Үзік сырлы әңгімелер

0

Асанов Қырықбай ағамыз ауданға танымал тұлғаның бірі емес бірегейі екені ел-жұртқа аян. Көзі тірісінде ет жүрегі елім деп елжірей лүпіл қаққан Қырықбай ағамыздың ауданымызды жиырма жылға жуық  басқарған тұста соңында атқарған игілікті істерімен өшпестей қолтаңба, тауып та, қауып та айтатын тапқыр, шешендік сөздерімен аңыздай әңгіме қалдырған жаратылысы бөлек жан еді.

Аудан экономикасының өсіп- өркендеуіне, туған жерін түлетуге өлшеусіз үлес қосқан асыл ағаны көзкөргендер арамызда әлі де көп. Жақсы адамның артында сөз ереді. Біз енді Қырықбай ағаның көзін көрген,дәм-тұздас, атқарған істері мен айтқан бәтуәлі сөздерінің куәсі болған қариялар шерткен үзік сырлы әңгімелерді ақ қағаз бетіне түсіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Орыс пен татарға қол жайдырған құран

Аудандық жол бөлімі басшысы, Байқадам автотранспорт мекемесінің директоры, Түркістан ауылдық округінің әкімі қызметтерін абыроймен атқарған Ермекбаев Болат ағамыз бүгінде бейнетінің зейнетін, бала-шағасының қызығын көріп отырған қазыналы қариялардың бірі. Жетпіс жастың жотасына шыққан Болат ағамыз бұл әңгімесін Қырықбай ағаға деген сағыныш сезімін сездіре отырып айтып берген еді.

-Мен аудандық жол бөліміне басшылық қызметке кіріскен кезде,-деп бастады әңгімесін Болат аға,-Досбол-Шығанақ күре жолының жаңадан салынып біткен кезі еді. Жол салған облыстық жол құрылысы тресінің жұмысшылары қайтуға қамданып жатқан болатын. Қырықбай аға іссапармен Шу бойына жолы түсіп барып келсе біздің мекемеде «тревога». Жолдың тесік, пайда болған жерлерін, қай шақырымда екенін қағазға мұхият жазып алып, алдыма әкеліп тастайды.

-Тездетіп жөнде. Басы-қасында өзің бол. Сапасына назар аудар. Алақандай тесік, шұқырлар ұлғайып кетсе жөндеу жұмыстары қымбатқа түседі,-дейді.

Қырықбай ағаның айтқанын екі ете алмайсың. Әскери бұйрықпен тең. Әрі іскерлігіне, түймедей кемшілікке көңіл бөліп, тездетіп нұсқау бергеніне риза боласың. Мекемедегі «Газик» мәшинамызға қажетті құрал-жабдық, материалдарды тиеп алып шұғыл тапсырманы орындауға аттанамыз. Ұзынқұлақтан Қырықбай ағаның іскер, талапшыл, адамгершілік қасиеттерінің мол болуымен қатар жұмыс бабында қаталдығынан, мекеме басшыларының ығып жүретіндерінен де хабардар едім. Бірте-бірте алдынан көк аттыларды оңайлықпен өткізе қоймайтын ағаға бойым үйренейін деді. Шақыра қалса қызмет бөлмесіне де еркін кіріп шығатын болғам. Мекеме жұмысшыларының атқарған істеріне сырттай көз жүгіртіп, тексеріп те жүреді екен. Оны өзі айтты.

-Жөндеген жолдарыңды байқап жүрмін. Сапасы жаман емес. Абыройлы болған жақсы. Болатжан,  енді өзіңе оңаша айтар ақылым бар. Өзіңнен лауазымы жоғары адамдардың бәрі басшы екен деп айтқандарын істей берме. Беті аулақ. Істі боп, сотталып жатсаң құтқара алмай жүрерміз, Оң мен солыңды танымаған жас емессің. Отыздан асыпсың. Жан-жағыңа сын көзбен қарап, сауысқандай сақ жүр,-деді.

Ағаның қызмет бөлмесінен көңілшек көңілім телегей теңіздей толқып шықты. Болатжан деп айтқан ақылы, әкелік қамқорлығы ет жүрегімді елжіретіп-ақ жіберді. «Қырекең қатал адам. Намысқа тиіп сөйлейді деген сыртынан айтылатын әңгімелер бекершілік екен. Ондай сөздерді жұмыс істей алмай, сөз естіп, таяқ жеп жүргендер шығарған болды. Қырықбай ағам шындығында жүрегі жұмсақ, мейірімді кісі екен» деп тәтті ой құшағына берілдім. Арада көп күн өтпей Қырықбай ағаның өзі телефон қоңырауын шалды.

-Тез кел,-деді жарқын дауыспен.

Асығыс жеттім.

-Ал, Болатжан, Алла қаласа ісіміз алға басқалы тұр,-деді Қырықбай аға көңілді үнмен,-Астанамыз Алматыға барып қайттым. Бәрі халық үшін, халықтың игілігі үшін ғой. Республикалық жол транспорт министрінің қабылдауында болдым. Шалғай ауданда атқарылып жатқан игі істерді баяндадым. Аудан орталығынан екі жүз шақырымдай Шу бойына жаңадан асфальт жол салынды дедім. Облыс орталығынан қашық ауданға асфальт зауытын салу қажеттігін, әрі тиімділігін айттым. Бәрін де көзбен көріп, сыйлы қонақ боп кетуін өтіндім. Министр «Жарайды, бара көрейік. Асфальт зауытын салу мәселесін ауылдарыңызға барған соң ақылдасайық» деді. Жол-жөнекей облатком төрағасы С.Аққозиевке соқтым. Министрмен арада болған әңгімеден хабардар еттім. Ол кісі қатты қуанды. «Жыламаған балаға емшек бермейтіні рас. Дұрыс жасапсың, Қыреке. Жүрегіңнің оты бар екен. Министрмен бетпе-бет сөйлесу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Іске сәт дейік. Министрмен бірге облыстағы тиісті құзырлы мекемелердің басшыларын өзім ертіп барамын» -деді. Өзіңе маңызды шаруа айтқалы отырмын. «Общепитьтің» бастығы Қуат екеуің министрді күтуге дайындық жұмыстарына осы бастан кірісіңдер. Үйткен қойларыңның құйқасы қардан аппақ болсын. Халқымыздың қонақжайлылығын танытайық.

Көптен күткен қонақтарымыз да келді. Республикалық жол транспорт министрі Ғаддуллин (атын ұмытыппын) қырықтың қырқасынан енді асқан, келбеті келіскен ажарлы жігіт екен. Ұлты татар боп шықты. Облаткомның төрағасы Сейілхан Аққозиевпен бірге облыстық жол бөлімінің бастығы Боранқұл Елеубаев, облыстық жол құрылыс тресінің бастығы Валерий Каньшин, қалалық жол бөлімінің бастығы Н.Сакардин секілді лауазымдары жоғары кісілер келді.

Сол тұстағы алып мемлекет КСРО-ға М.С.Горбачев патшалық құрған, қайта құру саясаты қарқынды жүріп жатқан кез еді. Мемлекеттік және еңбек тәртібі күшіне еніп, жұмыс уақытында көшеде бейсауыт жүруге, әсіресе арақ ішуге қатаң тыйым салынған. Басшы да, қосшы да ішкілік ішуден ат-тонын ала сырт айнала қашқан тұс. Министрді қонаққа шақырған өзі болған соң сыйлы меймандар Қырықбай ағаның өз үйінде күтілді. Қуат екеумізге үйге кіруге рұқсат етілмеді. Тек сырттағы жұмыстарды атқарамыз. Кісілер келер алдында Қырықбай аға маған былай деп құлаққағыс жасады.

-Біреу-біреуден, тіптен өз көлеңкесіне қорыққан заман боп тұр ғой. Келген кісілердің бірі әңгімеге тартса жақ ашып, тіл қатпа. Меңіреу адамдай жүр. Мен тұрғанда қойылған сұраққа сен жауап бергенің ағаттық болады. Бірлі-жарым күн мақау боп жүрсең ештеңең кетпес, өтің мен ішің жарылмас.

Төредей күтілген меймандарды «Сарыарқа» қонақ үйіне апарып орналастырдық. Сыртқа шыққан соң Қырықбай аға:

-Мына татар министр айласын асырды. Арақ ішпек түгілі қымыз бен шұбатқа да ерін тигізген жоқ. Мұның әуселесін ертең Тереңқұмға барғанда көрсетемін. Арақты суша сіміретін етемін. Жолға жуас сарыдан молырақ аларсың,-деді күліп.

Орайы келген соң ойымдағы сұраққа жауап алуды жөн көрдім.

-Арақ ішпесе болмай ма? Жуас сары дегеніңізді түсінбедім.

-Бүгінгі заманның жазылмаған заңы солай. Бар шаруаны лауазымы жоғары басшының көңіл күйі шешеді. Тентек су ішіп көңілденсе халықтың игілігі үшін айтқан шаруаңа уәде береді. Қолында билігі бар адам көрсеткен сый-құрметіңді жақсылық жасап қайтарады. Жуас сары дегенім коньяк қой.

Ертеңіне бірнеше автокөлік Түгіскенді бетке алып жолға шықтық. Аса өзенінің көпіріне аялдадық.

-Біздің ауданның киелі жері байлыққа толы,-деді Қырықбай аға өз сөзінде,-Түнде дастархан басында болашақта салынатын асфальт зауытына қажетті құм, шағал тас бәрін де осы өзеннің бойынан алуға болады.

Қонақтар өзен етегіне түсіп, біраз жерін аралап көріп келді. Көліктерге қайта міндік. Жаңа жолмен сырғытып тереңқұмға іліктік. Шамалы жер жүрген соң Қырықбай аға, министр, облатком төрағасы мінген шағаладай ақ «Волга» күре жолдан шықты. Құмшауыт жолға түстік. Көп ұзамай іркес-тіркес жүрген көліктер қалың сексеуілдің арасына тоқтады. Бір ірі сексеуілдің бұтақтарына байланған түрлі түсті шүберектер тұтасып тұр екен. Ол кезде «Жолдастар» деп сөз бастау қанымызға сіңген әдет. Қырықбай аға да солай етті.

-Жолдастар, бұл табиғат перзенті сексеуіл қасиетті де киелі. Әрі-бері өткен жолаушылар тағзым етеді. Құран оқып, қол жаяды. Олай етпесе жолы болмайды. Сәтсіздікке ұшырайды. Мен қазір құран оқиын. Қарсылық жоқ шығар?

Министр Ғабдуллин қазақша түсініп, сөйлей де алады екен. Келіскенін басын изеп сездірді. Аққозиев Сейілхан аға Каньшин мен Сакардинге қысқаша орыс тілінде түсіндіріп берді. Ол екеуі де бастарын шұлғыды. Қырықбай аға таза киіммен құм үстіне тізерлеп отыра қалды да үнді дауыс, әдемі мақаммен құранды бастап жіберді. Қасиетті сексеуілдің киесінен секем алды ма кім білсін. Орыс, татар, қазағымыз бар бәріміз де Қырықбай аға құсап тізе бүктік. Бір уақытта Қырықбай аға беріле оқыған құранын аяқтады. Сыпайы қимылмен алақандарын жайып, екі бетін сипады. Бәріміз де солай еттік.

-Қыреке, пенсияға шықсаңыз дайын имам екенсіз ғой. Бізде мұндай өнер де жоқ. Пенсияға жеткен соң не істерімді білмеймін,-деді Сейілхан аға күлімдеп.

-Алаң болмаңыз, Сәке. Аман есен пенсияға шығайық. Қол босасын. Құранды үйретемін. Дәрісті өзім оқимын,-деп жауап қатты Қырықбай аға.

Дұғашылар орындарынан тұрған соң Қырықбай аға тағы да сөзге келді.

-Жолдастар, киелі жерге ниет еткендеріңіз үшін рахмет. Енді жолды толық ашуымыз керек. Ол үшін екі-үш стақаннан арақ ішуге тура келеді.

Министр күлім қағып басын изеді. Сейілхан аға екі орыс бастыққа тағы да «пероводчик» болды. Ол  екеуі де құптап бастарын изеді. Мен әркімнің іс-қимылдарына шапшаң көз жүгіртіп, сөздерін зейін қоя тыңдап тұрдым. Осы сәт бұл қандай жігіт деген болу керек. Сейілхан аға мені иегімен ымдап, Қырықбай ағаға сұраулы жүзбен қарады. Қырықбай аға да ыммен жауап қатты. Алдымен екі саусағымен екі құлағын бітеді. Содан соң тілін шығарып, сұқ саусағымен тілін кескендей белгі берді. Бұл «паролдар» құлағы естімейді, сөйлей алмайды, мақау дегені еді. Сонда Сейілхан аға көңілді үнмен:

-Қауіпсіз жігіт екен. Ішуімізге болады,-деді.

Қырықбай ағаның шопыры марқұм Мейіров Серік деген жігіт болатын. Ауған соғысына қатысқан. Сол себепті Қырықбай аға  еркелетіп оған «Басмашы»  деп ат қойған. Басмашы екеуміз шұғыл іске кірістік. Құм үстіне дастархан жайып, бетін жайнатып жібердік. Киелі жерге тағзым, кең даладағы еркіндік пен таза ауаның әсері ме екен? Әйтеуір қонақтар көтеріңкі көңіл күйде болды. Стақандар бірнеше түйісіп, сыңғыр қақты. Жақсы тілектер, жол болсындар айтылды. Тентек су ішін қыздырып, бүйірін түртті ме? Әлде қалжыңы ма? Министр күлімсірап:

-Жолымыз ашылды ма?-деді.

-Ие,-деді Қырықбай аға,-Іше берсек одан сайын ашыла береді.

Дегенмен Ғабдуллин көңілденіп қалған екен.

-Олай болса құя түсіңдер. Қазақ халқының ақкөңіл, адал, қонақжай екенін тарихтан жақсы білемін. Мына қасиетті жерде ойымдағыны да айтайын. Ең алдымен қонаққа шақырып, көрсеткен сый-құрметтеріңіз үшін алғыс айтамын. Аудандарыңызда жақсы жұмыстар атқарылып жатыр екен. Алыс елді мекендерге жол салыныпты. Мұндай жолдар республиканың кез-келген аудандарында салына бермейді. Қырықбай Асанов жолдас Алматыда менің қабылдауымда болды. Іскерлігін, ел қамын ойлайтындығын танытты. Асфальт зауытын салуға көмек беруді өтінді. Бұл тілектеріңізді орындаймыз. Тиісті құжаттарды осы бастан әзірлей беріңіздер,-деді.

Министрдің әсерлі сөздері басшылардың көңіл күйлерін тіптен көтеріп жіберді. Қошемет сөздер, жүз грамды «алың-келің», жарасымды әзіл-қалжың айту көбейді. Ән нәрсенің шегі бар.

-Жолымыз ашылды. Енді жол қысқартайық,-деді Қырықбай аға бұлт арасынан шыққан күндей күлімдеп.

Көліктерге отырып, күре жолға қайта түстік. Желдей жүйткіген су жаңа автокөліктер жол салған жұмысшылардың вагондар қалашығына алып келді. Есігінің маңдайшасына «Ресторан» деп жазылған жаңа вагон қонақтардың назарын өзіне ерекше аударды. Таң тамаша болған министр:

-Айдалада бұл қандай ресторан?-деді.

Жауапты облыстық жол құрылыс тресінің бастығы Валерий Каньшин қайтарды.

-Бұл ресторан әрі-бері өткен жолаушыларға қызмет көрсетеді. Қазір бізге де қызмет жасайды. Ішке кіріңіз.

Ішке ендік. Міне, керемет. Ресторан іші жайнап, музыка ойнап тұр екен. Бірінен бірі өткен сұлу, етегі қысқа юбка киген орыс қыздары жымың қағып сәлемдескенде министрдің көзі шарасынан шығып кете жаздады. Үнсіз де қалмады.

-Алматыда жоқ сұлу қыздар осында, романтика құм ішінде екен ғой,-деп қалжыңдады.

-Бәрі де осында,-деді ұйымдастыру жұмыстарының министрдің көңілінен шыққанына мәз болған Валерий Каньшин.

Министрді күту ресторан ішінде сәтті жалғасты. Ғабдуллин өзін еркін ұстап, тым көңілді отырды. Бәрі де лауазымдары жоғары, беделді адамдар ғой. Көбінесе әр саладағы жұмыстарды, маңызды мәселелерді тілге тиек етті. Арасында ауданда асфальт зауытын салу жұмыстарын жеделдету де сөз болды.

Қайтадан жолға шықтық. Келген ізімізбен кері қайттық. Қонақтарды қалаға қарай шығарып салу рәсімі ауданымыздың шекарасында өтті. Сыйлы меймандар алғыстарын жаудырып, қимастық сезіммен қоштасты. Қыр үстінде Қырықбай аға, мен және басмашы Серік үшеуміз ғана қалдық. Қырықбай аға ауыл жаққа ойлана көз тас-тап тұрып:

-Қайран Сарысуым, бағың қашан ашылар екен? Биыл да құрғақшылық, қуаңшылықты бастан кешіп тұрсың,-деп ауыр күрсінді.

Арада небәрі он күндей уақыт өткенде Қырықбай ағаның күрделі ота үстінде қайтыс болғанын естідім. Суыт хабар ерекше әсер етті. Жүрегім сыздап қоя берді. Қырықбай аға жайдан-жай кеткен жоқ. Ел игілігі жолындағы арман, тілегін, алдағы уақытта атқарамын деген алуан жұмыстарының бәрін де өзімен бірге ала кетті. Асыл ағаның орны бөлек еді. Орнын ешкім баса алмады. Бастаған ісін аяқтау кейінгі басшылардың бірінің де қолынан келмеді. Амал қанша?

Темірлан ӘБІЛДАЕВ,

ардагер журналист

(Басы. Жалғасы келесі сандарда)

Еѕбекпен есейген жан еді

Итальяндық ғалым, суретші Леонардо да Винчи «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген екен. Еңбектің пайдасы – тәрбиелейді, жігерлендіреді, күш береді, қуантады, бақытты етеді, өмір сүруге үйретеді, үнемшіл болуға үйретеді, ширатады, шынықтырады.   

Адамның адам болуында еңбек шешуші рөл атқарған. Адамзат еңбекті, еңбектің құралдарын жетілдіре отырып, өзі де жетіліп кемелдене берген. Сондықтан қоғамның даму тарихын еңбек пен еңбек құралдарының өзгеру, жетілу тарихы деуге де болады. Тіршілік жағдайының қиындауы еңбекті күрделендірді. Еңбектің арқасында табиғат заттарын еңбек құралы етіп, отты сөндірмей пайдаланды, топтасып аң аулады, бір-біріне көмектесті. Сонымен тіршілік үшін ауадай қажет, онсыз бір күн де өмір сүруге болмайды. Заттың бәрін адам баласы өз қолы, өз еңбегімен жасайды. Адам өз қолымен жасайтын еңбегі әрі сарқылмас жігерімен құдіретті. Еңбектің арқасында адам жетіліп дами бермек. Еңбек адамның денесін шынықтырып, мінез-құлқын қалыптастырады. Еңбек ету адам баласынан тапсырылған іске деген табандылық пен ынта-жігерді, құндылықты, тындырымдылық пен жауапкершілікті талап етеді. Адам ерінбей еңбек ету арқылы қуанышқа, шаттыққа бөленеді. Еңбексүйгіштік, еңбекқорлық және еңбекті бағалай білген адам өмірде құрметке бөленеді. Қай қоғамда да еңбектің маңызы ерекше. ”Өмірде үлкен еңбексіз ештеңеге де қол жетпейді”. (Гораций) Еңбексіз бос жүру адамды моральдық жағынан құлдыраушылыққа, жұрт еңбегінің есебінен күн көруге әкеліп соғады. Еңбек етпесең не қорлыққа, не ұрлыққа барасың. Еңбек қана адамның жанын жарастыққа, ризалық сезіміне бөлеп бақытты етеді. Еңбек етсең ешкімге тәуелді болмайсың. Атыңды да, атағыңды да шығаратын — еңбек.

Еңбек-өзінің тұтынушылығын қамтамасыз етуге қажетті бүкіл заттар жиынтығын жасайтын адам әрекетінің негізгі формасы.

Еңбек адамның өзінің қалыптасуында, оның сана, сөйлеу тәрізді қатынасқа қабілетті ететін қасиеттерін қалыптастыратын шешуші күш. Адам еңбек арқылы табиғатқа әсер етеді. Еңбектің техникалық жарақтану дәрежесі, оның дағдысын, әдетін, еңбексүйгіштікті қалыптастыру жеке тұлғаның дамуында ерекше маңызды. Еңбектің әлеуметтік сипаты, оның тарихи даму сатылары еңбек процесінде адамдар арасында орнығатын және еңбек өнімдері мен түрлерін таратуға әсер ете отырып, қоғамдағы әлеуметтік қатынастар жүйесінің негізі болып табылатын өндірістік қатынастар ерекшелігіне байланысты. Адам экологиясы үшін еңбек әрекетіне талдау жасау және әрқилы табиғат және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардағы оның әр түрлерінің ерекшеліктерін білудің тұрғындардың өмір сүру жағдайын бағалауда маңызы зор, өйткені еңбек демалыс және тұрмыспен қатар адамның өмір сүруіндегі негізгі элемент болып есептеледі.

Осындай еңбек етумен аты шыққан жас жалын-жандардың бірі, небәрі 51 жыл өмір кешкен Сарысу ауданының тумасы Мұхит Сағындықов еді. Мұхит Сағындықов 1955 жылы Сарысу ауданының Түркістан (қазіргі Әшір Бүркітбаев) ауылында дүниеге келген. Мырзатай қарияның Әпуза ананың үміт артар, шаңырағының иесі де осы Мұхит болатын. Күлімхан мен Шолпаны өз алдына бір төбе, Мұхиты бір төбе болып өсті. Ер бала екенмін деп ата-анаға еркелеуді жаны сүймейтін. Ол мектепте сабақты жақсы оқыды. Өте зерек, айналасындағы болып жатқан жағдайларға өзіндік көз қарасы бар, пікірі бар азамат болып өсті. Ол әсіресе математикаға жүйрік, әр нәрсені өз атымен атауға ерекше ден қоятын. Оның жаны әділеттікті, ізгілікті қалады. Өзінің біліміне, адамгершілігіне сенді. Шындықты қалады. Оның тік мінезі, бір беттілігі өмірден өз орнын табуына көмекші болғаны анық. Қай қызметте болмасын ол өз пікірін кез-келген ортада ашық, анық айта білетін. Бұл бала кезден ата-анадан жұғысқан ізгі қасиеттер болатын. Ана сүтімен әке қасиетімен қоса Мұхитта нағашысы көп жыл колхоз басқарған Жұмағұл Ахатовтың кейбір жағымды адамды сыйлау, құрметтеу, ізгілік жасау сияқты қасиеттерінің де бойына дарығанын да байқауға болады. Мемлекет және қоғам қайраткері Рахыжан Ерсейітов Мұхиттың нағашысы Жұмағұл Ахатовтың адамгершілік қасиеттерін отбасында мақтанышпен айтып отырады екен. “Жетінші класты бітіргеннен кейін әскерге алынбай тұрғанда салық жинаушы есепші қызметіне орналастым. Осы жұмысқа орналаса салысымен мені колхоздарға уәкіл етіп жіберді. Алғаш рет іссапармен “Үшбас” колхозына бардым. Жұмыстың жөнін біле бермеймін, әйтеуір колхоз бастығы жақсылап қарсы алды. Барғандағы бітірген жұмысым, сол колхозда бір жақсы ат болатын бар еді. Сол атқа бір мінсем деген арманым болатын. Бастықтан сол атқа мініп қайтсам деп сұрандым. “Үшбас” колхозының сол кездегі бастығы Ахатов Жұмағұл деген кісі болатын. Ол кісі уәкіл болып барған тәжірибесіз мені қомсынбай тамақ беріп, құрмет көрсетті. Өтінішімді қайтармай, сол атпен ауылға әкеліп салды. Өткір сөзді, алғыр, елге қамқор азамат кісі екен. Сол кісіден әңгіме, сөз естуге қасында жүруге  қызығып, “Үшбас” колхозына баруға құмартып тұратын едім. Бірде қасымда тағы бір уәкіл бар “Үшбас” колхозына бардық. Жұмекең қарсы алды, уәкіл әр нәрсені тексере бастады. Сондағы Жұмағұл қарияның бір сөзі есімде қалыпты.-Қарағым, жағдайымыз жаман емес, қойымыз қоңданып, қозыларымыз есейіп жатыр. Жүндерін қырқып өткізіп жібердік, сүтін сауып қозысына да бұйыртпай ірімшік, брынза жасап жатырмыз. Қолдан келгенді істеп жатырмыз “кәзит” дегеніңді қашан әкеледі, сонда оқимыз. Ошағымызда қазан қайнап тұр, радиоң анау сөйлеп тұр. Мені күлкі қысып бара жатыр. Қазір ойлаймын ғой, қазақта сондай кісілер көп болса, елдің ынтымағы, бір-біріне деген қайырымдылығы анағұрлым берік болар еді-ау деп. Ол кісінің басқаруындағы колхоздан кемшілік шығып, қолайсыз  оқиғалар болған емес. Адамдарын татулықта, ынтымақта ұстап отырды. Төрт колхоздың балалары оқитын орталау мектеп те осы колхозда болды”-деп отбасында еске алып отырады екен.

Мұхитпен құдай қосқан құда болдым. Шалғынбай деген інім Мұхиттың Шолпан деген қарындасына үйленді. Құдалыққа Мұхит құданың нағашысы Ахатов Жұмағұл қарияның баласы Аса ауылында тұратын астық дайындау мекемесінің бастығы Ахатов Бақытта қатысқан болатын. Кейін Тараз қаласына жұмыспен жүк таситын автокөлікпен кетіп бара жатқанда автокөліктің моторы істен шықты. Аса ауылында автокөліктің моторын ауыс-тыратын завод бар екені есімізге түсті. Оған қалай барамыз, құжатсыз жөнделіп шыққан моторды қалай сұраймыз, деп қиналысқа түстік. Бақыт құданың кабинетіне барып, жағдайды айттық. Азамат сөзге келген жоқ, завод директорына қоңырау шалып, біздің жұмысымызды табанда шешіп берді. Мотор салып, кешке ауылға қайттық. Жақсының ісі, адамгершілігі қандай істен болса да байқалатынына көз жеткізген едім. Бақыт ақ көңіл, жайдары жан болды. Тараз қаласына қызмет бабымен ауысқанда да ол кісімен жиі кездесіп тұрдық. Ол кісі зейнетке шықса да қалалық ардагерлер ұйымының жұмысына қатысып, жастар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жүрді. Жоғарыда айтылған нағашысының да көп қасиеті Мұхит құданың бойынан байқалатын. Өткір, кез келген істің оңай, жүйелі шешілуінің жолын тез таба қоятын қасиеті байқалып тұратын. Жалпы Мұхиттың әкесі Мырзатай қарияның  әулеті  кісіні сыйлау, еңбек ету жағынан  ерекше жандар болды. Сонау зұлмат жылдары үкіметтің озбыр саясаты кезінде жан сақтау үшін Мырзатай  қарияның әулеті Өзбекстанға қоныс аударуға мәжбүр болады. Осы жылдары Мырзатай қарияның  Патсабек деген інісі көп жыл Өзбекстанда қызмет жасаған кісі. “Өзбекстанда колхозда еңбек еттім. Менің жақсы жұмыс істегенімді ескеріп, колхоздың ферма меңгерушісі қызметіне жоғарылатты. Колхоз бастығы өзбек жігіті болатын. Бірде мынандай жағдай болды. Колхоз бастығы жыл сайын еңбек демалысына шығатын. Бастықты еңбек демалысына шығарып салуға 4 ферма меңгерушісі жиналып, жол-жоба жасайтынбыз. Ферма меңгерушісінің менен басқасы өзбек жігіттері болатын. Олар мың сомнан жинайды. Мен 500 сом жыл сайын апарамын. Бастық демалыстан келгенде бәрімізді шақырып, сый-сияпат көрсетеді. Маған костюм-шалбар, қалған ферма меңгерушілеріне галстук, қаламсап сияқты сыйлықтар береді. Оның бәрін мен көріп жүремін. Бір жолы реті келгенде бастыққа:”Менің сізге  демалысқа  бара  жатқанда беретін қаражатым 500 сом, басқа ферма бастықтары 1000 сом-нан әкеледі. Бірақ сіз оларға галстук, қаламсап сияқты сыйлықтар бересіз. Маған костюм-шалбар кигізесіз. Бұл әділдік емес қой дедім. Бастық бетіме қарап тұрып: “ Патсабек әкә, оның рас. Себебі олар өзбектер өз қаным. Олар өз адамдарым. Сіз бөтен адамсыз, сіз қазақсыз. Мен сізге сенбеймін. Сенсеңіз, осы қазір тұрғанда мен сізден қорқып тұрмын, деді. Сөз бітті. Осы сөз менің жүрегіме оқ болып қадалды. Шіркін, қазекем: “Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол, деген осы екен ғой, деп дереу елге қайттым, деп отырушы еді ақкөңіл, ақжарқын мінезді Патсабек құда. Патсабек құданың баласы Файызбек пен келіні Тұмар құдағимен құда-жекжат болып отбасылық араласып келеміз. Екеуі де мемлекеттік қызметте жауапты жұмыстар атқарып ел құрметіне бөленген жандар.

Түркістан ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Жамбыл қаласындағы Жамбыл гидромелиорация және құрылыс институтына түсіп, оны 1977 жылы абыроймен аяқтап шығады. Еңбек жолын 1977 жылы “Қаратаухимстрой” тресінде механик болып бастады. Осы қызметті атқара жүріп, Жаңатастағы жолаушылар тасымалдайтын автокөлік кәсіпорнында инженер болып қызмет атқарды. Одан соң еңбек жолын Байқадам кәсіптік-техникалық училищесінде ұстаздық қызмет атқарумен жалғастырды. 1980-1981 жылдары Сарысу аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1981-1986 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы  басқармасының бас инженер-механигі болып еңбек етті.   Бұдан кейінгі өмір жолы тікелей ауыл шаруашылығы өндірісімен байланысты болды. 1986-1987 жылдары «Түркістан» совхозында бас инженер қызметін атқарды. 1987-1994 жылдары Түркістан ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметінде болып, совхоздың шаруашылық және әлеуметтік құрылымдарының әлеуетін көтеруге зор үлесін қосты. ”Терлеп еңбек етпегеннің, тілегіне жеткенін көргенім жоқ”деген екен Бауыржан Момышұлы. 1994-1995 жылдары «Жаңатас» совхозының директоры болып қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде «Жаңатас» совхозының әлеуметтік-экономикалық  дамуында оңды көрсеткіштер байқалды. Ол шаруашылықты өркендетудің барлық көрсеткіштерін жақсарту бағытында аянбай еңбек етті. Оның төккен тері, қажырлы еңбегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында өзіндік үлесімен ерекшеленді. Оны құрметке бөледі. Осыны ескерген аудан басшылығы Мұхит Сағындықовты «Байқадам»  совхозына директорлық қызметке тағайындады. Бұл совхозда да Мұхит Сағындықов бар білім жігерін совхозды өркендетуге жұмсады. Совхоз жұмысшылары алдында ол өзінің білімділігімен, іскерлігімен зор беделге ие болды. Совхоз жұмысшы-қызметкерлері оның іскерлігін, білімділігін құрмет тұтып, мақтанды. Бұл кез шаруашылықты жекешелендіру кезеңі еді. Совхоз жекешелендіріліп кетті. Одан кейін Мұхит Сағындықов шаруа қожалығын құрып, жеке кәсіпкерлікпен айналысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі ескеріліп, ол көзі тірісінде көптеген жоғарғы орындардың Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол 2006 жылы ауыр науқастан қайтыс болды. “Орнында бар оңалар” деген артында  ұрпақтары қалды. Жан-жары Ділда, ұлдары Ғабит, Сәбит, Хамит Тараз қаласында тұрады. Мұхиттың жары Ділда да жоғарғы білімді, өмір көрген, ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, оқытты, тәрбиеледі, ер жеткізді. Ұлды ұяға, қызды қияға құтты орнына қондырған жан. Қыз балаларының бәрі тұрмыс құрған. Балалы-шағалалы. Ұрпақтарының бәрі жоғарғы білімді, жауапты жұмыстар атқаруда.  Мұхиттың өзі көрмей кеткен қызықтарын отбасы балалары көруге жазсын демекпін. Сонымен қоса, Жаңатас қаласы орталығынан немесе “Арыстанды” елді мекенінен, қазіргі Әшір Бүркітбаев ауылынан бір көшенің атын Мұхит Сағындықов атымен атауды аудандық ономастикалық комиссия ескерер деген ойдамын.

Майлыбай СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Республикасы

Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.