ЗИЯНДЫ ОРГАНИЗМДЕР ЖӘНЕ ОЛАРМЕН КҮРЕСУ ШАРАЛАРЫ
Саяқ шегірткелер: аудан көлемінде ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіретін, ерекше бейімделген қорек талғамайтын саяқ шегірткелердің 20-дан аса түрі зиян келтіруде. Солардың ішінде ең көп таралған түрлері: Айшықты, Ақжолақты, Атбасар, Тұрандық саяқ шегірткелер мен кәдімгі жасыл шегірткелер.
Саяқ шегірткелердің үйірлі шегірткелерден айырмашылығы олардың дернәсілдері өте ерте сәуірдің басында шыға бастайды. Ауыл шаруашылық жерлеріне өз залалын келтіруде. Саяқ шегірткелермен күрес шаралары 2010 жылдан бастап жүргізілуде. 2020 жылы аудан көлемінде 2300 га босалқы жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілсе, 2021 жылға 2200 га жер көлемінде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп болжамдап отырмыз. Жоңышқа жапырағының бізтұмсығы немесе фитономус- қатты қанаттылар отрядының бізтұмсықтылар тұқымдасына жатады. Бірінші орылатын жоңышқа егісінің негізгі зиянкесі. Түсі сарғылт- сұр немесе сұр түсті қоңыз. Фитономус жылына бір ұрпақ береді. Көктемде ауаның орташа температурасы 120С жылы болғанда шыға бастайды. Личинкалары мамыр айының аяғы мен мусым айының басында шыға бастайды.
Фитономус негізінен екінші және үшінші жылғы жоңышқалықтың бірінші орымына зиян келтіреді. Әсіресе личинкалары қатты зиян келтіреді. Егер өсімдік сабағының әрқайсысына бір личинкадан келсе, онда жоңышқа көгінің массасы 17ц/га шамасына дейін кемиді. Ал бір сабаққа 4 личинкадан келген жағдайда жоңышқаның жемшөптік массасы 80 % дейін азаяды.
Күрес шаралары: Жемшөптік және тұқымдық жоңышқа өсірілетін шаруашылықтар жаңа жоңышқалықты жоспарлау алдында зиянкестердің ескі жоңышқалықтан жаңа егістікке көше алмайтындай етіп орналастыру керек. Жоңышқа тұқымын тазалап, себуден жарым ай бұрын нафталинмен (3кг/т) дәрілейді. Себу алдында тұқымды қаныққан ас тұзының ерітіндісінде (10л суға 2,5кг) флотациялайды. Одан соң ерітінді бетіндегі зақымданған жарамсыз тұқымды бөліп алады да, сауларын кептіріп ТМТД-ның 80% (3-4 кг/т) дәрілейді.
Ерте көктемде өткен жылдары егілген жоңышқалықтарда 1ш.м. жерге келетін фитономустың саны 3-5 данадан асса базудиннің 10 % түйір препаратын (50кг/га) шашады. Екінші рет фитономустың личинкалары жаппай қоректенуге шыққан кезде, жоңышқаның гүлдену фазасы басталмай тұрған кезде жүргізіледі. Бұл жолы мына препараттар қолданылады: фосфамид 40 % (0,5-1,0 кг/га), фозалон 35 % (1,4-2,8 л/га), базудин 60 % ( 2-3 л/га). Препараттарды ерітуге жұмсалатын судың мөлшері жер үстілік бүркуде 200-600 л/га.
Агротехникалы іс-шаралар: Ауыр тырмамен тырмалау, қопсыту, культивациялау және т.б.
Алма жеміс жемірі: Ауданымыздағы алма ағашы өсетін зоналардың барлығында тегіс таралған ең қауіпті зиянкес. Көбелектің алдыңғы қанаттары артқы қанаттарына қарағанда ұзын, көлденең орналасқан қара сызықтары бар ағаштың қабығына ұқсас қара сұр түсті болады. Жұлдыз құрттары алма ағаштарының діңі мен бұтақтарының өлі қабықтары астында, жерге түскен жапырақтарының астында, өсімдік қалдықтарының арасында, сонымен қатар жеміс сақтайтын орындарда қыстап шығады. Ұшу мерзімінің басталуы алма ағашының гүлденуінің аяғына тура келеді. Мамыр айының 3-ші онкүндігінде қуыршаққа айналады. Қуыршақтану кезеңі басталған соң 10-15 күннен кейін жаңа ұрпақтың көбелектері ұшып шығады. Олар жұмыртқаларын жемістің үстіне салады. Бұл ұрпақтың жұлдызқұрттары да жемісті кеміріп, ішіне жол салып енеді де оның тұқымдарымен қоректенеді. Зақымдалған жеміс түйнектері пісіп-жетілмей төгіліп қалады,сақтауға төзімсіз келеді. Алма жемірі жылына 2-3 ұрпақ береді.
Күресу шаралары: Алма ағашының кеш пісетін сорттарының гүлдену кезеңі өткеннен кейін 18 күн өткен соң яғни алма жемірінің көбелектері ұша бастағаннан кейін 10 күн өткен соң, баққа фосфамид 40% (0,8-4 л/га), немесе метафос 40 % (0,7-1,5 л/га) бүркеді. 12-18 күн өткен соң алма жемірінің екінші ұрпағына қарсы бүркуді тағы қайталау керек. Бұл кезде мына препараттар қолданылады: метатион 50 %(1,6-4 л/га), фосфамид 40 % (0,8-1,4 л/га), карбофос 50% (1-3 л/га). Алма ағаштарының орта мерзім ішінде пісетін сорттарын бүрку үшін карбофос 50% (1-3 л/га), пайдаланылады.
А.И. Қыланов, ҚР АШМ АӨК МИК«РФД ж БӘО» РММ Сарысу аудандық филиалының
агроном- энтомолог маманы