Салт-дәстүр ұлықталған күн
1 қазан — Қарттар күніне орай, спорт кешенінде «Ата дәстүр салтымыз — қастерлейік жалпымыз» атты кеш өтті.
Кешке келген аудан тұрғындары мен қонақтар ұлттық тәрбие, салт- дәстүр сабақтастығы туралы көрмені тамашалады.
Атап айтсақ, «Сымбатты әжелер» командасы «Шаш өру» дәстүрін, «Балажан әжелер» командасы «Тұсаукесер» дәстүрін, «Өнерлі әжелер» командасы «Жүн сабау» дәстүрін, «Өнегелі әжелер» командасы «Ұршық иіру» дәстүрін және «Асыл әжелер» командасы «Күбі пісу» дәстүрін ұсынды.
Ардагерлерді ардақтауға бағытталған шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, қарттарымызға амандық, дендеріне саулық тілеп, ауданымыздың әлеуметтік- экономикалық дамуына қосып жүрген үлесі үшін бірқатар ардагерлерді «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы О.Мұқашев құттықтау сөз сөйлеп, аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын тапсырды.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов та ізгі тілектерін жолдап, бірқатар ардагерлердің кеудесіне «Сарысу ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісін тақты.
Кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін көрсетті.
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА
СПАРТАКИАДА
Жаңатас қаласының спорт кешенінде ЖО Жастар ұйымдарының Қауымдастығы «Заңды тұлғалар бірлестігінің» ұйымдастыруымен ардагерлер арасында спартакиада өтті. Шараға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдық науқандарға белсене атсалысып жүрген ардагерлерге ұзақ ғұмыр тіледі.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов та сөз сөйлеп, барлық спартакиада қатысушыларына сәттілік тіледі.
Шара барысында аудан басшысы қол күрестен Әлем чемпионы атанып, ел намысын қорғап жүрген Сандуғаш Сейдішті марапаттады.
Сайысқа қала мен барлық ауылдық округтерден ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысып, спорттың түрлерінен бақ сынасты.
Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан диплом, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік іс-шаралар ауданымызда кең көлемде аталып өтті.
* * *
Жаңаарық ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен кеш өткізіліп, «Шабыт» тобының ардагер өнерпаздарына құрмет көрсетілді.
Киелі сахнада өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленген ақ жаулықты аналар мен абзал ағаларға алғыс ретінде ауыл әкімі Жалғас Дүйсенов зерделі шапан жауып, сый — құрмет танытты. Бұл – тек құрмет емес, кейінгі ұрпаққа үлгі, тағылымды тәрбие. Ұрпағы ұлықтаған қарттар амандығы — елдің амандығы.
* * *
«Жаңатас қалалық аула клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Қарттар – біздің асыл қазынамыз!» атты концерттік бағдарлама 1 – қазан Қарттар күніне орай ұйымдастырылып өтті.
Бағдарламаның негізгі мақсаты: Қарттарға сый – құрмет көрсету. Олардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі ету, үлкендерді қадірлеу дәстүрін насихаттау.
Концерттік бағдарлама барысында қарттардың еңбегін дәріптеп, тәрбиеленушілердің өнерлері ұсынылды. Құттықтау сөздер айтылып, қарттарға қамқорлық пен ілтипат білдірілді. Тәрбиеленушілер Әбіш Несібелді «Әжетайым» әнін айтты. Қыздар «Бипыл – бипыл» биін биледі. Мейрамбек Сымбат «Тәуелсіз қазақ қызымын» әнін орындады. Еңбегі сінген мұғалімі және Қазақстан Республикасының аға мұғалім иегері Молдабергенова Мадина апамыз тәрбиеленушілерге ән орындап берді. Қарттар тәрбиеленушілерге бата берді.
* * *
Балалар шығармашылық орталығында Қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу болды.
Шара барысында балалар өз өнерлерін паш етіп, әсем ән шырқап, мәнерлеп өлең оқып, түрлі би қойылымдарын ұсынды. Қонақ ретінде шақырылған ардагерлер мен зейнеткерлерге жылы лебіздер айтылып, құрмет көрсетілді.
Іс-шара аясында қарияларға арнайы сыйлықтар табысталып, көтеріңкі көңіл күйде емен-жарқын әңгіме өрбіді. Осындай шаралар жастардың үлкенге деген сый-құрметін арттырып, рухани тәрбиенің жарқын үлгісіне айналатыны сөзсіз.
Қарияларымыздың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі – жастар үшін баға жетпес байлық.
С.Есқара,
«Sarysý»