Ардагерлер көне Тараздың тарихымен танысты

0

28 тамыз күні Жамбыл ауданы мен Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына ауданның ардагерлеріне арналған танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты-көне шаһардың рухани-мәдени мұрасын насихаттау және аға буын өкілдеріне тағылымды саяхат сыйлау. Экскурсия барысында ардагерлер алдымен «Айша бибі» кесенесіне барып, махаббат пен адалдықтың символына айналған көне ескерткішпен танысты. Сапар әрі қарай XI ғасырда тұрғызылған «Қарахан» кесенесінде жалғасып, тарихи тұлғаларға тағзым етілді. Одан кейін қатысушылар «Тектұрмас» кесенесі мен кешенін аралап, көне аңыздар мен тарихи деректерге қанықты. Сонымен қатар, ардагерлер «Тарихи-өлкетану мұражайында» өңірдің бай қазынасымен танысып, «Көне Тараз» кешенінде ежелгі шаһардың мәдениеті мен сәулет өнеріне куә болды. Экскурсия барысында ардагерлерге барлық жағдай жасалынып, таныстырушы гид маманы мен медбике жүрді. Тараз қаласында таңғы және түскі астары ұйымдастырылды.
Сапар соңында ардагерлер ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай тағылымды іс-шаралардың өскелең ұрпақ үшін де маңызды екенін атап өтті.

Әсел Бекбатырова,
аудан әкімдігінің кәсіпкерлік,
өнеркәсіп және туризм бөлімінің маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.