ОТБАСЫ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Адам өмірі отбасынан басталады, азамат болып қалыптасуы да осында өрбиді. Отбасы — сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез-келген зиялы қоғамның діңгегі.
Осындай құндылықты сақтай отырып, сейсенбі күні «AMANAT» партиясы Сарысу аудандық филиалы «Байқадам» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында және «Халықаралық отбасы күні» мерекесіне орай, партия мүшелері арасында «Ынтымағы жарасқан-отбасы» байқауы өткізілді. Шараның негізгі мақсаты-өскелең ұрпақты жан-жақты дамытып, толыққанды тұлғаны қалыптастыру.
Сайысқа өнері мен білімі шыңдалған белсенді отбасылар қатысты. Байқауда отбасылық жұптар 5 кезең бойынша бақтарын сынады. Қызықты өткен сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені «Байқадам» БПҰ Ергешбаевтар отбасы, ал 1-орынды «Аудандық мәдениет үйі» БПҰ Ұзақбековтер отбасы, 2-орынды «Жайылма» БПҰ Омаровтар отбасы алса, 3-орынды «Игілік» БПҰ Жамбыловтар отбасы иеленді.
Сонымен қатар, «Дегерес», «Бүркітті», «Аудандық орталық аурухана», «Сарысу» бастауыш партия ұйымдарынан қатысқан жұптар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Байқау соңында «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев құттықтау сөз сөйледі:
— Біздің Сарысу жерінде ғасырлар бойы ұрпақ сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып келеді. Еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, шаңырағы биік, керегесі кең болсын,-деп, байқау жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.