ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ АЛДЫН АЛУ
Туберкулез- жұқпалы ауру. Туберкулездің негізгі жұғатын көзі туберкулез микобактериясын тарататын науқас адам. Науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа тамшылы жолмен жұғады. Сол сияқты туберкулезбен ауыратын үй жануарлары да: сиыр, түйе, доңыз туберкулез ауруын таратады. Туберкулезбен ауыратын малдың сүтін шикілей ішкенде немесе тауықтың жұмыртқасын пісірмей жегенде жұғады. Көп жағдайда сырқат белгісі науқас адамға білінбей басталады да, тек қана Манту реакциясын қойғанда, флюорографиялық байқаудан өткенде табылады.
Туберкулездің белгілері: екі аптадан аса жөтелу, жалпы әлсіздік, тез шаршау, асқа тәбетінің төмендеуі, жүдеу, түнгі тершеңдік, дене қызуының 37 градустан жоғарылауы, ентігу, қан түкіру. Осындай белгілер білінсе міндетті түрде дәрігерге көрініп арнайы тексеруден өткен дұрыс. Қазақстанда туберкулезді ерте анықтау үшін халықты жаппай профилактикалық флюорографиялық тексерулер өткізіледі. Зерттелу тегін; Туберкулез ауруы анықталған жағдайда емі тегін жүргізіледі. Қазіргі жағдайда туберкулезбен ауырған науқасты емдеп жазуға болады. Туберкулезді дамытуға әсер ететін факторлар:шылым шегу; күйзеліс жағдайлар; жеткіліксіз және дұрыс тамақтанбау ; жаман тұрмыстық жағдай; маскүнемдік; нашақорлық; АИТВ/ЖИТС; созылмалы өкпе ауруы болуы мүмкін.Туберкулезден сақтану жолы:адам ағзасының қорғаныс жүйесін күшейту үшін туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу. Вакциналау — туберкулездің таралуын ескертетін маңызды қадам. Балалар туберкулездік инфекцияларға аса жақын және екпе егілмеген балалардың туберкулезбен ауруы ықтимал. Салауаты өмір салтын ұстану, тазалық сақтау, дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттен бас тарту керек.
И.Бейсенбаева, АОА фтизиатр дәрігері