ТЕМЕКІ ШЕГУДІҢ ЗИЯНЫ

0

Темекі шегу –көптеген аурулардың дамуының негізгі себептерінің  бірі болып табылады.Статистика бойынша жыл сайын 6 миллионға жуық адам темекіні шегуден көз жұмады. Темекінің адам ағзасына зияны өте жоғары. Шылым тартатын адамдардың жалпы саны миллиардқа жуық. Никотин тәуелділігі адам ағзасына қауіпті 20 темекіде (шегушілердің орташа тәуліктік мөлшері)130 мг никотин бар. Темекі түтінінің құрамы: цианид, мышьяк, гидрокси қышқылы, көміртегі тотығы, полоний, қорғасын, висмут және басқалар.

Өкпе ісігімен (рак легких) ауратын адамдардың 90%-ы шылым шегушілер. Дәрігерлер бронхит пен эффизема ауруының 75%-ы темекінің шегуімен байланысты деп айтуда. Сонымен қатар, жүрек ауруы бар адамдар темекі тартудың нәтижесінде өмірлері едәуір  қысқарады. Никотин есту аппаратына кері әсерін тигізеді.Темекі шегетін адам тез қартаяды. Сарапшылар никотинді есірткіге теңейді, өйткені ол тәуелділік тудырады, сондықтан оны тастап кету өте қиын. Никотиннан ең үлкен зардапты бауыр шегеді. Шылым шегуден болатын аурулар:қатерлі ісік түрлері, миокард инфарктісі, инсульт, өкпе тромбоэмболиясы, атеросклероз, соқырлық, саңыраулық, эндартериит, бедеулік, пневмония, асқазан-ішек аурулары, дамудың артта қалуы, ерте өлім. Темекі шегу бұл адамның өзіне-өзі мәйіт қазғанмен бірдей.

 -Тек бірлескен  күш-жігермен  ғана  біз  бұл зұлымдықты  жеңіп, балаларымызды  қорғай  аламыз.

Қ. Байбосын,

Сарысу  аудандық санитариялық- зпидемиологиялық   бақылау  басқармасының  жетекші  маманы                                               

Түркі әлемінің Гомері Майкөт ақынға

кімнің бар таласы

Облыстан келген комиссия аудандық мәдениет үйінің атын Майкөт Сандыбайұлына беру туралы шешім шыққанын ескерткен болатын. Ұлы композитор, қобызшы Ықылас Дүкенұлының есімі де түркі әлеміне танымал. Бірақ, облыс көлемінде Ықылас Дүкенұлының аты бес жерге берілген. Сондықтан аудандық мәдениет үйінің атын Майкөт Сандыбайұлына беру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне 2020 жылы 15 қаңтарда №04-35 шығыс хатымен «Тарихи тұлғалар» тізіміне облыс өңірінен шыққан Майкөт Сандыбайұлы енгізілген болатын. «Тарихи тұлғалар» тізіміне Майкөт Сандыбайұлы көне дәуірден 14 ғасырға дейін өмір сүрген тарихи тұлғалар тізімінің №147 енгізілген болатын.

Біз болашақта «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы Президентіміз Қ.Тоқаевтың бастамасын басшылыққа ала отырып Қазақстанның болашағы жастар болғандықтан ауданның қариялары мен белсенділері оларға үлгі  бола білуіміз керек.

Қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев: «Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген, саңқылдап сарайынан өлең шықса именіп өзге ақындар бәйпектеген» деп жырлағандай Майкөт Сандыбайұлы қазақтың бір тума ақын, жырау-жыршысы, айтыскер, суырып салма ақыны. Майкөт Сандыбайұлы кейбір деректерде шамамен 1824 жылы Қаратаудың теріскейі Шабақты өзенінің бойында дүниеге келген. Бүгінгі Жаңа Қазақстанның жастары тани білуі қажет Майкөт ақынды. Орта Азия халқы, Түркі әлемі танитын қазақтың ұлы Гомері атанған ақын. Майкөт Сандыбайұлы жас кезінде    Саудакенттегі ел жақсыларының ақылымен Шаяндағы Аппақ ишан медресесінде 10 жыл оқып білімдар, молда ретінде шәкірттерге сабақ беріп жүріп жас ақын атанған. Майкөт медреседе оқып жүргенде «Алпамыс», «Қобыланды», «Едіге», «Шора», «Ер Тарғын», «Көрұғылы» сияқты батырлар жырларын, «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» ғашықтық жырларын жатқа айтатын. Майкөт жас-тайынан өлеңге, жырға құмар болып өскен. Жадынан өлең де шығарып айтатын болған. Халық «Өнер алды-қызыл тіл» десе, Майкөт ақын бұл мақалдың даналығын әбден ұғынған адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген.

Майкөт ақын-тынысы кең жырау. Ол өз жырларында ел тұрмысы үшін маңызды мәселелерді көтеріп, батырлардың, елдегі би-датқалардың халқына, істеп отырған қайырлы істерін мадақтап отырғандығы көрінеді.  Майкөт ақынның шығармалары форма жағынан алғанда бай, аса көркем келеді. Жырлаудың ұйқасқа ерекше көңіл бөлетіндігі аңғарылады. Ақынның жырлары қара өлең ұйқастарына құрылған. Майкөт Сандыбайұлы қазақ пен қырғыз халқының зор құрметіне ие болған ақын-жырау. Қазақтың ұлы жырауы Жамбыл Жабаев Майкөт ақынды өзіңе ұстаз, аға тұтқан:

Ассалаумағалейкум, Майкөт аға!

Мен естіп дауысыңды келдім жаңа.

Алдынан үлкендердің өтпейін деп,

Аялдап, әдеп еттім біраз ғана.

       Адамдардың фәнидегі қарым-қатынастары –өткінші, қозғалыстағы тіршіліктің артқа қалатын ұлағаты. Қара өлеңдердегі дидактикалық-философиялық ойлардың тәлім-тәрдиелік бағдары адамдардың өзара сыйласқан қарым-қатынастарына арналады. Шынайы достық ұғымының аясында жақсы мен жамандардың үйлесімі болмайтыны ашық айтылады. Халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы бойынша әрбір адамға тек жақсымен, асыл сапалы кісілермен ғана дос-тасу ұсынылады. Майкөт ақын өзінен үлкен, кіші ақындармен, адамдармен әр уақытта сыпайы сыйластықта болған. Жас ақын Жамбылға Майкөт ақын ағалық батасын бергенде:

Әумин батаңызға көтердім қол,

Етейін Сізге құрмет мен осы жол.

Той қылып тобымызда отырыңыз,

Менің де Майкөт аға, тілегім сол,- дейді.

Атадан-балаға жалғастығын тауып келе жатқан құрмет, сыйласу, қазақ халқының бұлжымас қағидасы болып табылады. Өлең шумақтарында үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге деген ізгі ниет «етейін сізге құрмет мен осы жолы» деген жыр жолдарынан аңғарамыз. Қырғыз халқы мен қазақ жұртына танымал қырғыздың үлкен ақыны Тоғалақ Молданың «Қазақ ақындарына» атты толғауында Мәулікей, Жүсіпбек, Сүйінбай, Қуандық, Майкөт ақындарға ерекше баға береді. Фрунзеде (Бішкек) 1970 жылы «Қырғызтан» баспасынан шыққан шығармаларының екінші томында жарық көрген. Қырғыз әдебиетінің классигі Тоғалақ молда, жас кезінде Майкөтті шалқар шабыт үстінде көріп, арқалы ақындығына қатты қызығады. Майкөт ақынның сал-серілік, ақындық-жыраулық өнеріне зор құрметпен қараған Тоғалақ:

Тоқпақта, үлкен жиында

Майкөтті көрдім көзіммен,

Байқалтып өткен сезіммен,

Қаршығадай шүйілген,

Өзі салдай киінген,

Көрініп тұрар көзіме,

Айтып өткен бірнеше,

Нұсқасы қалып есімде, — дейді

Тоғалақ молданың Майкөт ақынды жас кезінде көріп, «қаршығадай шүйілген», «өзі салдай киінген» деп өзінің ішкі ілтипатын, мөлдір махаббатын, қимас сезімін, емен-жарқын көңіл-күйін, асқақ жыр-толғауларымен шабыттана жеткізген.

Қазақтың ұлы ақыны Майкөт Сандыбайұлының жыраулық-жыршылық,  ақындық  және айтыскерлігін қырғыз ақындары да мойындаған. Осындай ұлы ақынға Сарысу ауданының мәдениет үйінің атын бермейміз деп тартысқа салуы әрине шындыққа жанаспайды. Ұлы ақынның есімін аудандық мәдениет үйіне беру Сарысу ауданы тұрғындарының да көңілінен шығады деп есептейміз.

 Саудакент ауылдық округінің тұрғыны Егізбек Сәтұлы Майкөт Сандыбайұлы бабасы туралы 20 жылдан астам материалдар жинап, кітап шығарып, халыққа таратқаны жиында айтып өтті.

Қорыта айтқанда Сарысу ауданның бірлігімен ынтымағы ауданның экономикалық мәдени, әлеуметтік дамуына көп ықпал ететіні ақиқат. Сондықтан ағайын, бірлігіміз ажырамасын, ынтымағымыз арта берсін.

Қ.Мәмбетов, Сарысу ауданының Құрметті азаматы

балаЛАРДЫҢ СҮЙІКТІ ЖАЗУШЫСЫ

Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен  Жаңатас қалалық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен  өлкемізде халықтың ыстық ықыласына бөленіп  жүрген, туған жер мақтанышы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің Гран при иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз Пернебай Дүйсенбинмен  «Балалардың сүйікті жазушысы» атты телекөпір өтті.

Телекөпір Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының жазушының өмірі мен шығармашылығы, шығармашылығынан        алынған    көріністері мен концерттік бағдарламаларымен ашылып, жалғасы Жаңатас қалалық балалар кітапханасында  Пернебай Дүйсенбин ағамызбен  сұхбат әңгіме арқылы өрбіді, автормен бетпе-бет жүздесіп, қызықты эпизодтары, суретшілік өнері, шығарманың идеясы мен сюжеттерін қиыстыруда автордың шебер қолданыстары, ізденістері, әңгімелесу шешендігі  және  автор  бойындағы  адамгершілік, ұлтжандылық, қарапайымдылық сияқты қасиеттері керемет әсер қалдырды.

Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің 10 «Ә» сынып оқушысы А.Көбей балалар жазушысының бояуы кеппеген жаңа шығармасынан «Намыссыздық» және Н.Абдықадыр «Қошақан қозы немесе Бауыржанның монологы» өлеңін жатқа айтты, Балалар мен жасөспірімдер орталығының «Сахна шеберлігі»  үйірмесінің оқырмандары П.Дүйсенбиннің «Нұрстан мен Аққанаттың бастан кешкендері» атты шығармасынан «Ата толғауы немесе жеті ата жыры», «Жан достардың бастан кешкендері» қиял-ғажайып ертегі-повестерінен үзінділер тыңдалып, сахналық қойылымдар көрсетілді, шығармалар желісі бойынша викториналық ойындар ойнатылып, кітапхана қызметкері Қ.Бекеева автордың «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы Әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Сарысунама», «Ұлт батырлары», «Жаңатас дастаны» т.б кітаптарына шолу жасады. Шара соңында ұйымдастырушылар белгілі қаламгерге өз алғыстарын білдіріп, қаламы мұқалмай, қарымды ойларымен әлі талай оқырманның жүрегіне жол табатын шығармаларыңыз көп болсын — деген тілек айтып, қатысушы оқырмандарын марапаттап, естелікке суретке түсті.

мәңгілік

махаббат жыршысы

Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен  жазушы-журналист, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік Махаббат жыршысы» атты оқырмандар конференциясы өтті.

Оқырмандар конференциясына Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, «Дарабоз» сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин, ардагерлер кеңесінің мүшесі Шәдиев Жамбыл, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Г.Төлебаева және 9-10 сынып оқушылары, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.

Мақсаты:  жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өмірі, шығармашылығымен таныстыра отырып, оқырмандар арасында адамгершілік пен адами құндылықтарды дәріптеу. Болашақ ұрпақтың махаббат, сыйластық сезімін оятып, инабатты, ибалы, мейірімді болып өсуіне ықпал ету.

Іс-шарада ақын Марфуға Айтхожинаның «Махаббат жыршысы» атты өлеңін М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Сарыпбекұлы Хантөре оқыса, жазушының өмір жолын кітапхана оқырманы Өмірқұл Азамат таныстырып өтті. Жазушының «Ақиқат пен аңыз»     кітабын осы мектептің оқушысы Елеубек Балнұр түсіндіріп, «Менің портретім» атты өлеңін Дүйсенұлы Арман, ақын С.Ембергеновтың «Махаббат мұнарасы» атты өлеңін Қыдырбай Толғанай оқып берді. Қожаев Бақдәулет «Мәңгілік махаббат жыры» атты кітабын түсіндірді. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы мектеп-гимназияның оқушылары «Махаббат қызық мол жылдар»  кітабынан көрініс көрсетті.Сонымен қатар Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның оқушылары жазушының Болысбек Жұлдыз «Біз жеңеміз», Сабыржан Әмина «Достарға» атты өлеңдерін оқыды. «Қадірлі қаламгер-Әз аға» атты кітап көрмесіне кітапханашы М.Серікбаева библиографиялық шолу жасады. Іс-шара соңында Сарысу аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Жолмаханова Айтбала Абухасқызы сөз сөйлеп, қатысқан оқырмандарды марапаттады.

Камели Сүлейменова, Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.