Таза Жаңатас – жаңарудың негізі

0

Жаңатас қаласы соңғы жылдары көзге айтарлықтай түсетіндей көркейіп келеді. Қаланың бұрынғы келбетімен салыстырғанда қазіргі Жаңатас – жаңарып, көркейіп келе жатқан шаһар. Қала көшелері жаңарып, ескі ғимараттар қалпына келтіріліп, жаңа ғимараттар салынуда. Әсіресе орталық саябақ пен тұрғындар дем алатын орындардың көбейіп, көркейіп жатқаны қуантады. Қалаға кірген сәттен-ақ ескінің жаңаға алмаса бастағанын байқаймыз.Бұл әрине қалаға жаңа тыныс келгенінің және жергілікті басқару жұмысының оң нәтижесі.

Жаңатастың орналасқан жері де өзінше ерекше. Тау қоршаған қала болғандықтан әрі көркем, әрі салқын қала. Таңертең көшеге шықсаңыз ерекше жағымды самал есіп, жанға тыныштық сыйлайды. Осындай табиғи артықшылық Жаңатасты тек өндіріске тиімді қала емес, адамға өмір сүруге тыныш, шағын жер екенін аңғартады.
Алайда әр қаланың дамуы тек сыртқы көрініспен шектелмейтіні белгілі. Кейбір көшелердің, қоғамдық орындардың тазалығы біркелкі сақталмайтыны қынжылтады. Бір жерде жаңа ғимараттар бой көтеріп жатса, енді бір жерде әлі де назар аудару керек тұстар бар. Бұл әрине тек қала басқармасының мойнындағы міндет қана емес, ол осы жердің әрбір тұрғындарының да өз жауапкершілігіне қатысты дүние. Мысалы, қоқыс жәшіктерінің айналасын қоршау, тал түптерін жаңартып отыру деген сияқты мәселелер менмұндалап тұр. Қоқыс демекші, қоқыс жәшігіне жеткізбей оны айналаға шашып кететіндердің әрекетін көргенде, қаланың дамып көркеюіне кедергі болатын нәрсе кейде инфрақұрылым немесе құрылыс емес, тұрғындардың өзі ме деген ой туады.
Жаңатас – әлеуеті жоғары, болашақ потенциалы мол қала. Қазіргі болып жатқан өзгерістер соған дәлел. Әлі де шешілмеген мәселелер болғанмен, қаланың болашағына сеніммен қарауға болады. Тазалық пен тәртіпке әр адам бірдей үлес қосатын болсақ, қаламыздың одан әрі гүлденері сөзсіз. Үлкен өзгерістер кішкентай қадамдардан басталады. Соны түсініп, қаламыз таза болсын десек – ең алдымен өзгерісті өзімізден бастайық.

Аяжан КӨБЕЙ, М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті 2 — курс

Leave A Reply

Your email address will not be published.