Құқық кабинеті – халыққа құқықтық көмек көрсетудің тиімді алаңы
Қазіргі таңда азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру – қоғам дамуының маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда ауылдық елді мекендерде ашылып жатқан құқық кабинеттерінің маңызы зор. Құқық кабинеті – әрбір азамат қажетті құқықтық ақпаратты тегін алып, заң көмегіне жүгіне алатын арнайы орын.
Осы бағытта Досбол ауылдық округі әкімінің аппараты жанынан да құқықтық кабинет ашылып, халық игілігіне қызмет етуде. Құқық кабинеті Досбол ауылы, Б. Шәйдікәрімов көшесі, 11В үйдегі әкімшілік ғимаратында орналасқан. Жұмыс уақыты таңғы сағат 09:00-де басталып, кешкі 18:30-да аяқталады. Түскі үзіліс 13:00-ден 14:30-ға дейін.
Құқық кабинеттерінің негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктері туралы ақпарат беру және Қазақстан Республикасының заңнамасын өз бетінше зерделеу дағдыларын дамыту.
Мұнда азаматтар түрлі мемлекеттік қызметтер жөнінде ақпарат алып, құқықтық мәселелер бойынша кеңес ала алады. Сонымен қатар келушілерге компьютерлік техника, интернет желісі және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесі қолжетімді.
Құқық кабинеттерінде өтініштерді тіркеу журналы жүргізіліп, келушілерге қажетті ақпаратпен жұмыс істеуге жағдай жасалған. Сондай-ақ халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында білікті мамандар жұмыс істейді. Олар азаматтарға заңнамаларды түсіндірумен қатар, құқықтық бағыт-бағдар береді.
Маңызды бастамалардың бірі – көшпелі консультациялық іс-шаралардың ұйымдастырылуы. Бұл шалғай ауыл тұрғындарының да құқықтық көмек алуына мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда заң консультанттары, адвокаттар және өзге де сала мамандары тартылып, тұрғындардың сауалдарына жауап береді.
Бүгінде құқық кабинеттері халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың заңға деген сенімін арттыруда үлкен рөл атқарып отыр. Мұндай орталықтардың жұмысы қоғамдағы құқықтық сауаттылық деңгейін көтеруге және әділетті қоғам қалыптастыруға ықпал етеді.
Досбол ауылдық округі әкімінің аппараты