ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ ПРОЦЕСІНЕ САЙЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

0

Аудандық сайлау комиссиясының өткен жылы атқарған жұмыстары, биылғы жылғы жоспарлары және елімізде сайлау жүйесін жетілдіру мақсатында заңдар мен заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы білу мақсатында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаевпен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

— 2024 жылы  өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамдары сайланды. Сол жөнінде айтып өтсеңіз?

— Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңына сәйкес  аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды. Ағымдағы жылы қаңтар айында мәслихат шешімімен аудандық және учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамдары қалыптастырылды.

Аумақтық сайлау комиссиясының құрамына сайланған комиссия мүшелерінің 71,4 пайызы қайта сайланғандар.

Аумақтық сайлау комиссиясының құрамы ҚР сайлау туралы заңына енгізілген өзгерістерге орай және ҚР Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген біліктілік талаптарына сәйкес жасақталды.

Учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары бойынша 74,84 пайызы қайта сайланғандар, яғни бұрынғы құрамда комиссия мүшелері ретінде жұмыс атқарғандар. Алғаш рет сайланғандары 25,16 пайызды құрайды. Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды.

Айта кетуім керек, Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен ағымдағы жылғы сәуір айында өкілеттіктерін кәсіби тұрақты негізде жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссия мүшелерін және жаңадан сайланған учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту-семинар өткізуді жоспарлап отыр. Осы іс-шара аясында кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар ұйымдастырылады.

— Ағымдағы жылғы 27  ақпанда аудандық сайлау комиссиясының  2023 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебі өтті. Сол туралы не айтасыз?

— Есепті кездесуге  Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкелов және аудан әкімі С.Мамытов  қатысты.

2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу барысында Сарысу аудандық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңы мен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарына сәйкес ұйымдастырды.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес  «Сарысу» аудандық газетіне 13 хабарлама, аудан әкімінің сайтындағы Сарысу аудандық сайлау комиссиясының парақшасына 18 хабарлама жарияланды. Сайлауды әзірлеу мен өткізу  кезеңінде  аумақтық сайлау комиссиясының 7 отырысы өткізілді,  тиісті хаттамалық шешімдер қабылданды.

Электоралдық кезеңде барлық сайлау комиссиялары мүшелерінің функционалдық міндеттері бекітіліп, таныстырылды.

2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу барысында аудандық, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, сайлауды заң талаптарына сәйкес өткізу үшін нақты жұмыстар  атқарды.

Аудандық мәслихат депутаттары толығымен мажоритарлық жүйемен бірмандаттық округтер арқылы сайланды.

Есепті кезеңде Байқадам, Досбол, Жайылма ауылдық округтерінің  және Жаңатас қаласы әкімінің тікелей сайлауы өтті. Әкім болуға ұсынылған  кандидаттардың жалпы саны 18, оның ішінде:  4 саяси партиялардан, 14 үміткер өзін-өзі ұсынғандар.

Бұл жерде кандидаттарды ұсыну барысында саяси партиялармен бірге  азаматтардың тарапынан өзін-өзі ұсыну белсенділігі артқанын байқауға болады. Аудандық маңызы бар қала және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын   өткізуге даярлық барысында тиісті сайлау округінің дауыс беруге құқығы бар сайлаушыларының жалпы санының кемінде бір пайыз даусымен қолдауына ие болып, кандидаттыққа үміткер ретінде өзін-өзі ұсынған 14 азаматтың ішінен 1 азамат қала әкімі болып сайланды немесе жалпы сайланған әкімдердің 25 пайызын құрайды. Сонымен қатар есепті кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен белгіленген өкілеттіктерін тиісті деңгейде атқарды.

Жиын соңында сайлау жүйесі мен ауданның қоғамдық-саяси дамуына жоғары белсенділік танытқан сайлау  комиссияларының мүшелері мен қоғам белсенділері Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының және  аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

— Биыл 1 ақпанда-Дүниежүзілік сайлау күні атап өтілді. Осыған тоқталып өтсеңіз?

— Еуропа елдерінің сайлауды ұйымдас-тырушылар қауымдастығының (ЕЕСҰҚ) 2005 жылы Будапешт қаласында өткен конференциясының шешіміне сәйкес жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні атап өтіледі. Қазақстан аталған қауымдастықтың толық құқылы мүшесі. Сондықтан да бұл күн-еліміздің сайлау ұйымдастырушылары үшін де кәсіби мереке. Оның аясында өткізілетін іс-шаралардың барлығы халықтың электоралдық-құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталады.

Сайлау туралы білімді арттыруға және сайлаушылардың сайлауға қатысуға жалпыға бірдей құқығы мен бостандықтарын құрметтеумен сайлау үдерістерін жетілдіру мәселелері сарапталады. Елімізде сайлау жүйесін жетілдіру мақсатында заңдар мен заңнамалық актілеріне бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Осы орайда, ағымдағы жылғы 2 ақпанда аудандық сайлау комиссиясы мен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстанның жас сайлаушылары» тақырыбында Жаңатас көпсалалы колледжінде жас сайлаушылармен кездесу өткізілді.

Елімізде сайлау жүйесін жаңғыртуға, сайлау заңнамасын үнемі жетілдіріп отыруға айрықша мән берілетіндігі осы кездесуде жан-жақты айтылды. Бұл қоғамды демократияландыру процесіне сайлаудың маңызы зор екенін көрсетеді.

Жиында сайлаушылардың негізгі бөлігін құрайтын жастардың сайлау науқандары кезінде белсенділік таныту қажеттілігі айтылып, қойылған сұрақтарға заң аясында жауаптары берілді.

— Биылғы жылға жоспарларыңыз қандай?

— Аудандық сайлау комиссиясының 2024 жылға арналған жұмыс жоспары айларға және әр тоқсанға белгіленіп бекітілген. Барлық атқарылатын жұмыстар заңда белгіленген өкілеттіктер мен  жоспарға сай жүргізіледі.

2024 жылы  Қамқалы және Жаңаталап  ауылдық округі әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Аталған ауылдық округтерде заң талаптарына сәйкес әкім сайлауы өтеді деп жоспарлануда. Қазақстан Республикасының азаматы әкім болып сайлану үшін Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы  және Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік  басқару    және өзін-өзі басқару туралы заңдарының және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тиісті аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.

Айта кету керек әкім болуға кандидат Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестікті тексеру үшін тиісті аумақтық сайлау комиссиясына қажетті құжаттарды ұсынады, оның тізбесін Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.

— Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.

Сұхбатты жүргізген:

Камели Сүлейменова,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.