Темірден түйін түйген аға
Жұмысшы мамандықтар жылы тек атаулы жыл емес, сан жылдар бойы көп еленбей келген қарапайым еңбек адамдарына деген шынайы құрметтің белгісі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» деген болатын.
Экономиканың тұрақты дамуында жұмысшы мамандардың үлесі орасан зор. Елдің өндірістік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салалары дәл осы мамандардың біліктілігі мен еңбегіне сүйенеді.
Елеулі еңбегімен ілгері басып, өрге озған азаматтардың бірі Әмірхан Дербесұлы жайлы оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.
Әмірхан Мұратбеков 1962 жылы 25 наурызда Алғабас ауданы, Шақпақ елді мекенінде дүниеге келген.
1969 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1979 жылы бітіріп шығады. Жас жігіт 1981 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтеп, 1983 жылы туған жерге оралады. Шақпақ елді мекенінде құрылыс цехында қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. 1989 жыл 6 мамырда Тыныкүл Сүгіралиевамен отбасын құрып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.
1992 жылы Жаңатас қаласына қоныс аударады. Әмірхан аға қаламыздағы «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесіне жұмысқа орналасады. 33 жыл табан аудармай осы мекемеде темір шебері болып қызмет етіп келеді.
Жұбайы екеуі ұлын ұяға,қызын қияға қондырып, немерелерінің сүйікті ата-әжесіне айналды.
Әмірхан аға өз сөзінде:
-Жұмысшы мамандықтар жылы – Қазақстанның еңбек адамына деген құрметін көрсететін айқын белгі. Бақуатты тұрмыстың кілті – еңбекте. Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегендей, әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді. Осы мекемеде темір шебері болып қызмет етіп жүргеніме 33 жыл болыпты. Қылышын сүйретіп келетін қаһарлы қыс шығарып салма сылдыр сөз бен жүрдім-бардым жұмыстарға мойынсұнбайды. Ертеңгі күні дірдектететін қыс есігімізді қаққанда желке қасып, жер шұқылап қалмас үшін бүгінгі атқарылатын іс барынша сапалы, мінсіз болуы тиіс. Сонда ғана қаншама халықтың игіліктері үшін қызмет атқарған азаматтардың жүздері жарық, мерейлері үстем болары сөзсіз,-дейді.
Иә, еңбек адамы – ел болашағының иесі. Оның адал еңбегі, жауапкершілігі мен кәсіби шеберлігі – мемлекет дамуының берік негізі. Сондықтан әрбір азамат еңбек адамын құрметтеуге, олардың еңбегін бағалауға және солардың ізгі жолын жалғастыруға міндетті.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»