Жылыту маусымына дайындық көңілдегідей
Қылышын сүйретіп келетін қыстың қамын жаздан бастап ойлап, ерте қамданудың маңызы зор. Әсіресе, тұрғын үйлеріміздің жылы әрі жайлы, коммуналдық шаруашылық қызметінің сапалы болуына жіті көңіл бөлінуі өте маңызды. Сондықтан, бұл мәселе аудан басшылығының назарынан қашанда қалыс қалып көрген емес. Биылғы суықты қалай қарсы аламыз? Қазіргі уақытта қаншалықты қысқа қамданып қойдық? Бүгінде жылыту маусымына дайындық барысы қандай? Қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы сұрақтар төңірегінде аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәуренбек Әсенбайұлы Шалбаевпен әңгімелескен едік.
— Дәуренбек Әсенбайұлы, алдағы қысқа дайындықтарыңыз қалай жүріп жатыр?
-2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шара жоспары алдын-ала бекітілген. Осы іс-шаралар жоспарына сәйкес бүгінгі күнге аудан әкімі Сәкен Үмбетұлының төрағалығымен аудандық штаб отырысы өткізілуде.
Ағымдағы жылдың 19-20 шілде күндері 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы бойынша барлық әлеуметтік нысандар зерделенген болатын.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында орталық қазандық пен әлеуметтік нысандардың жылу желілеріне жөндеу жұмыстары қызу басталып кетті.
-Жалпы, ауданымыздағы бюджеттік мекемелердің жайы қандай?
-Ауданда жылу жүйесімен барлығы 5 782 нысан қамтылған. Оның ішінде Жаңатас қаласындағы 527 нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 341 жеке тұрғын үй Тоғызкент, Досбол, Майлыкөл және Әбілдә ауылдарында табиғи газды пайдалануда. Қалған 4 790 жеке тұрғын үй мен 124 әлеуметтік нысандар көмірмен және сұйық отынмен жылытылады.
Жаңатас қаласында 97 көпқабатты тұрғын үй және 72 жеке сектор үйлерде 7312 абонент бар. Ағымдағы жылдың 12 сәуір күні жылу жүйелері гидравликалық сынақтан өткізілді. Нәтижесінде Жаңатас қаласындағы 26 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелерінде ішінара ақаулар анықталды. Анықталған ақауларға іс-шара жоспары әзірленіп, алдағы жылыту маусымына дейін қалпына келтіру бойынша жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге 1-шағынауданда 2, 3, 16, 20, 21, 22 үйлердің тұрғындарымен көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау бойынша кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары атқарылуда.
Үстіміздегі жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы 91,7% құрайды немесе 89 тұрғын үй (жоспар – 97, нақты – 89). Көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындық шаралары 1 қыркүйекке дейін толығымен аяқталады.
– Қандай да бір шешімін күткен мәселелер бар ма?
— Бүгінгі күнге тұрғындар тарапынан шешімін таппай отырған мәселе бар. Жыл сайын қала әкімі аппараты тарапынан «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес үйді күтіп ұстау тұрғындардың есебінен жүргізілетіні түсіндірілгенімен көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстау үшін тұрғындар есебінен қаражат жинаудан бас тартуда.
-Мазут жөнінде айтып өтсеңіз. Биылғы жылғы жылыту маусымына мазут жетеді ме?
-Ауданда жылыту маусымы өткен жылдың 12 қазанынан басталып, биылғы жылдың 11 сәуір күні аяқталды, жылу беру маусымы 181 тәулікті құрады. Қазандықта қалған қалдық мазут көлемі 1040 тонна. Алдағы жылыту маусымына облыстық бюджет есебінен 1,015 млрд. тг. қаражат қалдығы бар. Әлеуметтік мазуттың бағасымен тасымалдау қызметін қоса есептегенде 126,0 мың теңге болады деп болжануда. Бұл аталған қаржыға 8 055 тонна мазут келеді, қажетті мазут көлемі 12 938 тонна (жобамен) қаржысы 1,630 млрд. теңге. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-шаруашылық басқармасына «Жаңатас-Су-Жылу» КМК қалалық қазандығына мазутты жеткізу кестесі және қажеттіліктің есептілігі жолданды.
-Жылу қазандықтарын газға ауыс-тыру туралы айтып өтсеңіз.
-Орталық қазандықты газ жүйесіне ауыстыру бойынша биылғы жылға 620,4 млн. теңге (Жоба құны 4,2 млрд. теңге) қаралып отыр. «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес ашық конкурсқа тиісті басқармаға өтінім беріліп, қазіргі таңда мердігер анықталған – «Интеллект Азия» ЖШС. Келісімшарт жасалынып, тіркелді. Аталған қаржыға алдағы жылу беру маусымы басталғанда кедергі келтірмейтіндей жұмыстар жүргізілетін болады. (Оның ішінде: Жобада қаралған 1) газдандыру жұмысы, 2) подпиточный насос, 3) сетевой насос, 4) котловой деаэратор ауыстыру, 5) бу қазандықтарының суын жұмсарту фильтрлерін ауыстыру).
Жылу құбырларына техникалық тексеру жүргізуге 2,5 млн. теңге алдағы нақтылауда қаралып, техникалық тексерудің қорытындысына сәйкес магистралды жылу құбырларына қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен 6,8 млн. теңге берілетін болады.
Аудандық бюджеттен 35,773 млн. теңге ішкі кварталды жылу жүйелерін ауыстыруға қаралды. Бұл жұмыстар бойынша келісімшарттар рәсімделіп, жұмыстар атқарылуда.
Қалалық қазандықта 3 су қыздыру қазандығы бар, алдағы жылыту маусымында қаланы үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін су қыздыру қазандықтарын жөндеуге нақтылауда жергілікті бюджеттен 10,0 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кетті. «Жаңатас-Су-Жылу» КМК жабдықтар сатып алуға 17 000,0 мың теңге қосымша қаржы қаралған. Аталған қаржыға қосалқы насостар сатып алынып, орналастырылды. Бүгінгі күнге дейін іс-шара жоспарына сәйкес орталық қазандықтың дайындығы 85% құрайды.
-Көмір және сұйық отын туралы.
-Аудандағы 4 790 жеке тұрғын үйлерге қажетті көмірдің жоспары – 17,0 мың тн. Жаңатас қаласында көмір сатумен 4 кәсіпкер айналысады (ЖК «Сарыпбекова», ЖК «Искаков», ЖК «Шералиев», ЖК «Урдабаева»). Бүгінде Жаңатас қаласындағы көмір тұйықтарында 4100 тн (ЖК «Шералиев» — 3 500 тн., жоспар – 9 000тн., ЖК «Искаков»-0 тн, жоспар 2000 тонна, ЖК «Сарыпбекова» — 600 тн) көмір бар.
-Әлеуметтік салалардың жылыту маусымына дайындығы қандай?
-Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы тарапынан 5898 тонна (Оның ішінде 4551 тонна мектептерге, 446 тонна қосымша білім беру ұйымдарына және 901 тн. мектепке дейінгі ұйымдарға жоспарланған) қатты отынды сатып алу жұмыстары жүргізілді (мердігер — ЖК «Art metal»).
Бүгінгі күнге 4997 тонна көмір түскен яғни 85% құрайды. Қалған 901 тонна көмір 10 тамызға дейін тасымалданады. Сонымен қатар, 5 мектепке қажетті 300 тонна сұйық отын сатып алынды, кәсіпкердің қоймасында сақталуда (мердігер — ЖК «Сарыпбекова»), келісімшарт бойынша тасымалдау уақыты 1-15 қыркүйекке дейін жоспарланған.
Одан бөлек, білім бөлімі тарапынан алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шараларына 18,0 млн. теңге қаржы қаралды. Іс-шара жоспарына сәйкес 32 білім беру ұйымдарына (олардың ішінде 25 мектеп, 4 қосымша білім беру және 3 бөбекжай-бақшасының) істен шыққан қазандықтар, насостар, задвижкалар және т.б. әр түрлі заттар сатып алынып, орнату жұмыстары жүргізілуде. Жылу қазандықтарды ретке келтіру жұмыстары толық аяқталды.
Аудан теңгеріміне өтетін 35 жылу қазандықтарға электр есептегіш құрылғылары толығымен орнатылды және «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС мекемесінен техникалық шарттар алынды.
— Мәдениет, денсаулық, спорт нысандары жылу беруге дайын ба?
-Облыс әкімдігінің қаржы басқармасының 2023 жылғы 12 шілдедегі «Сарысу аудандық білім бөлімінің теңгеріміндегі (35 білім) қазандықтарды Сарысу ауданының коммуналдық мүлік деңгейіне беру» туралы №319 бұйрығы шыққан. Сонымен қатар, 35 жылу қазандықтарға жылу есептегіш құрылғыларын орнату үшін 54,6 млн.теңгеге облыс әкімдігінің мемлекеттік сатып алу басқармасына жариялау үшін ұсынылды.
Мәдениет нысандарына қажетті көмірдің жоспары — 1 087 тн. (ауылдық клуб үйлеріне – 900 тонна, кітапханаға – 187 тонна) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес мердігер ЖК «Акмагамбетов» болып анықталған. Бүгінгі күнге түскені 637 тонна. Көмір толығымен ағымдағы жылы тамыз айының соңына дейін жеткізілетін болады. Сонымен қатар, мәдениет нысандарының қазандықтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 18,0 млн.теңге қаржы қаралған.
Атап айтатын болсақ, Саудакент мәдениет үйінің қазандығын ауыстыруға 14,0 млн.тг. қаржы қаралып, бүгінгі күнге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жайылма клуб үйінің қазандығын жөндеу үшін 2,6 млн.теңгеге мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылуда. 650 мың теңгеге Ұйым және Ақтоғай клубтарының пеші ауыстырылды сонымен бірге клуб үйлерінің қазандықтарына монометр, термометр құралдарын орнатуға 624 мың теңге қаржы қаралып, орнату жұмыстары жүргізілуде.
Спорт нысандарына қажетті көмірдің жоспары — 315 тн көмір және 8,6 тн сұйық отын. Бүгінгі күнге 6,1 млн.теңгеге Саудакент (175 тн) және Жайылма (140 тн) спорт мектептеріне 315 тн көмірді сатып алуға ҚР «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес мердігер ЖК «МирайСаудакент» женімпаз болып анықталған, көмірді тасымалдау тамыз айына жоспарланған.
Сонымен қатар, Тоғызкент спорт мектебіне 2,4 млн. теңгеге 8,6 тн сұйық отының тасымалдаушы ЖК «Г.Акбетова» жеңімпаз болып анықталды.
Денсаулық сақтау нысандарына 25,9 млн.теңгеге 1150 тн (Шұбаркөл-300 тн, Екібастұз-850 тн.) көмірді тауарлық биржа арқылы жеке кәсіпкер «Coal Energy» ұтып алған. Бүгінгі күнге 15 нысанға 200 тонна көмір тасымалданды. Қалған 950 тонна көмір ағымдағы жылдың тамыз айында толық тасымалданады. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы тарапынан алдағы жылыту маусымына 25,4 млн.теңге қаржы қарастырылған. Жалпы жылыту маусымының дайындығы тұрақты бақылауға алынған.
-Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.
Сұхбатты жүргізген:
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»