ОБЛЫС ӘКІМІ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

0

Жуырда Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов 21 мамыр-мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиынға қатысып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған болатын.

Осы марапат иелерінің арасында Саудакент ауылдық мәдениет үйінде  әдіскер болып еңбек ететін Гүлсағат Сәрсекееваның да  мәдениет саласына қосқан еңбегі жоғары бағаланып, Астана қаласынан келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен облыс басшысы марапаттады.

Г.Сәрсекеева  қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Саудакент ауылында өтетін мәдени іс-шаралардың сценариін дайындап, жастардың рухани дамуына, осы бағыттағы тәрбие шараларын жоғары деңгейде өткізуге атсалысып келеді. Мәдениет үйіндегі «Сарыарқа» халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің мүшесі.

Айта кетейік облыс-та өткен  шара барысында ұлттық спорттық ойындар, көрме, театрландырылған көрініс және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Шара барысында  тартысты ұлттық спорттар жарысына ұласты.

ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

    Елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Әрбір халық өзіндік мәдениетімен, өнерімен, салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Мәдениет пен өнер – егіз ұғым. Сондықтан, елдің өнерін алға сүйреп, ұлт мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген осы сала қызметкерлерінің қоғамдағы алар орны ерекше.

Өткен апта ішінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында  аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Мамытов мәдениет саласының қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.

— Біздің Сарысу өңірі де өнер қонған киелі өлке. Бұл өлкеден  талай өнер қайраткерлері түлеп ұшқан. Біз атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлы, ақын Майкөт Сандыбайұлы, күйші Мәді Шәутиев, опера әншісі Амангелді Сембин, кино және театр актері Асанәлі Әшімов, сазгер Илья Жақанов, ақын Тынышбай Рақымов, әнші Сәуле Жанпейісова сияқты көптеген өнер қайраткерлерімен мақтанамыз.

Аудан мәдениетінің бастауында тұрған Әбжаппар Әбдіхалықов, Мейрамбек Күздеубаев, Сәбит Нұркеев ағаларымызбен қатар, Тоғай Тұңғатов, Көпжасар Арынов, Серікбек Сатқынтегі, Рәтбек Сүлейменов, Диханбай Ақділда сияқты көптеген ағаларымыз аудан мәдениетінің дамуына өз үлестерін қосты.  Төлеу Үшқоңыров, Тоғай Тұңғатов, Ынтымақ Шералиев сияқты жергілікті сазгерлер әсем де әуезді әндерімен елдің жүрегін баурады. Бүгінде аудан өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне артылар жүк ауыр. Бұл ретте, сала мамандары мәртебелі міндеттерін абыроймен атқаруда. Ауданымыздың мәдениеті мен өнерін өрістету жолындағы еңбектеріңіз табысты болсын,-деп аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ  «Аmanat» партиясы  аудандық филиалының төрағасы М.Есмұрзаев  өзінің ізгі тілегін арнап, бірқатар мәдениет сала-сының қызметкерлеріне Алғыс хат және бағалы сыйлықтарды тапсырды.

С.Рысбекұлы, «SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.