Қазақстан болашағы-жарқын мемлекет
Қазақстан Республикасы – ынтымақтастығы мен тұтастығы жарасқан бейбіт ел. Осы күнге жету халқымызға оңайға түскен жоқ, небір соқпақтардан өтіп, қаншама адам қырылып, қаншама қан төгілді. Алайда, ғасырлар, жылдар бойы әр қазақ азаматының жүрегінде тәуелсіз, болашағы жарқын ел боламыз деген үміт оты сөнген емес.
Осы орайда, еліміздің болашағы жастардың қолында екенін атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөзінде жастарға, жас буынға жаңа мүмкіндіктер беру маңызды екенін атап өтті. Ең алдымен туған елді шексіз қадірлеу, оған адал қызмет ету, табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл –ұлтты жаңғырту үшін аса маңызды. Бұл — үлкен жауапкершілік. Ұлт болашағы аманатталатын жастар, түр-тұлғасы бөлек, парасат пайымы ерекше, жүзден жүйріктер, Абайша айтқанда, нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі жас буын.Қазіргі өзгерістерге толы жаһандық сын қатерлерге жауап бере алатын мықтылар. Себебі, қазір әлем тыныш емес. Елдер арасындағы саяси қақтығыстар әлемдік жағдайды сағат сайын өзгертуде. Қазіргі заман сынақтары ұшқыр ойын білдіріп, нық сөйлеген, өз саласының білікті маманы болуды, үздіксіз дамып, білімін жетілдіріп отыру маңыздылығын талап етіп отыр.
Заманауи үні ойы мен талабынан шыққан жас көшбасшыларды жұмылдыру – интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет. Жүктелген жауапкершілікті сенімге селкеу түсірмей атқарып, елдің өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсаса – алынбайтын қамал, бағынбайтын асу болмас. Мемлекет басшысының осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады»деген сөзі ойымызға оралады.
Қорыта айтар болсам, халыққа жан-тәніңмен қызмет ету, адал болу -әр азаматтың патриоттық борышы. Барлық қадамымыз және шешіміміз сапалы орындалу керек. Тың серпін беретін жаңа идеялар мен нәтижелер көрсету маңызды. Білім алу, тіл үйрену, бәсекеге қабілетті болу, ұлтқа адал қызмет ету және отанды Абайша сүю. Осы құнды қасиеттерді бойына жинақтаған саналы ұрпақ қана ұлтты жаңғыртып, жаңа белеске көтере алады.
Е.КУЛБАЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры
Игілікті істердің бастауы
Бүгінде елді мекендерде игілікті істердің төбе көрсетуіне сеп болған «Жомарт түлек»
жобасы елжандылық пен жомарттыққа бастайтын даңғыл жол екенін уақыт өзі айқындауда.
Жобаның түпкі мақсаты – туған жеріне қарайласу, түлеп ұшқан төрін түлету, ауылының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жоғарылату болып табылады.
Айтулы жоба аясында 1998 жылы мектеп бітірген, 1980-1981 жылғы азаматтар Досбол орта мектебіне демеушілік жасап, қабырғаға соңғы үлгідегі 2 дана стенд жасап тапсырды. Мұнда мектеп тарихында қызмет атқарған ұстаздар мен түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің суреттері ілінген. Өздері оқыған білім ордасының дамуына үлес қосып, патриоттық сезімнің озық үлгісін көрсетті.
«Sarysý-Aqparat»
Чемпиондар
Спорт-денсаулықтың кепілі, жанның серігі. Сергектікпен қатар, төзімділікті қажет ететін спортта сайыпқыран саңлақтар өңірдің мерейін асырып, сайыстарда жүлдемен оралып жатады.
Жуырда Астана қаласында өткен жауынгерлік самбодан жастар арасында Азия чемпионатында сарысулық қыздар жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда: 54 келі салмақ бойынша Салимьянова Рамиля 1- орын, 65 келі салмақ бойынша Алмағанбетова Жансая 1 — орын және 59 келі салмақ бойынша Байғараева Сағат 2-орынды иеленіп, жеңіспен оралды. Жаттықтырушы Бақыт Батырұлының шәкірттері жарады. Жас спортшыларды баптап, жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосып жүр. Нәзікжандылардың толағай жеңісіне мерейіміз тасып жатқанда тағы бір сүйінші хабар келіп жетті. Жақында Алматы қаласында өткен Бодибилдинг және фитнес спортынан Орта Азия чемпионатында Жаңатас көпсалалы колледжінің білімгері, жаттықтырушы Рүстем Малдыбаевтың шәкірті Ибрашев Амир 2-орынды алып, ауданның намысын абыроймен қорғап қайтты.
Аудан спортының қарыштап, дамуына зор үлес қосып жүрген жас спортшыларымызға табыс тілейміз.
Баян Нарынбаева,
аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің статисті
Ата-ана мен балабақшаның бала тәрбиесіндегі рөлі
Тәуелсіз еліміздің келешек ұрпақты тәрбиелеу мәселесі бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Бұл мәселенің шешімін табуда үздіксіз білім беру жүйесі айтарлықтай дәрежеде қайта қаралып, оны жетілдіру жолдары іздестірілуде.
Бұл алға қойылып отырған негізгі талаптар – Қазақстан білім беру жүйесінің бүкіл әлемдік білім беру кеңестігіне толық енудің алғашқы даму стратегиясын жасау болып табылады. Айтылған талаптардың жүзеге асырылуы бағытындағы жұмыстың үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы – мектепке дейінгі ұйымдарда баланың білімге деген құштарлығын арттырудан, ұлтымызға тән қасиеттерін бойына сіңірген бала тәрбиелеуден бастағанның маңызы зор.
Балабақша — бүлдіршіндерді болашақта ата- дәстүрін сақтайтын инабатты да, ибалы үлкен-кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы. Өмірге келген жас ұрпақты тәрбиелеу ата-аналар мен балабақша тәрбиешілерінің қасиетті борышы.
Бала үшін дүниеде ең жетілген, білімді де, мәртебелі адам – оның ата – анасы. Ал, ең әдемі де жарық үй – оның туылған үйі. Жас баланың дамуында ата-ананың орны ерекше, сондықтан ата-ана өз отбасында қолайсыз жағдайларды баланың көзінше тудырмауға тырысуы қажет. Отбасындағы ұрыс-керіс баланың жүйкесін тоздырады. Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал мұндай көріністер баланың бойына кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Ата-аналар балаға отбасылық өмірдің алуан түрлі, қыры мен сырын дүние жұмбақтарын танытып, тағылым талғамға, әдептілікке баулуға тиіс. Себебі, ата-ананың күнделікті өмір тіршілігіндегі еңбегі, адамның бейнелері, жақсы мінез-құлқы, дұрыс қарым-қатынасы – балаға үлгі. Баланың алдында барынша сабырлы әрі ұстамды болуға тырысу керек, ата-ана өзі үлгі бола отырып, баласын сабырлылыққа тәрбиелейді. Әрбір ата-ана өз баласы үшін-басты тұлға. Сондықтан да кез-келген бала алдымен үлгіні ата-анасынан алады. Бала әкеден ақыл, анадан мейір алады. Ата-ана баласымен пікірлесуде бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қорламай, мейірімді, табиғи, жылы ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбие де табысқа жетеді, өйткені, жақсы сөз жан семіртеді. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымның педагогикалық ұжымы ата-аналармен бірлесіп, баланы өсіріп тәрбиелеудегі басты мақсат қоғамдық өмірге «түзу кірпіш қалау» екенін ескере отырып, ал осы мақсатты жүзеге асыру үшін, алдындағы қандай болмасын қиындықтарын жеңу, соған сәби кезінен төмендегі мынадай көзқарастарды негізгі ұстаным ретінде қабылдау.
Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті ойын. Сондықтан оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай өсер бала бола ма?» — деп айтқандай баланың өмірінде ерекше орын алады. Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке басының дамуына ықпал ететін тәрбие құралы. Ойын баланың барлық қабілетінің дамуына, айналасындағы дүние жайлы түсініктерінің кеңеюіне, тілінің дамуына, құрбыларымен жақындасуына көмектеседі. Өйткені бала нәресте шағынан бастап адалдыққа, батылдыққа, мейірімділікке, еңбек етуге тәрбиелеудің құралы ойын. Осыған орай бүгінгі күндері тәрбиешілер алдында балаға білім дағдыларын игеріп қана қоймай, қабылдауын, ойлауын, қиялын, сезімін, ерік-жігерін жан-жақты етіп дамыту міндеттері тұр. Болашақ қоғамымыздың тағдыры да бала тәрбиесіне тікелей байланысты. Қоғамды дамытушы да, ілгері апарушы да осы жас жеткіншектер. Тәрбиенің сан қилы дағдыларын бала бойына дарытатын алғашқы білім баспалдағы – балабақша, жол сілтеп, жетелеп, үйретуші — тәрбиеші. Балабақшадағы тәрбие – қазақи ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан парасатты, адамгершілік қадір – қасиеті мол, физикалық және моральдық жоғары белсенді жеке адамды қалыптастырып шығару процесі болып табылады. Тәрбиелеу мен білім берудің әрекеті практикалық процесс үстінде қалыптастырылады.
Тәрбиелеу мен оқытудың міндеттері баланың осы іс-әрекет түрлерін қалыптастыру және оны белгілі бір мақсатқа бағыттап отыруды көздейді. Ойнау, еңбек ету, және білім алу барысында ақыл-ой, адамгершілік, физикалық және көркем тәрбие, даму процесі қатар жүреді. Бала осы кезде белгілі дәрежеде білім алады, іскерлікке үйренеді, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға, қоғамдық өмірдің әдет дағдыларын игеруге бейімделеді. Іс-әрекеттің тап осы түрлерін ғана дамыту арқылы тәрбиелеу білім беру міндеттерін шешуге, бала дамуын дұрыс жолмен бағыттап отыруға мүмкіндік туады. Жақсы ойлап, еңбек ете білетін әрі оқуға қабілетті баланы ересек адамдар мен балалар қоғамында өмір сүруге қажетті қасиеттерді толық игерген тәрбиелі бала деп аталуы мүмкін. Жоғарыда аталып өткен іс-әрекеттің әрқайсысы бала дамуына өзіндік, өзіне тән үлесін қосады.
Ж.Әбдірахманова, «Инабат» балалар орталығы»
ЖШС-нің тәрбиешісі