САРЫП-ҚАУІПТІ ІНДЕТ

0

Адамдар мен ауыл шаруашылық малдарының арасында аса қауіпті індеттердің ішінде  Республика, облысымызда да, сарып ауруы соңғы жылдары алдыңғы қатарда тұр. Әрбір үшінші науқас бруцеллездің  асқынған түрімен ауырса, әрбір оныншы науқас 14-жасқа дейінгі бала, 300-дан астамы аурудың созылмалы түріне айналып, емделуі ондаған жылдарға созылады.

Сарып ауруы адамнан-адамға жұқпайды, тек ауру малдардан жұғатын ауру. Ауру малдардың қоздырғыштары сыртқы ортаға зәрімен, нәжісімен, сүтімен және мал төлдету науқаны кезінде іш тастаған, өлі туған төлдермен, шуымен бірнеше миллиард микроб клеткаларын бөліп шығарады.

Жануарлардың әр түлігінің өз қоздырғыштары бар:

  1. Ауру таратушы мүйізді уақ малдар қой мен ешкі, адамдар үшін өте жоғарғы дәрежелі қауіпті жұқпалы, науқастарда ауыр түрде өтеді.
  2. Ауру таратушы мүйізді ірі- қара малдар, адамдар үшін жеңіл дәрежелі, науқастарда жеңіл түрде өтеді. Кейбір аралас шаруақожалық жүргізетін жағдайда мүйізді уақ малдармен мүйізді ірі-қара малдар бір жерден немесе бір ыдыстан су ішіп, жайылымда бірге жайылып бір қорада тұруынан ірі-қара малдардың уақ малдардың қоздырғышын жұқтырып алулары мүмкін, бұндай жағдайда ірі-қара малдар адамдар үшін өте жоғарғы дәрежелі қауіпті жұқпалы болып, науқастарда ауыр түрде өтеді.
  3. Ауру таратушы шошқалар, адамдарға жұқпалылығымен қауіптілігі орташа түрде өтеді, Қазақстанда өте сирек кездеседі.

Сарып ауруының таралу жолдары:

  1. Ауру адамдарға қолындағы жарақаттары арқылы, ауыратын жануарларды бағып-күткен жағдайда, сойғанда, еттерін бөлшектегенде, терісін сыпырғанда, жүнін қырқып өңдегенде, күпке түсіргенде, емдегенде, қолдап төлдеткенде, іш тастаған өлі туған немесе әлсіз туылған төлдерді, қой шуын, төсеніштерді қолдарымен ұстағанда жұғады.
  2. Сарып қоздырғыштары ауыздың, мұрынның, көздің шырышты қабықтарына адамның лас қолдары арқылы тағам жегенде, су ішкенде, шылым шеккенде, ауру малдардың сүтін, қаймағын, майын, шала піскен кәуапты т/б өнімдерін пайдаланғанда жұғады.
  3. Ауру малдардың тұрған қораларымен аулаларын тазалағанда немесе мал жүнін қырқып өңдеген кезде шаң- тозаң арқылы жұғады. Егер ауру малдармен тікелей қатынаста болған адамдармен отбасы мүшелері сарып ауруын жұқтырып алып, уақытылы ем қабылдамаған жағдайда, созылмалы түріне өтіп жасына, жынысына қарамастан мүгедек болып, белсіздікке, тұқымсыздыққа әкеліп соғуы мүмкін.

Сарып ауруының қоздырғыштары сыртқы ортада төзімді келеді: мал жүнімен терісінде 1,5-3 айға, көлшіктерде 90 күнге, ағын суларда 6-12 күнге, топырақ пен қида 4 айға, тоңазытқыштағы сүтте 10-18 күнге, етте 47 күнге, қымызбен-шұбатта 3 күнге, ірімшікте 72 күнге дейін тіршілік етеді.

Сарып ауруын жұқтырып алудан сақтау (қорғау) үшін төмендегі іс-шараларды орындаңыздар:

  • Жыл бойы мал төлдетуге, күпке түсіруге, мал жүнін қырқуға, аяғы ауыр, бала емізетін әйелдермен 18 жасқа толмаған жасөспірімдердің қатысуына қатаң түрде тиым салу.
  • Өздерінің ауласындағы жекеше ауылшаруашылық малдарына қатысты барлық іс-шараларды орындау үшін жеке басының тазалығын сақтауға, індеттерден қорғауға арналған арнайы киімдерді (резеңке қолғап-етік, бас киім, халат, алжапқыш, білекке таққыш) құрал саймандарды (айыр, күрек, ілгіш, су ақпайтын жәшіктер, респиратор, залалсыздандырғыш ерітінділерін) толығымен пайдалану керек.
  • Балаларға мал тұрған қораларға кіруге, малдарды күтуге, жаңадан туылған мал төлдерін қолына ұстатып ойнауына және төлді жылы жерге қою мақсатында тұрғын үйге, бөлмеге кіргізуге қатаң түрде тиым салынады, себебі бұндай жағдайда үйдегі адамдарға сарып ауруының жұғу қаупі туады, бірінші кезекте үйдегі балалар аурулары мүмкін.
  • Ауылшаруашылық малдарын және мал өнімінен дайындалатын барлық шикі заттарды (сүт, ет, қаймақ т/б) сатарда немесе сатып алар алдында мал дәрігерлердің анықтамаларын сұраңыздар.
  • Әрбір мал иесі жекеше малының арасында белгісіз себептермен мал өлімі немесе аурудың алғашқы белгілері анықталған жағдайда ауыл- аймақтарға бекітілген мал дәрігерлерге хабар беріп көрсету керек, мал өлекселерін арнайы мал қорымдарға тастау керек.

Орындалуы қарапайым ғана, жоғарыда көрсетілген ережелерді мұқият орындасаңыздар, тек сарып емес, малдан жұғатын көптеген басқа да аса қауіпті аурулардан аулақ боласыздар.

Қ.Байбосын, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

басқармасының жетекші маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.