МЕДБИКЕЛЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

0

Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында Халықаралық медбикелер күні атап өтіледі.

Жұрт бұл күні ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, еселі еңбектеріне алғыс білдіріп жатады. Өйткені, олардың денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын жақсарту жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, осы саланың барлық сатысында мейірбикелер еңбегі айрықша көрініп тұрады.Аудандық орталық аурухананың  мәжіліс залында “12 мамыр-Халықаралық мейірбикелер күні” мерекесіне орай, салтанатты жиын өтті.

Салтанатты жиында аудандық орталық ауруханасының директоры Бағлан Қыдырбаев құттықтау сөз сөйледі:

-Медбикелер  денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарады. Өмірге сән беріп, тіршіліккке  нәр  беріп,  қалтқсыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылулықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі – қашанда сый-құрметке лайық. Өйткені, тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда медбике жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан мейірбике ісі денсаулық сақтау жүйесінің бөлінбес бөлшегі.

Әсіресе, әлемде орын алған пандемия кезінде медбике мен мейіргерлердің еңбегін атап өтпеске болмас.

Денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің қорғаушысы, науқастың дертіне дауа сыйлаушы баршаңызды Халықаралық мейірбикелер күні мерекесімен құттықтаймыз. Ерен еңбек-теріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер,-деп, орталық аурухананың емхана бөлімінің аймақтық мейіргері С.Ергебекованы, Тоғызкент  ауылының дәрігерлік амбулаториясының мейіргері Л.Божбанованы және Үшбас ауылының медициналық пунктінің мейіргеріне облыс әкімдігі денсаулық сақтау  басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Ауданның өнерпаздары әуелете ән шырқап, ақ халатты абзал жандардың көңілдеріне шаттық ұялатты.

С.Есқараев,

«SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.