ЭХИНОКОККОЗ АУРУЫНАН САҚТАНАЙЫҚ
Эхинококк – таспа құрттың бір түрі. Денесі 3-4 буыннан тұрады, ұзындығы 2-6 мм. Бір камералы, дамуы жетілген. Эхинококк – іші сұйыққа толы, сырты қабықты көпіршік. Таспа түріндегі сатысы кейбір етқоректі және жыртқыш сүтқоректілердің ащы ішегінде дамиды. Эхинококктың дернәсілі адамның, сүтқоректілердің (аралық иесі – қой, ешкі, сиыр, шошқа, солтүстік бұғысы, ит, мысық, үй қояны, тышқандар) әр түрлі ішкі органдарында (көбінесе бауыр, өкпе, бүйрек, талақ) паразитті тіршілік етеді. Ересек эхинококк (ұзындығы 0,5 см-дай) ит организміне түскеннен кейін 45-95 тәулік өткесін бірнеше бөлікке бөлінеді. Сыртқы ортаға шыққан бұл бөліктерден жұмыртқа пайда болады да, олар шөпті, топырақты, мал түгін, суды, т.б. ластайды. Жылдың ылғалды кезеңдерінде (күзде, қыста, көктемде) 3 айға дейін тіршілік қабілетін жоймайды. Аралық иесі организмінде жұмыртқадан онкосфера (кейбір таспа құрттардың жұмыртқасынан шығатын, пішіні шар тәрізді, алты ілмегі бар ұрықтық сатысы) дамиды. Ол ішек қабырғасынан өтіп, қан не лимфамен орган, тіндерге тарап, көпіршік тәрізді дернәсіл сатысына дейін дамиды. Эхинококк әсерінен пайда болат- ын ауруды эхинококкоз деп атайды. Ауру қоздырғышы негізінен иттен, аздап қасқыр, шиебөрі, түлкіден тарайды. Адамға иттен жұғады. Адам ішегіне түскен эхинококк жұмыртқасы қан тамырына өтіп, одан қан арқылы бауырды, өкпені, т.б. ішкі органдарды зақымдайды. Адам эхинококкозбен ауырғанда әр түрлі белгілер байқалады. Мысалы, бауырды зақымдаса, адамның оң жақ бүйірі ауырып, әлсіздік, эхинококк өкпеге түссе, адам ентігіп, жөтеледі, түкірігінде қан пайда болады. Ауруды ауруханада емдейді. Алдын алу шаралары: тазалық сақтау, қайнамаған су, сүт ішпеу және үй жануарлары мен құстарды жылда тексертіп тұру. Ауру таратушы иттерді бұл аурудан сақтандыру жолдары қиын емес. Жүйелі түрде, тоқсанына бір реттен кем емес иттер мен мысықтарды тері паразиттеріне және гельминттерге қарсы профилактикалық өңдеу жүргізу қажет. Өлген малдардың етін, үйде сойылған малдардың құрт ұясы орналасқан ағза мүшелерін, өкпе, бауырларын ит, мысықтарға жегізбей терең шұңқырларға көміп немесе өртеп жіберген дұрыс.
А.Оспанов,
аудандық ветеринариялық станциясының басшысы