Тіл мәртебесі — ел мерейі

0

Қаһарман батыр атамыз Б.Момышұлы «Ана тіліміз-халықтық қадір-қасиетіміз бен елдігіміздің мәні, тот баспайтын арқауы. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» деп тіл туралы толғана жазып қалдырып кеткен. Өткен ХХ ғасырда тілге жанашыр азаматтарымыздың ана тілімізге жазған өсиетті сөздерін бүгінгі таңда қаншалықты дәрежеде қадірлеп жүрміз?! Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі.
Қазіргі таңда да тіл өзекті мәселе болып отыр. Елімізде қазақ тілі –мемлекеттік тіл. Көптеген жастарымыз ана тілін дұрыс білмейді. Өйткені Технологиялық заманда жастарымыз шұбарлы, кірме тілге үйреніп бейімделіп бара жатыр. Олай дейтініміз, күнделікті пайдаланып жүрген ұялы байланыс құралдарымен әлеуметтік желілерге кіріп, бір-бірімізбен хат алмасып, алысты жақындатып сөйлесеміз. Сол смартфондар да қазақ тілі әріптері қондырылмаған. Сол себепті, хабарлама жазғанда «Калайсын, жаксы,нестеватсын, не кылды т.б» деген сөздерді жиі оқып жүрміз. Қазіргі ұрпағымыз осылай болса келешегіміз не болмақ? Тілімізбен қазақпыз дейміз, сөзбен қазақпыз дейміз, неге сол қасиетті сөзді жүрегімізбен айтпаймыз? Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шын мәнінде алуы ғана мемлекетті мемлекет ете алады. Сондықтан мемлекеттік, яғни қазақ тілін оқу қажеттілігі туындап отыр. Тіліміз өркендеп өссе, еліміздің мәдениеті де, әдебиеті де өседі. Ана тіліміз арымыз, ұятымыз, намысымыз екенін ұмытпайық. Тілімізді құрметтеп, оны бірінші деңгейге қойып бағалағанымыз дұрыс. Қаймағы бұзылмаған қазақтың қара сөзінен нәр алып, тілдің құнарлығын келешек ұрпаққа жеткізетіндей ұлт жолында тума азаматтар санын арттыруымыз қажет. Ана тіліміз құрсақта жатқаннан, бесік жырымен тәрбиеленген кезден-ақ басталады. Міне, осы уақытта бесік жырын, қазақи иісі аңқыған ертегілерді баланың құлағына сіңірсек, ұлтжанды азамат болып өсуі ақиқат.
Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі.
Тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы басым. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту ел саясатының басты басымдығы болып қала береді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Мұхтар Әуезов: «Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі оның қандай мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады» деген.
Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі.
«Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына…» деген Жүсіпбек Аймауытов атамыз.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау – баршаның міндеті.
Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.
Түркітанушы шетелдік ғалымдар қазақ тілінің көркемділігіне келгенде тамсана, таңырқай, қызыға жазады. Мысал келтіріп көрейік. «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілге жатады»,- дейді ориенталист ғалым П.М.Мелиоранский. Ал миссионер Н.И Ильинский: «Ертедегі түркілер тұрмысының көптеген іздерін өзінде сақтап қалған қазақ тілін мен ерекше ұнаттым. Қазақ даласы менің халық тіліне деген сүйіспеншілігімді мүлде қалыптастырды, оған мен тілдік зерттеу үшін нағыз таптырмайтын құжат ретінде қарай бастадым», -дейді сырын ақтарып.
Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» -деп, айтып кеткен. Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халқымыздың байлығы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше. Себебі, бесікте жатқан сәбиге ұлы даланың баһадүр бабаларымыздың батырлығын, ақын-жыраулардың дастандарын, ертегілерді айтып, санасына құйса, жас жеткіншек ұлтжанды болып өседі. Сондықтан ұлы елдің азаматы, адал перзенті болу үшін өзінің ана тілін білуі тиіс. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол- қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда. Тілді оқып-үйренуді барынша жоғары деңгейге көтеру қажет. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін, жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені, қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады. Біздің асыл қазынамыз, сөз жеткісіз жауҺар құндылығымыз-ол тіліміз. Бұл – осы жылдар ішінде ғана емес, қаншама ұрпақ бойы ата-бабамыз армандап келген азаттыққа қол жеткізуге еңбегімен де, өмірімен де зор үлес қосқан отандастарымыздың еңбегі орасан зор. Олардың алдында тағзым етіп, еңбегін дәріптеу – бүгінгі ұрпақ, біз үшін парыз. Сонау ғасырлар тереңінде мемлекетшілік дәстүрі мен тәуелсіздік туралы арманын ұрпағының жадына сіңіріп, осы күнге дейін жеткізген біздің ата-бабаларымыз зор тарихи құрметке лайық. Соның ішінде, өткен ғасырдың басындағы қиыншылық уақытта азапты өмірді қайыспай көтерген ата-аналарымыз үшін де басымызды иеміз.
Қай заманда болмасын ел ішіндегі тілді құрметтеп қастерлеу ең маңызды рөлге ие болатын. Өйткені, тіл шұбарланса белгілі бір мемлекеттің шаңырағының шайқалуына, ел іргесінің сөгілуіне әсерін тигізбей қоймайтын. Сол себептен де соңына сөнбес қасиет пен өлмес өсиет қалдырған тұлғаларымыздың тілге жанашырлығын анық аңғартты.
Елін еркіндікке сендіре алған, нағыз ұлттық жаңғыруды туғызған ұлы істер толқыны бола білген ұлт көсемі Әлихан мен Ахмет бастаған Алаш арыстары да ана тіліміздің өркендеуіне еңбек етіп, дамуын армандап өтті.
Иә, еліміз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, сәт сайын өсіп-өркендеп келеді. Елдің іргесінің бекем болып, кез-келген жағдайда шаңырағы шайқалмауының кепілі – бірлік пен тұрақтылық екенін асыл сөзді бабалар өсиетінен анық аңғаруға болады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», «Ана тілі-асыл қасиет», «Әдеп басы-тіл». Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі.
Бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі ана тілімізде өзге ұлт өкілдері, шет ел мемлекеттері қызығушылық танытып үйре-нуде.
Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынты-мақтастығы, бейбітшілігі еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі-оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының тарихы. Әлемдік тарихта әртүрлі ұлт өкілдерінің бір жерде, бір елде бірлесіп өмір сүруі-әсте де тың құбылыс емес. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.
«Береке бастауы – бірлік» қағидасын ұстанған Қазақ елі ұлт пен ұлыстардың, этностардың арасында қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықтың тұрақтылығын сақтап, дамудың нақты тетігіне айналған ынтымақтастықты, татулықты қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті әлем жұртшылығы алдында жарқырата көрсетіп келеді.
Қорыта айтқанда, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз керек

Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.