ТАЛАНТТЫЛАРДЫ ІЗДЕЙМІЗ

0

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Таланттыларды іздейміз» атты шоу бағдарлама өтті. Бұл кештің мақсаты: жас таланттарды іздеу, олардың шығармашылығын қолдау және талантты балаларды халыққа таныстыру.

Саудакент ауылдық мәдениет үйінің директоры Ғазиз Жақсыпейілов шоу бағдарламаны ашып, өз сөзінде «Қазақ даласы тума таланттарға бай, біз әр балаға өзінің талантын көрсетіп, биік шыңдарға жете берсін деп айтқымыз келеді.  Бұл кеш талай  таланттың бағын ашып, болашаққа бағдар беретініне кәміл сенімдімін!» —  деді.

Талантты жастар  4 номинация бойынша бақтарын сынады.  Кеш барысында  Ерланқызы Ұлдана, Берікбол Шұғыла,  Тұрсынбек Жансұлу, Сәбитқызы Інжу, Жиенбай Айсұлтан, Ерсұлтан, Есенғали Нұрзат, Ақылтай Аружан, Жылқыбай Құндызай, Орынтай Мендерес, Тұрсынбек Жансұлу, Сәуірбек Жаннұр вокал жанрында,  Өлкебай Балауса, Ізмұқан Інжу, Уәлиева Ақбота,  Қабыл Ұлжан, Меделхан Назерке, Алтай Заңғар, Берікқали Мая аспапта орындауда, Алтынбеков Ақылбек көркем оқу шеберлігі бойынша, «Қазына» би тобы хореография жанры бойынша   өз өнерлерін көрсетті.  Ерекше көзге түскен талантты балалар жеңімпаз атанып, Алғыс  хатпен  және естелік сыйлықтармен марапатталды.

«Sarysý-Aqparat»

Сабақты зерттеу-мұғалімнің уәжін арттыру құралы

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл,ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады.Одан басқа нәрселермен оздым ғой дегеннің бәріде ақымақшылық»-деп ұлы ақын Абай Құнанбаев айтып кеткендей білім,ғылым арқылы адамды ұлы жетістіктерге, адам болып қалуға жетелейтіні анық.Ал,алдындағы аяулы шәкіртінің замана көшінен қалмай, адамдықты ту еткен білімді  азамат болуына жаңашыл ұстаздардың қосар үлесі қай кезде де зор болмақ. «Ұлттың жоғын ұйықтап жүріп емес,ояу жүріп іздеу керек»-деп ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханов айтқандай сол ұлттың мықты болып қалыптасуы мұғалім еңбегінің нәтижесі.

Шоқай датқа атындағы орта мектепте оқыту   мен оқу үдерісін дамыту  мақсатында   «Мектепте   Lesson  study тәсілін қолдану»тақырыбында мектепішілік семинар болып өтті. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Бұзауов Әбдірәлінің ұйымдастыруымен семинарды тәжірибелі ұстаздар Дүйсенбекова Зүлфия мен Үрстемова Роза өткізді.

Ұлағатты  ұстаз Дүйсенбекова Зүлфия мектепте      Lesson study тәсілін қолдану және жоспарлау, өткізу, талдау нәтижелерін талқылау жайында түсіндірме жұмысын жүргізді. Білікті ұстаз Үрстемова Роза оқушыларды Lesson study үдерісіне тарту нәтижесінде алынған тәжірибелік білімді әріптестерімен бөлісті. Сабақ өткізу барысында алдын-ала құрылған команда бақылау формаларын пайдалана отырып, зерттеудің бүкіл кезеңіндегі оқушы іс-әрекетін, ойлауы мен  оқытудың әдістерінің өзгерістерге тигізер оң әсерін бақылай алды. Бақылау формасы-мұғалім бақылауының және қорытынды жасауының күшті дәлелдемесі  болып табылады. Бұл дәлелдемелер кейін топтың бірлескен отырысында кеңінен талқыланды. Команданың сабақты талқылау барысын бақылаған мектеп директоры Миллионов Абдулла Lesson study-зерттеу тәсілі әрбір ұстаздың педагогикалық тәжірибесінде кеңінен қолданылып, әріптестер арасында таратылуы кәсіби дамуына тигізер әсері зор екендігін жеткізді. Lesson study зерттеу сабақтары-даму мен ілгерілеудің формуласы… Lesson study әдісі-ондағы басты  мақсат әріптестермен бірігіп:сабақ жоспарын құру, зерттеу сабағын талқылау, сабақтың жоспарын талқылау, зерттеу сабақтарын өткізу екендігі әріптестер арасында насихатталды.

Г.Бұзауова,

 бастауыш сынып мұғалімі    

Аудандық  соттағы мұрағаттың жұмысы

Сарысу аудандық сотында кеңсе меңгерушісі Г.Несіпбекова,  бас мамандар Г.Данярова, А.Шымырбекова, сот отырысының хатшылары О.Сейтбаев, А.Утеева және аға сотприставы А.Сұлтанбековтың қатысуларымен «Аудандық соттағы мұрағаттың жұмысы» атты тақырыпта семинар сабағы өткізілді.

Соттардағы мұрағат жұмысы сот іс жүргізуінің негізгі бөлігі болып табылады. Мұрағат   тарихи деректік құжаттар сақталатын алтын қазына. Мұрағатта әр кезеңдегі тарихи оқиғалар, дипломатиялық қарым-қатынастар, қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық бағыттары жөнінде құнды құжаттар сақталатыны бәрімізге мәлім. Сондықтан да соттарда, мекемелерде іс қағаздары бекітілген номенклатура негізінде іс-шаралардың құжаттары, өндірісте аяқталған азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер мұрағатқа тапсырылады.

Жыл сайын сот мұрағатына аяқталған істер, журналдар  мен нарядтар, есептік-ақпараттық құжаттар тапсырылады. Мұрағат жұмысының басты бағыты істерді электронды түрде есепке алу мен оларды беру. Судьялар мен сот мамандары мұрағат істерін қызмет бабында қолдануға құқылы. Мұрағатшы істерді, материалдарды сақтауға қажетті жағдайларды жасайды, сұрау хаттар бойынша мұрағат істерінен құжаттардың көшірмелерін береді, сот мұрағаты журналын жүргізеді.

«Сот құжаттарының электрондық мұрағаты» сот ісін жүргізу жүйесінде сот құжаттарының электрондық көшірмелерін ұзақ мерзімге сақтау, толықтыру және мәтіні немесе деректемелері бойынша іздестіру мақсатында электрондық мұрағаттық сот құжаттарын орталықтандырылған түрде сақтау қажеттігінен туындады.

СҚЭМ ақпараттық жүйесі сот құжаттарының сақталуына және өзгермейтініне кепілдікті қамтамасыз ету, электрондық мұрағатқа түскен бүкіл ақпаратты өзгермеген күйінде ұзақ мерзімге сақтау, сотқа келіп түсетін құжаттарды типіне қарай топтастырудың ортақ жүйесін жасау, мұрағаттық құжаттарды атрибуттары және толық мәтіні бойынша іздестіру үшін соттарда электрондық түрде сот құжаттарының мұрағаттарын қалыптастыруға арналған.

Жүйе пайдалануға енгізілген сәттен бастап сот отырысына қатысушыларға сот жүйесінің интернет-ресурсы арқылы мұрағаттық құжаттардың көшірмесін электрондық түрде алуға мүмкіндік беріледі. СҚЭМ-ді енгізу құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп қана қоймай,  оларды тасымалдау шығыстарын да қысқартады және сот істерінің апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында жедел қаралуын, сондай-ақ басқа да тәуекелдерді қамтамасыз етеді.

Сот жүйесінде қазіргі заманғы технологияларды енгізу және қолдану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді, бюрократиялық кедергілерді жояды, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен байланысқа түсуін азайтады. Ал  бұл сыбайлас жемқорлыққа бейімділікті төмендетуге, азаматтардың уақыты мен қаражатын үнемдеуге септігін тигізеді, халықтың барынша айқын және қолжетімді сот жүйесіне қолжеткізуге мүмкіндік береді. Семинар-сабақ соңында сұрақтарға жауап берілді.

«Sarysý-Aqparat»

Домбыра-жан қуаты

Әлемдегі денеңді шымырлатып, алпыс екі тамырыңа қан жүгіртетін өнер түрі қайсы десе – музыка дер едім. Жеті ғана нотадан неше түрлі әннің шығатынын ойласам құдіретке таңқаламын. Адамның көңілін бірде көтеретін, бірде түсіретіндей әуеннің шығуы, расымен де, таңқаларлық жағдай ғой.

Бала кезімнен әнге ғашықтығым өнер саласына келуіме себеп болды. Менің қызыққан аспабым – домбыра еді. Қос ішекті шерткенде барлық уайым мен қайғы сейіліп, әуен болып сыртқа төгілетін. Бар сырымды ақтаратын аспабым болды. Бүгін де жан серігім болып қана қоймай, оқушыларымның да сүйікті аспабына айналды. Мен Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінде бүгінде ұстаз болып қызмет етемін. Ата-бабамыздан мирас болып қалған домбыра өнерін оқушыларға үйретіп қана қоймай, жарыстардан жүлделі орындарды қанжығалап та жүрміз.

Домбыра – қазақ халқының көп пернелі, қос ішекті аспабы. Домбыраның көне аспап екенін, оның кейде шешендік қызметі болғанын да аңыздардан білеміз. Күмбірлеген күймен талай «мен» деп еңкеймеген тәкаппар бастарды төменге түсіріп, айта алмаған сөздердің орнын алмастырды. Жыр мен толғау, термелерді сүйемелдеп, халықтың мұңы мен зарын, қуанышын халыққа жеткізген елші де бола білді. Қазақ пен домбыра егіз ұғым деп ата-бабамыз осы себепті де бекер айтпаған болар.

Домбыраның сыңғырлаған үні халқымыздың қаншама ғасырдан келе жатқан қойнаулы тарихынан, аса қадірлеп, биіктеп ұстайтын салт-дәстүрінен, мызғымас құндылықтар мен өмір сүру салтынан хабар береді. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза Әлінің бұл сөзі де осының дәлелі. Музыка – адамға эстетикалық ләззат сыйлар өнер түрі болса, домбыра – адамға рухани қорегі іспетті. Сыңғырлаған ішектің үніне елітпеген жан осыған дейін болмаған да, болмайтын да  шығар. Құрманғазының «Ақсақ киігін», «Түрмеден қашқанын», «Адайы» мен «Кішкентайын», Дәулеткерейдің «Қосалқасы» мен «Қоңырын», Динаның «Бұлбұлы» мен «Әсем қоңырын» тыңдап, оған сүйсініп, рақаттанбаған жан кемде-кем екені анық. Күй атасы Құрманғазының күйлері бүгінде той-жиынның бетін ашар дәстүрлі музыкаға айналды. Осының бәрі де қазақ халқы барда домбыра, күй өнерінің өлмейтіндігіне дәлел.

Сан ғасырлар мен тоқырауға толы талай замандар өтсе де өзінің құндылығын сақтап келген, әр пернесі жеті нотадан да биік мағыналы, ішекті аспап домбыраны ұрпақтан ұрпаққа алтындай сақтау – болашақ жас ұрпақтың қолында екені белгілі. Енді осы өнерді өлтірмей, өз жанынан да артық етіп ардақтардай келер ұрпаққа аманаттап тапсыруда біздей мамандардың рөлі басым. Алдымызға келген оқушының бойына қазақтың асыл өнері мен қадірлі аспабының қадір-қасиетін толықтай сіңіртуге барынша күш салуымыз тиіс. Бұл әрекетке тек осы саладағы мамандар ғана емес, бүкіл қазақ халқы болып атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана бұл өнердің ғұмыры ұзақ болмақ.

Н.ТИЫШТЫҚБЕКОВ, Жайылма ауылдық өнер мектебінің домбыры сыныбы оқытушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.