Саялы өлкем-Сарысуым мәдениет және өнер фестивалі
Өткен аптаның жұмасы күні ауданымыздың қара шаңырағы Саудакент ауылында тарихы тереңнен тамыр тартқан, шежірелі ауданымыздың 95 жылдық мерейтойы аясында «Саялы өлкем – Сарысуым» атты мәдениет және өнер фестивалі өтті.
Айтулы өнер кешінде аудан әкімі Сәкен Мамытов фестивальдің ашылуымен құттықтау сөз сөйледі.
-Әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Біздің Сарысу өңірі өнер қонған киелі өлке. Бұл өлкеден талай өнер қайраткерлері түлеп ұшқан. Біз атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы, ақын Майкөт Сандыбайұлы, күйші Мәді Шәутиев, опера әншісі Амангелді Сембин, кино және театр актері Асанәлі Әшімов, сазгер Илья Жақанов, ақын Тынышбай Рақымов, әнші Сәуле Жанпейісова сияқты көптеген өнер қайраткерлерімен мақтанамыз. Төлеу Үшқоңыров, Тоғай Тұңғатов, Ынтымақ Шералиев сияқты жергілікті сазгерлер әсем де әуезді әндерімен елдің жүрегін баурады. Осындай әр өлкеден шыққан таланттарды танытатын өнер фестивалінің беретіні көп, -деді.
Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Жұмаділдаев құттықтау сөз сөйлеп, ауданымыздың жеткен жетістіктерін тілге тиек етіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілегін жеткізді.
Шараның шымылдығы Саудакент ауылындағы мәдениет үйінің көркемөнерпаздары сахналаған ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының балалық шағынан сыр шертетін көрініспен бастау алды. Сондай-ақ «Қазына» би тобы мың бұрала би билеп, ауылдық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқап, көрерменнің алғысына бөленді.
Сонымен қатар, аудандық орталық музейдің көне жәдігерлерінен, техникалық шығармашылық орталы-ғының қолөнер бұйымдарынан және әдеби кітаптардан көрме ұйымдастырылды. Одан кейін «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлерінің ұйымдастыруымен көрермендерге арналған вик-ториналық ойындар өткізілді.
Асық ату, арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеруден жарыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде жеңім-паздар мен жүлдегерлерді аудан әкімі диплом, медальдармен марапаттады.
С.Есқараев, «Sarysý»