Кикбоксинг-жылдамдық пен дәлдікке тәрбиелейді

0

Бапкер болу-жігер мен табандылықты талап етеді. Сол себепті болашақ спорт саңлақтары өз жаттықтырушыларына үлкен сенім артады. Спортта саңлақ, болашақ спортшыларды жаттықтыруда ерекше көзге түсіп жүрген жаттықтырушылардың бірі Ербол Қамбарбекұлы Пернешов.

Бұл салада да бағы жанып, талай шәкірттің қанатын қомдап, биік белесті бағындыруға мұрындық болатыны белгілі. Себебі, ол өзі жастайынан, мектеп жасынан спортқа деген қызыушылығы басым болғандықтан спортпен айналысып, өмірінің он жылын спорттың у-шу түріне арнап, айла-тәсілін толық меңгерген еді. Кейінгі жылдары спорттың кикбоксинг түріне қызығушылығы арта түсті. Қызығушылығы басым болған жаттықтырушы кикбоксингтің қыр-сырын үйрене жүріп, кейінгі жастарға да спорттың осы түрін үйретуді алдына мақсат етіп қойды. Соның нәтижесінде қаладағы Абай атындағы орта мектепте жасөспірімдерге арнап кикбоксингтен тегін үйірме ашты. Бас-аяғы екі айдың ішінде шәкірттері Тараз қаласында өткен республикалық байқауда топ жарып, жүлдемен оралды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керегін, сонымен қоса, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін айтқан болатын. Сонымен қатар, бұқаралық спортқа жүйелі қолдау көрсету, жан-жақты дамыған, салауатты ұлт қалыптастыру маңызды екенін еске салған еді.
Өңірімізде кикбоксинг спортына қызығушылар саны артып келеді. Әсіресе балалардың қызығушылығы жоғары. Қазір адамдар спортпен айналысу баланың денсаулығына да, тәрбиесіне де пайдалы екенін жақсы түсінеді. Күнделікті спорт залға келетін жеткіншектер түрлі жаман әдеттерден аулақ болып, ерік-жігері мен табандылығын шыңдайды.
Осы орайда спорттың кикбоксинг түрінен жасөспірімдердің еркін жаттығуы үшін зал бөліп берген Абай атындағы орта мектептің директоры Қайрат Айнабековке айтар алғысым шексіз. Менің басты арманым дейін бе, мақсатым дейін бе балалардың спортпен айналысып, ауданымыздың атын республика көлемінде танытса деймін. Атымтай жомарт жандарға осы басылым арқылы өзімнің өтінішімді, базынамды айтайын дегенмін.
Ауданымыздың абыройы барлығымызға ортақ. Жастар келешегіміз десек, кейінгі ұрпақтың, қызығушылығы бар аудан жастарының осы спорт түрімен шұғылдануы үшін зал жабдықтарына-ринг, балалардың спорт формасына және спорттық инвентарларды алуға көмек қолын созып, жасөспірімдердің жан-жақты дамуына үлес қосса екен,-деп сөзін аяқтады жаттықтырушы.

«Sarysý» — ақпарат

Leave A Reply

Your email address will not be published.