ШҰЛЫҚ

0

әңгіме Оқи отырыңыз!

Біз клубта бір үстелдің басына қатар отырып қалдық. Біріміз — егде тартқан, муниципалитеттің чиновнигі Әзім-бей де, біріміз — мансаптың алғашқы сатысына аяқ басқан сіздің бағынышты қызметшіңіз.

 — Естуімде, сен үйленбекші көрінесің ғой, — деді Әзім-бей анис арағынан рюмкаға құйып жатып.

Мен үнсіз бас изедім.

— Сенің бақытты болуың үшін! Мен өмір өрісін көп шарлаған жанмын ғой, саған айтар бір ақылым бар — әйеліңе ешқашан да қымбат шұлық сатып алып берме! Әзім- бей  терең күрсініп, басын шайқады да, әрі қарай сөзін жалғады.

— Мен ылғи да қарапайым, кедей әрі момын әйел алсам деп армандаушы едім. Өзім де шыдамдымын ғой. Сонымен не керек, ақыры, он бес жыл бойы арманымды арбаған қызды да таптым-ау! Аты Сабиха еді. Жасы жиырма бірде болатын. Былайша қарағанда, сұлулығы көзге бәлендей түсе қоймайтын, дегенмен де ол маған бірденінен ұнады. Өзі сондай қарапайым, ізетшіл, сүйкімді-ақ еді… Біз үйлендік те. Оның соңынан келер жасау мүлкі, төсек — орны жоқ еді, бұл жай мені қатты қуантты да.

… Мен саған.. сатып алмақшы едім, — дей берсем -ақ, ол менің сөзімді аяқтатпастан: «Сүйіктім-ау, керегі не соның, менде бәрі де бар ғой», — деп сызылып тұрғаны.

Менің қуанышымда шек болмады. Міне, әйел деп осыны айт, ақшаның құнын білетін өміріңнің асыл серігі осындай — ақ болсын. Ол ерін бояйтын бояуыңа да, кірпікке жағатыныңа да қарамады, крем, опа  — далаптарыңды білген де емес. Ол: «Еркектер де боянбайды ғой, сол әйелдердің қуыршақ сықылды бетін бояғанында не тұр?» — дейтін.

Ол әлемет — әшекейлерді тіптен жақтырмайтын. Сөз ыңғайында әлдеқалай, арзанқол білезік не жүзік туралы әңгіме қозғасам, ол кәдімгідей — ақ өкпелеп қалатын-ды: «Немене, мені бір тойымы жоқ жан көресің бе? Маған ешқандай да сылдырмақ, жылтырауықтардың керегі жоқ!».

«Міне, қарай көріңіз, білім дейтін білімі де жоқ, сонда да болса парасат — пайымы, ақылы қандай мол, өзін тіптен қарапайым ұстайды», — деп ойлап жүрдім.

Бірде көшеде жол бойы сүйіктім Сабиха туралы ойлап келе жаттым. Қайткенмен де сүйікті жұбайымды қуантуым керек-ақ емес пе. Дүкенге кірдім де, тым қымбат екендігіне қарамастан бір пар шұлықты сатып алдым. Үйге әкелдім де, әйеліме ұсындым. Сол сәтте мүсәпір байғұстың жылап-ақ жібергені бар емес пе. Ол.

— Ақшаны текке ысырап етіп керегі не еді?!   — деді қамыға сөйлеп.

Ай соңынан ай өтті, бірақ Сабихам шұлықты бір рет те аяғына ілмей-ақ қойды. Менің өн бойыма өкпе ұялай бастады.

— Киемін ғой, киемін, — деді жымия күлген ол. Бірақ… деді де сөз аяғын жұтып қойды.  «Бірақтың» мәнін білу үшін менің жарты сағат ішінде жан терім шықты.  Сөйтсем әлгі шұлығы құрғыр оның туфлиімен мүлдем  үйлеспейді екен. Себебі ол тым әсем еді.

-Сәулешім Сабиха -ау, бұл жайды бірденінен-ақ айтатын жөнің бар емес пе?! Несі бар, туфли сатып аламыз.

Әйелімді дүкенге күштегендей қылып әрең апардым. Мен оған туфлидің ең әсемінен әрі тым қымбатынан әпердім. Ал бағасы жүрегімді біз сұғып алғаннан да жаман ауыртты, бірақ шарам қайсы, ардақты да момақан аруымды аялауым керек қой!

Бір айдың ішінде ол жаңа туфлиі мен шұлығын қонаққа барғанда бір-ақ рет киді де қойды. Мен бұл жайдың мәнісін сұрадым.

— Жаным-ау, түсінесің ғой,  — деді Сабиха көмескі үнмен — туфлиімнің өзі тым келісті ғой, тіпті де менің көйлектеріммен…

Мен сол күні-ақ оған тамаша костюм және көйлектік мата сатып алып бердім.

Бір аптадан соң — жаңа қалпақ, енді бір аптадан соң жаңа пальто алдым. Оның қымбаттығы сонша, алып жатқанымда инфаркт болып қала жаздағаныма қайранмын.

Бірде кешкілік Сабиха айна алдына жайласып отырған-ды.

— Сүйіктім — ау, өзің білесің ғой, мен ешқашан да сенен ештеңе туралы өтінген емеспін, бірақ менің басыма қарашы, ол менің киім-кешегіммен үйлесім тауып тұр ма осы?

Менің көзім атыздай болып кетті. Сонда ол енді жаңа бас сатып алмақ ойда болғаны ма… Бақытыма орай, әңгіме тек шаштараздың төңірегінде болып тұр екен.

Енді бір аптадан кейін әңгіме менің сүйкімді де қанағатшыл жан серігімнің жаңа бейне-көркіне жарасатын жаңа пәтер туралы болды.

-Өзің білесің ғой, жаным-ау, — деді бірде Сабиха. -Соқыр тиынды сыртқа шығарғанша, менің асылып өлгенім-ақ артық қой, бірақ өзің ойлап көрші, ескі үйде тұрудың өзі…

Мен көндім. Содан соң мен шап-шағын «Фольксвагенді» кредитке сатып алуға келісім бердім. Сен туралы қам жеп, елжірей сүйетін, күш-жігеріңді сары алтындай аялап сақтайтын, бірде-бір артық наз, арыз жасамайтын жанға кеудеңнен суырып, жүрегіңді бермессің бе…

Бірнеше айдан соң менің ардақты Сабихам маған бірде бөлекше жұмсақ, ықыласпен жылы ұшырай қарады. Сол сәтте мен жүрегіме шуағы шырайлы, жылы нұр құйылып кеткендей сезіндім.

-Қымбаттым, — деді ол жай ғана, өзінің биязы дауысымен.

-Сен мен үшін көп іс істедің. Сен мені еріксізден еріксіз әсем де сымбатты әйелге айналдырдың, машина жүргізуді де зорлап үйреттің. Әрдайым мен саған әлдене туралы өтініш жасағанда, сенсең, жүрегім атқақтай жарылып кетуге сәл-ақ тұрады, мені өзің де білесің ғой.

— Қуанышым-ау, о не дегенің, мен сені жақсы түсінемін ғой, — дедім.

-Міне, менің саған деген ең соңғы өтінішім…

— Е, ол қандай еді, сәулешім-ау?

-Менің ойымша, ең жақсысы, екеуміз ажырасуымыз керек. Сен сондай кәрі, олпы-солпы әрі сымбаттан да жұрдайсың, тіпті маған тең емессің…

Әзім-бей өз рюмкасын толтырды да, мұңлы бір халде езу тартты.

-Сот машинаны да,  пәтерді де оған қалдырды. Ал менде кішіпейіл де қарапайым, сыпайы құнтты әйел туралы естелік қалды. Ал осының бәрі пар шұлықтан басталған жоқ па. Сондықтан да саған қайталап айтарым:

— Әйеліңе ешқашан да қымбат шұлық сатып әперме!

 

Аударған 

Пернебай  Дүйсенбин, жазушы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.