Адал еңбек-табысқа жетудің кілті

0

Халқымыз «Еңбек-адамның көркі, адам-заманның көркі» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек-бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті», -деген еді Еңбек күнімен құттықтауында Мемлекет басшысы.
Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу-әрбір жанның мамандыққа деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел қошеметіне бөленіп, жасынан еңбегімен еңсе тіктегендердің бірі-«Жаңатас-Су-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында жүргізуші болып аянбай еңбек етіп жүрген-Сәдуақас Әуелбекұлы Тасырбаев.
Кейіпкеріміз 1961 жылы қаңтар айында Ташкент облысы, Бөке ауданы, Көкарал совхозында дүниеге келген. 1978 жылы Көкарал совхозындағы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын бастаған. 1979-1981 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Әскерден келген соң сол совхозда тракторшы болып еңбек ете бастайды.
1988 жылы жұбайы Қарлығаш Кеңсейітова екеуі отбасын құрады. Өмірлік жолдасы да М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында лаборант болып жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Үш қыз, 1 ұлды тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, 13 немере сүйіп отырған бақытты ата-аналар.
2008 жылы Қазақстан Республикасына ел үдере көшкенде бұл отбасы да Атамекенге қоныс аударады. Қоныс аударғанда табан тіреген жері Жаңатас қаласы болады. Қоныстанып болған соң осы қаладағы «Жаңатас-Су-Жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына трактор жүргізуші болып жұмысқа орналасады.
Саналы ғұмырын көлік жүргізуге арнаған Сәдуақас Тасырбаев: «Кез келген жұмысқа немқұрайлылықпен қарау табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен көлікке жақын өскендіктен сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетуге болатынын білемін. Мен осы мамандықты таңдағаныма өте қуаныштымын. Маған барлығы қызық-техниканың құрылысы да, жүргізу де, дегенмен жүргізушінің жұмысы оңай емес. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, көліктің жағдайын түсінемін. Бірақ бұл тәжірибемен келеді. Жүргізуші мамандығы шыдамдылықты, жолдағы күтпеген жағдайларға тез бейімделуді талап етеді. Жүргізушінің еңбегі оңай емес және өте жауапты. Қазірде елімізде жұмысшы мамандықтарына, қара жұмыс істейтін қажыр-қайрат иелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Адал еңбек абыройға бөлейді, табысқа кенелтеді. Жұмыс істеймін деп талаптанған жан ешуақытта елеусіз қалмайды», — дейді.
Жұмыс барысында ол өзін еңбекқор, адал, ұқыпты және жауапты қызметкер ретінде көрсетті. Сәдуақас Әуелбекұлы Тасырбаевтың көп жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Аудан және қала әкімдерінің Алғыс хаты, кәсіпорынның мақтау қағаздарымен марапатталған.
Адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Тынымсыз тірлік етіп жүрген еңбек адамдары, солардың бірі-Сәдуақас ағамыз үлкен құрметке лайық. Зейнеткерлікке шықса да жұмыстан қол үзбеген ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Камели Сүлейменова,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.