ЖҮРЕК НҰРЫ
Айтбайға жасалған ота жақсы шығып, облыста жас хирург Үміт Айтбайқызының бұл тәуекелі «Жылдың жетістігі»- деп, бағаланды. Оны оташының өз әкесіне жасаған операциясы екенін ұжымдастарындағы бірнеше дәрігерден басқа ешкім де білген жоқ.
Операциядан соң Үміттің әріптесі-әлгі рухани ұстазы Гүлжахан апайы одан сәттілік- тәуекелі үшін құттықтай отырып, тағдырына тамыр «басып» көрген-ді:
-Үміт сіңілім, сен тәуекелге бара отырып, қолың дірілдемей өз әкеңе отаға енгенде, шыны керек біз сенбеген едік. Мен өзім жастық еліктеушілігің мен «әкеге»- деген, қалтқысыз махаббатыңның өтеуі үшін терлеп жатқаныңа жаным ашып, дірілдеп, сыр бермей отырғаным рас. Біз үшін үмітсіз науқасқа емес, жас саған, болашағыңа балта шабылатын нартәуекеліңе қосылмадық. Жүзден бір де ғана сәттілік әкелетін ота еді менің тәжірибемде, қалқам. Мұндай әрекетке бара берме мұнан кейін. Отадан кейін білгеніміз, ешқандай тексеріп зерделемей, анализ алмай бардың әрекетке. Әкеңнің 3 сағаттық отаға жүрегі де, бауыр, жүйке, бүйрек, асқазаны да көп жылғы мүкіс жаулап алған мүшелер еді. Әкенің және сен байқамаған жүрек соғысы мен сенің сағынышқа толы пейіліңе Алланың құдыреті қол ұшын беріп және өзіңді жақсы көретін әріптестеріңнің шынайы тілектері қиындықтан алып шықты — деп топшыладым, Үміт хирург! Сен бақытты дәрігерсің, перзенттік парызың мен дәрігерлік қызметіңе шынайы берілген хирург екеніңді осы жолы бүкпесіз көрдім.
Қиын болмаса әкең кім еді? Неге… ?
— Рахмет, апай, барлық пейіліңіз үшін! Не сұрағыңыз келіп, айта алмай тосылып қалғаныңызды біліп отырмын. Бәрі бір, бір күндері ақтарылуға баратынымды сезетінмін. Алла өзі тосыннан үйлестірді. Жаратқан «шебер» екенін енді ұққандаймын. Медициналық университетте оқып жүргенімде дәріс беретін бір профессордың: «Бұл алғысы мен қарғысы текетірес арпалысқан кәсіпті таңдағанда студенттер, ақша үшін емес, алғыс пен адамгершілік парызың бірінші кезекте тұрсын!
Дәрігердің жаңылыспен берген дәрісі, дәлірек айтқанда «у» екені естеріңде болсын! Хирургтің «қисық» ұстаған скайпілі ажал екені есіңде жүрсің! Қазақ бабаң: «Есіктің алды топ шеңгел, топ шеңгелге өзіңе- өзің сенсең кел»- деген, астарлы сөзі бар. Сенбеген адам алыс жүргені жөн. Күнәсіздің обалын көтермей… .»- деп, көп айтатын марқұм! Еңбекке орналасқалы ертемен жұмысқа келгеннен және түнде көзім ілінгенше осы кәсіптің ойым жетегінде жүреді… Өкініш те, қуаныш та болып, кемшілік пен білместік те, жетім қозыдай өріп жатты көз алдымнан…
…Тағдырым жайлы білгіңіз келсе, қалай жасырайын. Құдай біліп тұрғанды -адам жалтарғанмен жалт етіп кете алмайсың.
…Біз жеті қызбыз. Әкеміз өмір бойы ырымдап жаратқаннан ұл күтумен болған. Алты әпкемнің аттарының бәрі — Ұлтуар, Ұлболар…Ұлжан- болып, қойыла берген. Бірақ, бірі де, ұл болмапты. Мен туыларда түс көріп, ұл болатынымды үміттеніп, қуанып достарына жариялап жуып жүріпті. Дәрігер анамның құрсағындағы менің қыз екенімді айтқанда күйініп, ақыры әкем ішімдікке салынып, өзгеріп кетеді. Бұрын анам Алма екеуінің мінезі мен адамгершілік көпшіл парасатына жұрт тамсанатын еді. Білетіндер «тілді болды»- деп, еске алып отырған.
Әкем де, әкемнің әкесі де, одан бұрынғылары да, бір атадан жалғыз болып өмір есігін ашқан көрінеді. Әкем, «енді бұл ұрпақ жойылады, қыз кетер басқа жұрттың ұрпағын өргізіп, шаңырақ қалар шайқалып, өмір атты қыстақта дауылдан жермен жексен болып шіріп» — деп бәрінен күдер үзіп, қаңғыбастың тобына айналып жүріп мен туарда бұрыннан көңілі жақын бір ұлы бар әйелге жақын болып, «бұл сенің ұлың»- дегенге имандай сеніп, қолына «күшік күйеу» болып кіріп алыпты. Анам байғұс, қимай жүрсе де іштей құса болып, үгіттеуге бармаған. Бізді тастап кете барған. Мен іште қалыппын. Анамыз бізге тағайындалатын көмек ақшамызбен және аурухананың аспазы болып жүріп, қалған жуындысымен мал байлап семіртіп жүріп сатып, бізге жоғары білім алып беріп, кем етпей жетілдірді, апа!
Ересектеріміз есейісімен демалыс күндері сұранғандардың үйлерін ақтап, тазалап, бау -бақшасын күтісіп те табыс тауып анамызға көмектескен. Асхана, тойханаларда даяшы болып жүріп жетілдік. Жасыратын несі бар жеті жетім панасыздарға мешіттен, мектептен бөлінетін бұрын әлділердің балаларының бір киіп тастаған киімдерін арсынбай кидік. Үлкенін, ұзынын, кеңдеуін анамыз әкелген сәттен түнімен өлшеп-пішіп туралап жөндеп беретін. Оның соншама еңбекқорлығына, ұйқысыз әуресін бағалаған біздер сөз айтпай, таңдамай кие беретінбіз. Оған анамыз байғұс мәз болып қуанып жүретін. Ананың жанарынан жас емес қуаныш ізін көру бізге бір бақыт еді ғой, апай! Әкем әлгі әйелінің сөзі болуы керек. «Егер алимент дауласаң қыздарыңа залал келтірем -деп, мас күйінде айтып тұрып жылап жібергенін айта беретін жүрегі шер анашым.
Екеуі сүйіп қосылған көрікті жандар болған. Қанша қиналса да «тіл тигізбеңдер, ол туған әкелерің -деп, ұл туып бермеген өзін кейде жаратушысын да тілдеп жібергенін естігенмін. Сонда да құдай қосып, шайтан азғыртқан қосағы жайлы реніш сөзін айтпағанын естіп, өсіп жүрдік бірақ, суынбадық! Кім қателеспейді, апатай! Қысқаша сіз сұрағыңыз келген ауыр сауалдың, қасіреттің жауабы осы. Бірақ, біз апалы- сіңлілі жеті қыз бір-бірімізді тыңдап, анамыздың бетіне келмей осылай өстік.
Мүмкін жарына — әкеме ота жасап сұмдық өлім алдында алқынып тұрған өзі сүйген, бізді жанындай бағалаған әкемізді алып қалғанымды естігенде анам қандай күйде болатынын елестете алмаймын! Анамыз осы жылдары өзін тастап, бізді жетімдік бұғауына байлап қойса да әкем жайлы әңгіме-естелігін айтқанда құлпырып жаны жасарып кететін. Күлімдеп тұратын ана жанарын аз көретін мен үшін сондай еске алуларды жан анам көп айта берсе, -деп, күтіп өстім, апа. Енді оның, әпкелерімнің ертең қуанғанын көрсем! Қамкөңіл жақындарыңды қуантудан артық қандай бақыт болсын! Бүгін өзімнен бөлек сегіз жаралы жанға қуаныш сыйлағаныма қуанып отырмын, апатай! Мен әкемді кешіріп, есейгенмін. Әпкелерім де солай еткен болар… !
Анам кейде ойланып қалып: » Ер адам осал келеді. Ит бұта көрсе …, еркек әйел көрсе иеді- деген» бұрынғылар деп алып, көзі жасаурап бізге қатарларыңды тауып алсаңдаршы. Маған алаңдамаңдар. Жаспын деп, отырмысыңдар. Елдің сендей қыздары 2-3 балалы болып үлгерді. Жар қызығынан айырылған менің де немере иісін иіскеуге құқым бар болар»,- деумен болатын…
Анамыздың еңбегін қайтарып, киелі Меккеге апарып қайту үшін жүріп ешқайсымыз үйленбеппіз. Қас пен көздің арасында онсызда елімізде топырлап жүрген «кәрі қыздардың» қатарын қалай толтырғанымызды сезбей қалдық. Көк етіктерді бағаламай жүріп, көн етікті болып шыға келдік! Өмір бойы біз -деп қызығын, тіпті қайта үйленбей жастығын құрбан еткен анамыздың күлімдеп, сұлу өңіне қайта нұр беруден басқа мақсат болмай жүріп уақыттың уын да жұттық…!
Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі