Ұрпағымен көгерген жан еді

0

Өмірінде пенде болып біреуге жаманшылық ойлап көрмеген ары да,жаны да мұнтаздай тап-таза адаммен пікірлесіп, сұхбат құрудың өзі бір бақыт.

Ондай дегдар адамның қасында өзіңнің де жан дүниең бөгде ойлардан ада болып, әншейінде сұрқай тартып тұратын өмір шіркіннің әп-сәтте жайнап жүре беретіні бар-ау! Жаны   жайсаң адал адамдар туралы ойласам болды, Ұлтуған апаның зипа дидары көз алдыма келеді. Нұрлы жүзінен ізгіліктің, имандылықтың әсіресе мейірімділіктің жылы лебі есіліп тұратын. Баласы Жаңабаймен сонау 70-жылдары мектепте бірге оқыдық. Бүгінге дейін достық көңілмен араласып тұрамыз. Сол себептенде аракідік қара шаңырақта отырған кіші ұлы Меңдиярға барып, Ұлтуған апаға сәлем беріп, әңгіме тетігін босатып, өткен-кеткен естелігін  тыңдаушы едім. Біздің түп-тамырымыз ұлы жүздің Дулатынан өрбитін Жаныстың Қапалынан тарайды. Қапал-Жаныстың  сегіз  баласының ішінде батыл, өжет, қайсар мінезді болып ер жеткен екен. Ес білгеннен қолына қару алып елін қорғапты. Тәуекел, Есім хандармен үзеңгі қағыстырып, бірге жүріп, әскер басы қолбасшы болған екен. Дұшпанымен ымыраға келмеген жеңімпаз болыпты. Сол себепті халық арасында “Қапал батыр досына қатал, жауына апан” деген мәтел қалыптасқан екен. Қапал ағайындардың  дені Тараз қаласының төңірегіндегі ауылдарды мекендейді.Бұл әулет шежіресі туралы жас кезімде әкем марқұм айтып отырушы еді.Біздің әулеттің мәңгілік дамылдап жатқан қорымдары да бұрынғы “Пионер” колхозының маңында.

Әкем Пәрімбек інісі Іңкәрбек екі ағайынды. Іңкәрбек көкемнің балалары Мәскеуде оқыған зиялы да сауатты  жандар болды. Мәртебелі үлкен қызметтер атқарды. Қаратау, Жаңатас қалаларында қызмет істегенде қамқорлығын, қолдауын көрсетіп тұрды. Өзіміз бір әке-шешеден үш ұл, үш қызбыз. Үлкен ағам Төленді ұзақ жылдар бойы ішкі істер бөлімінде істеді. 2013 жылы 95 жасында өмірден озды. Мен 1937 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. Қазіргі облыстық драма театры маңайында Радищев деген көше болды, сонда жеке үйіміз бар еді.  Іргемізде қалалық наубайхана жұмыс істеді. Үй арасын ұзына бойы биік дуалдар бөліп тұратын. Сол наубайханада әкем ұзақ жыл технолог болып жұмыс атқарды. Екінші ағамда сол мекемеде еңбек етті. Әкем Пәрімбек елгезек әрі тірлігіне  мығым өте пысық болатын. Соның арқасында тұрмысымыз едәуір жақсы болатын. Дастарханымыздан ыстық нан, тәтті тоқаштар, қаймақ-сүт арылмайтын. Әкеміздің қолы ашық еді. Қамкөңіл жандарға  үнемі көмек қолын созып тұратын. Төленді ағам еңбекке ерте араласып, отбасымыздың қолғанаты бола білді. Рабиға жеңгемізді  де  анамыздан кем көрмейтінбіз. Үйімізден онша алыс емес Пушкин көшесінде Жамбыл Жабаев атындағы орталау мектепте оқыдым. Жеті жылдықты аяқтаған соң, алты айлық курсқа түсіп тігінші мамандығын игердім. Пешенемнің маңдайға жазғаны шығар, Алланың бұйрығымен 1956 жылы Тоғай  Орынғазыұлының шаңырағына келін болып түсіп, отбасын құрадық. Жаратушы иемнің ниеті түзу боп, қариялардың  ақ батасы қабыл болған шығар, өсіп өндік.Бес ұл, бес қыз өмірге келді.

Көсегеміз ұрпақпен көгерді.Отағасы тағдырдың ауыр тауқыметін көп көрген кісі еді. Балалар үйінде тәрбиеленіп, Ұлы Отан соғысының сұрапылында ауыр жараланған. 1975 жылы зейнетке шыққанға дейін ауданда жауапты үлкен қызметтер атқарып, бірнеше мекемелерде басшылық  жасаған. Жұмыс десе ішкен асын ұмытатын. Ертелі кеш ат үстінен түспейтін. Ұл-қыздарын айрықша жақсы көрді. Ұқыптылыққа, ұстамдылыққа, жауапкершілікке, адалдыққа үйретті. Тағылымды тәрбие берді. Жаймашуақ ақжарқын күндеріміз өтіп жатты. Қасірет қайғы деген табан астынан екен ғой. 1978 жылы сәуір айында күтпеген жерден  отағасы инсульт алып, аяқ-қолы жансызданып, тілден айырылды. Апармаған дәрігеріміз жоқ. Болмады, ем қонбады. Содан төсекте тоғыз жыл жатып, 1987 жылы тамыз айында дүниеден озды. Көптеген қиындықты ауыр күндерді бас-тан өткіздік. Шүкір, тәубе деймін.Бүгінде қариямның көзіндей болған ұл-қыздарым жеке-жеке отау тігіп, түтіндерін түзу шығарып отыр.Немере-шөберелерімнің өзі бір ауылға жетеқабыл.

Ұлтуған апаның айтқаны да, айтары да мол еді. Ол кісінің еріне деген, ұл-қыздарына, немерелерімен келіндеріне деген жанаямастығына тәнті болар едім. Апаның санаулы ғұмыры отбасына арналды. Асыл ана балаларын татулыққа, бір-бірін бағалай білуге, мәпелеуге, қандай жағдайда да бірге болуға   үйретті. Құмдай сусыған уақыт-ай. Ұлтуған апаның да жалған дүниеден өткеніне де жыл толыпты. Тән өлгенімен рух мәңгі тірі ғой. Бәлкім зеңгір көк аспанда отағасының рухымен табысқан да шығар.

Дүниеден озған ата-ана рухына, әрине негізгі сауапты іс-дұға. Яғни, таза иманды рухани болмыс.  Ал шынтуайтына келгенде  әрбір ана өзіне-өзі мәңгі ескерткіш қалдырып кетеді екен. Ол-оның өмірге әкелген ұрпағы.Одан үлкен анаға қойылған ескерткіш болуы мүмкін емес. Сол ұрпағы барда ата-ананың ғұмыры  үзілмейді, түп-тамыры тереңдей береді.

Берік  Айтқұлұлы,

Саудакент ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.