ЕР БОРЫШЫ- ЕЛ ҚОРҒАУ

0

Бүгінде Отан алдындағы борышын үздік атқарып жүрген Нұрсерік Сүйіншіұлы Ібіжанов жас өрендерге үлгі боларлық азамат. Ол 2003 жылы Жаңаталап ауылында 5-ші перзент болып дүниеге келген. Қатаң тәртіп, адал еңбекке баулыған әкенің «Әскерге бару міндетің» деген бір ауыз сөзін аяқасты етпеген Нұрсерік ата-анасын алғысқа бөледі.

Әскерге кеткеніне алты ай болғанда ата-анасына Алғыс хат келді. Әскерден келген хатта «Құрметті Ерубаев Сүйінші Ібіжанұлы және Береке Әуесбекқызы Шотыбекова! Сіздердің ұлдарыңыз, қатардағы жауынгер Нұрсерік Сүйіншіұлы Ібіжанов әскери қызмет барысында өз міндеттерін адал және ынта-жігерімен орындап, үлгілі тәртібімен ерекше көзге түскенін мақтанышпен жеткіземіз. Нұрсерік Отанға деген патриоттық рухы жоғары, болашағынан көп үміт күттіретін, өзінің әскери мамандығының шебері, білікті сарбаз.

Ұлдарыңыздың жетістіктері-Сіздердің оны дүниеге алып келіп, түн ұйқыларыңызды төрт бөліп, ұлағатты тәрбие беріп, оқытып, үлкен өмірге қадам басуға  жетелеп, отбасыңыз үшін төккен терлеріңіздің текке кетпегенінің айқын дәлелі.

25 қазан-Республика күні Қазақстан Респуб­ликасының ұлттық мерекесіне орай, Десанттық-Шабуылдаушы Әскерлерінің Қолбасшысы атынан және 61993 әскери бөлімінің басқармасының атынан Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке, ырыс-ынтымақ және барлық бастамаларыңыздың жемісті болуын тілейміз. Сіздерге Отанының қорғаушысы, адал және патриот ұлын тәрбиелегеніңіз үшін үлкен Алғыс білдіремін. Ізгі ниетпен 61993  әскери бөлім командирі, подполковник Д.Карманов» делінген.

Нұрсеріктің ата-анасы мен бауырлары, туған-туыстарының қуаныштарында шек жоқ. Перзентіне айтылған мадақтан артық не бар ата-ана үшін! Н.Сүйіншіұлының жетістігі бұдан кейін де жалғаса берсін.

Мұндағы айтпағымыз әскери міндетін абыроймен атқарып жүрген жерлесіміздің жетістігі жас-тарды жігерлендіре түссе деген ой.

Сондықтан ұлды ұлша тәрбиелеп, Отанға, елге қызмет етуге баулу әрбір отбасынан бастау алса құба-құп.

Камели Сүлейменова,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.