Көптің көңілін таба білетін жан еді…

0

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, “Сарысу ауданына еңбегі сіңген” медалінің иегері

2000 жылдардың басында қанаттас жүріп қызмет атқарған, дәмдес-тұздас,  сыйлас, ағалы-інілідей болып сыйласқан, бір кездегі “Досбол” орталау кейіннен орта мектебінің директоры болып қызмет атқарған.

Серік Машировтің ұялы телефонынан  арнайы қоңырау шалып, бір кездері Серіктің ғана ағасы емес, бүкіл Сарысу халқының ағасындай болған, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ауданның шаруашылық жұмысында, кейінгі жылдары атқарушы билікте басшылық қызмет атқарған Сейітбек Бегманов  аға жайлы естелік жазуды сұранған ұсынысы мені бұдан алпыс жылдан астам өткен өмірге шегініс жасап, шолу жасауға жетелеп жүре берді. Әрине, жарты ғасырдан астам өмір жолдарға шолу жасап өту оңай шаруа емес. Көп жайттар ұмыт болып, жылыстап кеткен жылдардағы оқиға желісін нақпа-нақ, айна қатесіз еске алу мүмкін емес екені белгілі жәйт қой. Барынша сол кездердегі есте қалған жағдайлардағы еске алуға ұмтылыс жасадым. Артық кетіп, кем түсіп жатқан жерлер болса, оқырманнан алдын-ала кешірім сұраймын.

Ұмытпасам 1958 жылдың жаз айы болуы керек.  Қазіргі  Досбол ауылдық округіне қарасты  бұрынғы кездері Түркістан ауылдық кеңесі аймағына қарап келген  Көкдала деген елді мекенде тұратынбыз. Мен ол кезде 7-8 жаста едім. Біздің ауылға қазіргі Үшарал ауылынан бір үй көшіп келді. Көшіп келген үйдің егесі біздің ауылға ферма меңгерушісі  болып келіпті. Жасы жиырма жастағы жас жігіттей көрінеді біздерге, өзі ақ сары орта бойлыдан гөрі ұзындау бет болмысы ашаңдау, түсі жылы кісі екен. Аты-жөні Бегманов Сейітбек деген жас жігіт болып шықты. Көпшілікпен тез тіл табысып, жұмысты дөңгелетіп жүре берді. Ол кезде Көкдалада шөп шабу кетпенмен, көпене, мая салу жұмыстары бәрі қолмен атқарылатын. Техника аз. Көпенеленген шөпті  өгіз, ат арбамен таситын. Біздерді бас арбашыға жәрдемші  етіп жіберетін. Мені әкемнің досы Созақбаев Айтжан деген кісіге бекітіпті. Көпене көп жиналып қалғанда бізді арбашыға жәрдемші етіп уақытша жіберетін. Кейбір жерлерде қолмен жиналған көпененіс «ДТ-75»-тракторларымен троспен тартып, сол маңдағы су баспайтын қырлау жерге жинайтын. Жұмысшы күші жетпегендіктен 7-8 жастағы біздерді де көпене жинауға шақырды. Біздер деп отырғаным мен және Керімбай деген кісінің Оразкүл деген қызы. Ол менен бір жас кіші болатын. Кіп-кішкентай болса да көпене салуға шығыпты. Ұзын-ұзын қамыс шөптердің басын қайырып, көпене жасау біздерге оңайға соқпайтын. Бірде мен көпененің қасына шаршап ұйықтап қалсам керек. Көпенелерді  бір жерге жинастыратын шанышқысы бар трактор мен ұйықтап жатқан көпенені сүріп екінші көпенеге қосу үшін келгенде күннің ыстығына қарамай шаршап алаңсыз көпененің түбінде ұйықтап жатқан мені көріп қалып, мені ұйқыдан әзер оятса керек. Осы  менің шаршап, көпене түбінде ұйықтап қалғаным ел арасында  көпке дейін  сөз болып жүрді. Бірақ айлық алған кезде әкейден көп ақша алғаным есімде. Айлығымды алған әкем маған 17 сом ақша берді. Ол кезде бір қап ұнның бағасы 14 сом болу керек. Әкей менің алғашқы еңбек табысыма қатты риза болса керек.

Біздер жаңа келген ферма меңгерушісінің отбасы жанұясымен тез тіл табысып кеттік. Оның басты себебі осы үйдегі Әзиза апамен ферма меңгерушісінің анасы. Әзиза апамыз қара торы, зор денелі түсі жылы, мейірімді нұрлы жан екен. Сейітбек ағаның анасы үйіне барған біздерге бар аналық мейірімін төгіп, алдымызға нан-суын, қымыз, айран, сүтін алдымызға тосып бәйек болатын. Біз ол кісіні өз анамыздай көріп кеттік. Ол кезде үйінде Шолпан, Бибіжар деген Сейітбек ағаның қарындастары жүретін. Басқада қыз балалары болатын. Сейітқұл деген баласы есімде қалыпты. Ол кезде біз оны “Танау” деп атаушы едік. Неге солай атап кеткенімізді қазір есіме түсіре алмаймын. Қазір Сейітқұл отбасылы, Жаңатас қаласында тұрады. Сейітбек ағаның әкесі Бегман қарияны біз үйінен сирек көретінбіз.

Түсі суықтау, ақ сары, қызыл шырайлы, көзі көк, ұзын бойлы, қаба сақал, қапсағай денелі сұсты кісі көрінетін. Балалық көзге осы үйдегі жандардың бәрі осы Бегман қарияның қабағының астымен жүретіндей көрінетін. Шындығында солай екенін өмірде кейін ес жиған кезде көріп жүрдік.

Көкдалада Сейітбек ағаның отбасы көп тұрған жоқ. Ол кезде Жайлаукөлде сов-хоз ашылып, ол кісі сол шаруашылыққа  ферма меңгерушісі болып қызметке ауысып кетті. Бірақ әкесі Бегман қария Көкдаладан көшпей қалды. Сырттай Сейітбек ағаның  отбасынан өзінен хабар алып жүрдік. Бір күн сыйласқан жанға-қырық күн сәлем дегендей тілектес болдық.  Оқу бітірген жылдары ол кісінің жаңадан ашылған “Қамқалы” совхозына партия ұйымының хатшысы болып ауысқанын естідім. Кейін институт бітіріп ауданға жұмысқа келгенімде Сейітбек ағаның Калинин атындағы совхозға директор болып қызметке ауысқанын естідім.

Еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесу атқару комитетіне нұсқаушылық қызметке ауысқан кезден бастап ол кісімен таныстығымыз жалғасын тапты.

Кейін “Білім” қоғамы аудандық ұйымында жауапты хатшылық қызметте жүргенде де ол кісімен байланысымыз үзілген жоқ. “Қамқалы” совхозы партия ұйымы саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі болып қызметте жүргенімде де бұл жұмыс өз жалғасын тапты. Ол кісі кейінгі 20 жылдан астам төменгі Шу бойында селолық Кеңесінің төрағасы, кейін егемендік алған жылдары билік құрылымының өзгеруіне байланысты ауыл әкімі қызметін абыроймен атқарып келді. Ол кісімен қызмет бабындағы сыйластығымыз, ағалық-інілік қарым-қатынастарымыз ағамыз дүниеден озғанша  үзілген емес. Ол кісі елге сыйлы, жұмыста абыройлы болды. Жүрген жерінде үлкен құрметке, беделге бөленді. Қай жұмыста жүрсе де көпшіліктің көңілін тауып жұмыс жасайтын.

Ол кісі жұмыста қатал, іскер, қарауындағыларға қатаң талап қоя білетін. Аудан жұртшылығы ол кісіні сыйлап, еңбегін  құрмет тұтты. Ол кісіге көзі тірісінде Сарысу ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Бұдан басқа да республикамыздың орден, медальдарымен, облыс, аудан басшыларының құрметіне ие болды. Ауданда ең алғашқы болып, жаңа «УАЗ» автокөлігін мал шаруашылығы өнімдерін мемлекетке дайындап өткізудегі  жоғарғы көрсеткіштерге жеткізгені үшін алғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Кезінде аудандағы 10 совхоздың ішінен мал шаруашылығы өнімдерін мемлекетке өткізуде жоғарғы көрсеткішке жеткізген тұңғыш басшы десек қателеспейтін шығармын, деп-ойлаймын. Аудан басшылығы тарапынан да өз алдына құрмет көрсетіліп жатты. Ол кісінің еңбегін аудан жұртшылығы құрметтеді, бағалады. Сейітбек ағамен бірге сол жылдары республика астанасы  Алматыдан келген жазушы-ақындар Ақселеу Сейдімбеков, Сырбай Мәуленов, Жеңіс Қашқыновпен  бірге болғандағы әңгімесін жариялауды жөн көріп отырмын.

 

« Мені әшкерелеймін, деп өзі  ұсталды»

«Сарысу»    совхозында 1960  жылдардың бас кезінде ірі қара фермасының меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезім болатын. Көктемде күн ысымай, салқын уақытта, ірі қара, ұсақ малдарды Сарыарқаға көшіретінбіз. Бұл жолы да ірі қара малын, жылқыны көшіріп апарып, Сарыарқадағы «Бүркітті» қонысына қондырып, әр аналық сиырдан бұзау,  биеден құлын алу жөніндегі міндеттемені ферма бойынша абыроймен орындап, сиыр сауу, бие байлау науқанын ұйымдастырып жатқанбыз. Бір шаруам болып, Мәлей деген досыма баруға тура келді. Маған бекітіліп берілген «Газ-53»  су таситын машинаның да ақаулы жері көбейе бастаған-ды. Соны жөндету үшін, бір автоцехқа барып жөндету керек. Сов-хоз орталығы  бұл жерден 200 км жер. Жол автокөлік көп жүргендіктен ойылып кеткен тегіс емес. Автокөлікті де қиқы-жиқы жол бұзып тастайды. Ол барып  келуге қолайлы емес.  Қашық болып тұр. «Іргетау» жерінен 20-30 км жердегі әскери бөлімнің автомашиналар жөндейтін цехының бастығы Мәлей деген капитан жігітпен дос болып кеткен едік. Алдында  ірі қара, жылқыларды көшіріп келе жатқанда, жолдан 5-6 км бұрылыстығына қарамастан досыма барып амандасып, үй ішінің амандығын біліп қайтқаным бар-ды. Сол Мәлейге барып, машинаны жөндетіп алуды жоспарлап, жолға шықтық. Ол үшін  артқа қарай жүріп «Іргетау» арқылы өтіп, ары қарай тағы 15-20 км жүру керек. «Бүркіттіден» «Іргетауға» дейін 40 км жер. Жүргізуші жігіт Әлімет орта бойлыдан жоғары бойы бар, кең иықты  жалпақтау келген, қыр мұрынды ақ сары жігіт, тәжірибелі жүргізуші автокөліктің  бабымен айдап, ойлау жермен орғытып, тегістеу жермен жөңкітіп, жол  апшысын қуырып, «Іргетауға» жақындап-ақ қалдық. Іргетауға сырттан  жолдар  келеді,  кіре берісте екі таудың  арасында  бұлақ бар. Сарыарқаға, «Сарысу»  совхозына баратын жолдар осы Іргетаудағы бұлақтың жанынан өтеді.

Досым Мәлей жұмыс орнында екен. Амандық-саулықтан кейін, автокөліктің ақауларын айтып, дәнекерлейтін жерін көрсетіп, көмек көрсетуін сұрандым. Екі сөзге келмей, автокөліктің  ақауларын бие сауым уақытта  жөндеткізіп берді. Ақшасын беріп едім алмады. Шеткерірек  шыққан кезде маған, Секе, мен қызмет ауыстыратын болдым. Басқа әскери бөлімге басшылыққа ауысатынын айтты. Құтты болсын айтқан маған, Секе, мүмкін болса, осы жердегі әріптестерімді қонаққа шақырсам ба, деп едім, соған  бір қой, бір фляг шұбат, бір фляг қымызға көмектесе аласыз ба,  қаржысы мінекей, алыңыз деп, ақша ұсынды. Мен жолдастығымызды  айтып, осы шығынды  рұқсат етсеңіз  мен көтерейін дедім. -Жоқ болмайды, қаржысын алыңыз деп ақшасын ұсынып, досым қайтар емес. -Шын сасайын дедім, Мәлей, мен осы  мәселені өз қаржыма өзім шешіп беремін, сөз бітті дегендей, қолымды көтердім. Досым амал жоқ, келіскен  сыңай танытты. Қасымыздан  бір-екі жігіт біздің сөзімізді тыңдағандай болып кетіп бара жатқанын байқап қалғанмын. Бірақ, біздің жеке мәселелерімізде  кімнің қандай шаруасы  бар деп, досымыз екеуміз бұл іске  онша мән бере қойғанымыз жоқ-ты.

Айтқан уағында қой, қымыз, шұбатты әкеліп беріп, досымның қонақтар мен бірге бол деген сөзіне, жұмысымның  көптігін айтып кетіп қалғанмын. Содан бір аптадай, уақыт өтіп кеткен. Мезгіл жаз айы. Сәске түс кезі. Ауыл маңында  үйір-үйір жылқы, бір отар қой, 50-60 сиыр  жайылып жатқан. Далада  Тұрсын ағай екеуміз  шаруашылық барысы жөнінде әңгімелесіп  тұрғанбыз.    Тұрсын  менің немере ағам болып келеді. Кеңшардың жылқысын бағады.

«Бүркітті» тауының күн шығыс жағындағы жазық, бұлақпен өзен ұлтаны сағасындағы  шұрайлы жеріне Сарыарқаға шыққан сайын  қоныстанады. Бие байлайды. Биыл да  осы жерге қоныстанып, бие байлап, сиыр саууға кіріскен. Тұрсын ағайдың үйіндегі Жұмакүл жеңгеміз теңдесі жоқ, аңқылдаған, ақ көңіл, қолы ашық, жүзі жарқын, барын кісіге беретін, пейілі кең, бет-бейнесі келіскен өте сұлу кісі болатын.

Келе сала маған, менің атымды атамай, «Үкімет қайным», кел үйге кір, қымыз іш» деп, үйге кіргізіп, мені айналып, толғанып, қымызды көбірек ішкізіп, қазанға ет те салып қойған. Әй, қинамасайшы, қайныңды деген Тұрсын ағайдың сөзіне, қайны менікі ғой, қалғанын өзім білемін деп қымызды көбірек ішкізіп, балқаймақ, құрт-ірімшік, жаңа піскен бауырсақты менің алдыма қарай жазып қойып, түннен қалған семіз қойдың сүбесін, жарты қазыны турап асатып, бәйек болып жатыр.

Ал, көктемнің жалғасы жазға жаңа ұласқан  уыз дәмі әлі кете қоймаған қымызды қалай ішпессің. Қазыдан қалай ауыз тимессің. Барлық жақсы сөзді айтып, рахметімді жаудырып, Жұмакүл жеңгеміздің қармағынан босап, киіз үйден ағаймен бірге сыртқа шығып тұрғанымыз  осы еді.

Арқа жерінде жауын жиі жауып тұрады. Мен келердің алдында ғана  сіркіреп жауын жауып жердің шаңын басып тастаған-ды. Қасымызға келіп қалған, «Газ-69» автокөлігін            жақындағанда ғана аңғардық. Қасымызға келіп тоқтаған, автокөліктен түсі суық, әскери киінген екі жігіт түсті. Біреуі ұзын бойлы, арық денелі, қара сұр, қошқар мұрынды, майор шеніндегі бұйра бас жігіт. Екіншісі  орта бойлыдан жоғарылау, қағілез, ақ сары, шүңіректеу көзді шашын артына қайырылған, капитан атағы бар,  жас жігіт. Қол  беріп амандасқаннан кейін қонақтардың ішінен ұзын бойлы қара сұр жігіт түсін суытып, Бегманов Сейтбек деген кім, деді түсін жылытпаған күйі.

Мен, дедім неге сұрағанын түсініңкіремей, сасыңқырап. Оңаша  сөйлесейік, деді алға қарай  жиірек  қадымдап, былай  қарай жүрейік дегендей ишарат білдіре.

Сіз,  капитан Мәлей Ниязовқа 1 қой, бір фляг қымыз, шұбатты кімнен  алып, қайдан апарып бердіңіз. Осыны бізге  дәлелдеп бере аласыз ба,  ақша төлеп сатып алсаңыз, түбіртегін көрсетіңіз-деп қарап тұр. Осы кезде үй жақтан Жұмакүл жеңгем келіп бізді    қымыз ішуге шақырды. Майорға дәмнен үлкен емес екенімізді айтып, қымыз ішуге көндіргендей болдым. Ол да амалсыз, дәмнен үлкен емеспіз ғой деген сөзімді түсінгендей  болып   баруға келіскен сыңай танытты.

Дегенмен мен іштей қатты саса бастадым. Дегенмен сыр бермейін, деп жеңгеме сыр білдірмеуге тырысып, қымызды алдыма алып, ішкен болып отырмын. Бір пәленің болғанын сезген Жұмакүл жеңгем, «Үкімет қайным-ау», неге қабағың  түсіп кеткен, не болсада біз, сен жағындамыз. Осы малдың көбісі сенікі емес пе, қойда, ірі қара да, жылқы да.

Дүниедегі барлық мәселе малмен, қаржымен шешілмей ме, бұлардың шешпейтін мәселесі жоқ, осыған тірелетін мәселе болса, шешіп алмайсың ба, деп маған  емеурін білдіріп жатыр. Мыналардың мәселесін осы жерден шешіп алмайсың ба, деп  қонақтардың тегін келмегенін сезіп отырған сияқты. Бұл кісінің қанша қойы, сиыры, жылқысы бар, деді келгелі бері үндемей отырған, ұзын бойлы қара сұр майор жігіт қымыз бойына сіңе бастаған кезде, елеусіз сұрақ қойған болып. Осы жердегі малдың көбі осы қайнымдікі, мына ағасы екеуміз осы  «Үкімет қайным» үшін  жылқы бағып, жұмыс жасап жатқан жағдайымыз бар деді, Жұмакүл жеңгей сұраққа жалма-жан жауап беріп.

Қанша бие сауасыздар, қанша литр қымыз  дайындайсыздар, деді қара сұр жігіт елеусіз сұрақ қойғандай сыңай танытып. Он бие, он бес сиыр сауылады. Күніне 80-100 литр қымыз, 75-80 литр сүт сауамыз деп жеңгем, тағы сұрақтарыңыз болса, жауап беремін дегендей қонақтарға қарап. Қонақтар үндеген жоқ. Қымыз ішіп болған соң сыртқа шықтық. Бағанағыдай емес, қонақтар жуасып қалған сияқты. Сірә, уыз қымыз жан дүниелерін бусатса керек.

Секе, деді баяу сөйлеп майор жігіт, маған жаны ашығандай қамқорсып сөйлеп,  Сізді «Америка даусы» радиостанциясынан  бұдан  3 күн бұрын  берді. Сізді кеңшардың 1 қойын, 1 фляг қымыз, 1 фляг шұбатын Ниязов Мәлейдің үйіне тегін апарып бергеніңіз жөнінде айтылды. «Сіз мемлекеттің дүние-мүлкін оңды-солды шашып жүрген адам» деп айтты. Бір қызығы, көптен бері ұсталмай жүрген тәжірибелі шпион Бетбақдаладағы баялыштың ішінде жасырынып, Сіз туралы  ақпарат беріп жатқан жерінде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің  адамдарының күшімен ұсталды.

Сізге осы істен өз басыңызды арашалап алуға тура келеді. Жаңағы жеңгеңіздің сөзінен кейін, біз Сіздің өзіңіздің ол жігітке өз есебіңізден көмек көрсеткеніңізге сеніп отырмыз. Бірақ  әлі жұмыс бұнымен бітпейді деп ескертіп кетті. Үзілді-кесілді жауап алып, дәлелденбегеннен кейін іс қысқартылды. Сөйтіп, мен шпион ұстауға үлес қосқан адаммын, деп Секең сөзін аяқтады. Бұныңыз шынында қызық әңгіме екен, деп бағанадан бері үндемей отырған Тайтөлеу аға басын шайқады.

 

«Екеуіңнің көңіліңді қимаймын деп»

Сарысу аудандық  Советі  атқару  комитетінде  нұсқаушылық  қызметте  жүрген едім. Қырекеңнің  алдында қабылдау  бөлмесінде  Гүлнар  деген қыз  жұмыс істейтін. Ол өзі сондай мейірімді, кішіпейіл, тамаша  жан болатын. Біз  нұсқаушылар  қағаз  бастыруға  көбінесе  сол Гүлнарға  барамыз. Себебі Гүлнар қағазды тез әрі  сапалы  басады. Көп  қағаздарды  машбюродағы  Үміт  апайға  апарамыз. Ол кісі асықпай, саспай қағаздарды  бабымен  басады.  Сондай бір күні  Гүлнардың  алдында  жатқан  бір қызыл қызметтік  куәлікке  көзім түсіп  кетті. Бұл неғылған куәлік  деп едім Гүлнар бастық Сарыарқадан  әкелді, Жезқазған  облыстық  аңшылар  қоғамының  бастығының  қызметтік  куәлігі  ғой  деді. Мен, одан әрі ештеңе деп сұрағаным жоқ, қағазымды  тапсырып кетіп қалдым. Бірақ сол куәлік ойымнан  шықпай  қойды. Жезқазған облыстық  аңшылар қоғамы  басшысының  куәлігінің  Қырекеңе  не  қажеті  болды, екен деп беріге  дейін ойымда  жүрді. Кейде  ұмытылып, кейде  есіме түскенде  шынымен басқа  облыстың  аңшылар қоғамы  басшысының  қызметтік куәлігінің Қырекеңе  қандай  қатысы болды екен, деген сұрақ есіме  ара кідік  түсіп кететін. Әйтеуір бір қажеті  болған шығар, дейтінмінде  қоятынмын.

Бұл  куәліктің  тарихын бертін  келе, ұзақ  жыл кеңес жұмысында  Қырекеңмен  бірге  жұмыс  атқарған  Бегманов Сейітбек  ағамыз айтып  еді.

Жаз ортасы ауып бара жатқан мезгіл. Сарыарқаға  малдың, елдің  жағдайын  білуге  ауданнан  Қырекең  келді. Малдың, елдің, малшының  жағдайымен  танысты. Арқаға мал шығарған кеңшар басшыларымен, мамандармен, малшылармен жиналыс өткізді. Кейбір кеңшар басшыларын, ферма меңгерушілерінің кемшіліктерін  бетіне айтып қатты  сынға алды. Кемшіліктерді тез арада  түзету жолын ұсынды.

Арқадағы  Жамбыл облысының   жазғы мал шаруашылығының көші-қонын ұйымдастырып, өткізу  жөніндегі   облыстық штабқа  барды. Сарысу ауданының  да штабына  соқты. Енді  ауылға қайтамыз, деді. Арқадағы  штабтан шығып  «Елу бес» деген  елді  мекенге  қарай  бет бұрып келе  жатқанымызда  бір отар киік  жолда  кездесті. Әй, Сейітбек мына киіктер семіріп қалыпты. Ана  текелері  не деген   семіз, деп отырды. Қырекеңнің аңсақтығын  білетін мен, Қыреке  аудандағы  балаларға  қуырдақтық бір екі  текесін  атып алмайсыз ба, деген сөздің  аузымнан қалай  шығып кеткенін аңғармай  қалдым. Ия, аға, анау киіктердің  текелері қатты семіріпті, жүндері жылтылдайды. Не деген  семіз, деп жүргізушісі Маратта  менің сөзімді қостай түсіп, автокөлікті  қалың киік отарына  қарай  бұра жөнелді. Мараттың сөзі менің  сөзімді  жандандырып, Қырекеңнің  аңға  құштарлығын қатты оятып жіберді.  Екеуің айтып  қоймадыңдар ғой, тәуекел, бұйырғанын  көрейік деп, «Сейітбек, артыңда  тұрған  қос ауыз  мылтыққа  қол жалғап жібер, оқ қорапшасын да ұмытпа”, деп  киіктерді  атуға  есік  жаққа  қарай  бұрылып, қолын созды. Дереу  қос ауызды, оқтарын бердім. Оқтап үлгергенше  жүргізушісі Марат топ киіктің ортасына  алып келіп үлгерді. Қырекең мылтығын оқтап, алдыңғы есікті ашып, қос ауыз мылтықпен екі рет атты. Қайта оқтап, тағы атты. Алғашқыда  бір теке, кейінгі атқанында екі теке құлап түсті. Үшеуінде  бауыздап алып, «Елу бесінші»  елді  мекеннен  өтіп  бара жатсақ жол айырығында жап-жаңа  Газ-53 самосвал автомашинасымен Жезқазған  облыстық  аңшылар  қоғамының  төрағасы  тосып тұр екен. Елдің  бәрі  бұл  аңшылар қоғамының  басшысының  атын айтса зар  қағатын. Ол өзі  қатыкез, шен-шекпенге  қарамайтын, келісімге  келуді білмейтін, кісіні сыйлау-ды  ұмытқан адам, деп  алыс жүруді қалайтын. Сол Жезқазған  облыстық аңшылар  қоғамының  төрағасы қолын көтеріп  алдымызда  тұр. Бұны  Қырекең  білді. «Екеуің, мына киіктерді  атып алуға екі жақтап мені үгіттеп едіңдер, көңілдеріңді қимап едім,енді  не дейсіңдер», деді бізге ашулана қарап. Біз үнсіз, өкініп үндемедік. «Әй, Марат  азамат болсаң бізді  мына  пәледен  құтқар, мына  тұрған автокөліктің артын айналып қайта жолға қосыл», деді. Марат биік жолдың табанына түсіп, тар жерден бұрылып, автокөліктің  газын барынша  күшейтіп басып, асфальттың үстінде  көлденең  тұрған Газ-53 автокөлігінің  артын айналып, көзді ашып-жұмғанша асфальтқа  ытқып  шықты. Қара жолдың  бойымен УАЗ-469 жеңіл автокөлігі  зуылдап, барынша  шапшаңдықпен  жүріп  келеді.  Артымызға  түсті, деді Марат жанындағы айнадан қарап. Ол бізді алысқа  жібермейді, қуып  жетеді деді. Сөйткенше  болған жоқ, Газ-53 автокөлігі бізден озып, алдымызға  оқ бойы озып  барып, инспектор машинаны  жолдың үстіне көлденең қойды. Қырекең үндеген жоқ. Марат та автокөлікті  тоқтатты.

«Жезқазған облыстық  аңшылар  қоғамының  бас инс-пекторы  Понкратов» деді қолын шекесіне  апарып. «Сарысу аудандық Советі атқару комитетінің  төрағасы Асанов», деді Қырекең үлкен жуан дауысы гүжілдеп. «Куәлігіңізді  көрсетіңіз жолдас инспектор», деді  Қырекең зор даусымен инспекторға қарап. Ол тез қалтасындағы куәлігін алып Қырекеңнің қолына  берді. Қырекең куәлікті қолына алып, оқып болып  қалтасына салып алып, кеттік Марат, деді. Марат автокөлікті оталдырып, көзді ашып-жұмғанша  ол жерден ұзап кете бар-ды. Инспектор соңымыздан машинамен  келе жатыр. Бұрынғыдай  бізді  қуып озбады. Артымызда  келе жатыр. Автокөлікті  былай қарай бұр, деді Қырекең  «Калинин» атындағы кеңшардың  «Өлке» мал  жайлауында отырған  малшылардың  отарын көрсетіп. Марат тез автокөлікті  бұрып, малшылар  ауылына келдік. Қырекең  түске  осы  кеңшардың  малшыларын  жинап  жиналыс  өткіземін, деп басшыларына ескертіп қойған-ды. Онда  ауданнан келген  мекеме  басшылары, ішкі істер  бөлімінің  басшысы Әуес  Жұмағұловтар Қырекеңді  автокөліктен  түсісімен қарсы алды. Барлық басшыларды ертіп Қырекең  жиналысқа  кіріп кетті. Жолдас председатель, маған қызметтік куәлігімді  беріңіз, деген инспектордың  сөзін ешкім  елеген жоқ. Жиналыс бітті. Қырекең  жиналыстан шығып, автокөлігіне  мініп  жатып, мына азамат біздің  территориямызда не істеп жүр, нөмірі  жоқ  машинаны ұрлап  міндіме екен, жоқ өзінікі ме тексеруіңізді сұраймын, жолдас подполковник, деп аудандық ішкі істер  бөлімінің басшысына  тапсырма  беріп жатты. Ары қарай  милиция қызметкерлері  айналысып жатты.  Содан Қырекең  Арқадан ауданға  қарай жол жүріп кетті. Бері  шыққаннан кейін: «Әй, Сейітбек мына  инспектор басшыларды  сыйлауды  білмейді екен, бұған сабақ болсын, республикалық басшыларына  хат жазып, біздің  территориямызда  не істеп жүргенін, сұрайық», деп күлді. Шындығында   солай  болды. Қырекең  екеуміз, құжатты толтырып, аңшылардың республикалық басшыларына  жібердік. Сөйтіп Қырекеңнің біздің  айтқанымызды істеймін, деп бір сасқанын көріп едім. Кейін  ондай іске  бара  бермейтін болды. Кейін ол  инспекторды  орнынан алынғанын, оның баласын, үй-ішін басқа  бір аңшылардың атып кеткенін  білдік, деп  әңгімесін  аяқтап  еді.

Сарысудан шыққан генерал

Қазыналы Қаратаудың қойнауынан, шежірелі Сарысу топырағынан  нәр алған жерлесіміз,заң ғылымдарының профессоры, генерал-майор, КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсеновтың туғанына  биыл  100 жыл толады.

Заңгер, ғалым, жан-жақты білім иесі ретінде Бәрімбек Сәрсенұлы Бейсенов Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал.  Ол заңды түрде еліміздің даңқты да көрнекті адамдарының қатарына  жатады.

Бейсенов Бәрімбек аға Қазақстанның ғана емес, бұрынғы Кеңес Одағындағы одақтас республикаларының құқық қорғау органдарына кадрлар даярлау үшін жоғары ведомстволық білім негіздерін құруға өлшеусіз үлес қосты.

Оның қайталанбас жарқын өмірі, кәсіби шыңдалу кезеңдері – нағыз өмір кітабы, кәсіби борыш пен биік талапқа адал қызмет етудің үлгісі.

Бейсенов Бәрімбек Сәрсенұлы 1923 жылы 11 желтоқсанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. 1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін, Гомель жаяу әскер училищесінің курсын бітіріп, өз еркімен әскерге аттанады.  1943 жылдың қыркүйегінде 1-ші Украина майданының 3-ші танк армиясы құрамында ұрысқа аттанды. 1945 жылы 9 мамырда Прагада соғысты аяқтаған. Бірнеше рет жараланып, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және т.б. медальдармен марапатталған.

1952 жылы Алматы мемлекеттік заң институтын бітіргеннен кейін Алматы қалалық прокуратурасының тергеушісі, аға тергеушісі және прокурорының көмекшісі қызметтерін атқарған.

1957-1960 жылдары Қазақ КСР Ғылым академия-сы Философия және құқық институтының аспирантурасында оқыған. 1960-1964 жылдары  КСРО –ның Мәскеу жоғары мектебінің Алматы бөлімшесінде доцент болып қызмет етті. 1963 жылы «Кеңестік қылмыстық құқық» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғаған. Заң ғылымдарының кандидаты. 1964-1969 жылдары Қазақ Мемлекеттік Университетінде доцент, проректор қызметтерін атқарған.

Бәрімбек Сәрсенұлының тамаша ұйымдастырушылық қабілетін, педагогикалық тәжірибесін және ғылыми-зерттеу қызметіне үлкен қызығушылығын ескере отырып, оған Қарағандыда КСРО Ішкі істер министрлігінің алғашқы мамандандырылған жоғары оқу орнын құру тапсырылды.

Ол КСРО Ішкі істер министрлігінің Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Қарағанды жоғары милиция мектебінің негізін қалаушылардың бірі әрі бірегейі және бірінші бастығы болды.

1969  жылдан 1985 жылға дейін осы оқу орнында басшы болып қызмет етті.

Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарынан кадрлар орналастырып, мектептің материалдық-техникалық базасын іс жүзінде нөлден бастап тұрғызды.

Бейсенов Бәрімбек аға қылмыстық құқықтың білгір маманы, теоретигі ретінде Ішкі Істер Министрлігінің, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Конституциялық сот орындарының, Ғылыми-консультативтік Кеңестің тұрақты мүшесі, Заң қызметкерлерінің Республикалық ассоциациясының вице-президенті болды. Қазақстан Республиканың Қылмыстық Кодексін жасауға қатысты.  Жемісті еңбегі мен ішкі істер органдарына білікті мамандар даярлаудағы табыстары үшін Бәрімбек Сәрсенұлы «Халықтар достығы» орденімен, 13 медальмен, Қазақ КСР және Қырғыз КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен, «Еңбек белгісі», «КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» белгісімен марапатталған.

Мемлекет Бейсенов Бәрімбек Сәрсенұлының Қарағанды жоғары милиция мектебінің құрылуы мен дамуына, ішкі істер органдарына жоғары білікті офицерлер даярлауға қосқан үлесін жоғары бағалап, 2001 жылғы 24 шілдедегі ҚР Үкіметінің Қаулысымен осы оқу орнына – Қарағанды жоғары милиция мектебіне оның есімін берді.

Қазір Б.С.Бейсенов атындағы  Қарағанды заң академиясы   Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.

Бұл жоғары оқу орны генерал Бәрімбек Бейсенов белгілеген дәстүрлерді лайықты түрде арттыра отырып, Қазақстанның құқық қорғау органдары үшін жоғары білікті кадрларды даярлау міндетін лайықты атқарып келеді.

А.Тілемісов,

Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.