ҚЫЛҚАЛАМДЫ СӨЙЛЕТКЕН СУРЕТШІЛЕР
жуырда «Тараз жауһарлары» көркем еңбек пәні мұғалімдерінің, кәсіби суретшілер мен қолөнер шеберлерінің ІV Халықаралық симпозиумы
керемет өткізілді.
Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі ұстаздары да Халықаралық симпозиумға қатысып, ерекше көңіл күймен оралды. Бұл ауқымды іс-шараға 140-тан астам үміткерлер қатысты.
«Бейнелеу өнері және сәндік қолданбалы өнер» бөлімінің мұғалімдері Қанат Жұмабайқызы Хусайнова мен Төлепбергенова Жұлдызай Жұмабайқызы өз туындыларын көрмеге қойып, кимешектер дефелесіне қатысты. Сондай-ақ, келесі күні шебер-сыныпта тәжірибе алмасып, пленэрде қасиетті Қарахан бабамыздың кесенесін майлы бояумен салып, шеберлігін арттыруда шабыттанып суретін салды.
Сонымен қатар, тарихы терең қасиетті Тараз қаласында орналасқан Айша-бибі, Тектұрмас кесенелері мен Ұлы Қазақ Хандары Жәнібек пен Керей бабамыздың ескерткішіне барып, қаланы тамашалады. Жан-жақты қамтылған симпозиум жоғары деңгейде өтті.
Мектептен қатысқан педагогтар төрт түрлі дипломдарымен, атап айтсақ, «Ең үздік туындысы», «Ең үздік пленэр», «Симпозиумға қатысқаны үшін» дипломдар мен аталған симпозиумға қатысып, іс-шараның өтуіне қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаз атанды
Киелі қобыздың үні қазаққа біткен қоңыр үннің төресі ғой. Түсіне білген жанға түйсік пен талай ғибратты ұғындыратын, құлаққа жағымды әуездің әуелетіп алатын сиқыры мен ғаламат күші бір сырдан хабар бергендей.
Қобызды тарту кез келгеннің қолынан келмейтін іс. Сондықтан болар, соншалықты бағалы аспап болып табылады. Сар даланың сағынышын қобыздың үнімен жеткізіп жүрген Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі оқушыларының бағындырып жатқан биіктері мен асулары ауданның мәртебесін асқақтатып жүр.
Жуырда Шығыс өңірінен сүйінші хабар келіп жетті. Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының ұйым-дастыруымен Оразғали Сейітқазы атындағы «Киелі Қобыз» атты I Республикалық қобызшылар байқауында «Ансамбль» номинациясы бойынша (орта топ) Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің ұжымы 1 орынды иеленіп қайтты. Құрамында Аманкелді Балауса, Әбілқасым Айару, Әзімхан Іңкәр, Балықбай Аяна, Өмірбай Нұрсезім, Құрмаш Аида, Оралқызы Айша, Бақытжанова Аружан, Изатулла Айсель, Қуанышбай Дариға сынды дарынды жастар, концертмейстер Сытдыкова Диляра Рафаильқызы және оқытушы Мейірбекова Жанар Абилбекқызының ұжымдық еңбегінің арқасында республикалық сайыста жеңімпаз атанып отыр. Бұл аталмыш ұжымның алғашқы жеңістері емес. Қай байқауларда болмасын қоржыны бос қайтпаған, талай жылдық тәжірибе жинап, жемісті алтын уақытты кешіп жүрген өнер ордасының бағындырар биіктері алда екені сөзсіз.
Самат қуандықұлы,
«SARYSÝ»