Мен сенің өміріңнің жалғасымын…
Шыр етіп жарық дүниені ашқан сәтіңде ұрпағымның жалғасы, өмірімнің қуанышы келді деп бақыттан бөркін аспанға атып, сүйіншіге қолындағын аямайтын әкелердің баласына деген махаббаты бөлек қой. Шаттықтан жүрегі жарылардай қуанса да, эмоциясын ішінде сақтап бір ғана жымиыс-пен білдіру нендей әсер.
Әкелердің балаларына деген қамқорлығы мен ыстық махаббаты мөлдір таза бұлақтай. Мына ғазиз өмірмен алғаш танысқан шақта сені көкке көтеріп, еркелетеді. Мауқын басып иіскейді. Алғаш рет әкеңнің иісін сен де сезесің. Қанша қара жұмыстың ащы дәмі мұрныңды жарса да сен үшін сол иістен артық нәрсе жоқ секілді. Міне, әкемен алғашқы қауышу осыдан басталады. Тәй — тәй қадам басып, былдырлаған тілмен үй ішін күлкіге бөлеген сәтте жақсы мен жаманды үйретіп, өмірдің сырларын терең ұқтырады. Үйде әкеңнің киімін киіп алып, айнаға қарап үлкейгің келеді. Аяқ киімін сүйретіп, шалынып құлайсың. Осылардың барлығын бақылап отырған әкең іштей мәз-мейрам болады. Мектепке алғаш рет имене аяқ басқанда білімге ұмтылған қадамыңа әкең қуанып, «Әліппені» оқытып, әріптерді үйретуде төзіммен қарайды. «Әке мен бес алдым» деп күнделігіңді көрсеткенде анаңнан тығып күнделіктің ортасына бірдеңе аларсың деп ақша салып қояды. Бұл балалық шақтың балғын көрінісі.
Өмірге деген құлшыныс артып, есейген шақта әкең сені құрдасындай көріп, түйткілді мәселелерді шешуде кеңесіп отырады. Саған арқа сүйейді. Болашағыңнан зор үміт күтіп, дұрыс қалыптасуыңа тілекші болады. Бала-шағамның қамы деп қара жұмыстан қаймықпай, қара нардай болған әкелеріміздің болмысы мен қайсарлығы ерекше ғой. Үйде анаң бір жерден қате кеткеніңде «Әкеңе айтамын», «Әкеңнен рұқсат сұра» деген бір ауыз сөздердің астарында қаншама даналық жатыр? Сондағы әкенің «Тәйт», «Олай болмайды», деген бір ғана сөзі біздің мысымызды басып, қаймықтыра түседі. Тыйымдарды дұрыс сіңіріп, өмірдің бұралаң жолдарында сүрінбеу үшін ғана үйіңдегі тірегің саған солай алаңдап, қаталдық танытады. Бұл өмірдің заңы. Сенің кішкентай ғана жетістігіңе марқайып, кеудесін көтеріп, құрдастарына — менің балам азамат болды, көрдің бе мынандай жерде бәрін жеңді деп асыра мақтайды. Әкелердің орны қашан да айрықша. Отбасына қолдаушы, әулетте абыройлы болуда аянбайды. Тек біздер қадірін кеш түсініп жататын секілдіміз. Қ.Р.Үкіметінің Қаулысымен маусым айының үшінші жексенбісі әкелер күні мерекесі тойланады. Бұл абырой иелеріне деген құрметтің бір белгісі. Бойына сан жауапкершілікті алып, ауыр жүкті мойымай көтеріп жүрген әкелердің айшықты мейрамы құтты болсын.
С.Тоқбанов,
«Sarysý»