ЗАМАНАУИ ҮЛГІДЕ ЖАБДЫҚТАЛДЫ

0

Білім беруді тұрақты дамыту Қорының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы аясында  Саудакент ауылындағы Б. Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. Бұл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен өңірде алғашқы рет жүзеге асқан жоба. Жоба білім беру сапасын арттыруға, ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелер мен тиімді әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған орай ұйымдастырылған мектептің жаңартылған материалдық-техникалық базасының таныстырылымына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев, «Қазақстан халқына» қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева, Қордың серіктесі – Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев, сондай-ақ жоба серіктестері қатысты.

Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев  таныстыру барысында  жоба аясында  оқу кабинеттері мен қосымша білім беру шеберханалары жабдықталғанын айтып өтті. Пәндер мен бағыттар бойынша оқу кабинеттерімен бірге қосымша білім беру кабинеттері – STEM-зертхана, АРТ-студия, телестудия, интерактивті тақтамен қамтылып, одан бөлек заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған стем-зертхана,  интеллектум кабинеті, заманауи кітапхана, спортзал құралдары, көркем еңбек кабинеттері, тігін шеберханасы, психолог тағы да басқа кабинеттері ашылған.

Білім беруді тұрақты дамыту қоры және жоба серіктесі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мамандары мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмысты аяқтады, мектепті дамыту, білім беру сапасын арттыру бойынша ұсынымдар әзірледі, сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курс-тарын анықтады.

Б.Адамбаев атындағы тірек мектебінің директоры Ф.Тұрсынбекова өз сөзінде:

– Мектебіміз шын мәнінде «жайлы мектепке» айналды. Өйткені «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бізге сапалы білім беруге, оқушыларды тәрбиелеуге, педагогикалық ұжымның әлеуетін дамытуға, мектепте қауіпсіз жағдайды қамтамасыз етуге шынымен де ерекше мүмкіндік тудырып отыр. Біз осы жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, – деді.

«Қазақстан халқына» қорының өкілі Ләззат Шыңғысбаева:

– Бұл жобаның  міндеті бар. Ол – ауыл мектептеріндегі оқыту технологиясын жетілдіру, тірек мектептерді материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау, тірек мектептердің тәжірибесін өңір мектептеріне, оның ішінде шағын жинақты мектептерге дәріптеп енгізу. Қоғамда жаңа мінез-құлық үлгісін қалыптастыратын дұрыс құндылықтар жүйесі бар қамқоршы қазақтардың қауымдастығын қалыптастыру. Болашақта осындай тірек мектептерді әрбір аудан орталығында ашуды жоспарлап отырмыз, – деді.

Жобаның нәтижесінде «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен оқу орнының материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылды. Ал мектеп оқытушылары оқудан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектебінің мамандарынан әдістемелік қолдау алған. Тірек мектебі жақын маңдағы ауылдық шағын жинақты мектептер үшін, ондағы мұғалімдер мен оқушылар үшін тәжірибемен және әдіс-дағдымен бөлісетін құзыретті орталыққа айналады.

Сәулет Есқараев,

«Sarysý»

Цифрландыру-бүгінгі білім берудегі жаңа бағыт

ХХІ ғасыр — ғылыми және ақпараттық технологиялар заманы. Уақыт өткен сайын ақпараттардың таралуы да арта түсуде. Кейінгі кезде ақпараттар көлемінің артуы мен компьютерлік технологиялардың жылдам дамуына байланысты компьютерлік технологиялармен оқыту белсенді түрде дамып келеді.

Ақпараттық — коммуникациялық технологияның келешек ұрпақты жан — жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін  тигізер пайдасы аса мол. Осыған орай, оқып-үйрену құралдарына жататын электронды оқулықтар қазіргі таңда жиі қолданыста. Ақпараттық технологиялардың даму қарқындылығының жылдамдығы  сонша- тіпті кез — келген жаңа нәрсе мен жаңалық пайда болып үлгермей, әрбір үйге жетіп жатады.

Білім беру саласын ақпараттандыру жағдайында кез – келген тұлғаға ақпараттық білім негіздерін игерту, ақпараттық – коммуникациялық технология құралдарын қолдану мен оның мүмкіндіктерін пайдалану дағдыларын қалыптастыру қажет.

Компьютер техникасын тиімді пайдаланудың өлшемі болып оны басқа да пәндерді оқыту кезінде де қолданады. Ғаламторда көптеген материалдарды іздеумен қатар, онда түрлі пәндерді оқыту бойынша сабақтардың толық кешендерін, қажетті материалдарды тиімді пайдалануға болады. Соның ішінде бейнекөрсетілімдер оқушылардың көру, есту сезімдеріне бірден әсер етеді. Сондай – ақ, сабақтардағы  бейнекөрсетілімдер  оқушылардың іскерлігін дамыту үшін де қолданылады. Оқушылардың белсенділігін арттырып, өз бетінше жұмыс істеу қабілетін, ойын дамытуда да  пайдасы зор.

Бүгінгі күні білім беру жүйесін ақпараттандыру ісінің басты мақсаты – заман талабына байланысты ақпараттық қоғамның шарттарына сәйкес оқушыларды тұрмыстық қоғамдық және кәсіптік өмір салаларына толық әрі тиімді түрде араластыру болып табылады.

Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін ақпараттандыру еліміздің даму стратегиясының негізгі бағыттары болса, білім беру саласындағы педагогтардың басты міндеттері оқушы әлеуметінің ақпараттық сауатты болып өсуі мен ғасыр ағымына бейімделе білуге тәрбиелеу. Қазіргі педагогтарға қойылатын талап, ол оқушыға сапалы білім, жүйелі тәрбие және де саналы ойлау мен қабілет, түйсігін дамыту. ХХІ ғасырда оқушылардың жанын рухани жағынан азықтандыратын, қызығушылығын арттыратын ақпараттық техникалық құралдар екені бәрімізге мәлім.

Қорыта айтқанда, баланы рухани дамытуда айналамен таныстыру, яғни ақпараттық құралдардың жақсы жағын тиімді пайдаланып, күрделі, қыр сыры көп әлеуметтік ортаға оқушыны бейімдеп тәрбиелеу- психолог – педагог қауымының еншісінде екенін назарда ұстауымыз керек. Әрбір оқушының  ақпарат көздеріндегі  жақсы жетістіктерді бойына сіңіріп, рухани бай тұлға ретінде қалыптасуы заман талабы емес пе? Барлық пәндерде электрондық ресурстар оқушылардың сабаққа деген ынталары мен қызығушылықтарын арттырып, білім деңгейлерін жоғарылатады. Ал бүгінгі күні жаңа ғасырдың жастарына жан — жақты білім беру, тәрбиелеу — барлық ұстаздың басты борышы деп ойлаймын. Ендеше, біздің ғасырымыз бізге ақпараттық технологияларды меңгерудегі ІТ — технологияның алтын ғасырына айналуы керек. Сол үшін де жан — жақты ізденіп, жаңалыққа ұмтылуымыз қажет.

Г.Өмірбекова,

Д.Қонаев атындағы

орта мектептің директоры

Ұлт рухының алтын қазығы

Сарысу ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  ұйымдастыруымен 21 — ақпан Халықаралық Ана тілі күніне орай «Тіл — ұлт рухының алтын қазығы» атты поэзия кеші өтті.

Кеште  Ш. Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Асылбекова Риана, Чикина Милана, Дзюбина Сафия қазақ ақын жазушыларының өлеңдерінен әдеби композиция орындаса, Жаңатас көпсалалы колледжіндегі өзге этнос өкілдерінен құралған білімгерлер “Ана тілі” туралы өлең шумақтарын арнады. Д.Қонаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары А.Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы» өлеңін үш тілде орындап, көрермен ықыласына ие болды. Кеш соңында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі  білімгерлер мен оқушыларға арнап «Тілге құрмет- елге құрмет» атты кітап көрмесін өткізді.

Халық  қазынасы

Саудакент ауылдық мәдениет үйінде  Халықаралық  ана тілі күніне орай  «Тіл – халық қазынасы» атты тақырыптық кеш ұйымдастырды. Бұл іс-шара   жас ұрпақты  өзге  ұлт тілдерін  құрметтеуге, өз ана тілімізді  көздің қарашығындай сақтауға, құрметтей білуге тәрбиелеу мақсатында  өтті.

Іс-шарада Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің білім алушылары  Оразғали Ақнұр,  Амантай Қазына,  Бейбітбек Аяжандар «Ана тілі»  туралы ақындардың өлеңдерін оқып, тәуелсіз елдің мемлекеттік тілі мәртебелі де тұрақты болып, өрістеп дамуына үлес қосу —  жас жеткіншектердің жауапкершілігінде болатын міндет екендігін айтты.

«Sarysý-Aqparat»

 

Тіл-тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!

Б.Қашқынбаев атындағы орта мектепте қазақ тілі мен орыс, ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің  ақпан айындағы  айлық жоспары бойынша мектеп жанындағы интернатта «Тіл-тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!» атты сыныптан тыс іс-шара  ұйымдастырылды. Іс-шара барысында ұстаздар қауымы түрлі тапсырмалар бере отырып,  оқушылардың қызығушылықтарын арттырды. Атап айтар болсақ, қазақ тілі пәні бойынша мақал-мәтелдердің  жалғасын табу, тұрақты тіркестердің мағынасын айту, жұмбақтар жасырылып, жаңылтпаштар айтылса, орыс тілі пәні бойынша орысша өлеңдердің жалғасын тапты.  Ағылшынша сөздіктердің жауаптарын айтып, рөлдік ойындарға еніп, өз шығармашылықтарын көрсетті. Іс-шара өз дәрежесінде жүргізіліп, оқушылар марапаттаулар мен сыйлықтарға ие болды. Өздерінің белсенділіктерін көрсете білген оқушылар ұстаздарға алғысын білдіріп жатты.Сөз соңында мектеп жанындағы интернат меңгерушісі Қамбар Оспанбеков тіл – қай ұлт та, қай ел де болса да қастерлі, құдыретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасатынын айтып өтті.

Лаура Нұрмаханова, Б. Қашқынбаев атындағы орта мектебінің директоры

Ұл тәрбиесі-ұядан

Сарысу ауданы білім бөлімінің  «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» мақсатында бірлескен іс-шара жоспарына сәйкес Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Г.Сыздықова мен М.Дариябековтың ұйымдастыруымен «Ұл тәрбиесі- ұядан» тақырыбында әкелер кеңесі өткізілді. Әкелер кеңесіне Байқадам ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Арқабай Төлмағамбетов, мектепішілік ата-аналар кеңесінің төрағасы Талғат Орынбеков және аудандық білім бөлімінің әдіскері Бота Бетаева қатысты. 

Әкелер кеңесін өткізудегі мақсат -әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту және бала тәрбиесіндегі әке рөлінің маңыздылығын айқындау. Сол сияқты бала үшін қауіпсіз ортаны құру және қолдау. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайтуға бағытталады.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Сыздықова әкелермен «Ұл тәрбиесі-ұядан» тақырыбында коучинг өткізді. Коучинг барысында «Әкенің қоғамдағы рөлі қандай?»,  «Отбасының басты негізгі құндылықтары», «Қазіргі қоғамда болып жатқан әлімжеттік, зорлық-зомбылық, бопсалау дегендерге кімдер кәнілі, оның алдын алу қандай жолдары бар?» тақырыбында өзекті мәселелер қозғалып, пікірлер алмас-ты.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Бетаева Бота  ауданда болып жатқан құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарына тоқталып, әкелерге ақыл-кеңестер айтты.

Мектеп директоры Лаура Нұрмаханова:- «Бір әкенің тәрбиесін — жүз мектепте бере алмас»- деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Сол себепті де бала тәрбиесін халқымыздың ежелгі озық дәстүрлерін негізге ала отыру керек. Бұрындары әкенің қас қабағынан, қаһарынан сескеніп өскен балалар әкенің қадір — қасиетін жақсы білетін. Балаға әкесінен қорыққандықтан емес, әкенің отбасындағы басты адам екенін сезініп, ер азамат ретінде көретін. Әкеден тәрбие алған қазақ баласының әкеге деген осылайша құрметі арта түседі.

Осылайша әкеден тәрбие алған қазақ баласының жаман болмасы анық. Әкелеріміздің амандығын, өсіріп жеткізген балаларының қызығын көруге нәсіп етсін. Бар баланың бақытына әкелері аман болса екен,-деп бүгінгі кеңеске қатысқан әкелерге алғыс білдірді.

Г.Сыздықова, Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары        

Тазалық айлықтары басталады

Аудан көлемінде абаттандыру және сыртқы безендіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі көктемгі екі айлық жұмыстары 2023 жылдың 4 наурызы мен 6 мамыры аралығында ұйымдастырылсын.

Қоса беріліп отырған көктемгі екі айлық жұмыстарын ұйымдастыру және орындалуын қадағалау жөніндегі аудандық штаб құрамы қосымшаға сәйкес бекітілсін.

Аудандық штабқа қажетті бөлім мен кәсіпорын басшыларының келісімдері бойынша қатыстырып отыру тапсырылсын.

Жаңатас қаласы және ауылдық округ әкімдеріне:

1) көктемгі екі айлық кезеңінде атқарылатын жұмыстардың іс-шараларын дайындап және бекітіп, оның көшірмесін аудандық штабқа тапсыру;

2) абаттандыру, көгалдандыру, тазарту жұмыстарымен бірге, көшелердің жарықтандырылуын, сәулет нысандарын ретке келтіру, спорт алаңдары мен монументтерді жөндеу;

3) өз аумақтарында көктемгі екі айлық жұмыстары бойынша қоғамдық ұйым өкілдерін қатыстыра отырып, комиссия құру міндеттелсін.

Жаңатас қаласы мен ауылдық округ аумақтарында орналасқан заңды тұлғалардың және кәсіпкерлік нысан басшыларына өз ғимараттарының сыртқы келбетін, қоршауын жөндеуден өткізіп, белгіленген орындарда аулаларына тиісті дәрежеде тазалау жұмыстарын жүргізу ұсынылсын.

Осы қаулының орындалуын қамтамасыз ету аудан әкімінің орынбасары Мамытов Сәкен Үмбетұлына жүктелсін.

М.Сұлтанғалиев, аудан әкімі                                               

Дөңгелек үстел өтті

Аудандық сотта «Заманауи сот төрелігінің жүйесіндегі отбасылық сот» тақырыппен дөңгелек үстел өтті. Жиынға судьялар, Сарысу аудандық прокуратура қызметкерлері, қорғаушылар, сот орындаушылар, кәсіби емес медиаторлар, әйелдер кеңесінің мүшелері мен сала мамандары қатысты.

Пилоттық жобаның мақсаты – отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру рәсімдерін қолдана отырып бітімгершілікпен шешу, балалардың толыққанды отбасында тәрбиеленуіне шаралар көру. Бүгінде өркениетті елдердің біразында отбасылық соттар қызмет етеді және ол отбасыдан бастау алатын мейірімділік, ізгілік қасиеттерді сақтайды деді.

Жиында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қолға алған «Отбасылық сот» пилоттық жобасының мақсат-міндеттері таныстырылды. Сондай-ақ,  мамандар неке бұзу көрсеткіштерінің артып отырғанын алға тартты. Тиісінше, борышкерлерден алимент өндіру мәселесі де өзекті болып отыр. Дөңгелек үстел кеңесінде сондай – ақ, ювенальді полиция қызметкерлері отбасылық зорлық-зомбылық деңгейі туралы баяндама оқыды. Ал аудандық ішкі саясат бөлімі отбасы құндылықтарын арттыруға бағытталған іс-шаралардың нәтижелерін сарапқа салды. Іс-шара соңында қатысушылар өз ойларын айтып, ұсыныс-пікірлерін жолдады.

«Sarysý-Aqparat»

Балабақша-бақыт баспалдағы

Мәңгілік ел болу жолында ұрпаққа тәрбие беру үшін басынан бастап өзгеше мәселелерді қолға алу қажет. Дүние есігін алғаш ашқан әр сәби отбасында ата-әжесінің, әке- анасының және бауырларының махаббаты мен жылулығына  бөленіп өседі. Әр отбасында берілетін тәрбие түрліше болады. Өздерінің қалыптасқан отбасылық құндылықтары  арқылы тәрбиеленеді. Ал білім мен тәрбие беретін балабақшада  жаңашылдық пен заманаушылықты ұштастыра отырып, елін сүйетін адамгершілігі қалыптасқан ұрпақты тәрбиелеуге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бүгін сіздерге арқау болып отырған «Балабақша- бақыт баспалдағы» тақырыбына тоқталар болсам, балабақша тек  бүлдіршіндердің келіп-кететін мекені емес, ата-аналар үшін баласын уақытша әкеліп тастайтын орны болмауы керек. Осындай көзқарастар болмауы  үшін балабақшада үнемі жүргізілетін жұмыстар жаңарып, мықты болуға жұмыстанып отырады.

Қазіргі таңда «Ақбота» бөбекжай-бақшасында 2-6 жас аралығында 250 бала тәрбиеленуде. Әр жас кезеңдеріне байланысты 11 топ жұмыс істейді. 39 жоғары білімді және мектепке дейінгі білімдері бар, жоғары бірінші, екінші санаттағы педагог қызметкерлер жұмыс жүргізуде.

Балабақшаға бүлдіршіндердің қызығушылығын қалыптастыру үшін үйде еш ойнамайтын, көрмеген дүниелерді ұйымдастырып отыру әрине әр педагог- тәрбиешінің біліктілігіне байланысты. Балаларға қызықты ойындар үйрететін,ертегілер айтатын, әндер үйрететін, шынықтыратын, достарымен қарым-қатынас жасай алатын, тазалыққа- ұқыптылыққа үйрететін   «Балабақша»  шуақты мекен. Сондықтан тәрбиешіге артылар жүк жеңіл еместігіне көзім жетеді. Балабақшада дұрыс тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барғанда саналы түрде саналы білім алуға тырысады. Тәрбиеші жұмысы оңай емес, бірақ абыройлы, сыйлы жақсы тәрбиешіні балалар ешқашан ұмытпайды. Оған дәлел жыл сайын қимастықпен мектепке шығарып салған тәрбиеленушілеріміз. Әр бала өз қылықтарымен тәтті. «Бала тілі-бал» деп бекер айтылмаған. Балалардың тәй-тәй басқан бірінші қадамына және  әрқашанда қуанамыз, өйткені ол балабақшаның жетістігі. Әр бүлдіршіннің қуанған көздерін көрумен біз бақыттымыз. Олардың бал тілін, сыңғырлаған күлкісін естумен бақыттымыз. Оларға білім беріп, қиялын самғатумен бақыттымыз. Биылғы жылы 120 бүлдіршініміз республикалық, облыстық түрлі жарыстарға онлайн қатысып жүлделі болып, Алғыс хаттармен, дипломдармен марапатталды. Осы орайда ата-аналарымызғада алғысымыз шексіз.

Балабақша-бала бағбандарының мекені деп тани отырып, бақыттың баспалдағына айналдыру біздің біліктілігіміз бен еңбекқорлығымызға  байланысты. Балабақша — бақыт баспалдағы. Әрбір бақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің қадамдарына ертеңге деген нық сенім, патриоттық сезімді ұялатып, ұлт ұрпағын тәрбиелейтін білім мен тәрбие беретін-алтын қақпа.

Егеменді еліміздің мәңгілік ел болып, мәңгі жасауы өз тұғырынан түспеуі болашақ ұрпағымыздың қолында. Болашақ ұрпақты талапқа сай ел мақтанышы етіп тәрбиелеуде балабақшаның рөлі зор. Сондықтан да балабақшаны «Балабақша- бақыт баспалдағы» деп атаудың өзі шынайылықты көрсетеді.

А.Танкаева,  

Ақбота бөбекжай-бақшасының

 меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.