Жаздың бір күні- жылға азық
Бүгінгі таңда ауданның ауыл шаруашылық саласы тұрақты дамып келеді. Әсіресе егін, мал шаруашылығы, мемлекеттік жобалар бойынша өсім бар. «жаздың бір күні- жылға азық» деген ұранды ұстанған аудан диқандары күннің аптап ыстығына қарамастан еңбек етуде.
Ауданның күретамыры болып табылатын салаға қатысты аудан әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 24 508 гектар алқапта егілді. Атап айтқанда, 4500 гектар күздік бидай, 4100 гектар жаздық арпа, 8300 гектар мақсары, 1250 гектар дәндік жүгері, 45 гектар картоп, 220 гектар көкөніс, 293 гектар бақша дақылдары, 5800 гектар жоңышқа алқабы. Аталған егістік алқабы былтырғы жылмен салыстырғанда 228,5 гектар артық.
Көктемгі егін егу жұмыстарын жүргізуге 780,0 тонна жеңілдетілген дизель отынына сұраныс беріліп, ауданға 728,7 тонна дизель отыны жеткізіліп, аудан шаруашылықтарына 212 теңгеден өткерілді. Жазғы жиын терін және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 976,38 тоннаға өтініш берілді. Алғашқы легі шілде айының аяғына дейін жеткізілуі тиіс.
Шаруа қожалықтар ағымдағы жылы 6 айдың қорытындысы бойынша 1411,8 тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға келісім шарт жасасып, әзірге 876,9 тонна тыңайтқыш сатып алды. Аталған тыңайтқыштар 8250 гектар алқапқа енгізілді.
Ал, ауданда суармалы егістікке пайдаланылатын 109,4 шақырым ұзындықтағы 16 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп, Шабақты мен Бүркітті өзенінен суармалы егістік жердегі көп жылдық шөптер мен жүгері алқаптарына су берілді. Қызыл су арқылы суарылған егістік көлемі 903,0 гектар естік алқабы суарылды.
Бүгінде Ынталы су қоймасындағы судың көлемі 12,1 млн. м3 (40,3%), ал Бүркітті су қоймасындағы судың көлемі 2,76 млн. м3 (33,2%).
«ҚазСуШар» РМК Сарысу аудандық филиалымен 170 шаруа қожалық (2317,22 гектар) су пайдалану үшін келісімшартқа отырды. Бірінші рет суарылған егістік алқабы 2278,9 гектарды құрайды.
Қазіргі таңда егістік алқаптарына екінші мәрте су беру жұмыстары аяқталды. Суарылған алқап көлемі 2702,9 гектарды құрайды. Оның ішінде, 602,3 гектар жүгері, 2019,8 гектар жоңышқа және 80,8 гектар бақша дақылдары. Күні бүгін үшінші мәрте су беру жұмыстары басталуда. Жиын терін жұмыстары басталғалы да 10 шақты күннен асты. Әзірге аудан бойынша 30-дан астам шаруа қожалық егілген арпа, бидай алқаптарын оруға кірісті. Әзірге 3400 гектардан астам алқап орылып, 3570 тоннадан астам өнім алынды. Орташа түсім 10,5 ц/гектарды құрауда.
Бұдан бөлек, мал азығын дайындау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудан бойынша шабуға белгіленген 39 907 гектар. Оның ішінде, 5800 гектар жоңышқа және 34107 гектар табиғи шабындық алқаптары. Бүгінде, жоңышқа алқабының екінші орағы жүргізілуде. Аудан бойынша 20950 гектар жер шабылып, 54500 тонна шөп жиналды. Сабан басу жұмыстары да басталуда.
Иә, егінші қауым бүгінде сонау көктемнен бастап, ала жаз бойы балаша баптап-өсірген егінін ысырапсыз жинап алуда аянбай еңбек етуде. Диқаншы қауым да өткен жылға қарағанда биылғы өнім мол болады деп күтуде.
С.Есқараев, «Sarysý»