ҚИЯЛДАН ҚАНАТ БАЙЛАҒАН ҰСТАЗ

0

Жанға шабыт бітіріп, қаламға қанат байлайтын «өнер» ұғымы адам баласына берілген

басты құндылық. Мәнді мақсат.

Қаламын қауырсынға айырбастап, жан-дүниесін музаға толтыратын түрлі өнер иелері қоғамда өздерінің маңызды маман екенін ұқтыруда. Бойдағы талантты танытуда тартынып қалмай, шыңдалған сайын шыңдарға ұмтыла түсу — өнердің жазылмаған заңы.

Өнердің түрі де, түрленуі де көп. Түр мен тілге қарамай берілетін бұл ғажайып талантты дамыту аса жауапты іс. Әр салада өзіндік қолтаңба қалдыра білуде аянбай еңбек етіп жетістікке жете білу шын бақыт. Жетістік — байқаулар мен сынақтардан сүрінбей өтіп, миссияны мүлтіксіз орындаумен ғана шектелмейді. Білгеніңді өзгеге де үйретіп, үмітті ақтайтын шәкірт тәрбиелеу де нағыз жеңістің ең дәмдісі. Бүгін біз сансыз өнердің бір түрі — қылқалам және бояуды боямасыз көрсете білген кейіпкерлер туралы сыр шертпекпіз. Расында, сурет өнері сиқырлы, құдіретті өнер. Нәзіктікпен қатар асқан шеберлікті қажет ететін бұл өнер кез- келген жанға бұйыра бермейтін бақ. Мәселені бір ақ суретпен жеткізіп, суретті сөйлете білу қылқалам шеберінің негізгі мақсаты. Қылқалам иелерінің ойлау жүйесі кең бояудың түсін шебер орындайды. Композицияны сауатты қоя біледі. Құт қонған Сарысу топырағынан дарынды, талантты тұлғалар түлеп ұшқан. Газетіміздің шыққан әр сандарында өнер иелерінің туындыларын қалың оқырмандардың назарына ұсынып келеміз. Табиғатты терең ұғып, талантын асыра білген суретші, талай шәкірттерді тәрбиелеп жеткізген бақытты ұстаз Карим Аширов жайлы қалам тербеткенді жөн санадық.

Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Айша Ғалымбаева, Молдахмет Сыздықұлы Кенбаев сынды даңқты суретшілердің ізін жалғаған Карим аға-1948 жылы Түркістан облысы Созақ ауданы, Құмкент ауылында дүниеге келген. Жастайынан сурет өнерін серік етіп, сияны симметрияға айналдырып, түрлі силуэттерге сән кіргізген талантты суретші еңбек жолын 1999 жылы Сарысу аудандық мәдениет үйінде суретші болып бастады. 2000 жылы «Рафаель» атты көркемсурет студиясы ашылды. Аталмыш студия 2004 жылы  «Талант» болып аталды. 2007 жылы Қ.Р. Мәдениет министрлігінің бұйрығымен студияға «халықтық» (народный художественный студия) атағы берілді. Бұл қадамын енді басып келе жатқан студия үшін аудандағы сенсациялық жаңалық еді. Жұмыс жасап жүріп талай шәкірттерді тәрбиелеуді өзіне асыл міндет етіп алған қылқалам иесі жас өрендерді баптап, ақ айдынға ұшырды. Қамшысын тартып, тақымын қысқан шақта шәкірттері шүбәсіз зор үмітті ақтады. Сенімге селкеу түсірмеді. Аталмыш шығармашылық орталықта үздік бітіріп, кәсіби білім алғандар: Алимкулова Индира, Таңсықбаев Ербол, Қарлығаш Бейсен, Айткүл Ахатаева, Фархад Достаев, Эльмира Жамболова, Мақсат Омаров, Рауан Ахметбеков, Жарлығапов Дәулет, Саттибаев Айдар, Тоғызбаев Асылбек, Құралай Берік, Жамбеков Жасұлан және Жәнібек Алиасқаров. Бірі сурет өнерін әрі қарай жалғастырып, шығармашылығын шыңдап жүрсе, енді бірі басқа салада жұмыс атқаруда. Атқарып жатқан қызметі басқа болса да тынысын ашқан сурет салуды хоббиге айналдырып, қол үзбей жүр.

«Суретші әкесінен 100 жыл бұрын өмір сүріп, баласынан 100 жыл кейін туылуы керек» деген астарлы сөздің сыры ашылғандай.

«Ұстаздан шәкірт озады» демекші, Карим ағаның сүйікті оқушыларының бірі Алимкулова Индира 2022 жылдың ақпан айында Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі атанды. Бұл мәртебелі одаққа облыстан тұңғыш рет мүше болып жатқан суретші. Қаламыздың мақтанышы болған суретші Шымкент қаласындағы  № 99 мектеп — гимназиясы директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жұмыс атқарады. Жеткен толағай табыстары да ауқымды. 2020 жылы II — халықаралық «Үздік педагог-2020» байқауының 1 — орын иегері, 2021 жылы «Тәуелсіз Қазақстанның құрметті педагогы» республикалық байқауда Құрмет грамотасы, 2021 жылы «Тәуелсіз Қазақстанның құрметті педагогы» төсбелгісімен марапатталған, бірнеше дүркін халықаралық, республикалық, облыстық көрмелердің құрметті қатысушысы Индираның аталмыш одаққа енуі заңды құбылыс.

Карим ағаның тағы бір озық ойлы шәкірттерінің бірі жерлесіміз — Таңсықбаев Ербол 2021 жылы Сирия мемлекетінің астанасы Дамаск қаласындағы Сұлтан Бейбарыстың кесенесіне әрлеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы делегациямен бірге барып қайтты. «Өнерде шекара болмайды» демекші, еңбегі шет ел асып қиырға самғап жатса бұл ұстазы үшін төккен тердің адал жемісі. Айта кетейік, Ербол Қазақстанның жас суретшілер одағының мүшесі. Сонымен қатар, ұстаздың тағы бір шәкірті Құралай Берік қолөнер шебері. Абстракция стилінде тамаша сурет салады. Ал, Қарлығаш Бейсен керемет портретші. Адамның жан-дүниесін өте жақсы бейнелейді. Екі суретші де Жаңатас қаласындағы мектеп пен аула клубта қалтқысыз қызмет атқарып жүр. «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы» деген нақыл сөз бар. Бүгінде шәкірттері ұлағатты ұстаздың жақсылығын ұмытпай хал-жағдайларын сұрап, алдынан өтуді парыз санайды. Осындай таланттардың түлеп ұшуына өзіндік үлес қосқан суретші-ұстаздың арманы орындалғандай. «Сурет дегеніміз — сөзі жоқ өлең» деген керемет афоризм бар. Жан-дүниесі өзгеше суретшінің сыры мен айтар ойы да сансыз. Галереяны тамаша туындымен толтыруда тынымсыз идея мен мазасыз ой маңызды рөл атқарады. Қағаз бетіне түскен әр бояуды абайлап, шынайы келтіруді асқан шеберлік деп қарау керек.

Карим ағамен сұхбаттасқанда алдағы арманы Жаңатас көпсалалы колледжінің жанынан «Сурет салу бөлімі» ашылса, талай таланттардың түлеп ұшуына теңіздің тамшысындай үлес қосар едім дейді. Міне, ұстаздық қалтқысыз қызмет. Асқақ рух. Биік мақсат пен қарапайымдылықты қатар ұстаған Карим ағаның бойынан жарқын болашаққа зор үміт байқалады. Ендеше, осындай бағы бар ұстаздың шәкірттері мақтан тұтар тұлғаға айналуы тиіс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.