Философия ғылымының докторы атанды

0

Білім ордаларында 20, 30, 40, 50 жыл бұрын мектеп қабырғасынан өмірге қадам басқан шәкірттер кездесіп, өздерінің алтын ұя мектептеріне, оқытушыларына естелік сыйлықтарын тарту етіп, алғыстарын білдірген болатын.

Осындай жиындарда жерлесіміз, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Диссертациялық кеңестің шешімі және Басқарма Төрағасы-Ректорының бұйрығы негізінде «6D075100 – Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығы білім беру бағдарламасы бойынша барлық құқықтар, артықшылар мен міндеттерге сәйкес Философия докторы дәрежесі берілген Меруерт Жұмабекқызы Сақыпбековамен  кездесіп, еңбек жолы жайлы әңгімелескен болатынбыз.

Меруерт Жұмабекқызымен кездескен кезде жүзі жылу, табиғаты ұстаз, жайсаң тұлға екені сөзсіз білінді. Өзінің қай өлкеден, қайда оқығаны, мектебі жайлы, алған білімдері туралы және бақытты балалық шағы туралы қызық сәттерін айтып берді.

Меруерт: 1976 жылы 2 шілдеде Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында көп балалы отбасында дүниеге келгенмін. 1983 жылы Байқадам қазақ орта мектебінің табалдырығын аттадым. Мектепте үздік оқушылардың қатарында болдым. Мектеп қабырғасында достарыммен байқауларға қатысып, бір-бірімізбен әр түрлі ойындар ойнап қызық болушы еді. Міне, кездесуге келіп, солардың бәрі көз алдымнан тізбектеле өтіп, балалық шаққа саяхат жасағандай болдым.

Ал, 1993 жылы О.А.Жаутіков атындағы республикалық арнайы физика-математика мектеп-интернатын, 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің механика-математика факультетінің «қолданбалы математика» мамандығын тәмамдап, 2003 жылы сол университеттің магистратурасын «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолыңызды қашан, қандай мамандық бойынша бастадыңыз?

-Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінің «6D075100 – Информатика, есептеу техникасы және басқару» мамандығының докторантурасын аяқтап, еңбек жолымды өзіміздің аудандағы орта мектепте информатика пәнінен сабақ беруден бастадым. Одан кейінгі жылдары «Данашым» мектебінде информатикадан, «Сенім» мектебінде математикадан сабақ бердім, 2005-2013 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде физика-математика факультетінің информатика және қолданбалы математика кафедрасында аға оқытушы, 2013 оқу жылынан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің механика-математика факультетінің информатика кафедрасының аға оқытушы болып қызметін атқарып келемін.

Сізден сұрайыншы, қанша тілді жетік меңгергенсіз? Қай тілді көбірек қолданасыз?

– Мен білімімді жетілдіру мақсатында, еліміздің болашақ ұрпақтарын білімді, озық мемлекеттердің жастарындай  алғыр, әрі сауатты  болуына бағытталған білім беру жолында өз тәжірибемді шыңдау үшін әлемнің көптеген елдерінде болдым, онда Бельгия, Голландияда жұмыс сапарларымыз жиі болып, Германияда оқыдым.  Отаннан ыстық жер жоқ! Ұлтымды бәрінен биік қоямын.

Әрине, «қанша тіл білсең, сонша адамсың». Бірақ қандай жағдайда да ана тіліңнің айбыны ең биікте тұруы қажет. Мен өзім үш тілде емін-еркін сөйлеймін. Шет елдерге шыққанда ағылшын тілінде сөйлесеміз. Ал, отбасымда балаларыммен,  туған-туыстармен тек өз ана тілімізде сөйлесіп, әңгімелесеміз.

-Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз

— Отбасы — адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, осында ер жетеді. Отбасы – ол да бір шағын ғана мемлекет. Отбасымда жолдасым —Алиби Сағымбекұлы Несипбаев Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «AMANAT» партиясы жанындағы стратегиялық тағайындау бөлімінің бастығы. Екі бала  тәрбиелеп отырмыз.

-Еліміздің ертеңі, мем-лекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Жастарға сұхбат соңында не айтар едіңіз…

-Заманның заңғар тұлға-ларының бірі – Міржақып Дулатов: «Алыстан алаш десе, аттанамын, қазақты қазақ десе мақтанамын», — деп айтқанындай арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты жастарымыз жаңа идеяларды жүзеге асырып, өміршең істердің бастауында тұрғанда бүгінгі жас ұрпақпен  әрқашанда мақтанамыз.

Бүгінгі жастарға айтарым, әрбір жас жүрек өзінің туған Отаны — Қазақстанын жанындай сүйіп, танып, оған табынып өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақ бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемелдене түспек.

Тарихы терең Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы артып,  ауданда инвестициялық жобалар іске қосыла берсін.  Өндірістің  дамуы халықтың  жұмыс орнының  көп болуымен ұштасатыны белгілі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.