалдық, тазалық, қажет. Үшінші- әлеуметттік, табиғи күштілік-ол үшін бірлік, достық бостандық керек.
«Құтты білік» атауының өзі айтып тұрғандай, оқу-білім мәселесіне арналған. Бірақ, Ж.Баласағұнның педагогикалық ілімінің ерекшелігі оның барлық дидактикасы жетілген тұлғаны тәрбиелеу, адамда адамдық ізгі қасиеттерді тәрбиелеу идеясына негізделеді. Ізгілікті (адами қасиеттерді) тәрбиелеуде Ж.Баласағұнның ойынша жоғары адамгершілік сана мен мінез-құлықты қалыптастыру басты рөл атқарады, соның негізінде ішкі және сыртқы дүниесі өзара тең, рухани және дене әсемдігі өзара үйлескен жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге болады.
НАҚЫЛ СӨЗДЕРІ
Көңіл-тілдің иесі, сүйенеді сөз тілге,
Сөз күйресе, күйгені көңіл мен тіл, көркің де.
***
Екі нәрсе тірі адамға керегі –
Бірі – көңіл, бірі – тілдің желегі.
***
Сөз қуаты шығарар ел төріне,
Жер бетінен самғатар көк шегіне.
***
Шешендік қасиет — екінің бірінде кездесе бермейтін қасиет.
***
Ұлы ақын ба, әлде көптің бірі ме,
Байлама тас ешбірінің тіліне.
***
Ақын сөзі — жүрегімен сенсе шын,
Көтереді бишараның еңсесін.
***
Сәулелі сөз күндей шыққан шығыстан,
Шаштан нәзік, өткір алмас қылыштан.
***
Кісі көркі — сөз, бұл сөздің түрі көп,
Ізгі сөзді ерді мақта — тілі өрт!
***
Теңіздегі лағыл, маржан — өлең де,
Таба алмайды сүңгімеген тереңге.