Қасиеті дарыған Құрбан айт

0

Мұсылмандар үшін аса маңызды әрі айтулы сауабы мол екі мереке бар. Оның бірі Қасиетті Рамазан айы болса, екіншісі Құрбан айт мейрамы. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Аллаһ Тағалаға жақындаған емес.

Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Аллаһ Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар» деген. Аптаның сәрсенбісінде Құрбан айт мерекесі ауданда кең көлемде аталып өтті. Аудандық орталық мешітте жамағаттың жиналуымен айт намазын оқудан  басталды. Ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев Құрбан айтының тарихы, ерекшелігі, айт намазының оқылу тәртібі туралы уағыз айтып, құрбандыққа шалынатын малдар туралы мәліметтер берді.

Жамағатты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елге тыныштық, береке мен бірлік тіледі.

Содан соң, Алланың үйіне таң сәріден жиналған жамағат жүзін құбылаға бұрып, сәждеге бас тигізіп,  Аллаға құлшылық етті.

Намаз аяқталысымен жиналған жамағат мешіт ауласында жайылған дастарханнан дәм татты.

Айтнамазына   қатысып, құл-шылығын орындап, бір-бірін күллі мұсылманға қадірлі болған мерекемен құттықтаған ағайын құрбандық шалуға кірісті.

Құрбан айтта сойылған малдардың еті аз қамтылған отбасыларға,  көп балалы отбасылар мен мұқтаж жандарға  таратылды. Айта кетейік, мереке барысында 292 қой — ешкі, 32 ірі қара мал сойылып, 478 отбасыға берілді.

Сонымен қатар, жамағат үшін мешіт ауласында аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру» орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен спорт түрлерінен (гір көтеру,  арқан тарту,  қол күресі т.б) жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар медальдар мен дипломдармен марапатталды.

Игі іс-шаралар барлық ауылдық округтерде жалғасын тапты.

Сауапқа кенеліп, жақсылық жасауға асығатын Құрбан айт мерекесі күллі мұсылман үшін берекелі мереке болып табылады. Бейбітшіліктің бастауы ізгі амалдардың жаршысы болған айтулы мейрамның құндылығы жоғары екенін қазақ халқы санадан шығармақ емес.

Самат Тоқбанов,  «SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.