Архив ісі және болашақ ұрпақ
“Сарысу ауданының мемлекеттік архиві” КММ-де ұйымдастырылып отырған Ашық есік күнінің басты мақсаты-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған «Балалар жылы» аясында балаларды архив құжаттарымен таныстыра отырып, жас ұрпақты ұлт тарихын білуге тартып, жан-жақты насихаттау. Республикамызда бүгінгі таңда 200-ден астам республикалық, облыстық архивтер бар. Солардың барлығы бүгін дәл осы кезде жас жеткіншектердің архив жұмысымен танысуына мүмкіншілік жасап, ашық есік күні өткізілді.
Аталған іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағанбетов, құрметті зейнеткер М.Мизенбаев, тарих пәнінің мұғалімдері — С.Күшманбетова, З.Өмірбаева, В.Пентаева, Ы.Сүлейменов және Б.Қашқынбаев атындағы орта мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары қатысты.
«Архив ісі және болашақ ұрпақ» жобасының мақсаты-өскелең ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігін арттырып, архивтегі құжаттардың маңызын түсіндіру.
Балалар-біздің болашағымыз, ал болашақ тарихсыз болмайды. Сол жарқын болашаққа апаратын тарих осы біз тұрған мемлекеттік архивтің қоймаларында сақталады.
Архив қойнауында жатқан әрбір парақ құжат пен әрбір дана жәдігер біз үшін баға жетпес тарих, байлық. Сол үшін де елімізде осындай қазыналарды сақтайтын, ертеңдердің еншісіне айналдыратын архивтер жұмыс жасайды.
Архив дегеніміз бір қарағанда тып-тыныш тұрған ғимарат сияқты көрінгенімен, оның ішінде қайнаған жұмыс жүріп жатады, себебі ауданымыздағы барлық мемлекеттік, мемлекеттік емес мекеме, кәсіпорындардың тұрақты және жеке құрамдағы құжаттары осында сақталады. Архившілер әрбір тарихи құжатты сақтау үшін бар ерік-жігері мен күш-қайратын сарп етіп, көз майын тауысып, еңбек етеді. Архивке қабылданған құжат қаншама мамандардың қолынан өтіп, тіркеліп, тігіліп, арнаулы орындарға қойылып, ылғалдығы мен температурасы сәт сайын реттеліп отыратын қоймаларда сақталады.
Тарихты жасау мен қалыптастыру жолындағы осындай қиын да қызықты жұмыстарды сіздер де біле жүрсін, саналарына түйе жүрсін деген ниетпен Сарысу ауданының архивінде ашық есік күнін ұйымдастырып, өздеріңіздей жастардың сол мекемелерге емін-еркін кіріп, ондағы жұмыспен, тарихпен танысуларыңызға мүмкіндік жасап отырмыз.
Ашылу салтанатынан кейін оқушылар топ-топқа бөлініп, көрмеге қойылған карталардан бастап, 1932-1940 жылғы латын қарпінде толтырылған құжаттармен, жеке тектік коллекциясы негізінде қойылған көрмемен танысты.
Сондай-ақ, «Ұлттық архив құжаттарын қабылдау», «Құжаттарды сақтау», «Құжаттарды қалпына келтіру», архивке келіп түскен құжаттардың қалай қабылданып алынатынын, зақымдалған құжаттардың қалайша қалпына келтірілетінін, одан кейін оларды сақтайтын қоймалардың қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көріп, танысты.
Архив мекемесінің атқаратын жұмыстарымен таныстыру барысында архив қоймалары мен көрме залдарына экскурсия өткізілді.
Мәдениет және өнер саласына еңбегі сіңген азаматтардың жеке тектік құжаттары негізінде көрме ұйымдастырылды. Көрмеге КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер, режиссер Асанәлі Әшімұлы Әшімов, композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың және Сарысу ауданының тумасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның «Халық әртісі» Д.Ақмолданың жеке тектік құжаттары және латын қарпіндегі құжаттары қойылған.
Сонымен қоса 2019 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Ұлттық архив қоры және архивтер туралы Заңының 15-1 бабын басшылыққа ала отырып, архивтік құжаттарды электронды цифрлы нысанға аудару тұрақты негізде жүргізіліп жатқан жұмыстары мен “ҚБЭА” АЖ-сі бойынша мәліметтер енгізу жұмыстары таныстырылды.
ҰАҚ толықтыратын ведомстволық мекемелерге әдістемелік көмек, кеңес берілетінін және олармен тығыз қарым-қатынаста қалай жұмыстар жүргізілетіндігі түсіндірілді.
А. Үкіжанова,
“Сарысу ауданының мемлекеттік архиві”
КММ-нің директоры