«БОРЫШТАН» ЖАЛТАРУ-БӨРІКТІГЕ СЫН

0

Әскер ер-азамат үшін өмір мектебі. Алайда әр тәуліктің әр сағаты күні бұрын жоспарланатын нарық заманында көпшілік бұл пікірді аса қуаттай қоймайды. Сондықтан да болса керек, тепсе темір үзетін жігіттердің дені жердің шетінде, желдің өтінде Отанға адал қызмет етудің орнына әскерге бармаудың түрлі жолын қарастырып жатады. Олардың бұл қадамын көбіне ата-аналары да құптап, балаларын әскерге жібермеуге барын салады.  Осы орайда  Жаңатас қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығының уақытша міндетін атқарушы, майор  Есжан Абдиманаповпен Қалдыбайұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Есжан Қалдыбайұлы,  қазіргі қоғамдағы патриотизм қалай көрініс табуда? 

— Патриотизм – отбасына, туып-өскен ортасына, топырағы мен табиғатына, еліне деген құрметтен бастау алады. Өз ұлтын, жерін сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Оны зорлықпен, нұсқаумен жүргізу мүмкін емес. Ал біздегі мақсат – «мен» деген қайсар жүректерді азаматтық борышын өтеуге жұмылдыру. Жалпы бөлім әскерге шақыру науқанында насихаттық жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ жеткіншектер арасында еліміздің жоғары және арнаулы әскери оқу орнына іріктеуге үгіт жұмысын жүргіземіз. Мерзімді әскери қызметке шақырамыз. Отан қорғауды насихаттаудың өзін халықты, жастарды патриоттыққа баулу деп есептеймін.

— Қорғаныс істері жөніндегі бөлім дегенде біздің ойымызға мерзімді әскерге шақыру оралатыны жасырын емес. Сіз басқаратын бөлімнің міндетін білсек?

— Негізі қорғаныс бөлімі Қазақстан Республикасының жергілікті әскери басқару органдары қатарында бейбіт және соғыс уақытында жергілікті атқарушы органдармен жұмылдыра бірлесе жұмыс атқарады. Сол арқылы адам және көлік ресурстарын жұмылдыруды жүргізу жоспарын, азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке, запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауды, ауданның әскери-экономикалық әлеуетінің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда біздің бөлімде жұмылдыру, жасақтау және материалдық-қамтамасыз ету бөлімшелері, мемлекеттік қызмет көрсету бөлімшесі өздеріне қойылған міндеттерді жүзеге асырады.

— Әскерге шақырылушыларға қойылатын талаптар қандай? Азаматтарды әскери қызметке даярлау және шақыру қалай жүзеге асады?

— Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының талаптарына сәйкес әскерге шақырылушы азаматтардың денсаулығы жарамды, соттылығының болмауы және Отан қорғауға деген ниетінің болуы қажет.

— Қандай жағдайда шақыртудан кейінге қалдырылады?

— Мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны кезінде кейінге қалдырылуы және әскерге шақырылудан босатылуы Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 35 бабына сәйкес отбасы жағдайына (отбасында мүгедек, ата-анасы болмаған жағдайда, ата-анасының зейнеткерлік жасқа толуына, некеде тұруы және т.б.), білім алу жағдайы (күндізгі бөлім және жоғары білімін жалғастыру) үшін және басқа да себептері (ауыл мұғалімдері мен дәрігерлері) бойынша әскер қатарына жіберу кейінге қалдырылады.

— Әскерге барудан жалтарып жүргендерге қандай шара қолданылады?

— Медициналық комиссия тексеруінен сәтті өткен және қызметке жарамды деп танылған әскерге шақырылушылардың әрбірін әкімнің орынбасары төрағалық ететін шақыру комиссиясы дербес қарайды. Осылайша, әскерге шақыру туралы шешім қабылданады. Шақыру бойынша медициналық комиссия мен әскери қызметтен жалтару әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралатынын естеріңізге саламыз. Шақыру қағазы бойынша медициналық тексеруге келмеген жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әскери қызметтен жалтару бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға әкеп соғады

– Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге жастардың көзқарасы қандай? Әскерге бармауға не кедергі?

— Әр бала әрқалай.  Бір бөлігі – әскерге баруға қызығып, ниет білдірсе, екінші бөлігі – қорқады. Әскерге құлқы жоқтармен учаскелік инспектор етене жұмыс істеуде. Үйіне барып, ата-аналарымен сұқбат жүргізіп, түсініктеме алуда. Жалтарғандардың дені әлеуметтік жағдай мен жұмыссыздықты алға  тартады. Бірі – несиесі барын айтса, бірі – ата-анасына қарап отырғанын себеп қылады. Ал енді бірде ата-анасы асырап отқан баласын әскерге жібергісі келмейтінін ашық айтады. Негізі балалардың әскерден жалтаруына басты себеп – жұмыссыздық. Күнкөріс қамымен де сыртта жүргені көп. Одан бөлек жалтарғандардың арасынан жауапкершіліктің жоқтығы да анық байқалады. Алайда, қандай жағдай болмасын әскерге шақырылған уақытта міндетті түрде келуі тиіс. Заң бәріне ортақ.

– Қазіргі жастың психологиялық, моральдық деңгейі қандай? Бұл әскерге баруға қаншалықты әсер етеді?

— Азаматтық борышын өтеуге аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулығының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі. Әскери бөлімге іріктеу мен бөліп тарату кезінде жастардың әскер қатарына шақырылғанға дейін алған мамандығы ескеріледі. Оның отбасылық жағдайын сарапқа салады. Моральдық жағдайына баса назар аударады. Денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

–Жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша қандай шаралар ұйымдастырылуда?

— Отан алдындағы борышын өтейтін азаматтармен және олардың ата-аналарымен кездесу өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, ауданның білім беру ұйымдарында іс-шара, дөңгелек үстел, акция, кездесу кешін ұйымдастыруға белсене атсалысамыз.

– Есжан Қалдыбайұлы, шынайы патриоттық, Отансүйгіштік сезімді қалай оята аламыз?

– ҚР Конституциясының 36-бабында атап көрсеткендей, Қазақстан Республикасын қорғау – әрбiр азаматтың қасиеттi парызы, әрі мiндетi. Олардың бойындағы патриоттық сезім бесікте жатқаннан-ақ бойына сіңуі тиіс. Ананың айтқан әлдиінен бар тәрбиені жиып өскен бала әкенің қатал мінезімен бой түзейді. Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген жігіт біршама есейеді, сабырлық пен төзімділікті бойға жияды. Бойында қазақтың қаны тулаған, жүрегінің түгі бар жігіт «әскер» деген жауапкершіліктен жалтармайды. Ал қоғам жастарды әскерден жалтаруға емес, оған ұмтылуға жұмылдыру жолында тәрбиелеуі тиіс.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Гүлбану ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ,  «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.