Мұғалім — мектептің жүрегі
Ұстаз-ұлағатты ұлы тұлға. Ұстаз бейнесі шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі. «Мұғалім мамандығы-барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаздан тәрбие алмайтын жан жоқ. Оның жүрегіндегі лаулаған жылулығы әр шәкірттің бойына нұр құятын киелі күш. «Ұстаз болу-өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау»-деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, біздің білімімізді жетілдіріп қана қоймай, рухани байлығымызды байытып, тәрбиемізді нығайтады. Ата-анамыздан кейінгі, біздің бойымызға адамгершілік қасиеттерді сіңіруші. Қазақ халқының тұңғыш ұстазы-Ыбырай Алтынсарин, «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім-«Мектептің жүрегі»-деп айтып кеткендей, бұл сөздердің астарында терең мән-мағына жатыр.
Ұстаз болу-жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Ұстаз болу-шәкіртке ата-анасындай болып тәрбие сыйлау, жас ұрпақтың жарқын болашаққа барар жолын айқындап беру. Тұла бойындағы сарқылмас бар білімін, ерік-жігерін шәкірт бойына бере білген, мейірбан жан. Сондай жанның бірі Абылай хан атындағы мектеп-лицейінде көркем еңбек пәні мұғалімі Болат Құдабаев жайлы оқырманның назарына ұсынғанды жөн санадық.
Болат Досболұлы Құдабаев 1965 жылы 11 сәуірде Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген.1983 жылы Шымкент педагогикалық институтының көркем сурет, еңбек мамандығы бойынша бітірген. Жалпы еңбек өтілі-33 жыл. Кейіпкеріміз еңбек жолын 1990 жылы Көкшетау облысы, Ленинград ауданы, Айсары орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1993-2008 жылдары Жаңатас қаласындағы бұрынғы К. Маркс атындағы орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі, 2008-2016 жылдары Жаңатас көпсалалы колледжінде технология пәні мұғалімі, 2016 жылдан бүгінгі күнге дейін Абылай хан мектеп-лицейінде көркем еңбек пәні мұғалімі болып, оқушыларды еңбекке баулып келеді. Қолы қалт еткенде мектепте сынған парталар, орындықтар болсын бәрін қайта жөндеп, ұстаның қолынан шыққандай етіп қояды.
Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, 2022 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Сарысу ауданы білім бөлімінің Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің Алғыс хатымен, 2023 жылы педагогтерді жыл бойына атқарған сапалық жетістігін бағалаудың қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинап, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде қосқан елеулі үлесі, өз ісіне адалдығы мен еңбекқорлығы үшін «Үздік педагог-2023» Құрмет грамотасымен марапатталған.
2023 жылы Сарысу аудандық мәслихатының ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін педагогтердің тамыз конференциясында Құрмет грамотасын алған.
Б.Досболұлы 2025 жылы «USTAZ» педагогтерді кәсіби дамыту орталығы» «Көркем еңбек пәні педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру» курсынан өтіп, білімі мен тәжірибесін шыңдай түскен.
Б. Досболұлы өз сөзінде:
-Ұстаз да дәл диқан сияқты. Ол адам жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшырады. Яғни, алдына келген шәкіртін өмір сүре білуге тәрбиелеп, сол үшін аянбай тер төгеді. «Адамның адамшылығы-жақсы ұстаздан»-деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, жол таңдаудағы бағытынан сүрінбей өтері сөзсіз,-дейді.
Иә, Жаңа оқу жылымен қатарласа келетін ұстаздар мерекесін де тойлаудамыз. Бұл күн ешқандай мерекемен тең келмейтін, білімнің асқар шыңына жетелейтін күн. Олай болса, мұғалім бақыты-шәкірт құрметі.
Сәулет Рысбекұлы,
«Sarysý»