«Жаңатас-Су-Жылу»-дың жұмысы жүйелі
Жаңатас қаласының тоқсаныншы жылдардағы терең тоқырауда тоз-тозы шыққанын ешкім де ұмыта қойған жоқ. Бір кездегі одақтас мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстар үзілген соң өндіріс өрге баспады. Соның салдарынан жұмыссыздық белең алды. Шаһарда жарық, су, жылу беру үлкен мәселеге айналды. Қыстың қақаған суығында жаураған тұрғындардың кейбірі көпқабатты үйдегі пәтерлеріне пеш орнатып, от жағуына мәжбүр болды. Өйткені, басқа амал жоқ еді. Қиындыққа шыдамаған жұрттың көбі сыртқа қарай көшіп жатты. Қаладағы жаңа ықшамаудандар қаңырап бос қалды. Нәпақа табу үшін тепсе темір үзетін жігіттер көпқабатты үйлерді талқандап, болмашы арматураларды сатып күнелтуге көшті. Сонда көп адам бұл қаланың қайта еңсесін тіктейтіндігіне сенген жоқ.
Сол бір өтпелі кезеңде мемлекеттің ұзақ мерзімді даму стратегиясын қабылдауы Жаңатастың да «екінші тынысын» ашты. Әуелі шаһар Сарысу ауданының орталығы болып бекітілді. Кейіннен химия өнеркәсібіне инвестиция тартуға жағдай жасалды. Моноқалаларды дамыту бағдарламасының да тигізген шарапаты мол. Соның нәтижесінде қалада жұмыс орындары көбейіп, тұрғындардың өмір сапасы арта бастады. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, құрылыс та қарқын алды. Жарамды үйлер қалпына келтіріліп, халыққа берілді. Қазір тіпті бос тұрған үй таппайсыз. Ал тұрғын үй кезегі болса жылдан-жылға өсіп барады. Бұл әрине, жақсылықтың нышаны.
Жаңатас туралы сөз қозғағанда «Жаңатас-Су-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны туралы айтпай кету мүмкін емес. Өйткені, бұл кәсіпорын- кеншілер шаһарының жүрегі. Сарысу ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөліміне қарасты кәсіпорын 2002 жылдың 1 қаңтарында ұйымдастырылған. 2022 жылдың 23 мамырынан бері іргелі ұжымды білікті басшы, білгір ұйымдастырушы Абуталип Абилов басқарып келеді.
–«Жаңатас-Су-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны «Жылу энергиясын өндіру, бөлу, беру және онымен қамтамасыз ету», «Суды таратушы желілер арқылы беру», «Сарқынды суларды бұру» сияқты коммуналдық қызметтерді көрсетеді. Кәсіпорынның штаттық кестесі бойынша 322 адам еңбек етеді. 2024 жылы орташа айлық көлемі 127 786 теңге болған. Ал 2025 жылғы орташа айлық көлемі 137 663 теңгені құрап отыр. Жалақы бойынша жұмысшылар алдында қарыздар жоқ.
Кәсіпорын Жаңатас қаласы және Дегерес, МЭЗ, Бүркітті жеке секторлары бойынша – 8522 абонентке қызмет көрсетеді. Оның ішінде жылу энергиясымен қамтылатын қала тұрғындары – 6684 абонент. Сонымен қатар 40 бюджеттік мекеме (4 орта білім беру ошағы, 4 бөбекжай- балабақша, 2 денсаулық сақтау нысаны), 387 кәсіпкерлік нысан тұрақты тұтынушылар қатарында.
Қалалық қазандық 5 су жылыту қазаны және 3 бу қазандықтарымен жабдықталған. Қазандықтың белгіленген қуаты – 96,540 Гкал/сағ. Жылу алу желісіне тіркелген жүктемелер қуаты – 53,94 Гкал/сағ. 2025-2026 жылдардағы жылу маусымына жалпы қажетті отындық қара май көлемі- 12 805 тонна. Бүгінгі таңға жеткізілген қара май көлемі – 8307 тонна. Қалған қара май көлемі, яғни, 4498 тонна бекітілген кестеге сай жеткізілуі нақтыланып бекітілген, –дейді Абуталип Тұрсынбекұлы.
Расында да осы сандарға қарап отырып жұмыстың жүйелі жолға қойылғанын аңғаруға болады. Әсіресе, қысқы жылу беру маусымына дайындық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл тұрғыда дана халқымыз «Қыс шанаңды жаз сайла» деп тектен-тек айтпаған. Міне, алдын ала қамданудың арқасында кезекті маусым қалыпты өтуде.
Тағы бір айта кетерлігі, Сарысу ауданына көгілдір отынның тартылуы да көптің көңілін демдеп, ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсуде. Ауқымды жоба кезең-кезеңімен іске асып жатқанынан жұрт хабардар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дегендей, газдандыру желісінің іске қосылатын күні де жақын қалды. Осы орайда «Жаңатас-Су-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны да өз тарапынан әзірлік жұмыстарын қолға алған болатын. 2024 жылы «Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында орналасқан қалалық қазандықты газдандыру» жобасы бойынша республикалық бюджеттен 2,84 миллиард теңге, облыстық бюджеттен 1,161 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 40 миллион теңге бөлініп, «Bosch» маркалы 4 дана су жылыту және 1 дана бу қазандығы барлық қосалқы қондырғыларымен орнатылды. Бүгінгі таңда қазандықтар штаттық режимде бу өндіру және су жылыту өндірісінде жұмыс жасап тұр.
Жалпы, қала іші бойынша жылу жеткізетін желілердің жалпы ұзындығы – 46,5 шақырымды құрайды екен. 2023-2025 жылдары жылу желілерінің — 4,33 шақырымын жөндеу-ауыстыру жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджет есебінен 345,74 миллион теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары атқарылған.
Кәсіпорын жылу беруден бөлек ауыз су тарату бойынша да аз жұмыс атқарып жатқан жоқ. Ауызсуды көтеру «Бүркітті» (12 шақырым) және «Көп-бұлақ» (30 шақырым) бастоғандарынан ІІ-көтерілім сусорғы стансасына жеткізіліп, осы су стансасы арқылы қала ауыз су тұтынушыларын тәулік бойы қамтамасыз етеді.Бұл әрине, айтуға ғана оңай шаруа. Әйтпесе осы жолда қаншама маман кезекшілік кестесіне орай тынымсыз тер төгетінін әсте ұмытуға болмайды. Сарқынды суларды бұру да салмақты міндет. Сарқынды суды бұру қала және жеке секторлар ішіндегі кәріз су желілері арқылы Тазалау ғимаратына қабылданып, тазартылып қаладан қашықта орналасқан жиынтық тоғандарына сорғылармен айдалады.
–2023 жылдың тамыз айынан бастап Сарысу ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі басшысының №46 бұйрығымен аудан шеңберінде орналасқан мектеп және бөбекжай- балабақшаларды жылу энергиясымен қамтамасыз ететін жалпы саны 34 нысан қазандықтары сенімгерлік басқаруға тапсырылған. 2025-2026 жылдар жылу өндіру маусымына қазандықтар қажетті отындарымен қамтамасыз етілген.
Әрине, қандай жұмыс болса да қаржыға келіп тіреледі. «Судың да сұрауы бар» дегендей әр көрсетілген қызметке тиісті төлем белгіленген. 2024 жылғы «Жаңатас-Су-Жылу» кәсіпорнының коммуналдық қызметтерге тарифтері бойынша тоқталсам, жылуды орташа босату 1 Гкал үшін қосымша құн салығынсыз – 7862,86 теңге, қосымша құн салығымен 8806,40 теңге болып белгіленген болатын. Ал 1 текше метр ауызсу үшін орташа босату қосымша құн салығынсыз– 70,31 теңге, қосымша құн салығымен 78,75 теңге болып айқындалды. Сол сияқты 1 текше метр ағынды су үшін орташа босату қосымша құн салығынсыз– 35,59 теңге, қосымша құн салығымен 39,86 теңге болып қалыптасты.
Бұл былтырғы баға. Тарифтік саясатқа байланысты биыл бірқатар өзгерістер енгізілді. Нақты айтқанда, жылуды орташа босату 1 Гкал үшін қосымша құн салығынсыз– 11381,03 теңге, қосымша құн салығымен 12746,75 теңге болды. Сонымен қатар 1 текше метр ауызсу үшін орташа босату қосымша құн салығынсыз– 105,80 теңге, қосымша құн салығымен 118,50 теңге деп белгіленді. Бұдан бөлек1 текше метр ағынды су үшін орташа босату қосымша құн салығынсыз – 41,58 теңге, қосымша құн салығымен 46,57 теңге ақы алынуда.
Әрине, тариф өздігінен қалыптаспайды. Нарық талаптарына сәйкес жұмысты жолға қоя білуіміз керек. Қазір алдымызда тұрған ең басты міндет- ағымдағы қысқы жылу беру маусымын іркіліссіз өткізу. Сол үшін күні-түні кезекшілік ұйымдастырып, барынша сапалы қызмет көрсетуге күш салып жатырмыз. Бұл тұрғыда облыс, аудан басшыларының қолдауы көп. Өз кезегімізде артылған сенімді адал еңбекпен ақтауға тырысып келеміз,- дейді кәсіпорын басшысы.
«Sarysý»,Ақпарат