АРДАГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН СПАРТАКИАДА

0

Ауданда құрылған ардагерлер ұйымы – қоғамның маңызды рөлі. Атқарар жұмыстары да ауқымды. Медиация, қоғамдық кеңес, тағысын тағы бар түрлі шешімдерді қабылдауда нық үн қатып келе жатқан ардагерлер ұйымының жұмысы бүгінде көлемді. Жастардың ой-санасына адамгершілік пен патриотизмді насихаттау, қоғамда болып жатқан оқиғаларда үнсіз қалмай түйткілді мәселелердің шешілуіне ықпал ету маңызды міндеттемелердің бірі. Жылдар мен жолдарды тоғыстырған аталмыш ұйымға биыл

36 жыл толып отыр.

Ұлы Жеңістің 78 жылдығына және ардагерлер ұйымының құрылғанына 36 жыл толуына орай, өткен аптаның сенбісі күні қаламыздағы спорт кешенінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында аудандық спартакиада өткізілді.

Іс-шараның мақсаты – бұқаралық спорттық іс- шараларға қатысу, насихаттау арқылы ардагерлер арасындағы спорттық түрлерін дамыту және достық пен өзара татулық қатынастарды нығайту.

Аталмыш шараға қала мен ауылдық округтерден 9 команда қатысты.

Спартакиадада облыс әкімінің орынбасары  Е.Үйсімбаев  ардагерлер ұйымының қоғамда алатын рөлі зор екенін жеткізіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.  Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Жұмаділдаев айтулы мерекемен ардагерлерді құттықтап, алда атқаратын жұмыстардың ауқымды екенін айтты.

Жарыста ардагерлер үстел теннисі, дойбы, асық ату, шахмат, тоғызқұмалақ, дартс, бильярд және ләңгі тебу түрінен сынға түсті. Тартысты өткен сайыстың нәтижесі бойынша, үстел теннисінен 1- орынды Н.Алиев, 2 — орынды  Е.Алашбаев, 3 — орынды Б.Шөжеев иеленді.  Ал бильярдтан 1 — орынды М.Аубакиров, 2 — орынды Т.Мақашев, 3 — орынды С.Әбдіхалықов жеңіп алды. Асық ату бойынша 1 — орынды А.Сатыбеков, 2 — орынды Н.Бөлекбаев, 3 — орынды І.Тоғманов иеленді. Ләңгі тебуден 1 -орынды А.Үскенбеков, 2 — орынды М.Мелдеев, 3 — орынды Ш.Бұралқиев иеленді. Тоғызқұмалақтан 1 — орынды Қ.Түлкібаев, 2 — орынды А.Игешов, 3 -орынды Д.Пернебаев  жеңіп алды. Ал, әйелдер арасында 1-орынды  Г.Сәрсекеева, 2 — орынды К.Ширинбекова иеленді.

Дойбыдан 1 — орынды О.Дүйсенбеков, 2 — орынды Е.Құттыбай, 3 — орынды Т.Ярышов жеңіп алды. Шахматтан 1 – орынды Т.Абилдаев, 2 — орынды  Д.Ақділда, 3 — орынды А.Чужбеков иеленді. Дартстан ерлер арасында 1 — орынды Т.Еркінов, 2 — орынды Д.Бейімбетов, 3 — орынды Ш.Райымжанов үздік шықты. Әйелдер арасында 1 — орынды Р.Бохатова, 2 — орынды А,Утеева, 3 — орынды Г.Тұңғышова иеленді.

Жалпы, командалық есепте 1 — орынды Байқадам ауылдық округінің командасы жеңімпаз атанса, 2 — орынды Жаңаарық ауылдық округінің командасы иеленді. Жүлделі 3 — орынды Жайылма ауылдық округінің командасы місе тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубок, медаль мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Самат ТОҚБАНОВ,

Жаңатас қаласы.

Ұлттық тәрбие-ұлт болашағы

Тәуелсіздігімізді алып,өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол,сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше. Қазір білім беру орындарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән берілуде. «Жастар біздің болашағымыз» дейтін болсақ, сол жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу үшін оларға ұлттық тәрбие қажет екенін өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Сабақ үрдісінде оқушыларға отбасылық тәрбиеге байланыс-ты салт-дәстүрлер, бала дүниеге келгеннен өскенге дейінгі аралықта қолданылатын салт-дәстүр, ырым-тыйымның рөлі, сәлемдесу әдебі, сыйластық, қонақ күту, ас ішу әдебі, инабаттылық дәстүрлері, сөйлеу әдебі және киім кию тәрбиесі, ұлттық тәрбиедегі еңбек тәрбиесінің орны, қазақ халқының озық мәдениет үлгілері мен олардың тәрбиелік мәні бар ұлттық құндылықтарымыз насихатталып келеді. Осы мақсатта Б.Қашқынбаев атындағы орта мектепте наурыз айының  жиырма сегізі мен сәуір айының он бірі күні аралығында «Ұлттық тәрбие-ұлт болашағы» атты онкүндік аясында іс-шаралар өткізілді.Атап айтар болсам: онкүндіктің алғашқы күнінде  9-10 сынып оқушылары арасында «Ел ертеңі жастардың шет елден білім алуы дұрыс па, әлде бұрыс па?» тақырыбында дебат өткізілсе, «Бабалар мұрасын сақтаймыз және көбейтеміз» тақырыбында экоматериалдан бұйымдар жасау байқауы өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды. Ал,  5-8 сынып оқушылары арасында «Мен және менің отбасым»тақырыбында отбасылық «Толағай» ойыны, «Ұлттық ойындар-ұрпаққа мұра» тақырыбында 5-10 сынып оқушылары арасында  ұлттық ойындар сайысы өткізілді. Сондай-ақ, «Бірге таза Қазақстан» тақырыбында 8-10 сынып оқушылары арасында акция ұйымдастырылып, мектеп ауласымен, мектеп көшесіне тазалық жұмыстары жүргізілді. «Саналы ұрпақ-ұлт болашағы» тақырыбында 5-8 сынып оқушылары арасында  дөңгелек үстел және 1-4 сынып оқушылары арасында сынып сағаттары өткізілді. 9-11 сынып оқушылары арасында  «Ұлттық бірегейлікті сақтау-ұлттық өркендеудің негізі» тақырыбында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  Гүлзипа Тұрғанбайқызы коучинг өтіп, білім алушыларға ұлттық  құндылықтармен рухани тәрбие  туралы түсініктер берді. «Тарихи жәдігерлер-ұлттық құндылығымыз» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, орталық Төкен Мақашев   атындағы мұражайға оқушылар саяхаттады.

Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық салт-дәстүрлер мен рухани құндылықтарын әлем елдерінің озық дәстүрлері мен озық тәрбие үлгілерімен ба-йытып, жаңа тәрбие тұжырымдамаларын жасауда. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру білім саласының   басты міндеті болып  отыр. Сол себепті жыл сайын дәстүрге сәйкес өткізілетін онкүндіктер  жалғасын табуда.

Г.Сыздықова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Ескерткіштерді қорғау-елдіктің белгісі

Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында «Қасиетті киелі жерлеріміз » атты  ауданның тарихи

орындарына саяхат болып өтті.

Біздің осы қасиетті, киелі жерлерімізге өткізіп отырған саяхатымыздың мақсаты,  аудан аумағында орналасқан  тарихи-мәдени ескерткіштер мен қалашықтарымыз туралы толығырақ біліп, мағлұмат алу.

«Мәдени мұра»  — елдігіміздің  егемендігіміздің  ұрпақтан-ұрпаққа  өшпес із қалдыратын тарихи құндылығымыз, ата-бабаларымыздың жүріп өткен даңғыл жолдары.

2004 жылы  «Мәдени мұра» бағдарламасы басталды. Оның мақсаттарының  бірі  Қазақстан  Республикасының  тарихи-мәдени  мұра ескерткіштерінің  жинағын жасау болды.

1980 жылдары С. Алпичев пен К.Байбосынов  археолог мамандары Сарысу ауданы  аумағына  алғашқы жүйелі археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Барлау  нәтижесінде нысандардың ең көбісі орта ғасырға жататын  Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ірі 9-15 ғасырдағы Саудакент қалажұрты, 19 ғасырдағы  Шоқай датқа мазары,  6-7 ғасырдағы  Ақтөбе мекен жұрты, 13-14 ғасырдағы  Калмақ-Арық  магистралды  каналы, 11-14 ғасырдағы  Көк-кесене бекінісі, 11-13 ғасырдағы  Үшбас (төрткөл) бекініс қамалдары орын алды.

«Киелі жерлер » географиясының тізбесі жасалынып, облыс бойынша 8 жалпы ұлттық және 27 өңірлік  тарихи мәдени ескерткіштер тізімге енгізілді. Оның ішінде Сарысу  ауданынан 3 киелі тарихи орындар  Ықылас  Дүкенұлы  мемориалы, ХІХ ғасырға  жататын  Шоқай датқа кесенесі және 9-15 ғасырға  жататын  Саудакент қалашығы енгізілді.

Бүгінде аудан бойынша мемлекеттік тізімге алынған  жалпы саны 160 тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Олардың 1-і республикалық,  45-сі  монументтік өнер құрылыстары, қала құрылысы және сәулет ескерткіштері -2, археологиялық -115.   Оның ішінде тамыры  тереңде жатқан  әлі күнге дейін табиғи  бастапқы қалпынан ажырамай жатқан киелі жерлеріміз бар. Олар  Ақтоғай ауылындағы  Қара жартас әулие бұлағы,  Жартас сарқырамасы, Сектас жартасы,  Аюсоққан шатқалы,  Маятас үңгірі , Ақ бұлақ әулие бұлағы, неолит дәуіріне  жататын «Ынталы» үңгірі, 1,2,3 « Ынталы» обалы қорымдары, сонымен қатар Қаратау сілімдерінде орналасқан  Жұмбақ тас, Таңбалы тас,  Маятас шатқалы,  Қоянбауыр  жотасы  деп  аталатын  ғажайыпты  көріністі  жерлер  көптеп кездеседі.

Соңғы  жылдары  аудан  орталығы мен ауылдық округтерде  20-дан  аса ескерткіштер бой көтерді. Олардың  барлығы да  алдын-ала   есепке  алынған.

Қазақстан Республикасының  2019 жылы желтоқсандағы «Тарихи мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның 5-бабының  3-тармағына сәйкес және Жамбыл облысы әкімінің 2020 жылғы  2 маусымдағы  хаттамасын басшылыққа ала отырып, аудан  әкімінің  ұйымдастыруымен аудан көлемінде орындауды  және бақылауды  қажет ететін түйінді нысаналы индикаторы әзірленді. Ауыл –аймақтарда орналасқан археологиялық ескерткіштерді ауылдық округ әкімдері өз теңгеріміне алып, жерге орналастыру актісін  рәсімдеуге  ықпал етті.

Мәселен мемлекеттік тіркеу актісін алу түйінді нысаналы көрсеткіштер бойынша : Жайылма ауылдық округіне қарасты «Ақтөбе» қалашығы  8-10 ғғ,  «Ақтөбе» мекен  жұрты 6-7 ғғ.,  Көксу 3 жеке обасы ерте темір дәуірі,  Құртты бұлақ 1 обасы археологиялық ерте темір дәуірі,  Жаңаарық ауылдық округіне қарасты ерте темір дәуірі «Арысаққан» 2,3 обасы,  Түркістан ауылдық округіне  қарасты «Үшбас» төрткөл  бекінісі 11-13ғғ. археологиялық ескерткіштерге рәсімдеу жұмыстары жүргізілді.

Сарысу ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тарапынан  ауданда орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйін анықтау мақсатында  зерделеу жұмыстарын  жүргізіп  отырады.

Ескерткіштердің айналасына  күтіп-баптау  тазалық жұмыстарын жүргізу-қала және ауылдық әкімдердің қамқорлығында.

Ауданның тарихи орындары  мен  құндылықтары  алдағы  уақыттарда күтіп, сақталуы, қорғалуы,  қайта  қалпына келтіру  шараларын  жүзеге асыру жалғаса береді.

К.Боранбаева, ескерткіштерді қорғау инспекторы 

Leave A Reply

Your email address will not be published.