Топырағың торқа, жаның жаннатта болсыншы Марқұм Әлменұлы Әлсейіттің 80 жылдығына арнаймын

0

Замана ағым көзқарас таным анықтап,
Берілген өмір жүйенің жөнін қалыптап.
Алдына қойған мақсатты болжам бетке алып,
Сөйлеген сөздің ойларын түпкі байыптап.

Қоғамдық мүдде әркімнің болған ұстамы,
Қоғамға қарсы тыйылған ойлар ұшқары.
Алмасқан күндер кезеңді біздер өткіздік,
Ой-мақсат қойған біртұтас болған ұлт қамы.

Куәсі болған өтпелі өмір кезеңі,
Тарих боп тағлым соңында қалған дерегі.
Сөз зергер болған қалыптап қоғам жүйесін,
Таным мен білік насихат –үгіт өзегі.

Үн жария газет ауданның ашып ажарын,
Қыздырған еңбек өмірдің дархан базарын.
Маңдай тер төккен мақталып еңбек адамы,
Айқара ашқан бет-бейне өмірбаянын.

Бірі едің соның бірегей болған бейнесі,
Сөз нұсқа жиған ақыл-ой тұңған зердесі.
Ақындық дарып өмірге азық әр сөзі,
Марқайып көңіл басылған жанның пернесі.

Айтыста қорғап ауданның талай намысын,
Ұтымды сөзбен қыздырдың айтыс жарысын.
Болдың сен жүйрік жеңімпаз ақын ел сүйген,
Жеткізе білген айтылған сөздің мәнісін.

Жастарды шындап, ақындық аштың мектебін,
Ақ сара сөздің ескізіп ойдың ескегін.
Айтып жүр қазір еске алып сені шәкірттер,
Жастық шақ жасын сыйлаған ақын көктемін.

Баспасөз болған ауданның нағыз айнасы,
Ел-жұртың сүйер зор болған тиер пайдасы.
Қуантар елді жаршысы болып жаңалық,
Өзендей аққан шалқыған шалқып арнасы.

Еңбекқор нағыз танытқан еңбек адамын,
Өзі өмір сүрген жайнатқан жүрген заманын.
Ынтымақ бірлік өмірдің болған арқауы,
Ақжарма көңіл ескізген еңбек самалын.

Қоғамды тұтас тіндеуші болған партия,
Соңына ерген басшылық берген халқына.
Жұмыста озық басшысы болып ұжымның,
Ұйытар елді мән бердің сөздің парқына.

Туған мен туыс бауырдың болдың саясы,
Иесі төрдің сөз тыңдар елдің ағасы .
Ажарын аштың ойын-мен тойдың беташар,
Жүректі тербер айтылып сөздің сарасы.

Жарыңды сүйген жаныңның білген қалауын,
Жұпар иіс шашқан өмірдің ашқан ажарын.
Бейне бір болып Төлеген менен Қыз Жібек,
Жақтыңдар жарқын махаббат ізгі алауын.

Қадірді білген жекжат пен жұрат, дос-жаран,
Ізгілік тұнған ісіңді әрбір қоштаған.
Өзіңді бәрі алады еске сағына,
Еріксіз тұнық көз жасқа тұнып қос жанар.

Сөздерің қалды жыр болып маржан жазылған,
Төгілген нұр боп жүректің сөзі жаныңнан.
Жаратқан ием бір Алла өзі жар болып.
Жаннатқа бастар серігің болсын ар-иман.

Жыр жаздым арнап есіме алып өзіңді,
Жүрекке енген өмірде көрген көзіңді.
Сақталған хаты жақсы адам аты өшпейді,
Сөздерің сара баурайды таза көңілді.

Еске алып жатыр туған жер, ауыл-аймағың,
Арманмен кеткен өмірден өткен ардағын.
Топырағың торқа болсыншы, жаның жаннатта,
Бір Алла жар боп Кәусардың тат сен бал дәмін.

Рәтбек қажы Сүлейменұлы,
Саудакент ауылы,
10 желтоқсан 2025 жыл

Leave A Reply

Your email address will not be published.