Қаратау-ата мекен, құтты қоныс

0

Тілік батыры Қанжан Қаратау қойнауын уысында ұстап түрған алғыр, ержүрек кісі болыпты. Кеңес өкіметі кезінде шолақ белсенділер Қанжанның соңына аз түспеген.

Қаратау өңірінде Қазан төңкерісіне дейін және кейін Дулат пен ЬІстының Сүлгетай, Қоңыр және Жырымсыз аталары мекен еткен Сүлгетай, Қаракөл болыстары өмір сүріп келген. Бұл болыстар Шымкент уезіне қараған. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында бұл өңірге де Кеңес өкіметінің ықпалы күшейе бастаған еді. Жаңа жүйе Сарысу ауданының Арқадан Қаратау өңіріне көшіріліп, қоныстануымен нығая түсті. Әрине, көшпелі өмір сүріп, тек мал бағумен айналысқан, оның үстіне кеңестік жүйенің алғашқы кездегі түрлі құйтырқылығы мен қиғаш саясатына төтеп бере алмаған, аштыққа ұрынған, төрт түлік малынан жұрдай болған, жүдеп-жадаған ағайындарды табиғаты қолайлы, жері бай, өзен-көлі мол өңірге орналасқан, мал өсіріп, суармалы егіншілікті кәсіп еткен, отырықшылдыққа бейім ел-жұрт бөтенсімей, тосырқамай қарсы алды. Жаңа жағдайға бейімделіп кетуіне көмектесті. Отырықшы өмір кешуге, егіншілікке қалыптасуына ықпал етті. Уақыт қиындығын (21 бет) бірге бөлісті, бір нанды бөліп жеп, ең алдымен өз еңбектерімен аштықты жеңе білді. Бірге егін салды, бірге жүріп төрт түлік мал өсірді, Кеңес өкіметінің саясатына, Коммунистік партияның бағытына бірге сенді, өздерінің болашақтарын сонымен байланыстырды. Сөйтіп ауданымыздың қазіргі біртұтас халқы отызыншы жылдардан бастап, күні бүгінге дейін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесіп еңбек етіп, бірлесіп өмір сүріп келеді. Осы кезеңде адамдардың әлденеше ұрпағы ауысты, бірақ туысқандық, бірлік, ынтымақ сол күйінде қалып келеді. Бір кездері батыстан Арқаға, Арқадан Бетпақты қиып өтіп Қаратауға үдере көшкен елдің ұрпақтары өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Қаратау өлкесінде қарсы алған ағайындарымен бірлесіп, жетпіс жылдан астам ынтымақты өмір сүріп келеді.

Бұл тарих – үлкен тарих, ұрпақтар әлі талай еске алатын, оқитын, санадан өткізетін, саралайтын тарих.

Қаратау алабында қоныстанған ағайындар

Сүлгетайдың  қабырғалы руларының бірі Ожырайлар да жүздеген жылдар бойы өзге туыс ағайындармен бірге Қаратау өңірін қоныс етіп келеді. Олардың арасында ел аузына ерте ілігіп, абырой атаққа ие болғандары аз емес.

Сонау XVIII ғасырдың екінші жарымында өмір сүрген Қарқабатұлы Тулақ батыр, Асау батыр есімдері ел есінде ұзақ сақталып келе жатыр. Маймақұлы Шешенбай да айтулы батырлардың бірі болып, жоңғарлардан туған жерін қорғаған.

Қазіргі Жайылма ауыл аймағындағы Талас өзені бойындағы Шешенбай деп аталатын жер сол кісінің атымен аталады. Ол кісінің өмірінің соңғы сәті туралы аңыз әңгіме осы кітаптағы Жайылма ауылындағы жер атаулары туралы бөлімде әсерлі баяндалған. Елге есімі танымал Қойқара би, Бәйімбет билердің ұлағатты істерін ұрпақтары үлгі тұтады. Естайұлы Байшора өткен ғасырдың  жиырмасыншы жылдары  Жылыбұлақ болысында болыс болып, елге қызмет етті. Жақсы істерімен үлгі болған Наурызбекұлы Түлкібек те ұрпақтар есінде. Ол кісі 1958 жылы дүние салды.

Кеңес дәуірінде де елге дәреметі тиген, жаңа заман ағысына өзіндік үлес қосқан ағайындар аз емес. Кешегі ағаларымыз Шерімбетұлы Нұртыспанбетұлы Әлі, Карл Маркс атындағы колхозды  құрушылардың бірі болса, кейініректеу сол колхоздың бастығы болып Өмірзақ Бибосын ағамыз абыройлы қызмет етті. Ал Қалқаұлы Алтынбек 1932-1941 жылдары “Қаратас” колхозында басқарма бастығы болды. Көрнекті  ғалым Бекқұлыұлы Асқанбектің де  ғалым  саласына  қосқан өзіндік үлесі бар.

Қаратау қойнауына кіндік қаны тамған айтулы азаматтарымыздың бірі Бүркітбаев Әшір ұлтымыздың біртуар азаматтарының бірі болды. Осы күнгі Қазақ Ұлттық техникалық университетінің негізін қалап, алғашқы ұйымдастырушысы, болған Қазақстан жастарының бірінші басшысы қызметін атқарған, қазақтың зиялы азаматтары Сәкен Сейфуллин, Ораз Жандосовтармен достық қарым-қатынаста болған Әшір “Халық жауы” деген жалған жаланың құрбаны болды. Ол алпысыншы жылы жалған жаладан толық ақталды.

Сарысу ауданында Әшір Бүркітбаевтың 100 жылдығы кеңінен атап өтілді. “Арыстанды”  орта мектебіне оның есімі берілді. Алдына оның ескерткіші орнатылатын болды.

Кешегі Ұлы Отан соғысында  шынайы ерлік үлгісін көрсеткен көптеген жауынгерлік марапаттардың иегері, офицер Батырбекұлы Заманбекті жерлестері шынайы мақтаныш етеді.

Сүлгетайдың үлкен бір әулеті Байтығайдың Тоғыс атасынан  тарайтын  Рахманқұл молда 1957 жылы 70-ке аяқ басқанда дүние салды. Елдер ол кісінің есімін құрмет тұтып, “Рақан молда” деп атап кеткен.

Бүркітті өзенінің шығыс бетінде қол созым жерде жатқан бейітті бұзып, орнына өндіріс нысандарының бірін салмақ болғанда, сол бейітке беттеп барған тракторлар, бульдозерлер бірінен соң бірі сынып жүрмейді, адамдары майым болып, көп әуреге түседі. Бұдан соң олар Рақан молда жатқан бейітті бетон қабырғамен қоршап қоюға мәжбүр болады. Қазір де Дегерес ауылына  қарай барған, қайтқан халық-әулиелік қасиеті бар, молда атаның тұсынан өткенде қол жайып, бет сипамай өтпейді.

Байтығайдың Кенжебайынан тарайтын ұрпақтардың бірі Білтебай туралы ел арасында біршама аңыздар сақталған. Соның ішінде “Шымыр атаның Бестеректер ұрпағы “ деген кітаптың 51-бетінде былай деп жазылған:

“Күмістөбенің даласында жорықтан келе жатқан кезде ысылдаған айдаһар шабуыл жасаған. Қасындағы жолдасы қорқып қашып, елге келіп: “Білтебай айдаһарға жем болды”, — деп келеді. Айдаһарды көрген аты дірілдеп, қан сиіп жібереді. Батыр қашуға намыстанып, ажалым осы айдаһардан болса, тағдырдың ісі шығар деп, қылышын суырып, қарсы ұмтылады. Айдаһардың басын шауып алады, айтсам ел сенбес деп, қоржынына салып алып келеді. Бұл кісінің атында Білтебай деп аталатын үлкен бұлақ бар. Ал осы атаның ұрпағы болып табылатын Төлебайұлы Болат өз жазбасында былай деп жазады:

Байтығайдың бес баласының ішіндегі кенжесі Кенжебайдан Жаңабай туады. Жаңабайдан: Демеубай, Медеубай, Текебай, Бұралқы, Тоғызбай. Қазіргі бұлақтардың бәрі сол кісілердің  атымен аталған. Жаңабай заманында ел билеген адам болған. Балаларының ішінен Бұралқы Қоқан дәуірінде Шоқай датқамен үзеңгілес, өз болысының датқасы атанған адам. Бұралқы датқа жөнінде  белін қыл шылбырмен байлап жүретіндіктен ел ішінде “Қылбелеу Бұралқы” датқа аталған. Ескі деректер бойынша ол кісі руласы Төбет батырмен бірге Кенесары әскерімен бірге орыстарға қарсы соғысты деген дерек бар. Бұралқы датқаның бел баласы Білтебай батыр болған деп мен өз әкемнен естідім. Ол кісі Білтебайды көрген екен.  Шәуліден кішкентай кісі болатын, малдасын құрып отырғанда, азаннан кешке дейін бір жағына қисаймайтын. Ат үстінде адам баласына алдырмайтын шапшаң кісі деп еді. Білтебай 1930 жылдары қайтыс болып, өз атындағы бұлақтың бас жағына тау бөктеріне жерленген. Ол кісінің шөберелері қазірде осы Жаңатас қаласында тұрады. Атақты Созақ көтерілісінде «Аңқайлар» Саудакентті басып алыпты дегенді естіп, балаларына: — Атты ерттеңдер, қару-жарағым қайда? — деп, ақбоз атқа мініп, найзасын асынып, Саудакентке қарай кетіп бара жатқан жерінен балалары зорға қайтарыпты деген әңгімені де әкем айтқан еді. Білтебай сол кезде тоқсанға келіп қалған екен.

Мақала жазушы

Пернебай ДҮЙСЕНБИНнің

«Сарысунама» кітабынан алынды

(Жалғасы келесі сандарда)

Leave A Reply

Your email address will not be published.