Сақта Құдай, Шығысымды
Түнек басты аспанымда,
Сыр қалды ма астарында.
Қасиетті Шығысымды,
Өрт шалды да қас-қағымда.
Тұман қылып таңдарымды,
Жалын кешті орманымды.
Абай жатқан киелі өлке,
Тілсіз жауға арбалынды.
Кешегі күй ән-жыр қайда,
Табысатын тағдыр қайда,
Өр кеудені сөндіретін,
Себелейтін жаңбыр қайда?
Десек те бұл сынақ бәрі,
Тағдыр қатал сыр ақтарды.
Боздағынан айырылып қап,
Қанша ана жылап қалды.
Сан өкініш қалар енді,
Мұңын кімге шағар енді.
Абай жұрты өрт кезінде,
Абай болса жарар еді.
Тарылтпағай тынысымды,
Айырмағай ырысымды.
Жалбарынып дұға етем,
Сақта Құдай, Шығысымды.