Қаратау алабында қоныстанған ағайындар
Байтығай әулетінің тағы бір ерек қасиетті молдасы болған Бейімбет те отырғанда өзінің ішек—қарнын көріп отырады екен. Рақан молдадан Бейімбеттің жасы едәуір үлкен екен. Осы екеуін жаңа өкімет адамдары Өзбекстанда түрмеге қамайды. Екеуін машинаға мінгізсе, ол орнынан қозғалмайды.
Жаяу айдап келіп, абақтыға қамайды. Сонда таңертең тұрса түрменің есігі ашық тұрады. Осы Байтығай әулетінен шыққан Тоққұлыұлы Нармахан көрнекті шаруашылық басшысы, елдің айтулы азаматы болды.
Құжығыр әулетінен шыққан Қамысбайұлы Маман би де өз дәуірінің айтулы тұлғасы болып, көп дау-шарды әділ шешіп, елге аты жайылған.
Тұрабаев Сағындық жаңа дәуірде дүниеге келіп, ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Көктал санаторийінен бері шыққанда қазіргі Есейхан ауылына қарай тау-ды қиялап, асудан төте тартылған жол сол Сағындықтың күш-жігерінің арқасында салынып, осы күнге дейін ел игілігіне жарап отыр. Қыс айында қалың қар басып, сыртқы дүниемен байланысты әлсірейтін ауыл тұрғындары үшін бұл күре тас жолдың кейде «Сағындық жолы», «Сағындық асуы» деп аталуы оған деген қарапайым ауыл тұрғындарының құрметі болса керек.
Төртсары аталығынан шыққан Ахатов Жұмағұлдың, Боқмұрын аталығынан шыққан Амантайұлы Ағабектердің жаңа заманда ел үшін сіңірген еңбегі ересен. Өкінішке орай, соңғы азамат отыз жетінің құрбаны болып кетті.
Есеншора аталығында айтулы азаматтар көп шыққан. Өтенұлы Сеңкібай батырдың атағы қалмақтарға қарсы күресте шықты. Бір қатты ұрыста жау қосының қоршауында қалған шатырдан Абылайханның тағын қасындағы сенімді серіктерімен бірге алып шығады. Оның ұлы Мәмбет те айтулы батыр болған.
Сондай-ақ Төбет батыр да атақты шұбыртпалы Ағыбай батырдың сенімді серігі болған.
Бергі заманда бұл әулеттен біраз талантты шаруашылық ұйымдастырушылар шықты. Олардың қатарында Созақ ауданының Калинин атындағы совхоздың директоры болған Әбенұлы Қарауыл, сол ауданда 20 жыл бойы үлкен ауылшаруашылығы техникасы мекемесін басқарған Сопбекұлы Сахарбек, түрлі шаруашылықтарды басқарған Оспанұлы Қордашбек, Созақ аудандық тұтынушылар одағын басқарған Иембергенұлы Ермандар бар.
Көзтамғалы аталығынан шыққан айтулы тұлға, қазақ қара сөзінің майталманы, зерделі жазушы Әлімқұлов Тәкен – халқымыздың мақтанышы. Ол Бабатада Ысқақ бай әулиенің солтүстік батысына жерленген. Басына үлкен күмбезді кесене орнатылған.
Жарылғап атасынан шыққан Тағай батыр есімі де ел есінде. Сол батырдың тікелей ұрпағы Құрманбекұлы Мейрамбек Созақ ауданының «Қаратау» совхозында директор болып ұзақ істеді.
Ал Әтенов Молдабек деген азамат көп жылдар бойы Созақ ауданында ауылдық кеңестің төрағасы болды.
Рысбайұлы Әліпбай айтулы әнші болды. Үні ересен зор, алысқа жеткен. Ол атақты әнші, ақын, композитор сырнайға қосып ән айтатын. Нартай Бекежановпен туған бөле еді. Үшаралда Ошақтының байы Бимырзаұлы Мырзахмет қызын ұзатқанда, туысы Иемберген деген әнші екеуі сол үйде үш күн жатып өлең айтады. Өзі сері әрі сүйкімді, жезтаңдай әншіге киіз үйдің жабығынан сұқтана сығалаған көк көз әйелдің көзі өтіп өледі. Әлтай өлер алдында өзінің он сегіз тілді сырнайын Нартай бөлесіне аманат етіп тапсырған екен. Сол сырнай қазір Нартайдың мұражайында сақтаулы тұр.
P.S. Бұл материал жаңатастық Рысбеков Тұрсынбектің деректері негізінде қорытылды.
Белгілі сазгер Төлеу Үшқоңыров та ел аузындағы деректер негізінде Қаратау өңіріне қоныстанған аталар жөнінде өз мақаласында біршама қызықты деректер келтірген.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған 1723 жылы болған Жоңғар шапқыншылығында қырғынға ұшыраған халықтың қалғаны Шу, Талас өзендері мен Қаратауды тастап Сыр бо-йын паналайды. ХІХ ғасырдың басында олар өздерінің байырғы қоныстарына қайта оралады. Бірақ, соның артынша-ақ қалмақтар Шу, Талас бойына Қаратау өңіріне басып кіреді. Оларға қарсы Сеңкібай батыр бастаған «Төбет батыр» атанған Әйтімбетұлы Қанай, Абызұлы Тағай, ожырай Шешенбай, Тулақ, Байтығай ұлдары Санбай, Кенкібай, Шелекұлы Оразәлі батырлар өз аталарынан қол жинап, қалмаққа қарсы тұрады. Осы ұрыста Шешенбай, Тулақ, Санбай, Тағай батырлар ерлікпен қаза болады. Олар туралы Оразәлі батырдың әкесі, соғысқа қатысқан Шүлкеман жырау жырында мынандай үзінді бар:
Көкжоны Көсегенің кең, шұрайлы,
Сыйлаған ерен батыр Сеңкібайды,
Батырын қалмақтардың жер қаптырған.
Қарап-ақ жекпе-жекте немқұрайды.
Ел үшін өлмек батыр, тумақ батыр,
Қапыда аттан түсті Тулақ батыр…
Қазақтың көкке малған қылышынан,
Көп қалмақ жер жастанды, шулады ақыр.
Шешенбай ән мен жырға шалқар еді,
Құмары жауға шапса тарқар еді.
Бірі ұшып, бірі жайрап қалың қалмақ,
Сазайын қан майданда тартар еді.
Кенжебай Байтығайдың кенжесі еді,
Маңайдан табылмаған теңдес бегі,
Айбыны арыстандай батыр болды,
Майданда сау қайтпаған бездескені…
Қаратау халқы Сыр бойынан қайта келгенде ежелгі қоныстарының Асан қайғы іздеген Жерұйыққа айналғанын көреді. Қарт Қаратаудан жамырай аққан Үшбас, Бүркітті, Шабақты өзендері мен Аса, Талас өзендерінің мол суы Қаратау мен Көкшеқұм арасын сексен көлге айналдырып, аққу ұшып, қаз қонған, балығы тайдай тулаған, жолбарысы мен елігі, қасқыры мен қабаны тағы басқа аңдарының неше түрі қалың ну қамысты жайлаған екен. Көкшеқұмның сексеуілі Қаратаудың теріскейіне дейін өсіп тұрған.
Біздің аталарымыздың қонысы Жайылма ит тұмсығы өтпейтін ну орман екен. Бұл жайлы атам Үшқоңыр, ауылдың көнекөз қариялары айтып отыратын. Осы заманғы қуатты техникалармен игерілмеген жерлерді сол кездегі ата-бабаларымыз оны кетпенмен, ағаш соқамен-ақ игергенін аудан аумағындағы арық-атыздар, орман-тоғандар дәлелдесе керек. Атап айтқанда, Саудакент бойындағы Шотан мен Шахан арықтары, Талас бойындағы Қатынжарма, Құжығыр тоғаны, Шешенбай арықтары, Шу бойындағы Ожырай арықтары осының мысалы болмақ. Бұл өңірде табиғат байлығымен қатар егін және мал шаруашылығы қатты дамиды, ел молшылыққа кенеледі. Осы молшылықтың шет жағасын көрген. Кіші жүз рулары алшын, тама, жағалбайлы ертеде-ақ қыз беріп, қыз алып, аралас-құралас болған.
Мақала жазушы
Пернебай ДҮЙСЕНБИНнің
«Сарысунама» кітабынан алынды
(Жалғасы келесі сандарда)
Еѕбекпен ерлеген
Аудандық газет редакциясы келім-кетім сыйлы кісілерден кенде емес. Әсіресе көпті көріп, көненің көзі болған қариялар көбірек келеді. Бұл күнгі қонағымыз жанұя жағдайы, ұлдарының қызмет бабымен Алматы қаласына қоныс аударған Шоқан Кенжебаев ағамыз болды. Бұл ағамыз редакция қызметкерлеріне бейтаныс кісі емес. Бұрыннан жақсы танимыз. Ақсары жүзі күлім қағып, сөз саптайтын ағамыз бұл жолы бұйымтаймен келіпті.
-Сексеннің сеңгіріне, абыз ата жасына жеттік, шырақтарым. Өткен күндерге, жылжыған жылдарға ой жүгіртсем еңбек өтілім елу екі жыл болыпты. Әрине, бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде туған жерім мен өскен елімнің игілікті істеріне сынаптың мысқалындай, теңіздің тамшысындай үлес қостым деп ойлаймын. Биыл ауданымыздың құрылғанына 95 жыл толып отыр. Осы даталы мерекеге орай ағаларыңның шама-шарқынша еткен еңбектерін газетке жазсаңдар деген бұйымтаймен келіп отырған жайым бар,-деді.
Сонау Алматыдан туған жеріне ат терлетіп келген ағаның орынды ұсынысын қалайша қабыл алмасқа. Осылайша қадірменді ақсақал ағамызбен әңгіме- сұхбат құрудың сабақты инедей сәті түскені бар. Өмір және еңбек жолдарынан сыр шерткен ағаның әңгімесінен көп нәрсені көңілге түйдік. 1940 жылы жарық дүние есігін ашқан Шоқан ағаның балалық шағы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келіпті. Тағдыр талқысы, пешененің жазуы солай болса керек. Бесіктен белі шығып, бір жасқа толғанында асқар тау әкесі Молдабек қария дүниеден озыпты. Өмірдің барлық ауыртпалығы бір қыз, екі ұлмен жастай жесір қалған анасы Ақборық апамыздың мойнына түсіпті. Ауылдағы ер азаматтардың барлығы бес қаруын асынып, елін қорғауға аттанған. Ұжымшардың бірі бітіп, бірі кезегін күткен бастан асқан шаруалары қарттар мен нәзік жанды аналарға қарап қалған кезеңде Ақборық апамыз қайсарлық танытыпты. Бел жаздырмаған бейнетті, етектен тартқан жоқшылықты қажымас қайрат, жасымас жігермен жеңе біліпті. Соғыстың қайғы-қасіреті қалың жылдарындағы өмір тауқыметіне мойымай үш перзентін қатарынан кем етпей мұраттарына жеткізіпті. Бойжеткен қызы Сәтікені тұрмыс құрып, үйлі-жайлы болады. Бір-біріне тете өскен екі ұлы Аралбай мен Шоқанның жоғары білімді азаматтар болуын мақсат етеді. Үйде әйелдің, дүзде ердің жұмысын атқарған Ақборық апамыз бұл мақсатына да жеткен екен. Екі ұлы да институттың күндізгі бөлімінде оқып, жоғары білім алып, жауапты қызметтер атқарыпты.
Еңбек жолын қарапайым жүргізуші мамандығымен бастаған Шоқан ағамыз кейіннен Алматы қаласындағы ҚазПТИ-дің құрылыс инженерлік факультетін тамамдап, елге оралады. Кадр мәселесіне Бетпақдаланың шөлінде қалғандай қаталап отырған аудандық партия комитеті жас маманды құшақ жая қарсы алып, «Түркістан» кеңшарына прораб етіп жібереді. Бұл тың көтеру жылдары 22 ұлттың өкілдері еңбек етіп, Көсегенің көк жонына түрен салған, заңғар жазушы М.Әуезов «Түркістан солай туған» очеркінің кейіпкері болған ауыл еді. Ш. Кенжебаев он сегіз жыл ғұмырын қыратында ақ егісі жайқалған, төскейінде төрт түлік малы қаптаған өңірде өткізеді. Бұл жылдар Шоқан ағамызды көптің ортасындағы еңбек бәсекесінде жібек жіптей ширатып, шалғының жүзіндей шыңдайды.
Шоқан ағаның іскер де қабілетті азамат екендігі аудан басшыларының назарын аударады. Ағамыздың тұла бойындағы ерекше қасиеті ұйымдастыру қабілеті мықты, небір қиын істің қиюын тез таба білетіні еді. Жыл санап беделі арта бас-тайды. Оның қарапайым мінезі мен адамгершілік қасиеттері көпшілікке қатты ұнайды. Сондықтан болар 1978 жылы кеңшар ұжымы жалпы жиналыста Ш.Кенжебаевты жұмысшылар комитетінің төрағасы етіп бірауыздан сайлап алады. Осы жаңа қызметте жүргенде ол көп шаруа тындырды. Бәрінен бұрын қарапайым еңбек адамдарының көңілінен шыға білгенге не жетсін. Шоқан ағаның өнегелі еңбегін басқа шаруашылыққа таратып қалыптастыру керек болады да, аудан басшылары қызметін жоғарылатып, ауданның агроөнеркәсіптік кәсіподағы комитетін басқаруға жібереді. Онда үш жыл қызмет еткеннен кейін «Жаңаарық» кеңшарына партия ұйымының хатшысы етіп ауыстырады. Одан келесі жылы аудандағы ең ірі шаруашылықтың бірі – «Байқадам» кеңшарын басқаруға келеді. Осы кеңшарға тоғыз жылға жуық басшылық еткенде іскерлік қабілеті жарық жұлдыздай жарқырап, ел-жұртқа кеңінен танылады. Шоқан аға шаруашылықты барлық саласы бойынша өркендетеді. Облыстағы озат шаруашылықтардың қатарына жеткізеді. Кеңшар көбіне көкөніс дайындаумен айналысыпты. Бұл салада қол жеткен табыс-тар аз болмапты. Қай тірліктен болса да табыс шаш етектен келіп жатады. Көкөніс өсірудегі жемісті еңбектердің нәтижесі болса керек. Звено жетекшісі Тамдыкүл Жамбылова облыс бойынша алдыңғы қатарға шығып, Еңбек Ері атағын алады.
Кеңшар тек қана көкөніс емес, біраз жылдың ішінде шаруашылықтың басқа да салаларын дамыта бастайды. Атап айтқанда ірі қара сиыр малының тұқымын асылдандыру қолға алынады. Сауын сиырларды азықтандыру ғылыми негізге сүйене жүргізіледі. Аудан іргесіндегі Жаңатас қаласының 60 мың халқы сүтпен, шұбатпен, көкөніспен керегінше қамтамасыз етіледі.
Ал, Жарқұдықтағы асыл тұқымды түйе фермасы 1991-92 жылдары респуб-лика бойынша алғашқылардың бірі болып тіркеуден өтіпті. Түйе басы 800-ден 1200-ге дейін өсіріледі. Сол кездерде «Байқадам» кеңшарының экономикасы жан-жақты көтеріліп, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Сол фермада ағыл-тегіл шұбат өндіріліп, Тараз, Жаңатас, Қаратау қалаларының тұрғындары сапалы сусынмен қамтамасыз етіледі. Өтпелі кезең келіп, шаруашылықтар тараған тұста Шоқан Кенжебаев аудандық орман шаруашылығы мекемесін абыроймен басқарып, құрметті зейнет демалысына шығады.
Елі игілігі үшін тер төгіп, еңбек еткен, нардың жүгін арқалаған Шоқан ағамыздың жемісті еңбектері елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасының 10 жылдық мерекелік медалі, 1 дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен және көптеген құрмет, мақтау қағаздары, өткен жылы облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, «Жамбыл облысы ардагерлер ұйымына-30 жыл» медалімен марапатталды. Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанды.
Шоқан аға үлкен отбасының мәуелі бәйтерегі. Құдай қосқан қосағы, «Алтын алқа» иегері Мұстафина Сағат апай екеуі 2 ұл, 6 қыз тәрбиелеп, ұядан қияға ұшырыпты. Бәрінен де немерелер сүйіпті. Ислам дінінде балиғатқа толған мұсылманға өмірінде бір мәрте Мекке қаласына барып, қажылықты орындау парыз етілген екен. Биылғы жылы Шоқан аға ұлдары Асқар, Алтай үшеуі Меккеге барып, қажылық парыздарын өтеп қайтыпты.
Үлкен өмір өткелін кешкен, еңбекпен ерлеген Шоқан Кенжебаев ағамыз желісін тартқан әңгімесінің соңын былай деп аяқтады.
-Әкем Молдабек еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың бірі болған еді. Революция жылдары Сәкен Сейфуллинмен үзеңгі жолдас болған. Сәкен ақ патшаның түрмесіне қапияда ұсталып қамалғанда құтқарушылардың бірі менің әкем болыпты. Кеңес өкіметі орнап, алғашқы ұжымшар құрылғанда ферма меңгерушісі болған. Қоғамдық мал басын өсіруде қол жеткізген жетістіктері үшін Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысып, алтын медальмен марапатталған. Әкемнің ел-жұртына еткен еңбегі ескерілсе, бір елді мекен немесе көше аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, бұл өтінішімді тиісті орындар шешеді ғой.
Камели Сүлейменова,
«Sarysý»
Қыршын
“Күдікті бала”
Әрбір тарихи тұлға туралы сөз қозғағанда, ол өмір сүрген кезеңдегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар мен саяси оқиғаларды мүмкіндігінше жан-жақты саралап, сабырлы салмақтамайынша оны әділ бағалау қиын.
Бәкен Серікбаев- қазақ халқының қыршын кеткен ерлерінің бірі. Ол небәрі 24 жыл өмір сүрді. Оның саналы өмірі ғибаратқа толы болды. Саналы ғұмыры ақ гвардияшылардың қолынан қиылды.
Бәкен-алғашқы орысша оқыған, көзі қарақты сауаттылардың бірі. Ондай білімді ол кезде көшпенді қазақ арасындағы екінің бірі ала алмаған. Оның әкесі Серікбай өзін-өзі асырайтын ақуалы бар дөңгелек шаруа болса да, көңілін кеңге салған ер мінезді, ашық алақанды, құшағы кең кісі екен. Елден ерекше баласын қалаға оқуға жіберуі оның көрегендік қасиетін білдіреді.
Бәкен Серікбаев 1894 жылы Ақмола уезінің Көктас болысының 2-ауылында тұратын Серікбай деген шаруаның отбасында дүниеге келген. Әкесі Бәкенді 7 жасқа толғанда Әлімбай деген ауыл молдасына оқуға береді. Осында Бәкен басқадан гөрі зейінді, зерек екендігін байқатады. Әлімбай бірде Серікбайға келіп:
-Сенің Бәкенің өте зерек. Айтқанды бірден ұғып алады. Мен бар білгенімді үйретіп болдым. Енді бұдан гөрі жоғары білім беретін жерге жібер,-дейді. Біраз жыл өткен соң оны қалалық бас-тауыш приход мектебіне табыс етеді. Оқу орыс тілін білмейтін дала қазағының баласына алғашқыда қиын болғанымен Бәкен алғырлығының арқасында бірте-бірте қатарға қосылады.
Әлімбайдың бұл сөзі қамшы болып, Серікбай көп кешікпей үлкен ұлы Мүсенге қосып Бәкенді Ақмола қаласына жібереді. Бұл кезде жағалбайлы Әділұлы Бәйсейіт осы қалада оқып жатқан-ды. Мүсен келген бетте Бәйсейітке жолығып, інісін қандай оқуға бергені жөн екендігі жайлы ақылдасады. Сөйтіп, 1907 жылы бұғанасы қатпаған Бәкенді қалалық бастауыш приход мектебіне табыс етеді. Бәкен әкесінің досы Дүйсен дегеннің үйінде жатып оқиды. Оның ас-ауқатын ауылдан ағасы Мүсен жеткізіп тұрады. Мұнда Сәкен Сейфуллин де оқып жүрген еді. Алғашқы күннен бастап екеуі ажырамас дос болады.
1910 жылы Сәкен приход мектебін бітіргеннен кейін үшінші кластық қалалық училищеге түседі. Ал Бәкен Әулиета қаласына келіп, екі жыл орыс мектебінде оқиды.
1913 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп шығады. Оқудың қызығына түскен ол одан әрі оқуды жалғастыруды ойлап, Шымкент қаласындағы үш жылдық училищеге келіп түседі. Осында жүріп белгілі социал-демократтармен кездеседі. Содан бастап оның саяси көзқарасы өзгере бастайды. Дүниеге басқаша қарайды. Осы кезде бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, елдің экономикалық хал ақуалына ауыр әсер тигізген еді. Қазақтың көзі ашық білімді азаматтары сол кездегі қиын жағдайға қарсы тұрып, халық арасында тынбай насихат жұмысын астыртын жүргізе бастаған еді. Қауіпті деген адамдар бақылауға алынды.
1916 жылы ол “күдікті бала” қатарына жатқызылып, оқуды бітіргелі жүргенде училищеден шығарылады.
Бұл хабарды Қосай деген досынан естіген Серікбай баласы Мүсенді жіберіп, Бәкенді “Көктасты” жайлап отырған ауылына алдырады. Бәкен бұрынғыдай емес едәуір жүдеп қалған. Денсаулығы да бұзыла бастаған. Баласының болашақ тағдыры толғандырған әке бір күні оған:
-Сен енді қала жағалағанды қой. Ел арасында саған жұмыс табылады. Жақында Отыншының Сыздығы өзіміздің алшынға болыс болып сайланды. Соның тілмашы болсаң ешкімнен кем болмайсың. Балам, сен менің осы айтқанымды істе,-дейді.
Әкесінің бұл ақылына Бәкен көнгісі келмейді. Өйткені ол жуырда досы Сәкеннен хат алған болатын. Сәкен бұл кезде Омбыдағы мұғалімдер даярлайтын училищені бітіріп, Ақмолаға келген еді. Ол осында ұстаздық ететін. Бұл хабарды естіген соң Бәкен дүбірді естіген тұлпардай шиыршық атып тұра алмады. Баласының бағытын байқаған әке оған тағы да ылажсыз рұқсат етті.
Ол көп кешікпей Ақмолаға аттанады. Ол қасына ауылдастарынан Ажақай мен Сәрсен деген балаларды ертіп әкетті де, қиындықпен жүріп бастауыш орыс класына оқуға түсірді. Бұған көбінесе Сәкеннің көмек көрсеткені белгілі. Бұл балалар кейін ауыл арасында сауатты белді қызметкер болды. Бәкен туралы Ажақай Сембин былай деп отырушы еді.
-Біз бәріміз бір үйде жататын едік. Бәкеннің ағалық қамқорлығын көп көрдік. Ол қасымызда болғанда күніне 10-15 сөздік жазып беріп, ертеңіне оны қалай жаттағанымызды сұрап пысықтайтын. Соның арқасында тез арада орыс тілін меңгеріп, қатарға ілесе бастадық. Бәкен кейде бірнеше күн үйге келмей кететін еді. Сөйтсек ол социал демократтардың астыртын үйірмесіне қатынасады екен ғой. Әсіресе олар 1916 жылдың екінші жартысында қызу жұмыс жүргізді. Бұл кезде халық қатты толқып жатқан болатын.
Халықтық бұл толқу Батыс Сібір билеушілерінің намысына тиді. Соғыс губернаторы Масальский ел арасында жазалаушы отряд жіберді. Қарулы отряд ешкімді аямады. Қоржынкөл, Айнабұлақ, Атбасар және Алексеевка селосындағы, Нұра бойындағы халық көтерілістерін қанжоса етіп басып, мыңдаған адамдарды атты, шапты, қамауға алды. Бұл халыққа үлкен үрей тудырды. Осы кезде Бәкен өзінің саясат саласындағы достарымен халық арасында жүрді. Халық көтерілісі жеңіліс тапқанмен сол жылы тізімдегі адамдардың 27 мыңы шақыру пунктіне келмей қалды.
Сөйтіп өзінің аласапыран нәубетімен ұлу жылы да өте шықты. Ол халық көңіліне үлкен қасірет қалдырды. Қаншама үй боздағынан өлідей айырылса, қаншама үй тірідей айырылды. Халық қан жұтып, қабақ шытты. Оның есесіне келесі 1917 жыл, яғни жылан жылы халыққа қуаныш ала келді. Елге ызасы өткен Ақ патша тақтан құлады.
Ақпан төңкерісі патша өкіметін құлатқанымен халыққа жер де, бостандық та алып бере алмады. Уақытша үкімет елдегі тіршілікті бұрынғы қаз-қалпында жүргізе берді. Бәкен бұл кезде елге шығып кетті де саяси ағым жөнінде әңгімелер өткізіп қайтты. Сол жылы қазан айында өмірдің түбірімен өзгергенін біз жақсы білеміз. Қазан төңкерісінен кейін Ақмола ішіндегі саяси ағым қазандай қайнап кетті. Біреу уақытша үкіметті жақтаса, біреу большевиктерді жақтайды. Осы тұста Бәкен Серікбаев Сәкен Сейфуллинмен тізе қоса жүріп, ширыққан күреске түсті. Қалада күнде жиын, күнде айтыс.
Советтердің Бүкіл Россиялық II-съезінің бейбітшілік, жер туралы декреттері мен В.И. Лениннің қол қоюымен жарияланған “Россия халықтары праволарының декларациясы”, “Россия мен Шығыстың барлық халықтарына, мұсылмандарына” үндеуі Ақмола қаласындағы қазақтың оқыған саналы жастарының еңсесін көтерді. Олар халық арасына шығып, осы жоғарыда аталған документтер жөнінде түсінік жүргізді. “Большевиктер партиясынан басқа бір де-бір партия халыққа бостандық алып бере алмайды” деген пікірді санасында қалыптастырды. Халыққа ойларын солай жеткізді.
Ел арасында белсенді жұмыс жүргізу үшін қала жастары бірігіп “Жас қазақ” ұйымын құрды. Оны С.Сейфуллин басқарды. Оның басқарма мүшелігіне -Әділұлы, Айбасұлы, Асылбекұлы, Серік-байұлы және Нұркеұлы енді. Бұл ұйым өз алдына “Айна” деген журнал шығарды. Онда ұйымның бағыт-бағдары айқын көрсетілді. Бәкен осы саяси ұйымның тапсыруымен “Россия мен Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына үндеуді” қазақшаға аударып, оны “Тіршілік” газетінде бас-тырды. Ақмола большевиктері Бәкен аударған осы құжаттарды қолдан-қолға көшіріп, халық арасында кеңінен насихаттады. “Тіршілік” газеті 1917 жылғы сәуір айынан бастап, айдаудан қайтып оралған Р.Дүйсенбаевтың редакциялық етуімен шығып тұратын. Бұл газетті шығаруға Бәкен мен Сәкеннің сіңірген еңбегі айрықша. Бәкенді Ақмола қаласында жүрген досы Сәкен шақырған болатын. Онда барысымен Бәкен де жаңадан шыққан “Тіршілік” газетіне жұмысқа орналасады. Сонда жүріп ол 1917 жылы мамыр айында большевиктер партиясы қатарына өтті. Күн санап ұйымның қатары молыға түсті. РСДРП Орталық Комитетінің нұсқауы бойынша осы ұйымды басқарып, жұмысын жандандыруға Омбы қаласынан арнайы адамдар жіберілді. Олар өздерімен бірге Батыс Сібір Советтерінің III съезінің қаулы-қарарлары мен шешімдерін әкелді. Мұнда Батыс Сібірде және Ақмола уезінде үкімет билігі Советтердің қолына көшкендігі жарияланған болатын.
1917 жылы 27 желтоқсанда Ақмола қаласында үлкен жиналыс өткізіліп, бүкіл өкімет билігі Советтерге берілгендігі жөнінде жариялады. Сонымен қоса Ақмола Совдепін құрды. Совдептің төрағалығына Екібастұздың жұмысшысы Бочок, орынбасарлығына Катченко мен Бәкен Серікбаев сайланды. Бұлар жұмысты қызу жүргізді.
1918 жылдың қаңтар, ақпан айларында Кеңес үкіметі Ақмола уезінің барлық жерінде орнады. Барлық жерде болыстық съездер өткізіліп, жергілікті басқару органдары қайтадан сайланды.
1918 жылы маусым айында бұғып жатып, бас көтерген ақ гвардияшылар чех солдаттарының бүлігінен желік алып, Ақмолада жаңадан орнаған Кеңес өкіметін құлатты да, оның барлық басшыларын тұтқынға алды. Оның ішінде Бәкен де бар болатын. Қастасқан жау аясын ба, тұтқында жатқан Совдеп басшыларына адам айтып болмайтын небір қысым жасады. Әсіресе Катченко мен Бәкен молырақ таяқ жеді.
Бұл кезде Сарысу бойындағы ағайындар да қарап жатпады. Олар астыртын сөйлесіп, Сәкен, Бәйсейіт үшеуін алып қашуға әрекет жасады. Бірақ уәделі күні олардың қолына тек Бәйсейіт қана түсті. Сол күні Сәкен жұмысқа шықпапты. Бәкен төсек тартып жатып қалыпты. Туған жерден топырақ бұйырмаған қайран сабаз Анненковтың азап вогонымен сақылдаған сары аязда Омбы қаласына жеткізілді. Жол-жөнекей ауруы дендеген Бәкен көп кешікпей дүние салды. Халқым деп қан жұтқан қайран ер небәрі 24 жасында бұл жалғанның рахатын көрмей, мәңгілік сапарға аттанды.
Майлыбай СМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы
Журналистер Одағының мүшесі