АЖАЛСЫЗ АЖДАҺА Шағын повесть (Сүйікті әжем Күлімханға арнаймын)
Терістікке қарай баяу ілбіген әле-құла шағын керуеннің сапар шеккеніне бір ай болмаған. Осынша ұзақ жол қажытқан бейқам, момын керуеннің қимылы өрге тырмысқан буаз тасбақаның іш пыстырар жүрісінен де шабан, сылбыр. Әсіресе, қазір өнімсіз жүріп келеді. Бойынан күш-қуат кеткен түйелер бірі тартынса бәрі тоқтап, керуен тартушылардың зықысын шығарып-ақ келеді. Ең алдыңғы қоңырау таққан ақбас аруана болмаса, қалған жиырма түйе көз тоқтатар халде емес. Бір кездегі өркеші баладай, аққу мойын ойсыл қара атандар ірі, сойдақ сүйектерінен жұқара жабысқан көндерін әрең соза адымдайды. Адымдайды деу көңілге ғана демеу, әйтпесе қайсысының болмасын тартынуы көп. Шөгіп құлауға шақ келе жатқандары да бар. Әсіресе керуеннің ең соңындағы ақ атаншаның халі мүшкіл.Тістерін шықырлатып, онсыз да өнімсіз жүріп келе жатқан керуенге әзер ілесіп ілбиді. Барлық атандарға жолға шығарда тағылған жібі бойы ұзын бұйдалар үзіле-үзіле көп түйінге айналып мүлде қысқарып кеткен. Тартынудан жырым-жырым шыққан, мұрындарға құйтақандай қара шыбындардың көпір бұлты тұтаса шөгіп жатыр. Бірақ нән атандарда жанын соншама азаптап келе жатқан қаскөй жәндіктерден құтылар дәрмен қалмаған сияқты. Керек десе, әлеуетті кездеріндегідей әлді бастарын шайқап-шайқап жіберіп, пысқырынбайды да. “Білгеніңді қыл” дегендей марғау, пәс.Жайшылықта сонаның ызыңын қозы көш жерден шалатын саққұлақтар саңырау, естуден қалған. Сонаның беймаза ызыңынан жаны қалмай шошитын атандар жүнсіз тақырбастарының қанын сорып жатқанда да селт етер емес. Мазар шырақшысының сөнуге айналған шамындай, нұры кетіп өлеусіреген көздерден толассыз жас парлайды. Тымырсық ауада бұрқыраған ақ шаң атандардың көз жасы мен тері айғыздалып көзінің аңғалағы мен жағына барып баттасып әлеуетті заңғыр бастардың ұсқынын кетіре түседі. Шоғы азайған нәркес көздер сессіз. Алдындағы атанның жүк астынан қылтиып шығып тұрған жады ағашын ғана көреді. Одан арғыны көруге жанары жетпейді. Бірақ бейшара атанға алдағы атанның нобайын көріп отыру да қанағат. Жалғыз емес екендігі көңілге медеу. Өзі сүрініп кеткенде алдағы атанның тірсегіне соғылады не болмаса, жансыз салбыраған сабау құйрығының буындары созылып барып,сырт-сырт үзілгенде өзіне тіркелген тартыншақ тағы біреуі бар екенін біледі.
Шөл шегіне жетіп, тынысы тарылған ақ атанша бақыра тартынып барып, шөгіп қалды. Енді қайтып тұруға талпынған да жоқ, ұзын аяқтарын сереңдетіп көлбей түсіп ең соңғы мысқал күшін жинап үстіндегі жүктерін аударып тастады. Малым қалды, мүлкім қалды деп алаңдаған ешкім жоқ. Тіпті ақ тайлағының дауысын алты қырдың астынан еститін көш бастаушы ақ аруына да селт етпеді. Дамылсыз жүк арту мен ұзақ жолдар кендірін кесіп бедеу болған аруана ақ уызын тауысқан тайлағының жан тәсілім қылардағы бақырған дауысын естімеді. Естісе де бақыруы көбейген бұйдаластарының дауысынан ажырата алмады.
Қажыған түйелердің мимырт жүрісі қанша іш пыстырар болса да, алға асығушы аз. Ашалы аруаналарға мінген екі әйелден бастап, ақжал атты кәртаң керуен басы, қарына ілуге ауырсынып найзаларын ат құйрығына байлап алған керуен күзетшілері, керуенді қара тұтып жол серік болып келе жатқан жолаушы қабақ сақалды қазақтар бәрі-бәрі еңсесі езіліп, мүлгіп келеді. Жайшылықта әлеңкедей жаланған ұрыншақ бұқар арғымақтары бірінің соңынан бірі шаң қаба құлап жатыр. Олардан көрінеу көзге қораш қысқа бақай, тоқпақ жол қазақы торылар мықты екен. Шөлден ұшып дамықса да қақпайға көніп ілінбейді. Көш соңында болдырған аттарын айдап екі жаяу сенделе басып келеді. Артта садақ тартым жерде екеуінің ауырлап тастап кеткен саптама етіктері, шапан-шақпыттары, ертұрмандары қарауытады. Тіршілік қуған екі бейбақтың жолда шашылып қалған ең соңғы лыпасына да қарауға дәттері шыдамады. Әлгінде ғана жарлы болса да киімі бүтін еді, енді аруақтай ақ көйлек дамбалмен ғана қалған. Ендігі қалған болмашы үміттерін жығыларман болып тәлтіректеп келе жатқан аттарына артқан. Мына қалпында оның да қанша жерге барары беймағұлым. Бұларға жәрдем берер, пәрмен болар ешкім жоқ. Балапан басымен,тұрымтай тұсымен. Әркімнің өз басын сауғалап келе жатқан жайы бар.
2
Керуенді қырсық айналдырғанына бес күн болған. Шудың сор татыған өлі суынан қанып ішпеген көлікті Бибатыр жармасынан суғарып, сол жерде бірер күн еру боламыз деп ойлаған керуенбасы жанға да, малға да тыныс бермей үдере тартқан.Саудакенттен тұшырқанып су ішпей Шекшенбайдың қалың жыңғылы мен асу бермес жалдың жалпақ құмын кешіп өтіп шөл тауқыметіне ұшыраған керуен әбден титықтап еді. Жүк артқан түйелердің табаны тиіп, аттардың тұяғы сынғанына қарамай жанталаса жылжыған керуен күн шаңқай түс болған да өліп-өшіп, Бибатыр жармасына жетті. Бибатыр жармасының суы мол әрі тұщы. Мұны керуендегілердің бәрі білетін.Тіпті түйелер де жармаға жақындаған сайын аяқтарын ширақ басты. Бұрын талай мейірін қандырған жарма құдықты бұлар айсыз қараңғы түнде де жазбай табар еді.Жиырма түйелі керуен жарманың үйілген топырағына келіп ошарылды. Жарманы таныған жерұғылы түйелер тұщы, мұздай суға өңмеңдеп ұмтылысып, шөкпей онсыз да, ұзақ жолмен шөл қажытқан адамдарды әуре қылды. Кірекештер сабырлылық істеді. Қанша шөл шегіне жетіп тұрса да түйелердің белін босатпай бірде біреуі жармаға қарай аттап басқан жоқ. Арқалары жүктен босаған түйелер атып-атып тұрып жетентеген адамдарды кеудесімен қаға сүйреп жармаға қарай ұмтылысып келеді. Көңілденген адамдар жел жеп,күн қаққан жалақ еріндерін жалай түсіп жымиысқан болады. Олар жымиысқанда көңдей кезерген еріндерінен шып-шып қан шықты. Бірақ оны елең етіп жатқан ешкім жоқ. Әйелдерге жылы шырай білдіріп, болмашы әзіл айтқандар да табылды. Пәлен күн оң мен түстей қалғумен келген көңілдер енді селт етіп жадырасты. Шаңмен, термен адам айтқысыз айғыздалған жүздерге қызыл шырай жүгіріп, түнерген қату қабақтардың қыртысы жазылды. Шөліркей асыққан атандарын жетелеп жүгіре басқан адамдар жарманың жиегіне жеткенде астауға құйылып жатқан судың сарылын емес, бұлардан бұрынырақ келген керуенбасының әлдекімге лағынет айтып күйзеле зарлаған дауысын естіді.
Керуен басы күйрек жан еместі. Мынау тауқыметі мол, мағынасыз далбаса тіршіліктен көп қапқыш, мехнат көрген қарттың қабақ шытуы аз, ауыр бейнетке көнбістігі басымтын. Жарық қарын қараборбайлардың қамы үшін ұзақ та, жарлы өмірдің зіл батпан жүгін қайыспай арқалап келе жатқан тарамыстай көнбіс жанның көктегі жалғызға лағынет атып зарлануы кіркештерді мойнына жылан оралғаннан әрман шошытты.Әйтеуір бір зор жаманшылықтың болғанын білсе де, ештеңенің жөнді байыбына бармаған жұрт есі шыға алға қарай ентелей берді. Не болды, не сұмдық деп ешкім сұраған жоқ. Не сұмдық болғанын керуенбасы айтпады. Бәрі келіп жармаға үңілді…
Бибатыр бай өлерінен аз-ақ уақыт бұрын үнемі асығып, сасып жүретін ұмытшақ ұрпақтарының есінде есімін қалдырғысы келді ме, әлде бейнеттен көзі ашылмаған көшпелі көршілерінің қамын ойлады ма Бетпақдаланың осынау қыран ұшпас шөл даласының ешкім су шығара алмаған елсіз тақырынан жарма құдық қаздырды. Жарманың өзі бес кісі бойындай терең етіп қазылған. Аумағы кемі жүз жылқы сиятындай кең жарманың екі жағында үш аттылы қатар сиятындай жыра есік бар. Басқа жағы құлама жар. Жарманың дәл ортасында қазылған бес қанат үйдің аумағындай шыңырау құдық бар. Құдық баялышпен тас қып шегенделген. Қазылғалы түбіне бір уыс топырақ түспеген құдықтың суы мыңға болмайтын мол. Бибатырдың жігіттері жылқыны бір есіктен бөліп-бөліп кіргізіп суғарып, екінші есіктен айдап шығаратын. Бағзы бір заманда бұрын жарма құдық көрмеген Қаратаудың бір ұрысы жер астынан шаңдатып шауып шығып жатқан жылқыны көріп қорыққаннан жүрегі жарылып өлген деседі. Сол байғұстың күнәлі күні мен арам асы таусылған жер осы. Содан кейін бұл жерде тышқан мұрыны қанамаған. Талай жортуылшы мен барымташының, Арқадан Қаратауға, Қаратаудан Арқаға асқан талай керуеннің ат басын тіреп, бел шешіп демалатын жармасы еді бұл. Мал алдырған адамы болсын, Қаратаудың байы болсын ұрысын осы жерден келіп тосатын.Бәрінен де көктемде жайлауға, күзде Шудағы қыстауына көшіп кететін Алшындар мен Жағалбайлылардың қаптап қазған мен Шуға дейінгі кереғар көштерде көп малы шөлден қырылып қалатын. Осы жарма қазылғалы кедей екі елдің тышқақ лағы шетінеген емес. Бұқарадан бергі ұзақ жолдың тауқыметін тартып келе жатқан кірегештердің де, осы жармадан талай рет қанып су ішкен түйелердің де дегбірінен айрыла қуанатын осындай сыры бартын.Бірталай жолаушының жанын сақтаған-ырыс жарма еді.
…Бәрі бірдей адамы да, көлігі де бір мезгілде лап қойып келіп жармаға емінді.Бәрі бірден байқады, жарманың ішінен жан шыдатпас жаман иіс сыртқа теуіп тұр екен. Қанша қаталап шөлдеп келсе де кеңсірік жаратын жаман иістен жиренген түйелер бастарын кекжең-кекжең еткізіп тартып алысты. Енді қайтып келместей.
Құдық түбі өлексеге толы. Бетпақдаланың барлық аңы осы құдықтың түбінен жай тапқандай. Қасқыр ма қарсақ па, түлкі ме,тышқан ба айырып болар емес. Көп өлексе борсып, іріп ағып киіздей тұтасып кеткен. Қолқаны атқан ащы иіс демді тарылтып көздерден жас парлатты. Бірақ адамдар сонда да еміне түсіп құдық түбіне үңіледі. Ақыры күндерін үзген кірекештер жармадан біртіндеп шығып үнсіз жүк артуға кірісті. Мың жылқы ішкенде орта түспейтін шыңыраудың өлекседен аршып, суы сарқу қажыған,еңсесі түскен отыз адамның қолын алмайтын істі бұлай ету ешкімнің де ойына келген жоқ. Бел асып жатқан соқпаққа түскен керуен тағы да жол тартты. Бетпақтың туырлықтай бұлты жоқ бедеу аспаны мұнарлана шаңытып барады. Тас төбеден шаншыла төгілген күн көзі қуырып жерден шақырайып тұр. Үп еткен жел жоқ. Әредік леп соқса оның өзі өрттің жалынынан бетер бетті қарып өтеді. Сирек өскен өміршең тарбақ жусан мен баялыш та қурап, қарайып кеткен. Олардан басқа өсімдік атаулы бір жерде өспегендей, өссе күлге айналғандай, жиі кездесетін тай шаптырым таза тақырлар еріндеріндей жарылып-жарылып кеткен. Шөл еркесі сағым ғана еркін патшалық құрып тұр. Оның өзі бұрқ-сарқ қайнаған қасірет, тозақ қазанының буына ұқсас. Бірде жақындап, бірде алыстап жолаушының мысын құрта мазақ етеді. Осындай сағым шымылдығы көлегейлеген шексіз-шетсіз даланың төсінде, түтінсіз өрттің ортасында от жалынға батып шығып шағын керуен кетіп барады. Әлден уақытта жалынға түсіп кеткен жалғыз жаңқадай сағым арасына сіңіп жұтылып кетті.
3
Ілбіген керуен Қатпа қазғанның жалпақ сорлы ылдиына іліккенде күн батты. Бұл кезде керуен адам танымастай болып өзгерген. Бұқардан қоңыраулатып, тым көрікті болмаса да өзінше салтанатпен шыққан керуен көпкүндік шөлге ұшырап азып-тозған. Аты арымаған қазақ “таяқ тастам” дейтін Бибатыр жармасының бергі бір көш жердің өзінде керуен жасы жеткен кәрінің тісіндей кетіліп, мүжіліп таусылуға айналған. Шөлден ұшып өлген жеті-сегіз түйенің терісін алуға ешкім құлықты болған жоқ. Талай заман мойыны ырғайдай, биті торғайдай болып жүріп жинаған шай-шекеріне де мойын бұрмады.Дүниеқоңыздылық жоқшылықтан екен. Жаугершіліктен жаман мына заманда өз басын сауғалаған адамдар талып жығылған көлікпен дүние мүлкіне қарамады. Бар армандары бір жұтым су болып, соған жету үшін өкпесі өше тырмысып келеді. Қатпа қазғанға қозы көш жер қалғанда керуенбасы керуеннен озып кеткен. Елдің көзі алда. Қазір, осы қазір керуенбасы атой беретіндей алға үмітпен үздіге қарайды.
Керуенбасы Қатпаның құдығына әудем жер келе бергенде Арқадан соққан жел әлдебір бөгде жаман иісті, бірақ запыс-та қалған таныс иісті мұрнына жеткізді. Бір жаманшылықты жүрегі түскір сезген. Бірақ үміт, үміт дегеніңіз адам өмірі үзілгенше үзілген бе? Жақындаған сайын қоюланған иіс үмітін тұншықтарса да Керуенбасы құдыққа әлде қандай қайсар дәмемен жетіп еді. Кәрі жүрегі бекер шошымаған екен. Талай сұмдықты көрген көзі тап мынадай сұмдықты бұрын-соңды көрмепті. Қатпанның шыңырауы да борсып, сасып кеткен өлексеге толы екен. Ол құдық ернеуіне сылқ етіп отыра кетті. Керуенбасы осы жасында талай рет жақсылықтың да, жамандықтың да, жаманшылықтың да хабаршысы болып көрген. Жаманшылықтың ең ауыры жақын адамның қазасын естірту. Ауыл ақсақалы, іске, сөзге араласып жүрген білікті адам болған соң, көп жерде мұндай ауыр жағдайды ел осыған жүктейтін. Бұл қаза көрген адаммен қосыла егіле отырып оның аза-мұңын жеңілдете білетін. Қан жылаған талай жүректі уатқан, дем берген. Ертеңгі болатын жақсылыққа үміттендіретін. Ал мына жағдайды қалай естіртпек. Бір өзіне үміт артып талықсып талып келген көпшілікке не демек. Ажалдың құз жарынан құларман болып тұрғандарға не деп дем бермек. Керуенбасының сағымдай көмескілене бастаған ойы осыны айтты. Бірақ оның өзгені де, өзін де жұбатар, үміттендірер халі жоқ-тын. Ол иығынан әлдекім жай ғана тартқанда ғана өзіне-өзі келіп, еңсесін тіктеді. Жұлдыз туып сам жамырапты. Құдықтан алысырақ жүгін түсірген кірекештер от жағып жатыр. Аттар кісінемейді, адамдар дабырласпайды, еш дыбысы жоқ. Әлде құлағы тас меңіреу болып қалған ба. Жоқ, жоқ құлағы естиді. Керуен күзетшісі жас сарбаз сөйлеп тұр. Дауысы ап-анық, күңгір-күңгір етеді.
-Ата, мынау адам жасаған іс қой.
-Иә, шырағым.
Осы уақытқа дейін “Бір құдайдың ісі ғой. Жұмыр басты пендесінің көп күнәсі үшін жіберген зауалы болар” деп ойлаған кірекештер тағдыр тәлкегіне анау аруанадай мыңқ етпей төзіп келген. Көздері енді жетті, бұл көктегі құдайдың жіберген жазасы емес, өздері сияқты екі аяқты жұмыр бастардың қасқой қолымен істелген қастығы екен. Құдық түбіндегі мақұлықтардың түгел терісі алынған. Бұл анық адамның қолы. Қандай қастықтан болсын тартынбайтын қанды қолдың істеген ісі. Адам қолының қанды ізі ойраны шыққан құдық басында да сайрап жатыр.
Ешкімге жазығы жоқ момын керуенге осынша қастық ойлап жүрген кім? Елден безген қанқұйлы қарақшы ма? Керуенді шөлден қырғанда не алмақ.Бұқарды қатып қалған өрік-мейізі мен татымсыз көк шайы, кепкен қара бидайы, арзан бөз матасы, тот басқан кетпен, балтаның кімге керегі бар. Итке темір, қарақшыға кетпен не керек. Керуенде белді ат, атанда жоқ. Бетпақдаланың бөрісі Баққожаның ісі ме екен. Бірақ құдай қарғап қарақшы болған Баққожаның керуенге шапқанын ешкім естіген емес. Ол өзін қуғынға салған ауылдармен ұстасатын. Бір адамға кектенсе сол ауылдың итіне дейін өлтіріп,туырлығын тіліп кететін. Керуенбасының момын кедей ауылы Баққожаға, сірә де сойыл көтеріп көрген емес. Өзгеге есесін жібермейтін кедей ауылдың жауынгер жігіттері көп болса да, өздігінен барып ешкімге соқтықпайтын. Жауы аз дейтін осы Керуенбасының ауылы. Баққожа дүниеге қызықса бай керуенді шабар еді. Әр жылда қырық қаптан артық тері-терсек, жүк артып көрмеген бұл керуеннен Баққожа не алсын. Бұл не де болса, тіке келіп шауып алуға шамасы келмейтін жалғыз жарым адамның әрекеті. Адамдарды шөлден қырып барлы-жоқты дүниені олжаламақ. Керуен басының ұйқы-тұйқы ойы осыған тірелген. Бірақ ол қателесіп еді. Бұл қастықтың өкше ізі өздерімен ілесе Бұқардан шыққанды.
4
Бұқар базарына ерте көктемде келген Керуенбасы көрші ағайындарының қосқан тері-терсегі мен жүн-жұрқасын, азын –аулақ малын Бетпақдала жұртына тым зәру шай-шекер, сабын, тарақ, тұз тағы сол сияқты кәкір-шүкірлерге оп-оңай айырбастады. Бірақ елге қайтуға асыққан жоқ. Асықпауының ең үлкен себебі көктемгі лайсаңда ауыр жолда құм кешіп, тау асып келген көлікті тынықтыру қажет еді. Әрі жас серіктестері қазығы мол, думаны көп Бұқардың қылықты қыздарын қимай бес-он күн аял етуін өтінген.
Керуеннің әлі біраз күн бөгелетінін білген соң Керуенбасының ескі досы, сенімді делдалы Жақау зергер сапарға дейін менің хұжырамда бол, шудан аулақта жақсы тынығасын деген соң, келім-кетімі үзілмейтін керуен сарайдан ығыр болған Керуенбасы досының тапал тамына келіп орналасқан. Жақаудың көрер көзге сүйкімсіз, бұжыр бет бәйбішесі Керуенбасын қазақ ішіндегі ең бір дана қарт деп қатты сыйлайтын. Ол қонағын өзбек әйелдерін де бола бермейтін ашық-жарқындықпен жақсы қарсылап, бәйек болып күтті. Жас кезінде қазақ ішінде көп болған Жақау хұжырасы қонақтан арылған кезде әйелінің паранжасын алып жүруіне рұқсат ететін. Керуенбасы үй-ішін анық дос, туысындай санап, онымен әзілдесіп те отыратын. Күлгенде жұмбаздап соғылған тамның қалың қабырғаларын ұсқынсыз болса, жүрегі соншалықты адал, кіршіксіз таза болатын. Ол әредік шебер әзіл араластырып оқшау мұң айтатын. Оның айтуынша мынау жұмыр жерде өзбек әйелінен бақытсыз пақыр жоқ. Әттең қыз тумады, туғанда тек қана қазақ жігітіне ұзатар еді. Өзбек әйелі арнайы соғылғандай қалың үй дуалынан әрі аттап баспайды. Мейлі ол көрікті болсын, көріксіз болсын жүзін көрсетпеуі шарт. Сөйтіп небір ғажап сұлу әйелдер өзінің бар әсемдігін, жүзімдей жаудыраған көзін, ғашықтың ғұмырына татитын емеурін жымиысын лажсыз паранжа астында жасырып өтеді. Ол әйелге ешкім тамсанып қызыға алмайды. Оның тұңғыш сыр тұнған көздерін ақын жырға қоспайды. Ол қартайып бетін тағдыр қылышы тілгілегенде де ешкім мүсіркемейді. Сөйтіп небір ғажап сұлулық паранжаның астында гүлдей солады. Өз күйеуі Жақау айтқаннан біледі қазақ әйелдері еркін құс. Сұлу қыздар арғымаққа мініп жігітпен жарысады дейді. Беделді бәйбіше төрге отырып алып билік айтады дейді. Қазақтың даласы қандай кең болса, өздері де сондай кең екен. Бірақ олардыңда шариғат жолы деп көп әйел алатыны жаман. Үй-іші әйел сөзіне қатты күлсінеді. Оны ешкім теріс те, дұрыс та демейді. Әр әйелдің өз ғұрпы бар. Ол ғұрыпты бұзу құдайға күмән келтіру. Осы екі мұсылманның ата-бабасы сол көктегі жалғыз құдай үшін қанша қан төкті, қаншама азап кешті. Сонда да пендесінің маңдайынан бір келіп сипап кетпеген құдайға күмән келтірген емес.
Керуенбасы сәрсенбінің сәтті күні аттанамыз деген күні Жақау оның барлық серіктерін шақырып семіздіктен құйрығы қақ жарылып кеткен құнан қой сойып, қонақ қылды. Ішілген тамақта қисап болмады.Ет десе өңмеңдеп кететін палуан қазақтар дастарханнан тағы қайтарған жоқ. Қазақша асылған ет, өзбектің тұшпарасы мен майы шылқыған палауы, ұйғырдың гошнаны желінді. Балғын жігіттер бәсі бардай осылардың бәрінен де сарқыт қалдырмады. Дәмді пісірілген неше алуан тағамды ол сүйсіне ішіп-жеп, сауық-сайран жасап отырды. Бірақ өзбектер кәдесі жүзім шарабынан бірде-біреуі татып алған жоқ.
Қонақтар керуенсарайға қайтуға қам қылған уақытта манадан сүйсіне сылқ-сылқ күліп отырған Жақау тамақсау қазақтарға орайлы бір әңгіме айтты.
“Бір мешкей қазақ дүниеде көшкелі жатыпты. Төрт жағы түгел сай болса керек. Армансыз адам болса осы дейді екен танитынындар. Со балаларын шақыртып араздасып отырғанда бір ұлы “Әке, не арманың бар” дейді. Сонда өлмелі шал. “Пәленшебайдың үйінде қонақта болғанда табақта бір асым ет қалды. Мен соны жей алмай кеттім”-депті. “Ойбай-ау, әке бір асым етті несіне қалдырдыңыз”-дейді баласы. Беу, шырағым-ай, қалдырайын дедім бе, екі қолым бос болмай сорладым ғой. Оны ауызға салып жіберейін десем, аузымда бір білем құйрық бар еді. Оны жұтып жіберейін десем тамағыма ет кептеліп қалды ғой. Сол бір асым ет жазмыштың күшімен табақта қалып кетті. Бәлкім ол етті жегенде тағы біраз ғұмыр кешер ме едім, қайтер едім”-деп көз жұмыпты.
Пейілді көңілмен берілген мол ас, зілсіз, ажуасыз айтылған әңгіме онсыз да желпініп отырған қонақтардың көңілін көтереді. Олар тек қана қазақтарға тән ашық көңілмен қарқ-қарқ күлісіп, тек қана қазақтарға тән әдетпен сыйға рахмет айтпастан керуенсарайға қайтты.
Оңаша қалған әзірде Жақау Керуенбасына үлкен бір сыр айтар сыңай білдірген.Бір оқшау, үлкен әңгімесі барын бұрыннан да айтып жүретін. Ел аяғы басылған кезде бұлардың үстіне сұңғақ бойлы қыз кіріп келді. Оның келісті келбетінде зерек көңілге болмаса байқала бермейтін ауыр мұң бар еді. Қыз баяу басып келіп, Жақаудың төменгі жағына отырды.
Жақау созған жоқ, мүлгіген басын әнтек көтеріп алып айтар сөзін тіке бастады.
-Мына бала менің досым жаның жәннатта болғыр Тұрсынның кенжесі. Тұрсын жігіт шағында Арқадағы қазақ елінен кәсіп іздеп бір керуенмен ілесіп осында келген. Өнерлі еді сабаз. Менің жарты лашығымда тұрып зергерлік құрды. Алғашқысында ел оның соққан сақина, білезіктерін арзанға, тым арзанға алып жүрді. Қанағатшыл еді, саудаласпайтын. Бар ынта-жігері бар емес, өзі піріндей сыйлайтын зергерлікті үйрену болатын. Ол маған шәкірт болған, бірақ бірте-бірте өнері асып, маған ұстаз болды. Оның білезікке салған өрнек нақыштарына сол кездегі ең шебер зергерлердің өзі таңданушы еді. Несін айтасыз шебер еді ғой. Бірақ біздің саудамыз өрге баспады. Себебі бізде сырға соғатын асыл темірлер жоқ-етін. Бір күні ол маған насыбай шақшасының тығынына тығып жүрген асыл тасын көрсетті. Тұрсын құмырсқаға қиянат қылмайтын адал болатын. Дүние үшін адам басын алмадай үзіп жататын мына Бұқарада тұратын мен бұл тастың құнын білетін едім. Менің зәрем ұшып оған күмәнмен қарадым. Ол менің ойымды түсінді. “Ұрлық зат деп отқан шығарсың. Жоқ бұл тасқа әуелі құдай одан кейін ұстазым Әбілдадан басқаның таласы жоқ ”-деді. Өзім зергер болған соң неше алуан жақұт тастардың құнын білемін ғой. Бұл тас мен бұрын-соңды көріп жүрген тастардан емес-тін. Бұл сонау Мекке Мединаның арғы жағындағы шегі, шеті жоқ дарияның тұңғиығында жататын от тас еді. От тас заматта неше құбылып, алуан түрге ауысып, от шашып тұратын. Күнге тосқанда құмалақтай тас зеңгір аспанға айналғандай ішінде жарқ-жарқ найзағай ойнап, көз қарықтырады. Тастың түсін дәл басып айту қиын. Онда әлемдегі барлық асыл бояулардың қоспасы бар еді. Ол лезде құбылып бір түстен екінші түске ауысып тұратын. Мұндай тас үшін Бұқарада адамды лақ ғұрлым көрмей бауыздап кете береді. Осындай теңдесі жоқ асыл тасты қарт зергер кедей шәкіртіне неге берген. Әлде құнын білмеді ме екен. Жо-жоқ, қарт зергер тастың құнын білген екен. Біле тұра берген екен.
Тұрсын Әбдібай зергердің шәкірті болған.Екеуі көп замандар тылсым темір бетіне неше алуан өрнек салып өнер қуған. Шөмішбай шау тартқан шағында Тұрсынға бата беріпті. Жаралы киіктің жасындай ғұмыры қалғанын өзі де сезеді екен. Өзінің мынау бақ пен байлық қуып кеткен тасыраң тұқымының бойына сіңіре алмаған зергерлік қасиетті өнер етіп жалғастыр деп өтінген екен. Сөйтіп сирек кездесетін жаһұт тасын берген. Зергерлердің соңғы айтқан сөзі “Қияметтік қарыз емес. Мал тапсаң мынау көрінгеннің шашбауын көтеріп, далақтап жүрген ұрпағымның қайсысы қара күнге ұшыраса, соған жәрдем бересің”.
Тұрсынмен мен Керуенсарайда кездесіп, өзімдей зергерлік қуған жас екенін білген соң үйіме ертіп келдім. Екі бойдақ болып ашты-тоқта жүріп жаттық. Бұхарда не көп, зергер көп. Бізге келіп білезік, сырға соқтыратындар аз болды. Сондай бір тарылған жағында, Тұрсынның бай әйелдер де оннан саусақ, төрттен құлақ болса деп күлгені әлі есінде. Сөйтіп тұрмысымыз титықтап туралаған шақта Тұрсын сол от тасты маған көрсетті. Бұл тек біздің құрдымға айналған өмірімізді қайта жарыққа шығарды. Біз ел қатарлы ас ішіп, ел қатарлы киім киюге жеттік. Бірақ от тас біздің өмірлік қасіретімізде болды.
Бірнеше ай сарылып отырып Тұрсын жүзікті соқты. Жүзіктегі ою-өрнек, сиқырлы сызықтар көз жауын алатын. Оған от тасты орнатқаннан кейін дүниедегі ең асыл жүзік болды да шықты. Несін айтасыз, бұндай жүзікті ешбір жихангер падишаһтардың мүбәрәк саусақтарынан көрмеген болар. Ол жүзікті саусағына киген адам тап бір бармақтай шоқ ұстап тұрғандай болатұғын. Жүзік соғылып біткен күні мен хан базарға шығып дүниеде теңдесі жоқ жүзік сатылады деп жар салдым. Көп уақыт өтпей-ақ біздің кішкене шеберханамыз алушыларға толып кетті.
Тұрсын өмірінде бірінші рет және соңғы рет алымсақтармен саудаласты. Шаһардың атақты байлары кезек келіп жүзікті тамашаласты. Олар асыл жүзіктің құнын кешке дейін өсірумен болды. Оларға мен өзім делдал болдым. Жүзік құны шарықтап бара жатты. Тұрсын қанағатшыл-тын. Жүзіктің құны бір жігіттің қару-жарақ, сауыт-сайманы мен он Бұхар арғымағына жеткенде осы да жетер деп сөз салды. Бұл дүниеге адамның көзі тойған ба, мен пендешілік қылып ымыртқа дейін қоя тұрайық, байқайық дедім. Ымырт та түсті. Тұрсын енді жүзіктің ең соңғы нарқын айтқан адамға бермекші болып тұрған. Сол кезде есіктен біреу ентелей кіріп. Жүзікті қызықтаушы қауымды киіп жара еніп келе жатқан бұл адамның ұсқыны жаншошырлық еді. Басындағы қара сәлдесі маңдайынан қабағына дейін созылған терең тыртықты жасыра алмай тұр.Үлкен мұрыны жапырайып бір жағына қарай қисайып кеткен. Ерін дейтін ерін жоқ. Үстіңгі еріні де қылышпен, я пышақпен кесілген болуы керек, қолы жырықтанып ырсып кеткен. Ар жағынан аппақ ірі тістері сойдиып-сойдиып көрініп тұр. Отты шүңірек көздері мірдің оғындай жалт-жұлт етеді. Ол келе жүзікке төнді. Мұндай кескіні келіспеген адамдар Бұхарда толып жатыр. Бірақ менің жүрегім атша тулап, денемді үрей деген пәлекет дір еткізді. Мен оны айнымай таныдым. Бұл бір кезде бүкіл Бұхар халқын қорасына сигізген атақты қарақшы еді. Жасырақ кезімде бір мәжілістен мас болып шығып ханның қауынына түсейін деп зынданға түскенім бар. Сонда осы тыртық бетпен бір ай бірге жаттым. Бұл ханның адалқор арыстанындай зынданның ең түкпірінде шынжырлаулы тұратын. Ол қол-аяғы темір құрсаумен байлаулы тұрсада, зындандағы адамдар одан қорқушы еді. Маңына жоламайтын. Бұл анық сол. Аты-жөні сайтанға болмаса басқа ешкімге мәлім емес тыртық бет құныкер. Ендігі оның сүйегі қурап қалса керек еді. Сірә, есебін тауып қашып кеткен-ау. Тыртық бет адам нанғысыз құн айтты.
Құрметті оқырман, қаламгердің жаңа туындысын
«Ажалсыз аждаһа» кітабынан толық оқи аласыздар.