ОРАЗА АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Күллі мұсылман сағынып күткен Рамазан айы да қас-қағым сәтте өте шықты. Ораза айт мерекесі басталды.
Ораза айт – әлем мұсылмандарын бірлікке, жақсы істердің ұйытқысы болуға шақыратын, жүрекке қуаныш пен мейірім сыйлайтын, адамзат баласын ізгілікке, достық пен бауырластыққа, қанағат пен қайырымдылыққа үндейтін мейрам.
Айт намазы осы мерекенің ең негізгі құлшылығы болып саналады. Бүгінгі Ораза айты орталық мешітте айт намазын оқудан басталды.
Ораза айт намазына мешітке халық көп жиналды. Намаз оқылмас бұрын ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев ораза айтының ерекшелігі туралы уағыз айтты.
Содан соң отыз күн оразаның сауабын арқалап, Алланың үйіне таң сәріден жиналған жамағат жүзін құбылаға бұрып, сәждеге бас тигізіп, Аллаға құлшылық етті.
Аудан әкімдігінің
баспасөз қызметі
ЕЛ НЕГЕ ЕРІКСІЗ ҚОНЫС АУДАРДЫ?
Осындай езгі мен қыспақтың көбейе түсуі, жер мәселесінің шиеленісе түсуі, қазақтың рубасыларының құқықтарының аяқасты етілуі, жергілікті билеуші топ өкілдерінің қарапайым халыққа салықтарды көбейтуі, Жайықтың оң жағалауына өтуге салынған тыйымның барлығы халықтың ашу-ызасын қайнатты, әр аймақта халық толқуын тудырды.
Сондықтан да сол кезеңде Ресейді Еділ-Жайық аймағында Емельян Пугачев бастаған 1773-1775 жылдардағы көтеріліске Кіші жүз қазақтары белсене қатысты. Әсіресе Орынбор қаласын қоршаған кезде Тама, Табын, Жағалбайлы, Беріш, Шеркеш руларының жауынгерлік қосындары бұл көтерілісте аса белсенділік көрсеткен. 1773 жылы 7 қазанда Орынбор әкімшілігінің мәлімдемесінде, оған 2 мыңнан аса қазақ қатысқаны баяндалған. Оның бір айғақты дәлелін мына төмендегі жайдан көруге болады. Қазақ қосындарын бастап, Пугачевке белсенді қолдау көрсеткен М.Шығаев пен Д.Қарабаев екеуі де көтеріліс жеңілген соң қолға түседі. Сол 1775 жылдың 10 қаңтарында Мәскеудің Болотная алаңында Пугачевпен бірге көтерілісті белсенді қолдаушылар М.Шығаев, Панфилов, Подуров, Торнов төртеуі дарға асылды. Ал, Д.Қарабаев болса, ұзақ мерзімді каторгаға айдалды.
Орыс империясы қол астына қаратылған бодан халықты езудің сан алуан айласын одан әрі жалғастыра берді.
1782-1783 жылдардың қысында Жайық сыртына өткен қазақтардың 4 мыңнан астам жылқысын Орал казак әскерлері зорлықпен айдап кетуі ел арасында әбден шегіне жеткен наразылықты одан әрі күшейте түсті. Осыған наразы болған Тама руының старшындары Қадыр мен Садыр, сондай-ақ Жағалбайлы руының Тасболат пен Есболат деген старшындары, Шеркеш руының старшыны Дулат та өз қарамағындағы адамдармен бірнеше рет патша бекіністеріне шабуыл жасауға белсене қатысады. Осындай толқуларды басу үшін және бас көтерген старшындарды жазалау үшін Орынбор коменданты Ладвиженский С.Харитонов деген сотникті жұмсаған. Орыстар қазақ ауылдарына жіберген отрядтарға көбіне казак-орыстардан басқа башқұрттарды да қарсы пайдаланған. Мысалы, 1785 жылы 17 ақпан күні Елек бойына аттандырылған генерал-майор Смирнов бастаған отряд құрамында 237 казак-орыс, 2432 башқұрт жасақтары болған. Бұл жерде де патша өкіметінің өкілдері тілі туыс, діні бір, қандас ұлттар өкілдерін үлкен олжа, сый-сияпатпен дәмелендіріп, олардың арасында алауыздық отын жағудың небір айлалы тәсілдерін шебер қолдана білген.
Осындай қыспақтың сан алуан түрлерін бастан кешкен халықтың да шыдамы әбден таусылады. Сөйтіп 1785 жылдың басында Кіші жүздің Он екі ата Байұлы тайпасының Байбақты руынан шыққан старшыны Сырым Датов бастаған көтеріліс бұрқ ете қалды. Сол кездегі Кіші жүз билеушісі Нұралы хан мен Айшуақ сұлтан осы көтеріліс қанат жаймай тұрғанда, алдын алып, басу үшін Орынборға шапқыншы жіберді. Ол жақ жоғары патшаға хабарлап үлгереді. Бұл екі ортада Сырым 500 өзінің ізіне түскен Смирнов, Колпаков, Пономаревтардың ту сыртынан соққы беріп, Антоновск бекінісіне шабуыл жасайды, Сахарная қорғаныс шебіне тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды біраз шығынға ұшыратады. Алайда артынша 1785 жылы 24 наурызда майор Назаров бастаған жазалаушы отряд Каршинск мен Сахарная қорғаныстары аралығында көшіп-қонып жүрген бейбіт ауылдарды шауып, қырғынға ұшыратты, оларды тонап, өздерінің жыртқыштық бет-бейнесін анық көрсетті. Бұл тосын жайт былайғы көтеріліске қатыспай, қолдамай, ілеспей бейтарап жүрген халыққа ауыр әсер етті.
Жазушы П.ДҮЙСЕНБИННІҢ
«Сарысунама»
кітабынан алынды.
(Жалғасы келесі сандарда)